Live

Тараздағы даулы видеодан кейін полиция бастығы қызметінен кетеді

Жамбыл облысында әлеуметтік желіде тараған даулы видеодан кейін жоғары лауазымды полиция қызметкері ішкі істер органдарынан жұмыстан шығарылмақ.

Фото: скриншот

Тараз қаласында түсірілген видеода патрульдік полиция қызметкерлері Сарысу аудандық әкімшілік полиция басқармасының бастығын тоқтатқан сәт көрсетілген. Алдын ала мәлімет бойынша, ол көлікті мас күйінде басқарған болуы мүмкін.

Бейнеден әріптестерінің «Көлікті кім жүргізді?» деген сұрағына ер адамның «қарындасым» деп жауап бергені естіледі.

Оқиға әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланып, өңір тұрғындарының наразылығын туғызды. Пікір қалдырған кейбір қолданушылар мұндай жағдай алғаш рет емес екенін жазған.

Расталмаған ақпаратқа сәйкес, оқиғадан кейін видеодағы қызметкер еңбекке жарамсыздық парағын рәсімдеген. Алайда Жамбыл облыстық полиция департаменті аталған дерек бойынша қызметтік тексеру жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

– Аталған тұлға құқыққа қайшы әрекет жасағаны үшін ішкі істер органдарынан жұмыстан шығарылады, – деп хабарлады полиция.

Ведомство заң мен қызметтік тәртіпті бұзудың кез келген түріне қатысты қатаң ұстанымда екенін атап өтті.

Сондай-ақ полиция кінәлі тұлғалардың лауазымы, арнайы атағы немесе қызметтік мәртебесіне қарамастан жауапкершілікке тартылуы тиіс екенін мәлімдеді.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Тараз