«Оқжетпес» төрешілікке қатысты түсініктеме талап етпек
Қазақстан Премьер-лигасының 17-туры аясында «Тобылдан» жеңілгеннен кейін Көкшетаудың «Оқжетпес» футбол клубы ресми мәлімдеме жасады.
Клуб Қазақстан футбол федерациясының Төрешілік және инспекциялау департаментінің басшысы Нуну Каштрумен кездесу өткізетінін хабарлады.
«Оқжетпес» басшылығы соңғы матчтардағы бірқатар төрешілік шешімдермен келіспейтінін мәлімдеді. Клубтың пікірінше, кейбір ойын сәттері егжей-тегжейлі талданып, оларға ресми түсініктеме берілуі тиіс.
Клубтың баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Оқжетпес» Қазақстан футбол федерациясының басшылығымен тұрақты байланыста. Федерация өкілдері көтерілген барлық мәселелерге жеке кездесу барысында жауап беруге уәде берген.