спорт

Министрлік Михаил Шайдоровтың жалақысының кешіктірілуіне қатысты пікір білдірді

Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігіне қарасты Спортты дамыту дирекциясы спортшылардың жалақысы қолданыстағы келісімшарттар мен халықаралық жарыстарға дайындық шарттарына сәйкес төленетінін мәлімдеді.

Фото: Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитеті

Ведомство мәліметінше, Михаил Шайдоровқа 2026 жылдың қаңтар және ақпан айларындағы жалақысы бұрын жасалған келісімшарт негізінде толық көлемде төленген.

Ал 2026 жылдың наурыз айынан бастап спортшының Милан Олимпиадасында алтын медаль жеңіп алғаны ескеріліп, жаңа келісімшарт жасау жоспарланған. Құжатта келесі олимпиадалық цикл аясындағы дайындық пен қаржыландырудың жаңартылған талаптары қарастырылған.

Қазіргі уақытта келісімшарт талаптары тараптар арасында талқыланып жатқаны айтылды.

Министрлік мұндай тәжірибе жаңа олимпиадалық циклге дайындалатын барлық спортшыларға қатысты қолданылатынын және бұл ұзақ мерзімді мемлекеттік қаржыландырудың қалыпты тәртібі екенін атап өтті.

Сонымен қатар мемлекет олимпиада чемпионын ынталандыру бойынша міндеттемелерін толық орындайтынын хабарлады.

Атап айтқанда, Михаил Шайдоровқа алтын медаль үшін 250 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы беру, Алматы қаласынан үш бөлмелі пәтер табыстау және өмір бойғы ай сайынғы мемлекеттік төлем тағайындау қарастырылған.

Сайт Әкімшілігі