Сараптама

"Кеңестік жүйенің сарқыншағы": Сарапшылар бекіген бюджетке қандай сын айтты?

Өткен аптада Қазақстанның алдағы үш жылға арналған бюджетінің негізгі бағыты айқындалды. Құрылтай депутаттары үш жылдық бюджеттің жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Ұлттық қор

Жобалау бойынша, алдағы үш жылда Қазақстан экономикасы жылына орта есеппен 5,4 пайыз өседі. 2027 жылы инфляция 7,5-9,5 пайыз аралығында болады. 2029 жылға қарай қымбатшылықты 6 пайызға дейін түсіру жоспарланған. Сондай-ақ 2027 жылы республикалық бюджеттің кірісі 25,4 трлн теңге болады деп жоспарланған. Оның 19,5 трлн теңгесі салықтан түсуі тиіс. Яғни бюджет кірісінің негізгі тірегі – халық пен бизнес төлейтін салықтар болып қала бермек. Ал бюджеттің шығыс көлемі келер жылы 29 трлн теңге болмақ. Қарапайым тілмен айтсақ, келер жылы да мемлекет тапқанынан көп ақша жұмсайды. Мұндай айырмашылық, әрине, бюджет тапшылығын қалыптастырады.

Жылдағы әуен тағы қайталанды…

Жылдағы қалыптасқан әдет бойынша биылғы бюджетті жобалағанда да үкімет "бюджет шығынын жабу үшін Ұлттық қорға үнемі сүйене бермеуі керек" дегенді қайталады. Алдағы жылы Ұлттық қордан алынатын кепілдендірілген трансфертті біртіндеп 2 трлн теңгеге дейін қысқарту жоспарда бар. Бұл бір қарағанда техникалық мәселе сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ оның астарында өте маңызды экономикалық ұстаным жатыр. Ұлттық қордан ақша азайса, оның орнын тұрақты кірістер басуы тиіс. Үкімет алдағы үш жылдың ішінде меншікті кірістерді, яғни Ұлттық қорға сүйенбей, бюджеттің өз кірістерін көбейтуді 23,4 трлн теңгеге дейін жеткізуді көздеп отыр. Бірақ кірісті Ұлттық қордың қаражатынсыз қалай, қайтіп арттыратыны әлі ашып айтылған жоқ. Белгілісі, бюджеттің үштен бірінен астамы ғылым, білім және медицинаға бағытталмақ. Сонымен қатар өңірлерді қолдауға, қауіпсіздікке және мемлекеттік борыштың пайыздарын өтеуге де қаржы қарастырылған. Бұдан бөлек, 2027 жылы нақты секторды дамытуға 3,7 трлн теңге бөлу жоспарланған. Бұл қаражат көлік инфрақұрылымына, ауыл шаруашылығына, өнеркәсіпке, кәсіпкерлікке және цифрлық экономикаға бағытталмақ. Жол құрылысын салу, интернет қолжетімділігін арттыру, агроөнеркәсіп кешені мен ғарыш саласындағы жобалар әрі қарай да жалғасын табады.

 Жобалаудағы жүйе қай жерде ақсап тұр?

Жалпы,Қазақстанның бюджет саясатына қатысты сын жиі айтылатыны жасырын емес. Үкімет республикалық бюджетті елдің негізгі қаржылық құжаты ретінде депутаттарға ұсынған сайын оның қаншалықты шынайы жобаланғаны туралы мәселе көтеріледі. Себебі бюджет – жай ғана кіріс пен шығыстың кестесі емес. Ол – мемлекеттің алдағы үш жылға арналған экономикалық бағытын айқындайтын негізгі құжат.

Міне, соңғы жылдары сала мамандары осы құжатты жобалаудың және жоспарлаудың сапасына қатысты сыни пікірлерді жиі айтып жүр. Мұндайда ең алдымен көзге түсетіні – бюджетке енгізілетін түзетулердің жиілігі.Мәселен, 2024 жылы республикалық бюджетке 10 рет өзгеріс енгізіліпті. Яғни мемлекет бір жылға арналған қаржылық жоспарын бекітіп қана қоймай, оны бір жыл ішінде бірнеше рет қайта қарауға мәжбүр болған.2024 жылы Үкімет мұны төтенше жағдайлармен түсіндірді. Сол кездегі ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров көктемгі су тасқынынан кейін шығындарды оңтайландыру жөніндегі тапсырмаға сай бюджеттің қайта-қайта өзгергенін айтқан болатын. Әрине, күтпеген жағдай кезінде бюджетті қайта қарауға тура келеді. Бұл – қалыпты құбылыс. "Бірақ мәселе бірреттік өзгерісте емес, оның жиілігінде"деседі мамандар.

