Live

Президент келесі жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері" Жолдауында келесі жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялады.

Фото: pixabay.com

Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект дәуіріне бейімделу үшін Қазақстанда жаңа цифрлық экономика қалыптастыру қажеттігін айтты. Оның сөзінше, бұл іске Үкіметпен қатар ұлттық компаниялар мен креативті индустрия өкілдері де белсенді қатысуы керек. Алға қойған мақсатқа жету үшін ескірген тәсілдерден арылып, қоғам дамуының жаңа негізін қалыптастыру маңызды.

Президент цифрлық дәуірдің күрделі сын-қатерлеріне қарамастан, елдің басты мақсаты өзгермейтінін атап өтті. Ол – заманауи мемлекет құру, жаңғыру жолын жалғастыру және келешек ұрпақтың лайықты өмір сүруіне жағдай жасау.

Осы орайда Мемлекет басшысы келесі жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялауды ұсынды. Оның аясында барлық облыс орталығы мен аудандарда, сондай-ақ елді мекендерде азаматтық инфрақұрылым нысандарын салу және жөндеу жұмыстары басталуы керек.

"Сондықтан мен келесі жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялауды ұсынамын. Осы жылдың аясында әр облыс орталығында, аудандарда, тіпті елді мекендерде азаматтық инфрақұрылым нысандарын салуға және жөндеуге кірісуіміз керек. Атап айтқанда, жолдар, әуежайлар, вокзалдар, денсаулық сақтау мекемелері, соның ішінде ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған оңалту орталықтарының құрылысын бастау қажет.

Сондай-ақ барлық аймақта шығармашылық үйлері, спорт кешендері, кітапханалар және ғылыми орталықтар бой көтеруі керек. Әрине, тұрғын үй салу да маңызды міндет болып қала береді. Конституцияда халықтың әл-ауқатын арттыру мемлекеттің стратегиялық басымдығы ретінде айқындалды. Осы бастамалардың барлығы ел игілігі, әсіресе өскелең ұрпақтың қамы үшін қолға алынып отырғанын баса айтқым келеді", деді президент өз Жолдауында. 

Сайт Әкімшілігі