Руханият

Мо Янға қолқа салу немесе қазақ әдебиетін әлем қашан оқиды?

Маусым айының соңында елге қытай қаламгері, Нобель сыйлығының иегері Мо Янь келіп, қазақ қаламгері мен оқырманы жазушымен жүздесуге асығып, бір дүрлігіп қалған едік. Араға бір ай салып, Жазушылар одағы Мо Янның одақ төрағасы Мереке Құлкеновтің хатына жазған жауабын жариялайды.

Фото: ЖИ / Жас Алаш

Бұл хатта М.Құлкенов жазушы Төлен Әбдікті Нобель сыйлығына ұсыну жөнінде қытай қаламгеріне қолқа салған болатын. Дегенмен Мо Янь хатында бұл шаруаның ұңғыл-шұңғылы көп екенін алға тартып, сондай-ақ өзінің соңғы жылдары қытай жазушыларын халықаралық деңгейде насихаттаумен айналысып жүргенін айтып, әзірге Төлен Әбдік мырзаның кандидатурасын ұсына алмайтынын жеткізіпті. Мо Янның уәжінің де жаны бар. Әсілінде Нобель сыйлығын табыстайтын Швед академиясы бір ғана шығарманы емес, жазушының жалпы шығармашылық жетістігін бағалайды. Әрине, кейбір шығармалар қазылар алқасының ерекше назарын аударуы мүмкін, алайда бір ғана повесть арқылы сыйлық алған жазушылар тым сирек. Нобель комитетінің мүшелерінің басым көпшілігі шығыс тілдеріндегі шығармаларды түпнұсқадан оқи алмайтыны тағы бар. Сондықтан жазушының негізгі шығармалары алдымен батыс тілдеріне аударылып, күллі Еуропа жұртына танылған соң Швед комитетінің назарына ілігуі мүмкін. 

Осыдан соң әлеуметтік желілерде, ақпарат құралдарында «қазақ әдебиетін әлем оқырманына таныту» мәселесі қызу талқыланды. Бұл ойға ұйытқы болған да Жазушылар одағы. Нақтырақ айтсақ, М.Құлкенов билікке «әдебиетімізді әлемдік деңгейге көтеруге бағытталған ұзақ мерзімді мемлекеттік бағдарлама» ұсынды. Бағдарламаны қолдап жатқан жұрттың қарасы көп. Қаламгерлер, журналистер мен мәдениет қайраткерлері бұл бастаманы қолдайтынын айтып, жан-жақтан жамырап, сан түрлі посттар жазып жатыр. Негізі әлем оқырманына қазақ әдебиетін танытамыз деп бұған дейін де біраз тыраштандық. Бірақ біздің әдебиетімізге таңдай қағып, бас шұлғып, тым құрыса «мына шығарма жақсы екен» деп жылы лебіз білдірген шетел оқырмандары жоқтың қасы. Демек, бұл тарапта әлдене дұрыс емес. Мұның ақ-қарасын әдеби агент Бақтыгүл Маханбет, ақын, аудармашы Тілек Ырысбек және журналист Серік Хасеновтан сұрап көрдік.

– Әдебиет туралы сөз бола қалса, әлем халқына қазақ әдебиетін таныту, аудару туралы мәселеcі қатар жүреді. Дегенмен кейде дәл осы ойды асыра айтып, салмақты сөзді дабыраға, даңғазаға жиі ұластырып жіберетіндейміз. «Биыл да қазақ әдебиетін әлемдік нарыққа шығарады» делінген жаңа жоба іске аспақ. Осыған дейін де мұндай жобалардың бірсыпырасы қолға алынған еді. Бірақ нәтижесі мардымсыз. Сіздіңше, қазақ әдебиетін шетел оқырманына ұсынуда бұл жобалар септігін тигізе алды ма?

Бақтыгүл Маханбет. Фото: ашық дереккөз

Б.Маханбет: Қазақ әдебиетін мемлекеттік және меценаттық қолдау жобалары соңғы жылдары серпінді түрде қанатын кең жая бастағаны жанға жылулық сыйлайды. Жазушылар қауымы қаламдарын ұштап, жазып-ақ жатыр. Дарынды авторларымыз да жетерлік. Төртінші онжылдық та зырғып келе жатыр, осы кезеңде елімізден бірде-бір қаламгер Нобель сыйлығын айтпай тұра тұрайық, Букер, Дублин, Кафка, Андерсен, Пулитцер сыйлықтары лауреаттары аталмағаны шындық. Үздік деп танылған туындыларды әлем жұртшылығына таныстыруда сапалы аударманың кемшін болуы ғана емес, мемлекеттік қолдаумен атқарылған жобалардың әлемдік медиада толыққанды насихатының болмауынан, әрі ең негізгісі, осы күнге дейін осы мәселеге шешім бола алатын дұрыс стратегиялық бағдарламаның болмағанынан деген ойдамын.

Соңғы онжылдықтағы әдеби жобалар барысында аударылған туындылардың таныстырылым шараларымен, яғни тек тұсаукесер рәсімдерімен шектелуі, шетелдік баспа үйлерінің аударма қазақ туындыларын өз елінің оқырмандарына уақытылы әрі жүйелі түрде ұсынбауы, қаржысы желге ұшқан маркетинг жұмыстарының ақсап жатуы, қанша тиражбен шықса да, баспа үйлерінің жеке қоймаларында немесе елшіліктер үйінде шаң басып жатуы – қазақ авторларының халықаралық деңгейде дұрыс таныла алмау себептерінің бір парасы ғана. Бір сөзбен айтсақ, бұның бәрі қаржысы желге ұшқан тарату механизміндегі орын алған олқылықтар. Еуропаны былай қойғанда, Түркиядағы кітап нарқында әлі күнге дейін бірде-бір қазақ жазушысының туындысы бестселлер ретінде атала алмауы ойланатын нәрсе. «Түрік баспагерлерінен гонорар не роялти алдым» деген ешқандай қазақ жазушысын естімедім. Біздің авторлар мемлекеттік қолдаумен әзірге шетелде кітаптары шыққанға немесе антологиялық жинаққа бірен-саран еңбектері ілінгенге мәз. Сол жобалар сәтті болса, біздің авторлардың туындыларына неге сұраныс туған жоқ? Кері байланыс неге жоқ. Сыншылары да үнсіз. Оқырмандары да үнсіз. Оған жобаны іске асырғандар ешқашан бас ауыртпайды. Ұпайы түгел. Қаржы игерілді. Желге ұшқан қаржының сұрауын қадағалар ешкім жоқ.

Осы жылдың басында Букерге ұсынуға үш авторды таңдап қойдық деген дабыра ақпарат болды. Дегенмен оңай оспақ ешнәрсе жоқ, британ баспагерлерінің өз бюджетіне өте мұқият екенін ескерсек, ол тараптың үш автордың туындыларын бірден қабылдай қоюы мүмкін емес нәрсе. Букер әкімшілігі соңғы жылдары баспа үйінің ұсынған авторының кітабының аудармасы, басып шығару, т.б шығындарын өтеу тек баспа үйінің есебінен болуына қатаң талап қоя бастаған.

Т.Ырысбек: Жазушылар одағының аударма саласына мән бере бастағаны қуанарлық жайт. Бірақ бұл ұйымның қаншалықты оны сәтті жүзеге асыра алатыны әзірге күмәнді. Осыған дейін қазақстандық 30 қаламгердің шығармасы мемлекеттік тапсырыспен Аударма бюросынан әлемнің 6 тілінде басылып шықты.

Abai.kz сайтының мәліметіне сүйенсек, поэзия және проза жинақтарының таныстырылымына осы жобаға қатысқан Ұлыбритания, Испания, Франция, Ресей, Қытай және Мысыр аудармашылары мен әдебиетшілері, аударма және баспа ұйымдарының басшылары, шығармалары қазіргі қазақ әдебиеті антологиясына енген авторлар қатысыпты. 160 қазақстандық автордың таңдамалы шығармалары бір мезетте әлемнің ең ірі 6 тіліне аударылып, сол тілдерде жұмыс істейтін ең беделді баспалардан шығып, 5 құрлықтағы 90-нан аса елдің жоғары оқу орындары, кітапханалары мен ғылыми орталықтарына жеткен екен. Олай болса, бұл жоба қандай нәтиже берді? Бұған қанша қаржы жұмсалды? Егер әлемге танылуды қатты қажет етсе, неге бұл аударылған шығармаларды шет елдік баспаларға қайта ұсынбайды? Егер олардың бірде-біреуі шетелдік баспалар мен оқырмандардың қызығушылығын тудырмаса, кімге өкпелейміз? Осыған дейін ауқымды қаржы жұмсап, аударылған шығармалардың ешқандай пайдасы болмаса, әрі қарай мемлекет қаржысын босқа ысырап қылудың не қажеті бар? Керісінше, аталған Аударма бюросының шетел оқуылықтарын қазақ тіліне аударуы қазақ ғылымына орасан зор пайда әкелді деп ойлаймын, оның қымбат қазынаға айналары сөзсіз. Сол үшін осы үрдісті Жазушылар одағы қайта жалғап, маңызды кітаптарды түпнұсқа тілден қазақ тіліне аударуға күш салса, дұрыс шешімі сол болар еді. Бұл жағынан, өкінішке қарай, біз Өзбекстан мен Моңғолиядан кенже қалып отырмыз. Меніңше, қазір қазақ қоғамына аударылу емес, аудару аса маңызды.

С.Хасенов: Меніңше, мәселе қазақ әдебиетін әлемге таныту деген идеяның өзінде жатқан сияқты. Мен өзім «әдебиетті тықпалау арқылы» әлемдік деңгейге жеткіземіз деген идеяны да жаңсақ көрем. Әрине, егер техникалық тұрғыдан қадамдар жасаса, өздері біледі. Оның да арты көрінетін күнге жетерміз. Ойлап қарасаң, біздің үкімет таңдап, мөрлеп берген адамды әлем мойындай салады деген де біртүрлі дүние ғой.

Біздің орта, мемлекет жалпы қоғам кейде кітапты шет тілге аударып, басып шығаруды қазақ әдебиеті әлемге шықты, әлемге танылды деп есептейтін сияқты. Мен бұған келіспеймін. Кітаптың ағылшын тіліне аударылғаны – оның әлемдік әдебиетке енгенін білдірмесе керек. Ол тек шығарманың аударылғанын білдіреді. Сондықтан аудармаға сеніп жата берген де қисынсыз. Негізгі күш әдебиеттің өзінде болуы керек сияқты. Шығарманың да потенциалы әлем оқитындай деңгейде болуы керек. Біздің әдебиетке әлемдік құндылықтарға бой алдыратын кез келді ғой. Негізі, меніңше, әлемдік әдебиетке ену үшін ең басты талап – шетелдік оқырманның оны оқуы, әдеби журналдардың жазуы, сыншылардың талдауы, шетелдік баспалар өздері шығаруға ынталы болуы сияқты дүниелер басты назарда ұсталуы керек. Автор халықаралық фестивальдерге шақырылып, сол жерде көзін бақырайтып қойып талқылануы тиіс. Яғни шығарма шынайы әдеби айналымға түсіп, әлем әдебиетіндегі кей жазушылар қандай сұраныста, біздің де авторлар әлем деңгейіндегі сол сұранысқа жетуі керек. Сол кезде ғана әлем әдебиеті туралы айтуға болады. Себебі сені әлем оқиды. Енді аудармаға келер болсақ, аударманың сапасы жөнінде де дәл сондай талап болуы тиіс. Мемлекеттік тапсырыспен жасалған аударманы тек біздің мемлекеттік комиссия емес, сол тілдің кәсіби редакторы мен әдеби ортасы бағалауы қажет. Бағаны солар беруі керек!

– Хош. Осыған дейін қазақ әдебиеті әлем тілдеріне аударылды дедік. Бірақ қазақ әдебиетін шет тілде оқып, рецензия жазған, кері байланыс жасаған бірде-бір шетел сыншысын естімедік. Бірақ мемлекет тарапынан жобаға құйылған қаржыны естісең, жағаңды ұстайсың. Айналып келгенде, бұл бір ақша игерудің, пайда табудың амалы емес пе?

Б.Маханбет: Соңғы жылдары басқасында шаруасы жоқ, тек Нобель сыйлығымен ауырған қазақтың ұйқысы тыныш болмай тұр. Нобель сыйлығы иегерімен байланыс жасау – құптарлық іс, әрине. Бірақ елімізде атқарылған іс-шаралар барысында жіберілген оғаш ағаттықтарға күйінемін. Мо Яннің жауабын оқып отырып, ұяттан өртендім. Бұлай жауап жазуға мәжбүр болғанына өзі де қынжылған болар. Мен тек қытай ғана емес, басқасына да мазақ болдық-ау деп қынжылдым. Еуропа, Америка түгіл, Орталық Азияда кітаптары мыңдаған тиражбен сатылып, табысқа шаш етектен батқан бір авторымыз жоқ қазақпыз. Қонақты күт, бірақ келген мейманға Төлен Әбдікті Нобель сыйлығына ұсыну туралы өтініш айтқаның қай сасқаның? Төлен ағаның мықты жазушы екенін тек қазақ қана біледі. Бірақ Еуропа, Азия оқырмандарына бейтаныс есім, әлемдік нарықта кітаптары кең айналымға түспеген жазушы, үлкен халықаралық әдеби сыйлықтың ешқайсысын иеленбеген жазушымызды (Төлен аға тек Кафка медалінің иегері) осылай абыройдан айыру керек пе?! Қазақты дымнан хабары жоқ мақау етіп көрсету кімге қажет болды?

Енді осы жоғарыда айтылған мәселелерге шешімдер ұсынып көрейін, Германияда орналасқан Линдау қаласы – Нобель сыйлығының лауреаттары 1951 жылдан бері жыл сайын жаз айларында басқосатын орын. Бұл іс-шарада олар әлемнің түкпір-түкпірінен келген, арнайы іріктеуден өткен талантты жас ғалымдар, зерттеушілер тобына бір апта бойы лекцияларын оқиды, жастарға ғылыми жаңалықтардағы жетістіктерді таныстырып, мәселелердің шешімдерін бірлесіп талқылайды. Қазақ елінен осы 75 жыл бойы өтіп келе жатқан Нобель лауреаттарының лекцияларын тыңдаған, жиында болған бір ғалымды, зерттеушіні білсеңіз, айта отырыңыз. Меніңше, осы мүмкіндікті пайдалану біздің жас зерттеушілерге, ғалымдарға, қаламгерлерге үлкен жол ашар деген сенімдемін. «Бір лауреатты тыңдадық елімізге келген, құдайға шүкір» деп жазушылар бөркін аспанға атып жатыр ғой, биыл. Ұйымдастырудың мастер-класын көріп, біраз ой түйіп қайтуға да болар, Линдауға жол түссе, бәлкім.

Фото: Серік ХАСЕН

С.Хасенов: Иә, дұрыс айтасыз. Егер мемлекет қомақты ақша бөлсе, қоғам оның нәтижесін сұрауға толық құқылы. Мысалы, қанша кітап аударылды дегеннен бөлек, сол кітаптар қанша данамен басылды? Қай шетелдік баспа шығарды? Сол келісімшарттар кіммен жасалды? Сонша қаржы құйған жобалар әдебиетке не мемлекетке қандай пайда әкелді? Осының есебін кім береді?! Әрине, есепсіз болғасын да жобалар нәтижесіз, қараусыз жасала береді. Полиграфиялық есеп пен статистика неге жасалмайды? Мысалы, жобада жүргендер шынымен әдебиетті ойлаған болса, осылардың барлығын ашық көрсетуге болады ғой.

Маған қазіргі кезде ең қызық сұрақ – бізді әлем сыншылары қалай сынады екен? Кімді? Қай шығармасын? Қандай атақты сыншылар бар ол тізімде? Осындай сұрақтардың тізбегі жалғаса береді. Тым құрығанда осыған жауап беруге болады ғой. Өйткені сын бар жерде әдеби процесс бар. Ал ешкім талқыламаса, ешкім жазбаса, ешкім сынамаса, қандай өзгеріс, әдебиетте қандай даму болмақ?! Өтірік үлкен лозунгтар жазып, өзімізді-өзіміз марапаттап, өзімізді-өзіміз мақтап, неге жетеміз? Оны шет елсіз-ақ өзіміздің іште жасай аламыз, шалдықпай, шаршамай, соны жасап та жүрміз. Менде де осы тұста жауаптан гөрі, сұрақ көп.

– Әлемдік әдебиет кеңістігіне шығу үшін көбіне-көп аудармаға ғана сүйенеміз. Бірақ мәселе тек тілде емес қой. Қазақ әдебиетінің өзіндік мектебі, агенттері, халықаралық әдеби байланыстары, маркетингі қаншалықты қалыптасқан? Біз қай тұстан ақсап тұрмыз?

Б.Маханбет: Қазақ баспа ісінің жұмысын халықаралық деңгейде дамыту тек көрмелер мен жәрмеңкелерге қатысып, насихаттау ғана емес, еліміздегі баспагерлер Еуропа, Америка, Азияда баспа үйлерінің филиалдарын немесе дүкендерін ашып, қазақ фикшн/нонфикшн өнімдерін сол елдердің тіліне аударып, монетизациялауды қолға алу – ұтымды шешім. Мемлекеттік қолдаумен шетелдік баспагерлерді қазақ әдебиетіне қызығушылықтарын оятуға аударма, кітап басып шығару, насихаттау ісі бойынша арнайы гранттар тағайындау – кезек күттірмейтін шешім. Грант бұйырған шетелдік, отандық аудармашылармен еліміздің бірнеше қаласында арнайы ашылуы өте қажет, халықаралық резиденцияларда жыл бойы үздіксіз аударма жұмыстарын жүргізу аударма сапасын жақсартатын нақты шешім. Халықаралық аудармашылар резиденциясын еліміздің төрт қаласында ашсам деп армандап, мақсаты айқын жобаның бюджетін де есептеп дайындаған арнайы бағдарламаға селт етпегендер, Одақ төрағасының мәлімдемесінен кейін оянып бастаған тәрізді. Мемлекеттік қолдаумен елімізде жаңа әдеби жобаны жүзеге асыру іс-шаралары басталып та кетті. Сәттілік тілеймін, әрине. Бірақ кітап нарқында елімізде осы уақытқа дейін қолға алынбай, ашылмай келген аударма институты, рецензенттер мен сыншылар институты, маркетологтар институты, әдеби агенттер институтының атсалысуы қысыр қалған бұндай жобалар нәтижелі боларына сенім аз. Бәрін қамтуға тырысқан стратегиялық бағдарлама дайындап жатқанынан қоғамды хабардар етіп, оны одақ мүшелері бірінен кейін бірі қолдап жатыр. Дабыра қолдаудан көз ашпай қалдық.

Т.Ырысбек: Осыған дейін мен бұл мәселеге ешқашан бас ауыртқан емеспін. Бір жағынан, пессимизмге салынып, ұлттық жауапкершілікті шамадан тыс мойныма жүк қылып артқым келмейді. Маған әзірге тек өз шығармашылығым ғана маңызды. Бұған дейін жазған өлеңдерімнің көбі шет тілдеріне аудармашы әріптестерімнің ұсыныстарымен аударылды. Мұның бәрі шынайы қызығушылықтың арқасында жүзеге асты. Жақында жаңа баспа ашып, Эрих Фроммның екі кітабын аударып шықтық. Бірақ Швейцариядағы авторлық құқыққа төлейтін қаражатымыз жеткіліксіз болып, жобаны соңына жеткізе алмадық. Егер мемлекет бұл тұрғыда баспамызға қандай да бір қолдау білдірсе, қоғамға әлдеқайда пайдалы болар едік. Қазақ әдебиетінің өзіндік агенттері, халықаралық әдеби байланыстары, маркетингі қоғам сұранысына сай табиғи түрде жүзеге асуға тиіс. Бұл – жекелеген баспалардың мүддесі. Ал мемлекеттің міндеті – сол баспалар мен әдеби агенттіктерге қолдау білдіру. Оның арасына делдал салудың ешқандай қажеті жоқ. Бізді ақсатып тұрған да – қаламгерлерді жаппай тендердің тауарына айналдырып жатқан әдебиеттегі коммерсант делдалдар.

– Кейде тіпті осындай әңгіменің түбіне үңілсек, мұндай лепірмеліктің астарында отарлық кезеңнен қалған ұлт комплексі жатқандай көрінеді. Мұның себебі неде? Не үшін біздің елде әлемді мойындату, көпке танылу секілді сөздер көп айтылады?

Тілек Ырысбек

Т.Ырысбек: Өз еркіндігінен өзі қашып жүргендігінен шығар. Көпшілік өз еркіндігінің жауапкершілігін арқалаудан қорқып, оны авторитеттердің қанжығасына байлап береді. Ал еркіндігінен айырылғаннан кейін қалған өмірін өзінде жоқ дүниені ұлықтаумен өткізеді. Қаламгер өзін танытам деп тыраштанғанша, алдымен өзін танып алуға көбірек еңбек етсе және өзі үшін жазса, сол әлдеқайда пайдалырақ болар еді.

С.Хасенов: Иә, отарлаудың залалы көп қой. Оның ішінде қоғамды комплексқа ұрындырған залалы өте ауыр. Оны айту да қиын…Кейде қазақ әдебиетінің әлемдік деңгейге шыға алмауын осы отарлықпен статистика арқылы байланыстыруға да болады. Мысалы, біз аштық, репрессия сынды зобалаңдарға ұрынбағанда, қазір кемінде санымыз ең аз дегенде 100-120 млн шамасында болар еді. Оған қоса тілдік проблемамыз жоқ, әлемдегі түркі халықтарының ең негізгі тілі болып тіпті БҰҰ-дағы 7-ші тіл болып тұратын ба едік. Әдебиетте де аудитория маңызды ғой. Әлемдегі ең ауқымды жеті тілдің біреуі, әрине, әдебиеттен енші ала алмай жүретін еді деген де қисынсыздау. Басқасын айтпағанда, ХХ ғасыр басындағы Алаш қайраткерлерінің өзі тәуелсіз елде өмір сүріп, цензурасыз, қудаланбай, таза әдебиетпен айналысқанда біздің әдебиеттің деңгейі қазіргіден әлдеқайда жоғары болары хақ еді ғой. Әрине, бұл да жай ғана конспирология…Ұлт комплексын айтсақ, ұзаққа кетеміз. Әдебиет жайына қалады. Бұл мен үшін өте ауыр әрі қиын тақырып.

Дайындаған

Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ

Сайт Әкімшілігі