Экономист-ғалым Жаңабай АЛДАБЕРГЕНОВТІҢ пікірінше, әлемдік тәжірибеде бюджетті нақтылау, өзгерту қалыпты саналады. Әдетте ол жылына бір-екі рет, кей жағдайда тоқсан сайын өзгеруі мүмкін. Ал он рет түзету енгізу – ерекше жағдай. Мұндай жиілік бастапқы бюджет жобасының қаншалықты сапалы есептелгеніне қатысты заңды сұрақ туғызады. Сондықтан алдымен нақ осы жобалау сауатты болуы керек. Республикалық бюджет – мемлекеттің барлық негізгі кірістері мен шығыстарын, бюджеттік несиелерін және инвестицияларын қамтитын, заң күші бар қаржылық құжат болғандықтан оның бастапқы жобасы, болжамы барынша дәл болуы тиіс.

Жаңабай Алдабергеновтің пікірінше, Қазақстандағы бюджеттік жобалау, жоспарлау жүйесінің өзі қайта қарауды қажет етеді. Көп елде бюджетті әзірлеу жұмысы қаржы министрлігінің құзырында. Бұл түсінікті де, салық түсімдері, мемлекеттік қаржы ағындары, бюджеттік өтінімдер мен шығыстардың орындалуы осы жүйемен тікелей байланысты. Ал Қазақстанда бюджет жобасын Ұлттық экономика министрлігі әзірлейді. Экономист бұл тәртіпті кеңестік жоспарлау жүйесінен қалған модельдің сарқыншағы деп санайды.

"90-жылдары мемлекеттік бюджетті жоспарлау функциясы экономика министрлігіне берілді. Кейін Қазақстан жоспарлы экономикадан бас тартқанымен, бюджетті әзірлеу құзыреті сол күйінде сақталып қалды. Мұндай жүйе жауапкершіліктің нақты шекарасын белгілеуді қиындатады. Мысалы, бюджет жоспары орындалмай қалса, қаржы министрлігі қаржының жетіспегенін алға тартады, Ұлттық экономика министрлігі кірістердің дұрыс түспегенін айтады. Сөйтіп, жауапкершілік бірнеше мемлекеттік органның арасында бөлініп кетеді. Мұндай жүйелеуден бір елді мекенге бірнеше жыл бойы ауыз су тартылмаса, бір ведомство оны жоспарға енгізбегенін, екіншісі қаржы болмағанын айтуы мүмкін. Осыдан барып тұрғындар үшін нәтиже беруі тиіс мәселе шешілмей қалады. Сондықтан бізге осыны өзгерту керек. Ескі тәсілмен жұмыс істегенді қойып, бюджетті жоспарлауды, жобалауды, қадағалауды тек қана қаржы министрлігінің құзыретіне беріп, барлық жауапкершілік сол ведомстводан сұралғаны жөн. Ал қазір жауапкершілікті екі министрлік бір-біріне сілтеп отыра береді", – дейді Жаңабай Алдабергенов.

 Жоба мен шындықтың арасы

Сала мамандарының ойынша, бюджеттің сапасын бағалағанда, оның қанша рет өзгергеніне ғана емес, бастапқы жобалаудың қаншалықты дәл болғанына қарау қажет.

Мәселен, 2025 жылғы бюджет бірқатар оптимистік болжамдарға сүйеніп жасалды. Мұнай бағасы барреліне 75 доллар, доллар бағамы 470 теңге деңгейінде болады, инфляция 5,5-7,5 пайыз шамасында сақталады деген есеп жасалды.Бірақ былтырғы экономикадағы нақты жағдай бұл болжамның осал тұстарын көрсетті.

Экономист және саясаттанушы Әсем ҚАСЫМХАНОВАНЫҢ пікірінше, Үкімет 2024 жылы да экономикалық өсім мен инфляция бойынша тым оптимистік болжамдар жасаған. Мәселен, 2024 жылы ЖІӨ өсімін 6 пайыз деңгейінде болады деп жоспарлағанымен, алғашқы 11 айдағы нақты көрсеткіш 4,4 пайыз шамасында қалыптасты. Инфляция бойынша да жоспар мен нақты жағдайдың арасында айырмашылық болды. Әсем Қасымханованың ойынша да, мұндай жағдайда мәселе тек "болжам мен жобалау орындалмады" дегенде емес. Бюджет кірісі мен шығысы сол болжамдарға сүйеніп жасалғандықтан, бастапқы жобалаудың қателігі кейін бюджетке түзету енгізу қажеттілігін туғызады. Яғни бір ғана қате жобалау екінші қадамда бюджет тапшылығына әкеліп, үшінші қадамда шығындарды қайта қарауға әкелуі мүмкін.

