Қазақстандық семсерлесушілер Әлем кубогын иеленді
Қазақстанның ерлер құрамасы Мароккода өткен семсерлесуден Әлем кубогында алтын медаль жеңіп алды. Финалда отандастарымыз Ресей құрамасын 45:40 есебімен ұтты.
15-18 қазан аралығында Касабланка қаласында өткен жарыста қазақстандық спортшылар жоғары нәтиже көрсетті. Финалға дейін ұлттық құрама Түркия, Гонконг, Мысыр және Франция командаларын жеңді.
Қазақстан қоржынына алтын медаль салған спортшылар – Кирилл Проходов, Вадим Шарлаимов, Александр Федотов және Кирилл Павлов.
Айта кетейік, биыл шілде айында қазақстандық шпагашылар тарихта алғаш рет командалық сайыста әлем чемпионы атанған еді. Гонконгта өткен әлем чемпионатының финалында олар Украина құрамасын жеңген.
Осылайша, Қазақстанның семсерлесу құрамасы халықаралық аренадағы табысты өнерін жалғастырып келеді.