Швейцарияда Өзбекстанның экс-президентінің қызына сырттай сот өтіп жатыр
Гүлнара Каримоваға қатысты Швейцарияда сырттай сот процесі басталды. Оған қылмыстық ұйым құрды, пара алды және қаржы жымқырды деген айыптар тағылып отыр. Ал өзі жазасын туған елінде өтеп жатыр.
Швейцарияның Беллинцона қаласындағы федералдық қылмыстық сотта 27 сәуір күні Ислам Каримовтың қызы Гүлнара Каримоваға қатысты сырттай сот процесі басталды. Associated Press агенттігінің хабарлауынша, сот отырыстары 22 мамырға дейін жалғасуы мүмкін.
53 жастағы Каримова Швейцариядағы сотқа қатыса алмайды, себебі ол жазасын Өзбекстандағы колонияда өтеп жатыр. Оның адвокаттарының бірі Грегуар Манжеа әріптестерімен бірге «толық әрі сөзсіз ақтау үкімін» талап ететінін мәлімдеді.
Каримоваға тағылған айыптар
Швейцария прокуратурасы Каримоваға қатысты айыптарды 2023 жылдың күзінде жариялаған. Тергеу нұсқасына сәйкес, ол «Офис» атты қылмыстық топ құрып, оған ондаған адам мен көптеген компанияларды біріктірген.
Айыптау деректеріне сәйкес, Каримова Швейцария мен басқа да елдерде «қылмыстық жолмен алынған» жүздеген миллион доллар қаражатты орналастырған. Сондай-ақ заңсыз табылған ақша, зергерлік бұйымдар мен өзге де құндылықтарды сақтауды ұйымдастырған деп айыпталып отыр.
Тергеу нұсқасы бойынша, «Офис» қызметіне Өзбекстандағы ресейлік телекоммуникациялық компания филиалының бұрынғы бас директоры да қатысқан. Өзбекстанның телеком нарығына кіруді қалаған шетелдік компаниялар Каримоваға қатысы бар құрылымдарға пара беруге мәжбүр болғаны айтылады. Ұйым 2005 жылдан бастап Швейцарияда жұмыс істеп, кемінде 2013 жылға дейін қылмыстық әрекеттермен айналысқан деп көрсетілген.
2024 жылдың қарашасында Швейцария прокуратурасы Lombard Odier банкі мен оның бұрынғы қызметкеріне де айып таққан. Оларға «Офис» тобының заңсыз табысын жасыруда «шешуші рөл атқарды» деген күдік келтірілген. Ал банк өкілдері өздеріне тағылған айыптармен келіспейтінін мәлімдеді.
Өзбекстандағы үкімдер
Өзбекстанда Каримоваға қарсы алғашқы қылмыстық істер 2013 жылы қозғалған — ол ұрлық және салық төлеуден жалтару баптары бойынша айыпталған.
2015 жылы ол бес жылға бостандығын шектеу жазасын алды, ал 2017 жылы екінші іс бойынша 10 жылға бас бостандығынан айырылды.
2020 жылдың наурызында Ташкент қалалық соты Каримованы қастандық, бопсалау, тонау, қаржы жымқыру және басқа да қылмыстар бойынша 13 жыл 4 айға соттады.
Алғашында ол Ташкент облысындағы Зангиата ауданындағы №21 колонияда жазасын өтеген. 2025 жылдың қаңтарында оны сол өңірдегі колония-қонысқа ауыстырғаны белгілі болды.
Шетелдегі активтер
2022 жылдың қыркүйегінде Өзбекстан Әділет министрлігі Каримова мен оның қылмыстық тобына тиесілі Швейцариядағы активтер көлемі 686 млн доллар екенін мәлімдеді. Ал Франция, АҚШ, Латвия және өзге елдерде тағы шамамен 1,4 млрд доллар қаражат сақталған.
2025 жылдың ақпанында Швейцария Өзбекстанға 182 млн долларды қайтаруға келісім бергені хабарланды. Бұл қаражат «заңсыз жолмен алынған» және 2012 жылы Швейцария прокуратурасы Каримоваға қатысты іс аясында тәркіленген.