"Экономика тек үкіметтің жоспарына бағынбайды. Мұнай бағасы өзгереді, әлемдік нарық құбылады, геосаяси жағдай күрделенеді, жаңа дағдарыстар пайда болуы мүмкін. Сондықтан стратегиялық құжаттарда "қай жылы қандай көрсеткішке жетеміз?" деген сұрақпен бірге "оған қандай ресурспен және қандай жағдайда жетеміз?" деген сұраққа да жауап болуы тиіс. Мәселен, Ұлттық қор активтеріне қатысты болжамдар да осындай сұрақ туғызады. Ұлттық экономика министрлігі "қор активтері 2028 жылы 68,6 млрд долларға дейін өседі" деп болжап отыр. Ал басқа стратегиялық мақсат бойынша 2029 жылға қарай бұл көрсеткішті 100 млрд долларға жеткізу көзделген. Егер 2028 жылдың соңында қор көлемі 68,6 млрд доллар болса, бір жылдың ішінде оны 100 млрд долларға жеткізу үшін қандай экономикалық жағдай қажет? Міне, мәселе осында. Стратегиялық мақсат қою оңай. Бірақ сол мақсатқа апаратын нақты экономикалық механизмді бюджеттің жобасында ашық көрсету әлдеқайда маңызды", – деді экономист Әсем Қасымханова.

Бюджетке көп ақша бөлу – тиімді экономиканы білдірмейді

 Маманның пайымдауынша, бюджетті жобалауда, жоспарлаудатағы бір маңызды мәселе – бюджет шығыстарының тиімділігі.Жыл сайын миллиардтаған теңге көлемінде мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, түрлі жобаларға қаржы бөлінеді. Бірақ сол қаражаттың экономикаға нақты қандай нәтиже әкелетіні әрдайым анық көріне бермейді.

"Мысалы, белгілі бір жобаға миллиард теңге бөлінді делік. Оның игерілгені туралы есеп болуы мүмкін. Бірақ одан кейінгі сұрақ маңыздырақ, осы ақша қандай экономикалық нәтиже берді?Қанша жұмыс орны ашылды? Қанша жаңа кәсіп пайда болды? Салық түсімі қаншаға өсті? Халықтың табысы артты ма? Өнім көлемі көбейді ме?Бюджеттің тиімділігін тек "қаражат игерілді" деген көрсеткішпен өлшеу – жеткіліксіз", – дейді Ә.Қасымханова. Салалық мамандардың ойынша, бюджетке қатысты тағы бір түйткіл – оның қоғамға қаншалықты түсінікті әрі ашық болуы.Мемлекет қанша ақша жинайды? Қай салаға қанша қаржы береді? Қандай бағдарлама қанша тұрады? Ол бағдарламадан нақты қандай нәтиже күтіледі?Бұл сұрақтардың жауабы қарапайым азаматқа түсінікті болуы керек.

Бейсенбек Зиябеков
Фото: ашық дереккөз/Бейсенбек Зиябеков

Бұл ретте экономист-ғалым Бейсенбек ЗИЯБЕКОВ: "Қазақстан бірнеше жылдан бері бюджет ашықтығы мәселесінде жоғары көрсеткіштерге жете алмай келеді. Қоғамдық ұйымдар мен тәуелсіз сарапшылардың ұсыныстары да бюджет процесінде жеткілікті деңгейде ескерілмей жатады.Ал ашықтықтың жетіспеуі ең алдымен қоғамдық сенімге әсер етеді. Егер үкімет бюджетті жобалау жүйесін жетілдіріп, кірістерді шынайы есептеп, шығыстардың тиімділігін бағалап, бюджеттің орындалуын барынша ашық көрсетсе, бұл тек қаржы жүйесіне емес, жалпы экономикаға деген сенімді күшейтер еді. Мәселе бюджетке қанша триллион теңге тартылғанында ғана емес. Мәселе – сол триллиондардың қаншасы нақты кіріске айналады, қаншасы тиімді жұмсалады және оның нәтижесін қоғам көре ала ма, осында. Экономикалық өсім туралы кез келген болжамның негізінде дәл осы үш нәрсе тұруы тиіс: шынайы есеп, нақты жауапкершілік және ашықтық", – дейді.

Сала мамандарының пайымынша, бізге бюджетті жыл сайын қайта-қайта түзете беретін емес, бастапқыда барынша дәл жобалайтын жүйе қажет. Бюджет жобасын мақұлдағанда, депутаттар да осыған мән беруі тиіс. Бірден  ләппайлап қабылдай салу да дұрыс емес. Өйткені мемлекет бюджеті – қағаздағы цифрлар жиынтығы емес. Ол миллиондаған адамның күнделікті өміріне әсер ететін нақты ақша. Осыны Ұлттық экономика министрлігі қаперіне алғаны жөн. Бюджетті жоспарлаудағы басты мақсат – көп ақша жоспарлау емес, бар ақшаны дұрыс есептеп, дұрыс жұмсау болуы тиіс.

Қалай десек те, алдағы үш жылдық бюджеттің жобасы қабылданды.  Енді әр жыл сайын осы жобаның қаншалықты дәл нақты болжанғанын біліп отыратын боламыз. Биыл маусым айында депутаттардың бюджетке қатысты айтқан сынына жауап берген ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин: "Болжам өте нашар болды деп айта алмаймын. Бірақ сапаны арттыру үшін жұмысты жалғастыруға негіз бар", – деген. Енді сол сәт те келді. Алдағы уақытта Ұлттық экономика министрлігінің бұл үдеден қаншалықты шыға алғанын байқайтын боламыз…

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз