Сараптама

Жұманғарин қымбатшылықты қалай "жеңді"?

Үкімет тағы да "сүйінші" сұрады. Қазақстанда азық-түлік бағасы екінші ай қатарынан төмендеп жатыр екен.

Жұманғарин

Шенеуніктер қанттың, пияздың, сәбіздің қанша пайызға арзандағанын тізіп, инфляцияны тежеу жұмыстарының нәтижесін көрсетіп әлек. Бірақ дүкенге кірген қарапайым жұрт мұндай жағымды өзгерісті неге сезінбейді? Неліктен халықтың күнделікті шығыны азаймай отыр? "Жас Алаш" Үкіметтің кезекті оптимистік мәлімдемесін ресми статистиканың өзімен салыстырып көрді. Сөйтсек, азық-түлік бағасының төмендегені рас болғанымен, жұртқа айтылмай қалған маңызды деректер де бар екен.

Серік Жұманғарин
Фото primeminister.kz/Серік Жұманғарин

Бір айлық қуаныш пен бір жылдағы қымбатшылық

24 қазанда Үкімет "Азық-түлік инфляциясының қарқыны бәсеңдеп келеді" деген ақпарат жариялады. Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте еліміздегі баға мәселесі талқыланған. Сауда және интеграция министрлігі азық-түлік бағасының екінші ай қатарынан төмендегенін мәлімдеген. Ресми ақпаратқа қарағанда, азық-түлік бағасы 0,1 пайызға арзандаған. Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасы небәрі 1,8 пайызға өсіпті. Былтыр осы кезеңдегі көрсеткіш 8,3 пайыз болған екен. Демек, шенеуніктердің есебінше, бағаның өсу қарқыны 4,6 есе баяулаған.

Мұндай ақпаратты оқыған адам елдегі қымбатшылықтың беті қайтып, нарықта жағдай оңалып келе жатыр екен деп ойлауы мүмкін. Әсіресе "екінші ай қатарынан арзандады" деген сөз көңілге үміт ұялатады. Алайда мұнда ескеретін бір маңызды жайт бар. Үкімет айтып отырған 0,1 пайыз – бір айдағы өзгеріс. Яғни тамызда азық-түлік бағасы алдыңғы аймен салыстырғанда 0,1 пайызға, қыркүйекте тағы 0,1 пайызға төмендеген. Ал жылдық көрсеткіш мүлде басқа жағдайды көрсетеді.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылғы қыркүйекте азық-түлік бағасы 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,5 пайызға қымбаттаған. Елдегі жалпы жылдық инфляция 9,3 пайызды құрады. Сонда қай мәліметке сенеміз? Үкіметтің 0,1 пайызына ма, әлде статистика бюросының 8,5 пайызына ма? Екеуі де дұрыс. Бірақ олар әртүрлі кезеңді сипаттайды. Мәселен, бір отбасының ай сайын сатып алатын азық-түлік себеті 2025 жылғы қыркүйекте 100 мың теңге тұрды делік. Егер оның құны ресми азық-түлік инфляциясымен бірдей өссе, биыл қыркүйекте сол себетті сатып алу үшін 108 500 теңге қажет болады. Енді осы себет бір айда 0,1 пайызға арзандаса, отбасы шамамен 100 теңге үнемдейді. Бірақ оның былтырғыдан 8 500 теңгеге қымбаттағаны өзгермейді. Үкімет әлгі 100 теңгенің үнемделгенін айтып отыр. Ал 8 500 теңгенің қосымша шығын болып отырғаны басты жаңалыққа айналған жоқ. Міне, мәселенің мәні осында. Әрине, бағаның өсу қарқынының бәсеңдеуі – жақсы құбылыс. Оны жоққа шығаруға болмайды. Бірақ қымбатшылықтың баяулауы мен бағаның бұрынғы деңгейіне қайтуы екі бөлек нәрсе. Қарапайым бұқараға ең маңыздысы – осы айырмашылық.

Егер былтыр азық-түлік 15 пайызға, биыл 8,5 пайызға қымбаттаса, бұл бағаның арзандағанын білдірмейді. Тек қымбаттау жылдамдығы азайды деген сөз. Сондықтан Үкіметтің мәлімдемесі жалған статистикаға құрылмағанымен, ақпаратты ұсыну тәсілі қоғамды жаңылыстыруы мүмкін. Жағымды көрсеткіш алдыңғы қатарға шығарылып, қымбатшылықтың нақты ауқымы екінші кезекке ысырылған.

ет
Фото: ЖИ / Жас Алаш/Ет

Қой еті 0,4 пайызға арзандапты. Ал бір жылда ше?

Ресми хабарламада өткен аптада арзандаған өнімдер де мұқият тізілген. Қант 2,4 пайызға, пияз 1,7 пайызға, алма мен сәбіз 0,9 пайызға, күріш 0,5 пайызға, қой еті 0,4 пайызға арзандаған. Нан, макарон, сары май, тұз бен шай бағасы өзгермепті. Бір қарағанда, жаман көрсеткіш емес. Бірақ Үкімет бір аптаның нәтижесін осынша тәптіштеп жариялағанда, халық күнделікті тұтынатын негізгі өнімдердің бір жылда қаншаға қымбаттағанын да қатар көрсетуі керек емес пе?

Ұлттық статистика бюросының қыркүйектегі дерегін ашсақ, мүлде басқа көріністі байқаймыз. Ол дерек бойынша – бір жылда шұжық пен ет өнімдерінің бағасы 13,2 пайызға өскен. Ашытылған сүт өнімдері 11,2 пайызға, ет пен құс еті 10,2 пайызға, нан және нан-тоқаш өнімдері 9,9 пайызға қымбаттаған. Ірімшік пен сүзбе бағасы 9,7 пайызға, май өнімдері 8,6 пайызға, жұмыртқа мен сүт 8,4 пайызға өскен. Ал алкогольсіз сусындар 10,6 пайызға қымбаттаған. Бұл көрсеткіштердің барлығы – биліктің өз статистикасы. Сонда бір аптада қой етінің 0,4 пайызға арзандағанын ерекше атап өтудің қандай мәні бар? Егер жалпы ет пен құс еті бір жылда 10,2 пайызға қымбаттаса, тұтынушыға қай көрсеткіш маңыздырақ?

Бүгін 500 теңге тұратын тауар ертең де 500 теңге болса, оны тұрақтылық деп айтуға болады. Бірақ былтыр сол тауар 400 теңге тұрған болса, мәселе мүлде басқаша көрінеді. Бір апталық өзгерісті көрсету керек. Бірақ жылдық жағдайды айтпай, сонымен шектелу толық ақпарат беру емес. Осы тұста тағы бір сұрақ туындайды. Неліктен мемлекеттік органдар баға төмендеген кезде апталық өзгерісті алға шығарады да, қымбатшылық туралы сөз қозғалғанда, көбіне оның өсу қарқыны баяулағанын түсіндіруге көшеді?

Алайда айта кету керек, тамыз және қыркүйек айларында көкөніс бағасының төмендегені рас. Бірақ мұның барлығын Үкіметтің бағаны тұрақтандыру жұмыстарының нәтижесі деп қабылдау қаншалықты дұрыс? Ұлттық статистика бюросының дерегінше, қыркүйекте пияз бір айда 20,7 пайызға, сәбіз 13,6 пайызға, картоп 13,4 пайызға, қырыққабат 10,1 пайызға арзандаған. Алма 5,3 пайызға төмендеген. Бұл айларда елімізде ауыл шаруашылығы өнімдерінің жаңа түсімі жиналады. Диқандар картобын, пиязын, сәбізін нарыққа шығарады. Өнім көбейген кезде бағаның төмендеуі – нарыққа тән қалыпты құбылыс. Оны экономикада "маусымдық фактор" деп атайды. Мысалы, картоп күзде арзан, көктемде қымбат болуы мүмкін. Себебі қыс бойы өнімді сақтау, тасымалдау және оны нарыққа жеткізу шығындары артады. Жылыжай өнімдерінің өзіндік құнына жылу мен электр энергиясы әсер етеді. Осы ерекшелік Қазақстанға да жаңалық емес.

Ет бөлімі
Фото: ЖИ / Жас Алаш/Ет бөлімі

Жәрмеңке қымбатшылықты жеңе ала ма?

Үкімет бағаны тежеудің тиімді құралдарының бірі ретінде ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін атап көрсеткен. Серік Жұманғарин өңірлердегі әкімдіктерге жәрмеңкелер санын көбейтуді, халық көп тұтынатын тауарларды қолжетімді бағамен жеткізуді тапсырған. Бұған қоса, 17-27 қазан аралығында еліміздің барлық өңірінде Bereke Fest және Republic Day акциялары өтетіні хабарланды. Оған 649 сауда нысаны қатысып, кейбір тауарларға 50 пайызға дейін жеңілдік ұсынады екен. Әрине, жәрмеңкенің пайдасын жоққа шығаруға болмайды. Өндірушіден тауарды тікелей сатып алу тұтынушыға тиімді. Арадағы делдал азайса, өнім арзандауы мүмкін. Акция кезінде азық-түлікті төмен бағамен алу да отбасы бюджетіне көмектеседі. Бірақ мұнда екі маңызды мәселе бар. Біріншіден, жәрмеңке – тұрақты нарықтың орнын басатын жүйе емес. Халық азық-түлікті тек сенбі-жексенбіде сатып алмайды. Адамдарға нан, ет, сүт, көкөніс күн сайын қажет.

Екіншіден, 50 пайызға дейінгі жеңілдік барлық тауардың екі есе арзандағанын білдірмейді. Ол жекелеген өнімдерге ғана қолданылуы мүмкін. Оның нақты көлемі, мерзімі мен шарттары да әр сауда орнында әртүрлі. Сондықтан мұндай акцияларды инфляцияны ауыздықтаудың негізгі дәлелі ретінде ұсыну қисынсыз. Мәселе бір күнгі немесе бір апталық арзан саудада емес, азаматтың үйінің жанындағы дүкеннен күн сайын азық-түлікті қанша теңгеге сатып алатынында болып отыр. Жәрмеңке өткізуден бұрын нарықтағы тұрақты бағаны қалыптастыратын тетіктерді жетілдіру әлдеқайда маңызды. Мысалы, азық-түлікті сақтау қоймалары жеткілікті ме? Отандық өндіруші өнімін тұтынушыға қандай шығынмен жеткізеді? Сауда тізбегінде қанша делдал бар? Олардың үстемесі қаншалықты негізді? Тасымал мен электр энергиясының қымбаттауы өнім бағасына қалай әсер етіп жатыр? Осы сұрақтарға нақты жауап берілмейінше, жәрмеңкелер қымбатшылықты уақытша жеңілдеткенімен, мәселені түбегейлі шеше алмайды.

Сапарбай Жобай
Фото ашық дереккөз/Сапарбай Жобай

Сапарбай Жобай, экономист: Делдалдар көбейіп, өзара бәсекелессе, баға да реттеледі

– Азық-түлік бағасына баға бергенде тек тұтынушының емес, өндірушінің де мүддесін ескеру қажет. Қазақстанда ауқатты адамдар да, орта тап та, күнкөрісі төмен азаматтар да бар. Табысы жоғары адамдар үшін қазіргі баға аса қиындық туғызбауы мүмкін. Ал әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға бәрі қымбат. Сондықтан бағаның қолжетімділігі әр адамның табысына байланысты. Алайда ауыл шаруашылығы өнімдерінің қымбат болғаны шаруаларға тиімді. Өйткені олар түскен табысты өндірісті кеңейтуге, техника алуға, мал басын көбейтуге жұмсайды. Егер мемлекеттің араласуымен өнім бағасы үнемі төмен ұсталып отырса, өндірушінің дамуға ынтасы азаяды. Кеңес дәуірінде бағаны жасанды түрде арзан ұстаудың салдарынан тауар тапшылығы болғанын ұмытпауымыз керек. Қазір делдалдарды кінәлау жиі кездеседі. Бірақ олардың да атқаратын қызметі бар. Шаруадан өнімді сатып алып, тасымалдау, сақтау, сұрыптау және дүкендерге жеткізу белгілі бір шығынды талап етеді. Сондықтан делдалдарды түгел жою мәселені шешпейді, керісінше, бағаның өсуіне әкелуі мүмкін.         Меніңше, ең тиімді жол – еркін нарық пен ашық бәсекені дамыту. Делдалдар көбейіп, өзара бәсекелессе, баға да реттеледі. Ең бастысы, өндірушінің мүддесі қорғалуы керек. Сонда өндіріс көлемі артып, нарықта өнім жеткілікті болады. Ал ұсыныс көбейген жерде бағаның тұрақтануына да мүмкіндік туады.

жалақы
Фото: из открытых источников/жалақы

Табыстың жартысы тамаққа кете ме?

Қымбатшылықтың ел тұрмысына әсерін түсіну үшін азық-түлік бағасының өзіне ғана емес, халықтың табысы мен шығынына да қарау қажет. Ұлттық статистика бюросының үй шаруашылықтарына жүргізген зерттеуіне сәйкес, 2026 жылдың екінші тоқсанында қазақстандық үй шаруашылықтарының тұтынушылық шығынының 53,7 пайызы азық-түлікке жұмсалған. Яғни отбасының тамақ, киім, тұрмыстық заттар мен қызметтерге жұмсайтын әр 100 теңгесінің шамамен 54 теңгесі ас-ауқатқа кеткен. Зерттеуге сәйкес, бір отбасы үш айда азық-түлікке орта есеппен 553,4 мың теңге жұмсаған. Мұның 183,7 мың теңгесі ет және ет өнімдеріне кеткен. Осы жерде Үкіметтің 0,1 пайыздық арзандауы мен халықтың нақты тұрмысы арасындағы айырмашылық анық көрінеді.

Жалпы алғанда,  жоғарыдағы сандар нені көрсетеді? Үкімет инфляцияның жалпы қарқыны бәсеңдегенін алға тартқанымен, қарапайым халықтың дастарқанындағы негізгі азық-түліктің бірқатары әлі де қымбаттап жатыр. Демек, статистикадағы жағымды көрсеткіш пен халықтың күнделікті шығыны әрдайым сәйкес келе бермейді. Бағаның өсу қарқыны нарықта баяулауы мүмкін, бірақ бұл барлық азық-түлік арзандады деген сөз емес. Үкіметке азық-түліктің 0,1 пайызға төмендеуі жетістік шығар. Ал тұтынушы халыққа басты көрсеткіш – дүкендегі баға мен қалтасындағы ақша. Бір сөзбен айтқанда, қымбатшылықты әдемі статистикамен жеңу мүмкін емес.

Тұрсынбек БАШАР

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз