Жолдаудың салмағы. Президент кімге сын айтты?
Кеше ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев дәстүрлі Қазақстан халқына жолдауын жасады. Бұл жолы "Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері" тақырыбы таңдалыпты.
Биылғы жолдау жылдағы мерзімінен көп кешікті. Тоқаев тізгін ұстағаннан бері бұл саяси науқан қыркүйектің алғашқы күндері өтетін. Атап айтқанда, президент 2020, 2021, 2022, 2023 жылдары 1 қыркүйекте, 2019 және 2024 жылы 2 қыркүйекте жолдау жасады. Тек былтыр ғана Тоқаевтың Қытайға сапарына байланысты жолдау 8 қыркүйекте жарияланған. Ал биыл қазанның аяғына дейін кешігіп отыр.
Бірақ мұны тосын жағдай деп қабылдауға келмейді. Біріншіден, Конституцияда "жолдауды мына уақытта жасау керек" деген нақты талап жоқ. Екіншіден, биыл саяси науқандар өте көп болды. Жаңа Ата заң қабылданды, Құрылтай жасақталды, вице-президент тағайындалды, Үкімет жаңарды, Халық кеңесі құрылды. Арасында президент бірнеше мәрте алыс-жақын шетелге сапар шекті. Демек, жолдауға енді ғана кезек келіп отыр.
Жаңа жолдауда не айтылды?
Іс-шара Құрылтай ғимаратында өтті. Жиынға Құрылтай депутаттары, Үкімет мүшелері, Қазақстан халық кеңесінің өкілдері, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың басшылары қатысты. Ең көрнекі орынға вице-президент, премьер-министр, ПӘ басшысы және Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары жайғасқан. Сондай-ақ залда депутаттар, министрлер, әкімдер және түрлі деңгейдегі басшылар отырды. Мұның бәрін тізбелеп отырудағы себебіміз, осылардың арасында мемлекет басшысының жолдауын мемлекеттік тілде түсіне алмайтын шенділер аз емес екенін байқадық. Олар Тоқаев сөйлеп болғанша ілеспе-аударма жасайтын арнайы құлаққап тағып отырды.
Сонымен биыл не айтылды? Кейінгі жылдары жолдауда саяси тақырыптар азайып, әлеуметтік-экономикалық тақырыптарға басымдық беріліп жүр. Биыл да негізінен экономика сөз болды. Тоқаев экономиканы дамыту, өндірісті өркендету, инфляцияны тежеу, ең төменгі жалақыны көтеру, энергетикалық қауіпсіздік және инфрақұрылым салу туралы көбірек айтты. Әлеуметтік-экономикалық блокта проблема көп екені анық. Елде инфляция артып, халық тұрмысы төмендеп барады. Бюджет тапшы екенін білеміз, бұл билік үшін шешілмес түйінге айналып отыр. Үкімет қанша жерден "инфляцияны тежедік, бағаны ауыздықтадық" дегенімен, халық мұндай оң өзгерістерді әлі сезіне қойған жоқ.
Әрине, саяси тақырып мүлде айтылмады дей алмаймыз. Тоқаев әлемдік геосаяси жағдай өте күрделі екенін алға тартып, қазіргі текетірес тіпті өткен ғасырдағы "қырғиқабақ соғыс" дәуірінен де қауіпті екенін айтты. Президент алпауыт мемлекеттер арасындағы өзара сенім дағдарысы шегіне жетіп, халықаралық құқықтың құндылығы түбегейлі жойылғанын еске салды. Тоқаев егемендігімізді қорғауға қатысты мәселелер толық шешілмегенін айтып, сол үшін қоғамда татулық қажет екенін ескертті. "Ашығын айтсақ, бүгінде тәуелсіздігіміз бен егемендігімізді қорғауға қатысты барлық мәселе әлі толықтай шешімін тапқан жоқ. Бұл – алдымызда көптеген өзекті міндет тұр деген сөз", – деді президент.
Жаппай құрылыс жылы. Тоқаев 2027 жылды "Жалпыхалықтық құрылыс жылы" деп жариялауды ұсынды. Елдің барлық өңірінде жол, әуежай, теміржол вокзалы, аурухана, балаларды оңалту орталықтары, спорт кешендері, кітапхана, шығармашылық үйлері мен ғылыми орталықтар салу жоспарланып отыр. Тұрғын үй құрылысын жеделдетуге де көңіл бөлінбек. "Осы ауқымды жұмысты іске асыру үшін 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бөлінеді. Биыл және 2027 жылдың алғашқы екі айы ішінде әлеуметтік жобаларды іске қосу үшін 1,5 трлн теңге көлемінде қаражат қарастыру қажет", – деді президент.
Жоспар бойынша, аймақтарда 70 денсаулық сақтау нысаны мен 50-ге жуық білім, спорт және мәдениет мекемесінің құрылысы қолға алынады. Сондай-ақ елді мекендерді газбен және таза ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарда бар. Тоқаев инфрақұрылымдық бастамаға "Халықтық құрылыс" деген атау беруді ұсынып отыр.
Мемлекет басшысы елдегі автожол сапасына қатысты жауапты шенділерге сын айтты. "Бұл салада мәселе аз емес. Орталық және жергілікті атқарушы органдар қолданыстағы ережелер мен регламенттерді алға тартып, мәселені шешуді созбалаңға салады. Салдарынан мәселе қордаланып, әбден тығырыққа тірелгені жасырын емес. Қайталап айтамын: Бізге сапасы өте жоғары жолдар керек. Битум мен қиыршық тастардың сапасын алға тартып, сылтау айтуға жол берілмейді", – деді президент.
Ең төменгі жалақы өседі. Тоқаев Үкімет пен Ұлттық банкке жыл аяғына дейін инфляцияны тежеу және төмендету үшін бірлесе жұмыс істеуді тапсырды. Ол бағаның өсу қарқыны біршама бәсеңдегенімен, инфляция деңгейі әлі де жоғары екенін айтты. Ең төменгі жалақыны 2027 жылы 1 қаңтардан бастап 85 мыңнан 110 мың теңгеге көтеруді тапсырды. Президент бұл өзгеріс 1,8 млн адамның, соның ішінде бюджеттен жалақы алатын 370 мыңнан аса қызметкердің табысына әсер етеді деп санайды.
Біздің елде ең төменгі жалақыны көтеру үшін де президент тапсырма беруі қажет. Үкімет осының өзін өз бетінше шеше алмай отыр. Мысалы, 2023 жылы президент ЕТЖ-ны 70-тен 85 мың теңгеге көтеру жөнінде тапсырма беріп, бұл көрсеткіш 2024 жылы қаңтарда өскен. Бірақ ең төменгі жалақымен бірге орташа жалақы да, зат бағасы да бірге өсетінін естен шығармаған жөн, яғни ЕТЖ өссе, жағдайы жақсарады деген жаңағы 1,8 адам үшін ештеңе өзгермейді.
Әлемде 47-орын. Тоқаев Халықаралық валюта қорының болжамы бойынша, биыл еліміздің ішкі жалпы өнімі 400 млрд долларға жуықтайтынын, оның жан басына шаққандағы үлесі 19 мың доллардан асатынын айтты. "Еліміз экономикасының көлемі жағынан әлемде 47-орынға көтеріледі. Бұл – халқының саны бізден әлдеқайда көп бірқатар елдің көрсеткішінен жоғары. Өңдеу өнеркәсібі де қарқынды дамып жатыр. Оның ішкі жалпы өнімдегі үлесі 14 пайыздан асты. Алтын-валюта резерві мен Ұлттық қор активтерінің көлемі 130 млрд доллардан асты, – деді президент.
Бірақ бұл жерде ескеруге тұрарлық бір жайт бар. Халықаралық валюта қорының есебінше, Қазақстан ЖІӨ өсімі жөнінен Орталық Азияда 4-орында қалып отыр. ХВҚ есебіне сәйкес, өңірде ең жоғары өсім Қырғызстанда тіркеледі, елде ішкі жалпы өнім 9 пайыздай өсуі мүмкін. Одан кейін Өзбекстан (7,8 пайыз) мен Тәжікстан (7,3 пайыз) жайғасқан. ХВҚ Қазақстанда бұл көрсеткіш 6,5 пайыз болады деп болжап отыр. Біздің ел Түркіменстаннан (2,4 пайыз) ғана алда тұр. Әрине, бұл Қазақстан экономикасы Орталық Азия елдерінен артта қалды дегенді білдірмейді, тек алдағы бір жылдағы өсім деңгейі төртінші орында болуы мүмкін.
АЭС. Тоқаев келер жылы "Балқаш" атом электр станциясының құрылысын бастау қажет екенін айтты. Сондай-ақ "Мойынқұм" АЭС құрылысына жедел кірісу мақсатында ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюды тапсырды. Президент Қазақстан электр энергиясын қыста көрші елдерден қымбатқа алып, жазда арзанға сатып отырғанын сынға алды. Ол "қазақстандық АЭС-тердің жүз жылға сұранысын жабу үшін" мемлекеттік стратегиялық уран резервін құру туралы ұсынысты да қарастыру қажет екенін айтты. 2024 жылы қазанда елде АЭС салу жөнінде референдум өткен. Балқаш жағасындағы АЭС-ті ресейліктер салады.
Бизнесті тексеруге мораторий. Тоқаев 2027 жылы 1 қаңтардан бастап шағын және орта бизнес субъектілерін тексеруге үш жылдық мораторий енгізуді ұсынды. Президент кәсіпкерлерді, соның ішінде шағын бизнес өкілдерін негізсіз тексеріп, жұмысына кедергі келтіре бермеу керек деп санайды. Ол бизнестің еркін дамуына жағдай жасап, кәсіпкерлерге артық қысым түсірмеуді тапсырды. Қазақстанда кәсіпкерлерге мұндай жеңілдік бұған дейін 2020-2023 жылдары жасалған.
Азаматтық кодекс жаңарады. Тоқаев қолданыстағы Азаматтық кодекс өткен ғасырдың 90-жылдарында қабылданғанын алға тартып, оны жаңарту қажет екенін айтты. "Сол кезде озық технологиялардың заты түгіл, аты да жоқ болатын. Кейінгі 30 жылда бүкіл әлем, соның ішінде қоғамымыз түбегейлі өзгерді. Осының бәрін ескере отырып, болашақтың экономикасына байыппен көшуге құқықтық негіз болатын жаңа Азаматтық кодекс қабылдау қажет деп санаймын", – деді президент. Тоқаев Құрылтай мен Үкіметке жаңа Азаматтық кодексті келер жылдың аяғына дейін дайындауды тапсырды.
Байлар көбірек төлейді. Тоқаев байлығы көп азаматтарға жоғары салық мөлшерлемесін енгізу мәселесін талқылауды ұсынды. Мамандар бұл өте дұрыс шешім деп есептейді. Мысалы, АҚШ, Германия, Швеция, Франция, Жапония сияқты дамыған елдерде байлар көбірек төлейді. Ал біздің елде көп қаржы табатындар аз салық төлеп, аз табатындар көп төлейді. Мамандар мұны экономикалық теңсіздік деп бағалайды. Бюджетке түсетін салық мөлшерінің төмен болуына да біздегі салық төлеу жүйесі себеп болып отыр.
Әлеуметтік төлем мәселесі. Халыққа берілетін әлеуметтік көмектер Қазақстан Үкіметінің арқасына аяздай батады. Шенділер үнемі бюджет тапшылығына әлеуметтік төлемдердің көптігі себеп болып отырғанын айтады. Жақында ел билігі тіпті бала туғанда төленетін "жөргекпұлды" тоқтату жөнінде шешім қабылдады, сол үшін халықты әлеуметтік топтарға бөліп, КСРО кезіндегідей тапқа жіктей бастады.
Осы жолғы жолдауда да жәрдемақы жүйесін түбегейлі қайта қарау туралы айтылды. Тоқаев орынсыз берілетін әлеуметтік төлемдер мен жеңілдіктер қазына қаржысын опырып, мемлекеттік жүйедегі жемқорлық пен алаяқтыққа жол ашып отыр деп санайды. Оның айтуынша, елде мектеп пен аурухана тапшы болып жатқанда мемлекет ресурстары жан-жаққа шашылып, жәрдемақыны ауқатты отбасылар да алып келген. "Бюджет қаражаты есебінен жасалатын жалған жанашырлық – ел мүддесіне қарсы келетін айла-шарғыларды жасыратын нағыз популизм", – деді президент.
Билік "әлеуметтік көмекті тек шын мұқтаж жандарға береміз" деп бекініп отыр. Бірақ көмекке зәру отбасыларды анықтау қалай жүретіні басты сұрақ болып отыр. Әлеуметтік желіде "әкімдік қызметкерлері үй-үйді аралап, жәрдемақыдан бас тарту жөнінде үгіт жүргізіп жатыр" деген ақпарат тараған. Яғни шенділер әдеттегідей, тапсырманы тізеге басып, орындауға бел буған сияқты. Тоқаев жолдауында мұндай өзгерістің қарапайым халыққа зияны тимеуі керек екенін ескертті. Президент кез келген реформаны алдымен пилоттық режимде тексеріп алып, енгізу қажет екенін айтты. Демек, жергілікті шенділердің "жәрдемақыдан бас тарт" деп желпілдей жөнелуіне себеп жоқ.
2026 жылғы президент жолдауында сөз болған негізгі мәселелер – осы. Оның халық тұрмысына қалай әсер етерін алдағы уақыт көрсетеді. Жолдау тыңдауға жиналған шенділер президент сөйлеп жатқанда қағаз-қаламын алып, әлденені тоқтаусыз жазып жатты. Бірақ жолдаудағы әр тапсырманы бұлжытпай орындап жатқан әкімқараны әлі көрген жоқпыз…
Қуаныш Қаппас