«Мен үшін «дос» деген ұғым жоқ» – Жапаров Ташиев пен «төңкеріс әрекеті» туралы айтты
Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров Kaktus.media басылымына берген сұхбатында ақпан айындағы саяси оқиғалар, мемлекеттік төңкеріс жасау әрекеті, арнайы қызметтің жұмысы және Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің (ҰҚМК) бұрынғы басшысы Қамшыбек Ташиевтің туыстарына қатысты шулы қылмыстық істер туралы сұрақтарға жауап берді.
Ақпан оқиғалары және «төңкеріс әрекеті» туралы
Ақпан айындағы саяси жағдай мен қоғамда талқыланған «сәтсіз төңкеріс» нұсқасына қатысты президент ақпараттың бірнеше дереккөзден түскенін және жағдай басынан-ақ бақылауда болғанын айтты.
«Мен бірнеше дереккөзден әртүрлі ақпарат алып отырмын. «75 адамның хаты» деп аталатын әрекеттер басталғанда, ақпарат менде болды. Ол үндеудің Жогорку Кенешке түсуін, спикер мен бейінді комитет төрағаларына дейін қалай жеткенін қадағалап отырдым. Құжаттың қозғалысы, оған қатысы бар тұлғалардың әрекеттері, кімнің кіммен кездескені туралы мәліметтер келіп тұрды. Мәселе парламенттің пленарлық отырысына шығарылмақ болғанда, мен жедел әрі батыл шаралар қабылдадым. Жағдай басынан бастап бақылауда болды», - деді Жапаров.
Арнайы қызмет пен депутаттардың рөлі туралы
ҰҚМК қызметкерлері мен мандатын тапсырған депутаттардың қатысы болуы мүмкін бе деген сұраққа Садыр Жапаров мемлекет басшысы ретінде күш құрылымдарының әрекетінен хабардар екенін, бірақ кейбір процестер оның толық бақылауынан тыс өтуі мүмкін екенін жоққа шығармады.
«Президент және Бас қолбасшы ретінде мен күш құрылымдары басшыларының не істеп, қайда жүргенін білемін. Дегенмен, бәрі жүз пайыз менің бақылауымда деп айта алмаймын – мен білмейтін жағдайлар да болуы мүмкін», - деп жауап берді Жапаров.
Ол соңғы қорытынды тергеу нәтижесі бойынша жасалатынын, ал депутаттарға заң шығару жұмысымен айналысуға кеңес берді.
Қамшыбек және Шайырбек Ташиевтер туралы
Президент Қамшыбек Ташиевтің бұл істерге қатысы болуы мүмкін деген қауесетке қатысты шешімді сот қабылдайтынын қадағалап айтты.
«Оның қатысы бар-жоғын тергеу мен сот анықтайды. Қазіргі уақытта тергеу аяқталған жоқ. Содан кейін іс сотқа беріледі. Кімнің кінәлі, кімнің кінәсіз екенін сот шешеді», - деді Жапаров.
Сондай-ақ, ол жеке қарым-қатынас заңның сақталуына әсер етпейтінін мәлімдеді:
«Билікке келген сәттен бастап мен үшін «дос», «туыс», «жақын адам» деген ұғымдар жоқ екенін бірнеше рет айттым – басты басымдық әрқашан мемлекет пен халықтың мүддесі. Егер заң бұзылса, ешкім жауапкершіліктен қашып құтыла алмайды».
Оның айтуынша, Шайырбек Ташиевтің ісі бойынша «Кыргызнефтегаз» компаниясындағы жемқорлық дерегімен мемлекетке 4 миллиард сомнан астам шығын келтірілгені анықталған.
«Мәліметтерге сүйенсек, бұрын ұсталғандардың бәрі оған қарсы айғақ берген және ол өз кінәсін мойындады. Заң бәріне ортақ. Бұған дейін ұсталғандардың бәрі шығынды өтеп, содан кейін босатылған. Шайырбек Ташиев те солай істеуі керек: алдымен бәрін қайтарып, содан кейін ғана шығуы тиіс», - деді Қырғызстан президенті.
Айта кетейік, 10 ақпанда Садыр Жапаров өзінің жақын досы әрі серіктесі Қамшыбек Ташиевті барлық қызметінен босатқан болатын. Президент әкімшілігі бұл қадамның мақсаты – мемлекет бірлігін нығайту және қоғамдағы, соның ішінде мемлекеттік құрылымдар арасындағы жікке бөлінудің алдын алу екенін хабарлады.
Бұл оқиға Ташиевтің айналасындағы адамдар депутаттарға хабарласып, оларды «генералдың жағына шығуға» және «жаңа президент сайлауын бастауға» үгіттегені туралы ақпараттан кейін орын алды. Жапаров бұрынғы досымен арадағы келіспеушілікті «трагедияға айналдырмауға» шақырды.
Ташиевтің отставкасынан кейін күштік блок қайта құрылды.