Алматыда Оразалы Ержановқа қатысты сот процесі басталды
Алматы қаласында заңгер, «Elge Qaitaru» қорының жетекшісі Оразалы Ержановқа қатысты қылмыстық іс бойынша негізгі сот отырысы басталды.
28 сәуір күні өткен алғашқы отырыста қорғау тарапы төрағалық етуші судья Руслан Мұратбековке қарсылық білдіріп, тиісті өтінішхат түсірді.
Адвокат Виталий Вороновтың айтуынша, Руслан Мұратбеков 2 наурызда президент жарлығымен Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы болып тағайындалған. Ал іс Алмалы аудандық сотында қаралып жатқандықтан, ол бұл процеске төрағалық ете алмайды деген уәж келтірілді.
Сот барысында Оразалы Ержанов өзіне тағылған айыптарды толықтай жоққа шығарды. Оның айтуынша, Facebook әлеуметтік желісінде жариялаған жазбалары заң шеңберінен шықпаған.
«Мойындамаймын. Келіспеймін. Бойкот заңды. Менің істеген ісім Қазақстанның заңына сәйкес. Ешқандай заң бұзу жоқ. Айыппен келіспеймін», - деді ол.
Іс бойынша сот талқылауы жалғасып жатыр.