Сараптама

Құрылтайдың Парламенттен несі артық

30 маусым күні Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп, VIII шақырылымның төртінші сессиясы аяқталды. Жылда осы уақытта депутаттар каникулға шығып, қыркүйекте қайта оралатын. Бірақ бұл жолы олар біржолата кетті. Өйткені 30 жыл жұмыс істеген ескі заң шығарушы орган тарих қойнауына енді. Бұдан былай елде қос палаталы Парламент болмайды, оның орнын бір палаталы Құрылтай басады.

Фото: Ақорда

Оған дейін екі палата жеке-жеке соңғы отырыстарын өткізген. 26 маусым күні төменгі палата – Мәжілістің соңғы жалпы отырысы болды. Палата төрағасы Ерлан Қошанов төртінші сессияның қызметіне жоғары баға беріп, депутаттар Парламентте «тау қопарғанын» айтып мақтанды. Спикердің сөзінше, мәжілісмендер соңғы сессияда 190 заң жобасын қараған. Оның ішінде цифрландыру, заң мен тәртіп, экономикалық саясат, халықтың әл-ауқатын жақсарту саласындағы заңдар мен кодекстер бар. Сондай-ақ жаңа Конституцияға байланысты бірқатар конституциялық заң қабылданған.

Депутаттар үшін кейінгі бірнеше ай қиын болғаны рас. Әдетте «қалғып-мүлгіп» отырып уақыт өткізетін мәжілісмендер қолданыстағы заң-кодекстерді жаңа Конституцияға бейімдейміз деп біраз әбігерге түсті.

Ал 29 маусымда жоғарғы палата – Сенат соңғы отырысын өткізді. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев төменгі палатадағы әріптесі Қошанов сияқты соңғы сессиямен ғана шектелмей, өткен 30 жылды қамтуға тырысты. Оның айтуынша, Сенат өз тарихында 890-нан аса жалпы отырыс өткізіп, 3,5 мыңнан аса заң қабылдаған.

1995 жылғы Конституция бойынша құрылған қос палаталы Парламенттің соңғы бірлескен отырысына ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, Парламент жұмысын қорытындылады. Бірақ жиналыс жабық өтті. Тікелей трансляция болған жоқ. Кейін президент сөзінің ғана видеожазбасы жарияланды. Ал қызметінен кетіп жатқан «халық қалаулылары» не айтып, не талқылағаны белгісіз. Кулуарда журналистерге «ұсталып қалған» депутаттардың кейбірі ақталып, кейбірі мақтанып жатқанын ғана естідік. Құрылтайға барудан үмітті «пысықтаулары» халық үшін не істей алатынын айтып, сайлауалды науқанды бастап кеткенін байқадық.

Бірлескен отырыстан кейін депутаттар жылы орнын қимай, Мәжіліс пен Сенат ғимаратын жағалап, суретке түсіп, ұзақ жүргенін айта кеткен жөн. Көбі әлеуметтік желідегі парақшасында жүрекжарды «қоштасу хатын» жариялап жатыр. Бірнешеуін оқып шықтық. Бәрі «жақсы жұмыс істегенін, халықтың үмітін ақтағанын» айтады. Ешбірі мерзімінен бұрын мандатынан айырылып қалғанына өкінбеген сияқты, жазбаларында мұндай емеурін байқалмайды. VIII шақырылым депутаттары 2023 жылы наурызда сайланған, 2028 жылға дейін жұмыс істеу қажет еді. Бірақ саясат желі оларды 3 жыл 3 айда жылы креслосынан жұлып алды.

Президент Тоқаев өз сөзінде Парламенттің тарихына тоқталып, заң шығарушы органның жұмысына жоғары баға берді. Мемлекет басшысы тәуелсіз Қазақстанның дамуындағы тұтас бір дәуірді қорытындылап жатқанымызды айтты. «Осыдан отыз жылдан астам уақыт бұрын елімізде тұңғыш кәсіби Парламент құрылды. Мүлде жаңа институционалдық үлгіге көшкен заң шығарушы орган мемлекеттігімізді нығайтуға елеулі үлес қосты, сондай-ақ еліміздің құқықтық негізін қалыптастыру және нарықтық экономиканы орнықтыру ісінде маңызды рөл атқарды», – деді Тоқаев.

Президенттің айтуынша, өткен 30 жылда 3,5 мыңға жуық аса қажетті заң қабылданған, әрбір оныншы заңға депутаттар өздері бастамашы болған. Ал кейінгі 3 жылда 300-ден аса өте маңызды заң қабылданды. Сондай-ақ ел заңнамасын жаңа Конституция нормаларына бейімдеу үшін Парламент 9 заң топтамасын, соның ішінде 6 конституциялық заңды шұғыл әзірлеп, қабылдаған.

Тоқаев Парламентте қабылданған әрбір заңның Тәуелсіз Қазақстанның келешегі үшін өте маңызды екенін алға тарта отырып, барлық шақырылымдағы Мәжіліс пен Сенат депутаттарына алғыс айтты. «Әсіресе Парламенттің қазіргі құрамына, яғни сіздерге алғысым зор. Бұл шақырылымды Қазақстанның жаңа тарихындағы ең мықты құрамның бірі деп сеніммен айтамын. Себебі сіздер мемлекетіміздің дамуындағы өте күрделі және шешуші кезеңде жұмыс істедіңіздер. Сын сағатта жауапкершіліктен жалтармай, мемлекетіміз үшін аса қажетті реформаларды жүргізуге ұйытқы болдыңыздар», – деді президент.

1 шілдеде жаңа Конституция күшіне енді. Енді елде бір палаталы парламент – Құрылтай жасақталады. Сәрсенбі күні Тоқаев Құрылтай сайлауын өткізу туралы бұйрыққа қол қойды. Сайлау 23 тамыз күні өтеді. Бұл жолы депутаттар тек партиялық тізім бойынша сайланады. Қазір елде ресми тіркелген 7 партия бар. «Ауыл», «Ақ жол», Respublica, «Қазақстан халық партиясы», ЖСДП, «Байтақ» және су жаңа «Әділет». Бірақ «Әділеттің» аты жаңа болғанымен, заты ескі. Жаңа ұйым ұзақ жыл билік партиясы болған «Аманатты» қосып алғанын білеміз. Демек, алдағы сайлаудың басты фавориті – «Әділет».

«Құрылтай – жаңа тұрпатты Қазақстанның маңызды символы. Сондықтан оның құрамына нағыз отаншыл, бастамашыл әрі мемлекетшіл тұлғалар, яғни тек үздіктер ғана кіруі керек. Себебі халық реформалардың қаншалықты нәтижелі болғанын дәл осы Құрылтайдың қызметіне қарап бағалайды», – деді Тоқаев. Президент бұған дейін де Парламентке нағыз кәсіпқойлар баруы қажет екенін айтқан болатын. Мысалы, Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының алғашқы отырысында болашақ депутаттар корпусының білімі мен білігі маңызды фактор екенін айтып, жаңа Парламентке популистер керек емес екенін аңғартқан.

Мұндай әңгіменің айтылатын жөні бар. Өйткені біздің елде заң шығарушы органға үнемі спортшылар, блогерлер, әнші-бишілер, айтыскерлер өтіп кетеді. Оның көбі популизмге салынып, жұртты алжастырғаны болмаса, заң қабылдауға сүбелі үлес қоса алмайды. Мұндай мысал сегізінші шақырылымда да болды. Кей депутат Мәжіліс мінберінен анасын туған күнімен құттықтаса, тағы бірі жұбайына Парламенттің «көк папкасын» табыстап, айды аспанға шығарған.

Мемлекет басшысы VIII шақырылым депутаттарын «тарихтағы ең мықты құрам» деп мақтай отырып, олардың «Құрылтайға барсақ» деген үміт отын маздатқандай болды. «Депутаттардың бірқатары Құрылтайға өтіп, ел игілігі жолында еңбек ете береді деп ойлаймын. Қазақстан Халық Кеңесінде де өздеріңіз секілді білікті азаматтар болуы керек деп санаймын», – деді Тоқаев. Құрылтай құрамында 145 депутат болады. Ал екі күн бұрын ғана мандатын тапсырған екі палаталы Парламентте 148 депутат бар (98-і – Мәжілісте, 50-і – Сенатта). Демек, 145 Құрылтай депутатының біршама бөлігі осы 148-дің ішінен шығуы мүмкін.

Бірақ Құрылтайға өткісі келген адам сөзсіз бір партияның мүшесі болуы шарт. Демек, партиясы жабылып қалған «аманаттықтарға» қиын болайын деп тұр. «Әділет» ескі партияның ресурстарын алғанымен, мүшелерін қатарына қосқан жоқ. Бұрынғы «Аманат» мүшелері «Әділетке» қосылғысы келсе, жеке-жеке өтініш беруі керек. «Әділет» Құрылтайға өтетін партиялық тізімін толықтай «экс-аманаттықтардан» жасақтамайтыны анық. Соны ескерсек, «Аманат» атынан сайланған депутаттардың біразы Құрылтайдан тыс қалуы мүмкін. Бірақ оларда Қазақстан Халық Кеңесіне баратын екінші мүмкіндік бар. Айтпақшы, ел президенті бірлескен отырыста сөйлеген сөзінде «Аманат» партиясына алғыс айтып, олардың «Әділетпен» қосылғанын қолдады.

«Бірінші шілдені тек жаңа Конституцияның орнығу күні емес, осыған дейін жұмыс жасаған саяси институттардың жаңару күні деп бағаласақ болады. Құрылтай сайлауы 23 тамыз өтетін болды. Менің ойымша, Парламент институты қаншалық тиімді жұмыс жасағанына лайықты баға беруіміз қажет. Парламент осыған дейін бірнеше рет реформа арқылы түрленді, кейінгі жылдары партиялардың саны артты. Сондықтан 30 жыл жұмыс істеген Парламент саяси түрленудің келесі бір этапына өтті деп атасақ болады. Өйткені Құрылтайдың негізі ескі Парламент қалыптастырған құндылықтар, нормалар аясында жалғасады. Демек, Құрылтай мен Парламентті екі институт ретінде емес, бір саяси институттың екі даму кезеңі ретінде бөліп айтқанды жөн санаймын.

Екіншіден, алғашқы Парламент институтының сынға ұшыраған тұстары болды. Мысалы, оның басты ерекшелігін басқаруға негізделген Парламент деп атасақ болады. Көп жағдайда азаматтар бір саяси ойын, саяси сахна қойылымы ретінде қарағаны рас. Алдағы Құрылтайға еркіндік керек. Сайлауда партиялардың құндылығы жарысқа түсуі керек деп ойлаймын. Өйткені Құрылтай сайлауы жеке кандидаттар емес, партиялық тізім бойынша өтеді. Идеологиялық негізі бойынша партиялар оңшылдар, солшылдар және центристер болып бөлінеді. Біздегі қай партия өзін қай саяси спектрде таниды, сол бойынша өзінің идеясын, құндылығын қалыптастыруы қажет деп ойлаймын. Тарих қойнауына кетіп жатқан Парламентте осы мәселе аса өткір болғанын білеміз. Көп жағдайда партияның мәселеге нақты қандай идеологиялық тұрғыдан қарап жатқанын анықтау оңай болған жоқ, тіпті нақты бір идеологиялық бағыт болмады деп айтуға негіз бар», – дейді Нұрболат Нышанбаев.

Қуаныш Қаппас

Сайт Әкімшілігі