Сараптама

"Ақ жолдың" филиал төрағасына алаяқтық бойынша үкім шықты

Халықтың сеніміне ие болуға ұмтылған тұлғаға қойылатын талап көп.

Мұханбетәлі Шалқарбеков

 Әсіресе оның кәсіби беделі, қоғам алдындағы жауапкершілігі мен қызметтегі адалдығы ескеріледі. Саяси партия атынан халықтың мүддесін қорғауға ниетті тұлғаларға келгенде, бұл талаптың салмағы одан сайын арта түсетіні бар. Ал сот үкімімен шартты жаза тағайындалған адамның саяси партияның филиалында басшылық қызмет атқаруы қаншалықты орынды? Оған қатысты алаяқтық бабымен іс қозғалған болса ше? "Ақ жол" ҚДП" Жамбыл облыстық филиалының төрағасы, Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты Мұханбетәлі Шалқарбековке қатысты жағдайдан кейін дәл осындай сауал туындап отыр.

Алматыда жер телімдерін бөлуге байланысты қозғалған қылмыстық іс бойынша бірнеше адам сотталады. Олардың қатарында кәсіпкер әрі Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты Мұқанбетәлі Шалқарбеков те бар. Бірінші сатыдағы сот оған 5 жылға шартты жаза тағайындаған. Кейін апелляциялық сот бұл үкімнің күшін жойып, істі қайта қарауға жіберді. 2026 жылғы қазанда өткен қайта сот талқылауының нәтижесінде Шалқарбеков кінәлі деп танылып, оған тағы да 5 жыл шартты жаза кесілді. Алайда Конституцияның 30 жылдығына байланысты рақымшылық ережелері қолданылып, жаза мерзімі 4 жылға дейін қысқартылады.

Алматыда ұзақ уақыт тұрып, түрлі кәсіппен айналысқан Мұханбетәлі Шалқарбеков қала әкімдігінің бірқатар лауазымды тұлғасымен таныс болған. Тергеу деректеріне сәйкес, ол делдалдар арқылы қалалық Жер қатынастары басқармасының басшысы Ардақ Самамбетовпен және Қала құрылысы мен жоспарлау басқармасының басшысы Алмасхан Ахмеджановпен танысып, олармен байланыс орнатқан. Айыптау нұсқасы бойынша, Шалқарбеков бөтеннің мүлкін алдау немесе сенімді теріс пайдалану арқылы иемденуді көздеген. Сот процесі 2024 жылғы 4 қыркүйекте басталған. Істе басқа да тұлғаларға қатысты 25 эпизод қаралған. Оның бір эпизоды Алматыдағы мемлекеттік жерді медициналық орталық салу желеуімен иемденіп, кейін жекеменшікке өткізуге қатысты болды. Дәл осы эпизодта Мұханбетәлі Шалқарбековтің аты аталады.

Тергеу нұсқасы бойынша, нарықтық құны 80 млн теңгеден асатын жер телімі 5,4 млн теңгеге сатылып, мемлекетке 74,6 млн теңге залал келген. Іс материалдарында айтылғандай, Шалқарбеков "АБЗ Ақтас" ЖШС-ын бақылауында ұстаған. Компанияның негізгі қызметі асфальт-бетон өнімдерін өндіру және сату болғанымен, ол осы компанияның атынан Алматы қаласындағы жер учаскесін медициналық орталық салу үшін алуға әрекет жасаған. Тәртіп бойынша мемлекеттік жер учаскелері аукцион немесе конкурс арқылы берілуі керек. Алайда заңда инвестициялық жобаларға арналған кейбір жеңілдіктер қарастырылған. Мұндай жағдайда жерді нарықтық бағадан едәуір төмен кадастрлық құнымен сатып алуға мүмкіндік бар. Айыптау нұсқасы бойынша, Шалқарбеков осы мүмкіндікті пайдаланып, медициналық орталық салу жобасын инвестициялық жоба ретінде көрсетіп, мемлекеттік жерді арзан бағаға иемденуді көздеген. Сол тұста Ахмеджанов Алматы қаласының Қала құрылысы және қала жоспарлау басқармасын басқарған, ал Самамбетов Алматы қаласының Жер қатынастары басқармасын басқарған әрі жер комиссиясы төрағасының орынбасары болған.

2020 жылғы 18 ақпанда Шалқарбековке тиесілі "АБЗ Ақтас" ЖШС Алматы қаласы, Бостандық ауданы, "Қазақфильм" шағын ауданындағы көлемі 0,0657 гектар жерді медициналық орталық салу үшін сұрап, өтініш жібереді. 2020 жылғы ақпанда Ахмеджанов жобаны инвестициялық жоба ретінде мақұлдаған. Ал 2020 жылғы 27 ақпанда жер комиссиясы осы учаскені компанияға 3 жыл мерзімге жалға беру туралы шешім қабылдаған. 2020 жылғы 2 наурызда әкімдік тиісті қаулы шығарып, жерді жалға беру рәсімделген. Алайда айыптау тарапының мәліметінше, жоба заңда көзделген тәртіппен өңірлік үйлестіру кеңесімен келісілмеген және инвестициялық жобаға қойылатын талаптарға сәйкес келмеген. Кейін Шалқарбеков жерге басқа бір құрылыс нысанын салып, оны медициналық орталық ретінде көрсеткен. 2022 жылғы тамызда аяқталған нысанды пайдалануға қабылдау туралы жалған акт жасалғаны да айтылады. Осы құжат негізінде медициналық орталық тіркелгенімен, іс материалдарында нысанның шын мәнінде салынбағаны және жұмыс істемегені көрсетілген.

"Шын мәнінде, медициналық орталық салынбаған және жұмыс істемейді. Самамбетов пен Ахмеджанов қызмет бабын пайдаланып, Шалқарбековке жер телімін "АБЗ Ақтас" ЖШС-ның жекеменшігіне өткізуіне көмектескен. Кейін Шалқарбеков жер телімін ұлының атына ауыстырған", – делінген айыптау актісінде.

Осыдан кейін Шалқарбеков жерді жекеменшікке беру туралы өтініш тапсырған. Самамбетовтің ықпалымен мәселе қайтадан жер комиссиясының қарауына шығарылып, оң шешім қабылданған. 2023 жылғы 4 қаңтарда әкімдік жерді жекеменшікке беру туралы қаулы шығарған. Ал 12 қаңтарда жерді сатып алу туралы шарт жасалған. Кейін жер учаскесі Шалкарбековтің ұлының атына рәсімделген. Айыптау актісінде Шалқарбеков жер учаскесін осылайша өз пайдасына иемдену арқылы қылмыстық ниетін соңына дейін жеткізген делінген.

Сот үкімімен Шалқарбеков ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Алайда Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына орай 2025 жылғы 23 маусымда қабылданған рақымшылық туралы заңның 3-бабының 5-тармағына сәйкес, жаза мерзімі бестен бір бөлікке қысқартылып, түпкілікті 4 жыл бас бостандығынан айыру болып белгіленген. Қылмыстық кодекстің 63-бабы негізінде бұл жаза шартты деп танылып, сотталған азаматқа бүкіл мерзім бойы пробациялық бақылау белгіленген.

Ең қызығы, тергеу амалдары жүріп, сот процесі өтіп, үкім шықса да, Мұханбетәлі Шалқарбеков "Ақ жол" ҚДП" Жамбыл облыстық филиалының төрағасы қызметін жалғастырған. Ашық дереккөздердегі мәліметке сәйкес, ол бұл лауазымға 2021 жылы келген. Яғни айыптау актісінде көрсетілген алаяқтық әрекеттер жасалғаннан кейін Мұханбетәлі Шалқарбеков депутаттыққа келген. Партияның ресми сайтында оның әлі күнге дейін облыстық филиалдың басшылық қызметінде екені жазылып тұр. Бұл тұста Шалқарбековтің депутаттық мәртебесін қандай құқықтық негізде сақтап қалғаны ресми түсіндіруді қажет етеді. Шалқарбековке қатысты ашық ресми өмірбаяндық мәліметтерде оның "Құрмет" орденімен марапатталғаны және Шу ауданының құрметті азаматы атағына ие болғаны көрсетілген.

Сот үкімі әлі күшіне енген жоқ. Сондықтан Шалқарбековтің апелляцияға өтініш беруге құқы бар. Ал біз сауал қоюға құқылымыз. "Жас Алаш" редакциясы осы мәселеге байланысты "Ақ жол" партиясына ресми сауал жолдады.

Маржан Сәбет

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз