Сараптама

Әл-ауқат калькуляторы неге істен шықты?

18 қазанда eGovMobile қосымшасында отбасының әл-ауқатын бағалау калькуляторы іске қосылды.

Әл-ауқат калькуляторы

 Ол азаматтардың табысы, мүлкі, несиесі мен отбасы құрамына қарай олардың тұрмыс деңгейін анықтауға тиіс еді. Алайда бұл қызметті пайдаланған халықтың бір бөлігі жүйенің өздерін шынайы қаржылық жағдайына сәйкес келмейтін санаттарға жатқызғанын айтып, әлеуметтік желіде наразылық білдірді. Мәселен, ай сайынғы табысы 500 мың теңгеге жетпейтін, баспанасы мен жеке көлігі жоқ азаматты тұрақты орта тап өкіліне жатқызған. Ал ипотека төлеп, екі баласын жалғыз тәрбиелеп отырған ана да жүйе бойынша орта тапқа жатқызылған. Калькулятордың 16 жастағы мектеп оқушыларын еңбекке қабілетті азаматтар қатарына қосқанына байланысты да көпшілік көкейінде талай сұрақ туды. Ең қызығы, жаңа қызмет іске қосылғанына жарты тәулік өтпей жатып, жұмысын тоқтатып, істен шығып қалды.

Әл-ауқат калькуляторының пайда болуы елдегі көптен бері сөз болып келе жатқан әлеуметтік қолдау жүйесін өзгертумен тікелей байланысты. Келер жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекет кейбір әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақыларды тағайындауда азаматтардың нақты мұқтаждық деңгейін ескеруді жоспарлап отыр. Бұған дейін белгілі бір әлеуметтік санатқа жататын азаматтар заңда белгіленген талаптарға сәйкес жәрдемақы алуға құқылы болса, енді жаңа тәртіп бойынша олардың отбасының материалдық жағдайы да бағаланбақшы. Биліктің сөзіне сенсек, мұндай өзгерістің негізгі мақсаты – бюджет қаражатын әлеуметтік көмекке шын мәнінде мұқтаж азаматтарға бағыттау. Осыған байланысты жаңа цифрлық калькуляторды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірледі. Әдістеме 2026 жылғы 4 қазанда бекітілген-ді, бірақ қазір қызметін тоқтатқан есептеуіш құралға қанша қаржы жұмсалғаны туралы нақты деректер жоқ.

Билік өкілдерінің айтуынша, әдістеме отбасының әл-ауқатын екі негізгі бағыт бойынша бағалауды көздейді. Біріншісі – материалдық жағдайы, екіншісі – әлеуметтік тұрақтылығы. Материалдық жағдайды анықтау үшін алты бағыт бойынша 59 көрсеткіш пайдаланылады-мыс. Олардың қатарында отбасы мүшелерінің табысы, жұмыспен қамтылуы, жылжымайтын мүлкі, автокөлігі, кәсіпкерлік қызметі, жер телімдері, ауыл шаруашылығы активтері мен несиелік міндеттемелері бар. Ал әлеуметтік тұрақтылықты бағалауда отбасы құрамы, балалардың саны, қарттар мен мүгедектігі бар адамдардың болуы ескеріледі. Дегенмен әлеуметтік желіде әл-ауқат калькуляторының есебіне сенгендердің саны аз. Бұл мәселе әлеуметтік желіде жарияланған мысалдардан да байқалды. Мысалы, қаржыгер Андрей Чеботарев айына 400 мың теңге табатын, қалада бір бөлмелі пәтері бар, бірақ несиелік қарыздары бойынша төлем мерзімін өткізіп алған жалғызбасты азаматтың нәтижесін көрсеткен. Калькулятор оны базалық орта тап санатына жатқызып, әл-ауқаты Қазақстандағы отбасылардың 62 пайызынан жоғары екенін анықтаған. Қаржыгердің мысалында азаматтың несиелік жүктемесі едәуір жоғары әрі барлық қарызы бойынша кешіктірілген төлемдері болған. Соған қарамастан, жүйе оның әлеуметтік жағдайын орта тап деңгейінде бағалаған. Қаржыгер Аружан Еркінқызының айтуынша, әл-ауқат дегеннің өзі де салыстырмалы әрі тұрақсыз ұғым.

"Мұнда тағы бір маңызды мәселе бар. Әл-ауқат – салыстырмалы ұғым. Адамның елдегі отбасылардың 70 немесе 80 пайызынан ауқаттырақ болуы оның тұрмыс жағдайы жақсы дегенді білдіре бермейді. Мұндай көрсеткіш тек белгілі бір есептеу әдістемесі бойынша оның басқа отбасылармен салыстырғандағы орнын анықтайды. Егер елдегі халықтың едәуір бөлігінің табысы төмен, ал күнделікті шығындары жоғары болса, салыстырмалы түрде ортадан жоғары тұрған азаматтың да қаржылық қиындығы болуы мүмкін. Сондықтан калькулятордың "сіз елдегі отбасылардың 85 пайызынан ауқаттысыз" деген қорытындысын азаматтың шынайы тұрмыс сапасына берілген баға ретінде қабылдау дұрыс емес. Бұл – нақты әдістеменің нәтижесі ғана. Оның қаншалықты дәл екенін анықтау үшін есептеу өлшемдерін, олардың салмағын және нәтижелердің нақты өмірдегі жағдаймен сәйкестігін тексеру қажет. Бұдан бөлек, адамның әлеуметтік жағдайы үнемі өзгеріп отырады. Бүгін тұрақты жұмысы мен жеткілікті табысы бар азамат ертең жұмысынан айырылуы, денсаулығына байланысты еңбекке жарамсыз болып қалуы немесе отбасының күтпеген шығындарына тап болуы мүмкін. Ал мұндай өзгерістер мемлекеттік дерекқорларда бірден өзгермеуі ықтимал. Демек, автоматтандырылған жүйе азаматтың белгілі бір кезеңдегі жағдайын бағалай алғанымен, оның өміріндегі барлық өзгерісті дер кезінде анықтайтынына кепілдік жоқ. Мәселен, ай сайын 400 мың теңге табатын азаматтың ипотекаға 250 мың теңге төлейтінін елестетейік. Оның қолында күнделікті қажеттіліктеріне жұмсауға 150 мың теңге ғана қалады. Ал дәл осындай жалақы алатын, баспанасы өз меншігінде және несиесі жоқ адамның қаржылық мүмкіндігі әлдеқайда жоғары болуы ықтимал. Екі азаматтың ресми табысы бірдей болғанымен, нақты жұмсай алатын қаражаты әртүрлі", – дейді маман.

Қолданушылар калькуляторды тексеру барысында да осы мәселеге назар аударған. Жүйеде ипотека мен несие көрсетілгенімен, олардың ай сайынғы төлем көлемі есепке алынбаған. Яғни азаматтың табысы нақты міндетті шығындары толық шегерілместен бағаланған. Мұндай жағдайда адамның қағаз жүзіндегі әл-ауқаты мен күнделікті өмірдегі қаржылық мүмкіндігі арасында елеулі алшақтық пайда болуы мүмкін. Бұл мысал табыс пен мүлік көрсеткіштерінің адамның нақты қаржылық қиындықтарын қаншалықты көрсете алатыны туралы мәселе көтерді. Тағы бір азамат өзінің Kaspi арқылы бөліп төлеуге алған тауары барын, жеке көлігі мен баспанасы жоқ екенін, ресми жұмыстан алатын табысы 500 мың теңгеге жетпейтінін жазған. Соған қарамастан, калькулятор оны тұрақты орта тап өкілі деп танып, елдегі отбасылардың 68 пайызынан ауқаттырақ екенін көрсеткен. Ал әлеуметтік желі қолданушыларының бірі ипотекасы мен несиелері барын, оларды кешіктірмей төлейтінін, балаларының 16 жасқа толғанын және баспанасы кеңес дәуірінде салынғанын айтып, жүйенің өзін ауқатты санатқа жатқызғанына таңданысын білдірген. Жүйе бұл отбасының әл-ауқаты елдегі отбасылардың 85 пайызынан жоғары деп көрсеткен. Міне, осы оқиғалардың барлығы калькулятордың қорытындысын азаматтардың қалай қабылдағанын көрсетеді. Дегенмен әлеуметтік желіде жарияланған жекелеген нәтижелердің өзі бүкіл әдістеменің қате екеніне өлшем бола алмайды. Ол үшін азаматтар енгізген мәліметтер мен жүйенің есептеу тәртібін салыстырып, нақты тексеру жүргізу қажет.

Калькулятор 18 қазанда іске қосылғанымен, 19 қазанда бірқатар азамат оны пайдалана алмай қалған. Қызметке кірмек болған қолданушылардың экранында оның тек әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылар алатын азаматтарға қолжетімді екені туралы хабарлама пайда болған. Осылайша, әл-ауқат калькуляторы бір тәуліктен кейін істен шықты. Бұл жағдай да әлеуметтік желіде кеңінен талқыланды, әсіресе калькулятордың нәтижесіне қатысты сын көбейген тұста оның қолжетімсіз болып қалуы азаматтардың күмәнін одан сайын күшейткен сияқты.

Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз