Сараптама

Қазақстан армиясын қандай өзгеріс күтіп тұр?

21 қазан күні ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әскери реформа мәселелері бойынша Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізді.

сарбаз

Жиында Әскери реформа жоспары мақұлданды. Демек, енді сыннан көз ашпайтын әскери салаға реформа жасалып, өзгеріс енуі мүмкін. 

Естеріңізде болса, биыл 24 қыркүйекте Каспий теңізінде болған 14 жас сарбаздың қазасы қазақ армиясында қордаланып қалған көп проблеманы су бетіне шығарған еді. Осы трагедиядан кейін Тоқаев Қорғаныс министрлігіне кешенді тексеріс жүргізетін комиссия құрған. Сол комиссия бір айға жуық жұмыс істеп, Әскери реформа жоспарын дайындап отыр.

Құжатта Қарулы күштердің құрылымы мен құрамын қайта қарау, басқару және қорғанысты жоспарлау тетігін жетілдіру, сондай-ақ ұшқышсыз жүйелер күштерін құру туралы айтылған. Яғни бүкіл әскери салаға институционалдық өзгеріс енгізу жоспарланып отыр.

Тоқаев отырыста армияны қысқа мерзімде заманауи әрі технологиялық тұрғыдан озық құрылымға айналдыру керек екенін айтты. "Өзгеріс басқару ісін, әскери қызметшілерді даярлауды, кадр саясатын, әскери білім беруді, қорғанысты жоспарлау мен технологиялық жарақтандыруды қамтуға тиіс. Әскери қызметтің қауіпсіздігіне, әскерге басшылық ету мәдениетіне және мемлекет ресурстарын тиімді пайдалануға айрықша мән беру керек. Армияның қоғаммен қарым-қатынасы да өзгеруі керек. Кешенді реформа қажет. Бұл істе толыққанды шешімдер қабылданбайынша, көздеген нәтижеге жету мүмкін емес", – деді президент.

Қазақ армиясына өзгеріс керек екені бұған дейін де көп айтылған. Бірақ жауапты органдар жауырды жаба тоқып, проблеманы ашық айта алмай келді. Қорғаныс саласын басқарған шенділердің ешбірі жүйеде кемшілік барын мойындаған емес. "Ауруыңды жасырғанмен, өлімің әшкерелейді" деген сөз бар. Билік қанша жасырып-жапса да, жүйедегі бар кемшілікті Маңғыстаудағы оқу-жаттығу жиынында болған ауыр трагедия ашып берді. Билік осы ауыр оқиғадан сабақ алып, әскери салаға шынайы реформа жасауы қажет.

Әскери реформа жөніндегі жоспарды Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары, Қорғаныс министрлігіне кешенді тексеріс жүргізетін комиссияның жетекшісі Аида Балаева таныстырды. Балаева "жоспар халықаралық тәжірибені және отандық мамандардың ұсыныстарын ескере отырып әзірленгенін" айтты. Бірақ нақты қай елдердің тәжірибесі басшылыққа алынғаны, отандық мамандардан кімдер ұсыныс айтқаны белгісіз. Соған қарағанда, билік халыққа комиссия жұмысы жайлы толық ақпарат беруді қажет емес деп санаған сияқты. Сонымен реформа жоспарында не айтылды?

Дрон армиясы құрыла ма? Қазір Қазақстан Қарулы күштері құрамында Құрлық әскері, Әуе қорғанысы күштері, Әскери-теңіз күштері, Десанттық-шабуылдау әскері және Арнайы операциялар күштері бар. Енді осы қатарға Пилотсыз жүйелер күштері қосылуы мүмкін. Яғни қорғаныс саласына заманауи технологияны енгізу қажет екенін билік ақыры түсінді.

Сауыт киіп, садақ тартқан тұста ешкімге дес бермедік. Кейінгі окоп қазып атысатын кезеңде де көптен кейін қалған жоқпыз. Бірақ қазіргі жаңа технологиялар дәуірі соғыс ережесін мүлде өзгертіп жіберді. Енді тарих сахнасында техниканың тілін меңгерген мемлекеттер ғана үстемдік құрмақ. Түркияның "Байрактар" дронымен қаруланған Әзербайжан әскерінің Армениямен соғыста жеңіске жеткені – соның дәлелі. Ұшқышсыз аппараттар барлау жүргізу, нысананы бақылау және әскери операциялардың тиімділігін арттыруда маңызды рөл атқарады.

Ал біздің әскер бұл сынаққа дайын ба? Қару-жарағымыз қуатты деп айта алмаспыз. Бізге қарудың көбі Ресейден келеді. Қазақстан қарулы күштерінің әскери ұшақтары түгелге жуық Ресейде жасалған. Ең озық шабуылдаушы ұшағымыз да Ресейден әкелінген. Ал Түркиядағыдай дрондарды дамыту қазірше қолымыздан келмей отыр. Оқ пен оттың арасында өмір сүріп жатқан Украина дрон армиясын құрып, дамытып жатыр. Демек, жеке пилотсыз жүйелер әскерін құру өте қажет бастама. Бірақ біздің билік жақсы бастаманы, жақсылап жүзеге асыра алар ма екен? Бүгінгі басты сұрақ осы болып тұр.

"6+6" моделі. Қорғаныс министрлігі әскерге шақырылған азаматтардың бір жылдық қызметін екі кезеңге бөлуді ұсынып отыр. "Бұл реформаның маңызды аспектісі – мерзімді әскери қызметтің екі кезеңнен тұратын үлгісіне көшу. Әскерге шақырылғандар алғашқы алты айда оқу орталықтарында даярлықтан өтеді. Кейінгі алты айда тікелей әскери бөлімдерде қызмет етеді. Бұл кезеңде жауынгерлік даярлыққа және бөлімшелер құрамында міндеттерді орындауға басымдық беріледі", – деп жазды Ақорданың баспасөз қызметі.

Яғни жас сарбаздың алғашқы алты айы оқу орталығында өтеді. Мұнда олар әскери қызметке бейімделіп, базалық әскери білім алады, дене дайындығын жетілдіреді, сондай-ақ тіл үйреніп, жасанды интеллект технологиясын меңгереді және азаматтық өмірге қажетті мамандық игереді. Келесі алты айды әскери бөлімде өткізеді. Мұнда сарбаздар тікелей әскери бөлімдерде қызмет етіп, жауынгерлік даярлығын шыңдайды және бөлімше құрамында нақты міндеттерді орындауға машықтанады.

Шенділер бұл бастаманың мақсаты жас сарбазды бірден әскери бөлімге жіберіп, күрделі міндет жүктемей, алдымен жүйелі даярлықтан өткізу екенін айтады. Бұған дейін сарапшылар "армияға барған жастар бір жыл бойы ештеңе үйренбей, заманауи өзгерістерден кейін қалып қоятынын" айтып жүрген. Жаңа жоба бойынша сарбаздар азаматтық өмірге қажетті мамандық игеруге мүмкіндік алады. Яғни жастар Отан алдындағы борышын өтеумен қатар, мерзімді қызмет аяқталғаннан кейінгі болашағын да қамдай жүреді. Әрине, бұл да жобадағы ұсыныстардың бірі ғана. Әлі жүзеге аса қойған жоқ. Жүзеге асқан күннің өзінде нәтижесі қандай болары белгісіз.

Сарбаз құқығы. Әскери реформа жобасында әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқығын қорғау туралы айтылған. Бұған дейін Балаева басқаратын комиссия "әскерилерге әлімжеттік жасау, жарғыға қайшы әрекет ету фактілері әшкереленгенін" мәлімдеген. Яғни билік армияда "дедовщина", ақша жинау сияқты заңсыз әрекеттер бар екенін ресми мойындаған. Осыған орай сарбаздың қауіпсіздігі мен құқығын қорғауға көңіл бөлмек.

Ол үшін әскери консультанттар институты мен әскери қызметшілер істері жөніндегі уәкіл институтын құру жоспарланып отыр. Әскери консультанттар әскери бөлім қолбасшылығына тәуелсіз жұмыс істеп, сарбаздарға қолдау көрсету, құқық бұзу әрекетін анықтау және әскери қызметшілердің заңды мүддесін қорғау қызметін атқарады. Бұл бастама әскери қызмет кезіндегі өлім-жітім, әлімжеттік, жарғыдан тыс қарым-қатынас және командирлердің жауапкершілігі мәселелерін шешеді деген үміт бар.

Шынын айту керек, мұнда да институт құрумен мәселе шешілмейді. Мысалы, әскери консультанттар сарбаздың шағымын командирдің ықпалынсыз тексере ала ма, заңсыз әрекет анықталса, қандай шешім қабылдайды, әскери қызметшінің қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етіледі деген сұрақтар туындайды. Қазірге дейін БАҚ-та жарияланған құжаттардан бұл сұрақтарға жауап табу қиын.

Сондай-ақ комиссия ұсынған жоспарда казармаларды, оқу нысаны мен полигондарды жөндеу, әскери қызметшілерді сапалы тамақпен және киім-кешекпен қамтамасыз ету қажет екені жазылған. Мұның бәрі әскери сала үшін аса қажетті бастамалар. Бұлар бастама күйінде қалмай, шынайы жүзеге асса, басты жеңісіміз сол болар еді.

"Жас айбын" жүйесі. Құжатта "Адал азамат" тұжырымдамасына негізделген "Жас айбын" бірыңғай әскери-патриоттық даярлық жүйесін дамыту жөнінде айтылған. 2027 жылдан бастап "Жас Қыран", "Жас Ұлан" және "Жас Сарбаз" қозғалыстарын біріктіретін "Жас айбын" бірыңғай әскери-патриоттық даярлық жүйесі құрылады. Бұл бастама бойынша, мектептегі бастапқы әскери даярлықты жетілдіру және арнайы әскери мектептер желісін кеңейту жоспарланып отыр.

Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Тоқаев Қорғаныс министрлігінің қызметін кешенді тексеру жөніндегі комиссияның жұмысын биыл жыл аяғына дейін аяқтауды тапсырды. Комиссия дайындаған Әскери реформа жоспары мақұлданды. Президент жоспарланған реформаны дер кезінде жүзеге асыруды тапсырып, Үкімет пен Қауіпсіздік кеңесіне жоспардың орындалу барысына жетекшілік ету міндетін жүктеді.

Тоқаев бұған дейін бейбіт уақытта әскери қызметшілердің қаза табуына офицерлердің, генералдардың кәсіби тұрғыда біліксіздігі себеп болғанын айтқан. Ал Балаева басқаратын комиссия "қорғаныс саласында мемлекет мүлкін талан-таражға салу, қызметін асыра пайдалану фактілері бар екенін" анықтаған. Енді Қарулы күштердегі қордаланған проблемаларды шешу жөніндегі жоспар да дайын болды. Билік салада кемшілік көп екенін мойындады, оны шешетін жоспарды да ұсынып отыр. Ендігі сұрақ – шенділер сол бастаманың бәрін қағаз жүзінде қалдырмай, орындай ала ма?..

Қуаныш Қаппас

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз