Сараптама

ҚазҰУ-да тағы дау шықты оқытушыны дәріс үстінде жұмыстан неге шығарды?

Соңғы уақытта Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің төңірегінде дау-дамай жиіледі.

Гауһар Дүйсембиева

Әуелі журналистика факультетінің төрт оқытушысының жұмыстан босатылуы қоғамда қызу талқыланған-ды. Бұл мәселенің мән-жайы толық тарқатылып үлгермей жатып, тарихи ғимараттардың бірі саналатын Студенттер сарайының төбесі опырылып түскені тағы бар. Ал күні кеше әлеуметтік желіде оқытушыны жұмыстан босату туралы бұйрықты дәріс үстінде, студенттердің көзінше табысталған сәттің видеосы тарады. Анықталғандай, бұл оқиғаның да ҚазҰУ-ға қатысы бар болып шықты.

Оқиға 7 қазанда болған.  Дәріс өтіп жатқан Гауһар Дүйсембиеваның аудиториясына университеттің кадр бөлімінің қызметкері келіп, жұмыстан босату туралы бұйрықты табыстаған. Гауһар Дүйсембиева университеттегі даудың басталуын 69 қызметкердің қысқартылуымен байланыстырады. Оның айтуынша, өзі де жұмыстан заңсыз босатылып, кейін сот арқылы жұмысқа қайта орналасқан.

"Университеттегі келіспеушілік пен басшылықпен арадағы қарым-қатынастың шиеленісуі 69 қызметкердің қысқартуға ұшырауынан басталды. Осы қысқартудың ішінде мен де болдым. Басшылық менімен еңбек шартын бұзып, жұмыстан заңсыз босатты. Алайда мен бұл шешіммен келіспей, өз құқығымды сот арқылы қорғап, жұмысқа қайта орналастым. Сот барысында жүргізілген сот-қолтаңбатану сараптамасы 2024 жылғы 31 тамыздағы хабарламадағы қолдардың маған тиесілі еместігін, тіпті ол екі құжаттағы қолтаңбаның екі түрлі болып қолдан жасалғанын толық дәлелдеп шықтым", – дейді Г.Дүйсембиева.

Дүйсембиеваның сөзінше, басшылықпен арадағы қарым-қатынас 2026 жылғы 14 қыркүйекте Facebook желісінде жариялаған жазбасынан кейін қайта шиеленіскен.

"Жағдайдың қайта ушығуына менің Facebook әлеуметтік желісінде 14 қыркүйекте жариялаған жазбам себеп болды. Ол жазбада сот орындаушысының ұсынысы бойынша ректор Ж.Түймебаевтың мені жұмысқа қайта орналастыру туралы шешімін (2024 жылғы 15 шілдеден 9 қыркүйекке дейін) орындамай созбалаңға салғаны үшін мемлекет кірісіне айыппұл төлемегені туралы айтылған еді",  – дейді оқытушы.

Осыдан соң оның жазбасын басшылық бірден назарға алған.

"Басшылықтың реакциясы мен күткендей-ақ жылдам болды. Бұрмаланған баяндама хат дереу ұйымдастырылды. 7 қазанда, шамамен сағат 11:00–де, мен жоспарлы сабақ өткізіп жатқан кезде аудиторияға әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Кадрлар бөлімінің қызметкері Д.Әлпиев басып кірді. 38 жылдық ғылыми-педагогикалық өтілі бар оқытушыны студенттердің көзінше көпшілік алдында қорлау мақсатында, менің 2 қазанда жұмыстан босатылғанымды хабарлады. Бұл ретте оған дейін ешқандай ресми бұйрық та, акті де көрсетілген жоқ, тек кассациялық инстанцияның екі сот актісінің күшін жойып, істі жаңадан қарауға жібергені және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ж.Қ.Түймебаевтың 2024 жылдан бері Мемлекет кірісіне өсімақы төлеуі тиіс екені туралы ақпаратты жариялағаннан кейін бірден құрастырылған ішкі баяндама хат қана пайда болды", – дейді Гауһар Дүйсембиева.

Оқытушының айтуынша, 2026 жылғы 13 қазанда сағат 18:00 шамасында оған учаскелік полиция қызметкері телефон соғып, әлеуметтік желідегі жарияланымдарына байланысты полиция пунктіне келуін талап еткен.

"Жазбамнан кейін маған қайтадан әкімшілік іс ашып, полиция қызметкерлері: "43 000 теңге айыппұл төлеңіз де, істі жабыңыз" дейді. Мен оларға: "Жоқ, маған заң бойынша ресми хаттама беріңіздер, соттасамын", деп кесіп айттым. Міне, арада тура екі аптадай уақыт өтсе де, ешқандай хабар жоқ. Қайта-қайта хабарлассам, полиция: "Мен асығып тұрмын, өзім-ақ жіберемін, әлі екі ай уақытымыз бар" деп қашқалақтап отыр. Галеева деген проректор менің жазбамдағы мәліметтер жалған деп арыз жазған болатын. Бірақ құқық қорғау органдарының өзі онда ешқандай жала жоқ екенін айтқан еді. Енді сол істі сотқа өткізсе екен деп күтіп жүрмін, алайда полиция әлі де тайқып отыр. Сонымен қатар мен абыройым мен қадір-қасиетімді, іскерлік беделімді қорғау мақсатында сотқа жүгіндім. Өйткені мені 84 адам қаралап жазған еді. Мен Бостандық аудандық сотында жеңіліп, апеллияцияға бердім. Апелляциялық сатыда да сот шешімі өзгеріссіз қалды. Сосын кассациялық сотқа жүгініп, жеңіп шықтым. Алайда кассациялық сот бұл шешімдерді бұзып, істі қайта қарауға жіберді", – дейді Г.Дүйсембиева.

Бұл жағдайға қатысты Университет өкілдерінің түсіндіруінше, жұмыстан босату туралы бұйрыққа 2 қазанда қол қойылған. Бұл шешімді тәртіптік комиссия қабылдаған. Гауһар Дүйсембиева комиссия отырысына алдын ала шақырылып, өз ұстанымын түсіндіруге мүмкіндік алғанымен, отырысқа келмеген. Жұмыстан босатылғаннан кейін бұйрықтың көшірмесі оның үйіне EMS Qazpost арқылы жіберілген.

Университеттің ресми жауабына сәйкес, Гауһар Дүйсембиевамен еңбек қатынастары еңбек тәртібі мен кәсіби педагогикалық әдеп талаптарының бұзылуына қатысты материалдар қаралғаннан кейін тоқтатылған.

Әкімшіліктің мәліметінше, оқытушы студенттерді, оның ішінде кәмелетке толмағандарды, оқу процесіне қатысы жоқ мәселелерге тартқан. Атап айтқанда, университет оқытушы студенттерден әлеуметтік желідегі жарияланымдарына пікір жазуды сұрап, қоғамдық пікірге ықпал етуге тырысқан деп мәлімдеді. Сондай-ақ университет оқытушы студенттер қол қойған құжатты өзінің еңбек дауына дәлел ретінде пайдаланғанын хабарлады. Әкімшілік бұл құжаттың мазмұнына қатысты күмән бар екенін айтқан.

"Студенттер өздерінің оқу нәтижелерін бағалауға тікелей ықпал ететін оқытушыға академиялық тұрғыдан тәуелді. Мұндай жағдайда білім алушыларды оқытушының жеке жанжалдарына тарту кәсіби педагогикалық әдеп қағидаттарына қайшы келеді", – делінген университет түсініктемесінде.

Университет 7 қыркүйектегі жағдайға қатысты пікір білдіріп, бұйрықты көпшілік алдында тапсыруға бастамашы болмағанын жеткізді. Айтуларынша, 7 қазанда Дүйсембиева университетте жұмыс істемеген.

"Студенттердің оқу процесіне кедергі келтірмеу үшін кафедра меңгерушісі оның орнына басқа оқытушыны бекітті. Соған қарамастан, бұрынғы қызметкер аудиторияға өз бетінше кіріп, сабақ өткізіп жатқан оқытушыдан бөлмеден шығуын талап еткен. Кейін кадр бөлімінің өкілі келіп, мәселені дәлізде талқылауды ұсынған. Алайда Дүйсембиева әңгімені студенттердің көзінше өткізуді қалаған. Оқиғаны студенттер оқытушының өтініші бойынша бейнежазбаға түсірген. Университет кадрлық құжаттарды оқу сабағы кезінде көпшілік алдында тапсыруға бастамашы болған жоқ. Жағдай еңбек қатынастары тоқтатылғаннан кейін бұрынғы оқытушының өз бетінше сабақ өткізуге кірісуінен туындады", – деп хабарлады университеттен.

Университет басшылығы қызметкерге қатысты басқа да ескертулер болғанын мәлімдеді. Оқу орнының хабарлауынша, 2024-2026 жылдар аралығында Univer ақпараттық жүйесінің қауіпсіздік талаптарының бұзылғаны анықталған. Атап айтқанда, студенттерге оқытушының есептік жазбасына қол жеткізуге мүмкіндік берілген. Соның салдарынан олар оқытушының кейбір міндеттерін орындаған. Бұдан бөлек, университет оқу-әдістемелік материалдарды әзірлеу, емтихан тапсырмаларын дайындау, сабақ өткізу және емтихан жұмыстарын тексеру кезінде талаптардың сақталмағанын мәлімдеді. Оқу орнының пікірінше, бұл заңбұзушылықтардың кейбірі емтихан сессияларын уақытында өткізуге және студенттердің академиялық құқықтарын сақтауға қауіп төндірген.

Алайда Гауһар Дүйсембиева университеттің ресми мәлімдемесінде айтылған уәждермен келіспейтінін жеткізді.

"Қазір олардың таратып жатқан ақпараттарының барлығы – жалған. Сол жұмысқа қайта оралу процесінен кейін олар артыма түсіп алды да, қайта-қайта негізсіз ескертулер берді. Маған тіпті сөгіс жариялады. Мұның бәрі таза заңсыздық. Қазір бұл мәселе апелляциялық сотта қаралып жатыр. Менде бәрін дәлелдейтін аудиожазбалар бар", – деді Дүйсембиева.

Ал 7 қазандағы жағдайға байланысты ГауҺар Дүйсембиева орнына басқа оқытушының келгенін жоққа шығарды.

"7 қазанға дейн ешкандай окытушы келген жоқ,  сол таңғы сағат 08:00-де маған белгіленген дәрісімді бастадым. Мен бірінші топпен өтуі тиіс сабағымд толығымен сағат 08:00-ден 11:00-ге дейін ойдағыдай өткіздім. 11:00-ден 11:50-ге дейн екінші топқа дәріс беруім керек болған. Алайда сағат 11:30-да аудиторияға Альпиев баса-көктеп кіріп келді. Ол менің сабағымды  студенттердің көзінше бұзып, аудиториядан шығарып жіберді. Студенттер өздері  қалды, мен сол күйі шығып кеттім.

Г. Дүйсембиева жұмыстан босатылуына байланысты Еңбек департаментіне және университеттің келісім комиссиясына жүгінген. Оның айтуынша, Еңбек департаменті заңбұзушылықтарды жоюды талап ететін екі нұсқама шығарған. Қазір ол өз құқығын қорғап, жұмысқа қайта оралуға ниетті.

Маржан Сәбет

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз