Салық органдарының хабарламасынан кейін 50 мыңнан астам қазақстандық жеке кәсіпкер ретінде тіркелді
2026 жылдың алғашқы алты айында Мемлекеттік кірістер комитеті мобильді аударымдары белгіленген талаптарға сәйкес келген қазақстандықтарға 274 мыңнан астам хабарлама жіберген.
Соның нәтижесінде 50 мыңнан астам азамат жеке кәсіпкер ретінде тіркелді.
2026 жылдан бастап Қазақстанда азаматтардың мобильді аударымдарына салықтық бақылау күшейтілді. Жаңа талаптарға сәйкес, үш ай қатарынан ай сайын 100 немесе одан да көп түрлі адамнан ақша алған азаматтардың аударымдары салық органдарының назарына ілігеді.
Алайда аударым жасаушылардың саны ғана емес, түскен қаражат көлемі де ескеріледі. Атап айтқанда, үш айдағы аударымдардың жалпы сомасы 360 айлық есептік көрсеткіштен (шамамен 1,55 миллион теңге) асуы тиіс.
Осы талаптарға сәйкес келетін азаматтарға Мемлекеттік кірістер комитеті Салық төлеуші кабинеті арқылы ақпараттық хабарлама жолдайды. Мұндай хабарламаға жауап беру міндетті емес.
Дегенмен азаматтар 2026 жылы алған, бұрын декларацияда көрсетілмеген салық салынатын табысын 2027 жылғы 15 қыркүйекке дейін тапсырылатын кірістер мен мүлік туралы декларацияда көрсетуі тиіс. Мұндай табысқа 10 пайыз мөлшерінде жеке табыс салығы салынады.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында азаматтарға 274 318 ақпараттық хабарлама жіберілген. Осыдан кейін 50 мыңнан астам қазақстандық жеке кәсіпкер ретінде тіркелген.
Айта кетейік, мобильді аударымдардың барлығы бірдей кәсіпкерлік табыс болып есептелмейді. Туыстар мен таныстар арасындағы жеке мақсаттағы ақша аударымдарына автоматты түрде салық салынбайды. Бақылаудың негізгі мақсаты – кәсіпкерлік қызметтен түсетін, бірақ ресми есепке алынбаған табыстарды анықтау.