Сараптама

"Белгіленген" депутаттар қандай пікір айтты?

Астананың таңы әдеттегіден де қарбалас басталды. Орталықтағы Ақорда, Үкімет пен жаңадан шаңырақ көтерген Құрылтай айналасы абыр-сабырға түсті.

Құрылтай

 Сол жағалауда мұндай сәтте журналистер де асығады. Себебі президенттің Қазақстан халқына жолдауын көзімен көріп, мүмкіндік болса, спикерлерді бір сөйлету үшін елден ерте баруға тиіс. Тәртіп темірдей қатал. Сағат тілі дәл онды көрсеткен сәтте есік тарс жабылады. Бұл жерде БАҚ өкілі үшін кешігу деген кешірілмейтін қателік. 

Ішке кірген соң айналадағы ахуалдың бұрнағы жылдармен салыстырғанда мүлде бөлек екенін аңғарасың. Соңғы рет бұл ғимараттағы өткен жиынға екі жыл бұрын келгенім есте. Сол кезеңдерде ғимарат қабырғасындағы жиындарда жан бар еді. Журналистер депутаттар мен министрлердің легімен қатар жүріп, қайнаған ортаның тынысын сезінетін. Бұл жолы жаңадан құрылған Құрылтайдың ауқымы мен өзіндік келбеті байқалып тұрды.

Таңғы сағат сегізден онға дейін Құрылтай ғимаратына кіріп, бекітілген тәртіппен БАҚ өкілдеріне арналған екі залдан орын алдық. Сағат тілі күндізгі он бірді көрсеткенде, жолдау басталды. Жылдағыдай бұл жолы да елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, халықтың әл-ауқаты, инфрақұрылым, цифрландыру және мемлекеттік басқару мәселелері қамтылып, алдағы кезеңге арналған міндеттер тізбектелді.

Халықтың табысын 110 мың теңгеге көтеру, инфрақұрылымға триллиондап қаржы бағыттау, инфляцияны тежеу мен ауқымды құрылыс жылдарын бастау сияқты мәселелер де айтылды. Былтырғы жолдауда цифрландыру мен жасанды интеллект негізгі өзегі болып, тек технологиялық қадамдар қаланған еді. Ал бұл жолы сол қағаздағы құр цифрлар мен жасанды интеллектінің нақты халықтың қалтасына, күнделікті тұрмысына, қарапайым азаматтардың өміріне қандай пайда әкелері айтылды. Мектептердегі мұғалімдердің есебін азайтып, бала тәрбиесіне көңіл бөлуге жағдай жасау секілді дүние де қамтылды. Сонымен қатар 2027 жылды "Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы" деп жариялау ұсынылды. Жолдар, мектептер, ауруханалар, перзентханалар, балаларды оңалту орталықтары, спорт кешендері мен мәдениет нысандарын салу және жаңарту жоспарланып отыр. Жарияланған мәліметтерге сәйкес, 2029 жылдың соңына дейін инфрақұрылымға шамамен 6,5 трлн теңге бөлу көзделген. Сонымен қатар мемлекеттік басқаруда қағазбастылықты азайту, қайталанатын жұмыстарды жасанды интеллект арқылы қысқарту және мұғалімдердің артық есептілігін жою мәселелері де сөз болды.

Бұл міндеттердің барлығы қоғам үшін маңызды. Алайда олардың нақты нәтижесін бағалау үшін жарияланған жоспарлармен ғана шектелуге болмайды. Жалақының өсуі халықтың сатып алу қабілетіне қалай әсер етеді? Инфрақұрылымға бөлінген қаражат қайда жұмсалады? Жаңа нысандар уақытында салынып, тұрғындардың қажеттілігін өтей ме? Цифрландыру мұғалімдердің жұмысын жеңілдете ме? Ілгерідегі жолдаулардың соңы не болды? 2025 жылы цифрлық жаңғыру, жасанды интеллект, энергетикалық қауіпсіздік, су ресурстарын тиімді пайдалану, ауыл шаруашылығы мен көлік-логистика салаларын дамыту мәселелері көтерілді. Биыл халықтың тұрмыс сапасы, табыс деңгейі, инфляция, кәсіпкерлік және инфрақұрылым мәселелеріне басымдық берілді. Екі жағдайда да айтылған міндеттердің орындалу барысын бақылау маңызды. Ал осындай сұрақтарға жауап алу үшін жауапты мемлекеттік органдардың өкілдерімен тікелей сөйлесіп, нақты мәліметтерді анықтау – БАҚ өкілдерінің міндеті. Халық жолдауды үйде отырып та тыңдайды. Ал олардың орындалу барысын жан-жақты көрсету, яғни "билік пен халық арасындағы алтын көпір" деген сөз тіркесімен суреттелетін журналистиканың басты талабы еді.  Мәселе де осында. Бірақ жолдау аяқталғаннан кейін журналистерге мұндай сұрақтарды жауапты тұлғалардың барлығына қою мүмкіндігі берілмеді. Баспасөз қызметі алдын ала белгілеген депутаттардан ғана арнайы қойылған үш баннердің алдында пікір алу мүмкіндігі ұсынылды. Ал министрлер мен өзге де мемлекеттік органдардың басшыларына барып, жолдаудағы тапсырмаларға қатысты түсініктеме сұрауға рұқсат жоқ. Өйткені жиынға қатысқан лауазымды тұлғалар мен журналистердің ғимараттан бөлек, арнайы есіктер арқылы шығуы да тікелей байланыс орнатуға кедергі келтірді. Нәтижесінде тілшілер оқиғаның ортасында болғанымен, қажетті ақпаратты өз бетінше нақтылау мүмкіндігі шектеулі болды.

Әрине, мемлекеттік деңгейдегі іс-шараларда қауіпсіздік пен ұйымдастыру тәртібінің маңызы зор. Алайда қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен журналистердің кәсіби жұмысына мүмкіндік берудің арасындағы тепе-теңдік сақталуға тиіс. Өйткені журналистің жұмысы жиында айтылған сөздерді қайталап жариялаумен шектелмейтін еді. Президент белгілі бір салаға қатысты тапсырма бергенде, тілші оның орындалуына жауапты маманның пікірін білуге ұмтылады. Экономикаға қатысты тапсырмалардың ықтимал нәтижесін саралайды, білім беру саласындағы өзгерістердің мұғалімдерге әсерін анықтайды, инфрақұрылымға бөлінетін қаражаттың игерілуіне қатысты сұрақтар қояды. Мұның бәрі ақпаратты толық әрі түсінікті жеткізу үшін қажет. Ал Құрылтай депутаттары сол саланың жілігін шағып, майын ішпеген мамандар болмағандықтан, БАҚ өкілдерінің сауалына толыққанды жауап бере алмады.

Дегенмен қойылған шектеулерге қарамастан, жиын соңында Құрылтай баспасөзі ұсынған депутаттардың пікіріне құлақ түрдік.

Мақсұт Насибулов
Фото ашық дереккөз/Мақсұт Насибулов

Мақсұт Насибулов, Құрылтай депутаты: Ендігі міндет – ашықтықты қамтамасыз ету

Елімізде жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды мемлекеттік басқару, салық салу, бюджет қаражатын пайдалану, су ресурстарын басқару және логистика салаларына енгізуге қажетті алғышарттар қалыптасып келеді. Ендігі міндет осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, әкімшілік үдерістерді оңтайландыру, ашықтықты қамтамасыз ету және жұмыс тиімділігін арттыру болып отыр. Әсіресе логистика саласындағы қағаз құжат айналымын қысқартып, рұқсат құжаттарын рәсімдеу мен басқа да әкімшілік үдерістерді цифрландыру маңызды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Үкімет, Ұлттық банк және салық органдары осы бағыттағы өзекті мәселелерді зерделеп, 2027 жылға дейін тиісті ұсыныстар әзірлеу қажет. Жолдаудағы маңызды тағы бір бастама – ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге өнімдерін тұтынушыларға тікелей сатуға мүмкіндік беретін цифрлық платформаларды дамыту. Мәселен, сүт, май, құрт, сүзбе және басқа да азық-түлік өнімдерін өндіретін кәсіпкерлер өз тауарларын маркетплейстер арқылы ұсынып, делдалдарға тәуелділікті азайта алады. Бұл өндірушілердің табысын арттырып, тұтынушыларға өнімді қолжетімді бағамен сатып алуға жағдай жасайды. Сонымен қатар өнімдерді өңірлерден қалаларға жеткізу жүйесін жетілдіріп, тиімді логистикалық желілер қалыптастыру қажет.

Үнзила Шапақ
Фото ашық дереккөз/Үнзила Шапақ

Үнзила Шапақ, Құрылтай депутаты: Азаматтық кодексті жаңадан әзірлеу бастамасының маңызы зор

 Заңгер әрі Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары мәселелерімен айналысатын депутат ретінде мен үшін Азаматтық кодексті жаңадан әзірлеу бастамасының маңызы зор. Қоғам мен экономика түбегейлі өзгерген қазіргі кезеңде қолданыстағы заңнаманы заман талабына сай жаңарту қажет. Әсіресе цифрлық экономика жағдайында азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғаудың тиімді тетіктерін қалыптастыру маңызды.

Меніңше, Азаматтық кодекстің Жалпы және Ерекше бөлімдері өзара сабақтастықта әзірленіп, цифрлық технологиялардың ерекшеліктерін ескеруге тиіс. Бұл құқықтық қатынастардың ашықтығы мен тұрақтылығын қамтамасыз етіп, азаматтардың заңды мүдделерін қорғауды күшейтеді.

Серік Егізбаев
Фото ашық дереккөз/Серік Егізбаев

Серік Егізбаев, Құрылтай депутаты: Әкімшілік кедергілерді азайту қажет

Мемлекет басшысының жолдауында агроөнеркәсіп кешеніндегі өнімді терең өңдеуді дамытуға ерекше назар аударылуы орынды. Мәселен, астықты шикізат күйінде экспорттаумен шектелмей, одан қосылған құны жоғары өнімдер өндіру экспорттық әлеуетті арттырып, саланың экономикалық тиімділігін күшейтеді. Бұл бағытта өндірістен бастап дайын өнімді өткізуге дейінгі үдерістерді жүйелі ұйымдастыру маңызды. Сонымен қатар фермерлерге қолайлы жағдай жасап, артық әкімшілік кедергілерді азайту қажет. Ауыл кәсіпкерлері өндірістік міндеттермен қатар, есеп-қисап пен басқа да әкімшілік жұмыстарды атқаруға мәжбүр. Сондықтан кәсіпкерлікке негізсіз қысым жасамай, шаруашылықтардың дамуына мүмкіндік беру маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, кәсіпкерлерді артық тексерулерден қорғауға бағытталған мораторий тәжірибесін қолдаймын. Дегенмен кәсіпкерлік еркіндік жауапкершілікпен қатар жүруге тиіс.

Жадыра МҮСІЛІМ

 

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз