Толағайдың "тұяғы"
Ертегінің желісіне "емініп" отыратын аңғал жұрт тау көтерген Толағайды әлі күнге дейін іздейді.
"Өзі кетсе де, ұрпағы қалған шығар" деп дәметеді. Ұрпағы екенін қайдам, бірақ "тұяғы" деуге татитын бір кісіні оқырмандарға таныстырудың реті келіп тұр. Бірақ бір мәселені ерекше ескертейік: бүгінгінің Толағайына тау көтеру міндет емес, тек "үй көтерсе" жетіп жатыр.
Байқадыңыз ба, байқамадыңыз ба, өткенде Сырым ауданының тұрғындарымен кездескен Нариман Төреғалиев былай деді: "Егемендік алғаннан бері тұрғын үйлердің бәрі аудан орталығына салынған. Аудан орталығы – қала. Болды. Ауылдарға салмағанбыз. Мен 2023 жылдың басында келгенде, барлық аудан әкімдеріне тапсырма бердім. Ендігі тұрғын үйлердің барлығын ауылдарға салатын боламыз. Қазір соны көріп жатырсыздар. Тұрғын үйлердің барлығын ауылдарға салып жатырмыз. Бүгінгі күнде ауылдарға 3 мыңның үстінде үйлер салып тастадық".
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Нариман Төреғалиев. "КІСІКИІК"
Былай қарасаңыз, күшті ғой. Өзге өңірлердің кейбір ауылдары жабылудың алдында тұр. Ал Нариман Төреғалиев ауылдарға тұрғын үйлерді бұрқыратып салып жатыр. Осы қарқынымен "ұра берсе", жуық жылдары БҚО-ның ауылы қайсы, қаласы қайсы екенін ешкім "ажырата алмай" қалуы мүмкін. Жоғарыда айтқан сөзіндегі басты мәселе – "барлық аудан әкімдеріне тапсырма бердім" дегені. Облысқа басшы болып келген әкім өзінен төменгілерді "төбесінен түртіп", жиі-жиі тапсырма беріп отыратыны заңдылық. Алайда кейбір өңір белсенділері "біздің Төреғалиев шаруаның бәрін жалғыз өзі тындырғандай, кеуделеп жүреді" дейді.
Бұл не сөз? Олардың ойынша, Батыс Қазақстан облысы бойынша 2024-2026 жылдарға арналған "Қаладан – ауылға" пилоттық жобасы – жоғарыдан әзірленген. Тек оның жүзеге асу мерзімі Нариман Төреғалиевтің әкім болуымен тұспа-тұс келген. "Әйтпесе, біздің әкім жер тепкілеп, бюджеттен қыруар қаржы алатын, яғни ауылды дамытуға күш салатын адамға ұқсамайды", – дейді белсенді Азамат Мүсілов.
Мейлі ғой, кім не десе, о десін, бірақ Батыс Қазақстандағы ауылдардың "қалаға ұқсап" бара жатқаны рас. "Қаладан – ауылға" пилоттық жобасын іске асыру бойынша бекітілген БҚО әкімінің Қаулысында 57 елді мекеннің тізімі берілген. Оның 20-сы – шекаралық ауылдар. Яғни Ресеймен шектесетін аймақтағы елді мекендер. Демек, жобаны қолға алғандағы түпкі ниет дұрыс. Өйткені шекаралық аймақтар елсіз болмауы тиіс.
Дегенмен Нариман Төреғалиевтің әлеуметтік желіге тараған төрт ауыз сөзінің астындағы комментарийлерге қарасаңыз, "ауылды қалаға айналдырмақ" болған әкімнің әрекетіне наразылар көп екенін байқайсыз. Бірі "Томпақта салған үйлер бос тұр. Мектеп жабылу алдында" дейді күйініп. Екіншісі "Үй сала бергенше, жол салсаңшы, әкім мырза" деп "ақыл" айтыпты. Ал erzhan_faizollaev деген желі қолданушы бүй дейді: "Ауылды көтеру үшін бірінші үй салу керек емес, көкесі… Білмесеңдер шақырсаңдаршы, бәрін тегін айтып берейін".
Төреғалиевке тегін кеңес беруге талпынған тұрғын тіпті жазбасының астына телефон нөмірін де қалдырыпты. Бірақ БҚО әкімі оған хабарласты ма, хабарласпады ма, белгісіз. Есесіне, Ержанның сөзінде жан бар секілді. Өйткені бұл жігіт "айдалаға үй сала бергенше, жол сал, газ тарт, мектеп соқ, жұмыс орындарын аш" дейді күйініп.
Халық та "қызық" қой, кейде "жоқ бәлені" сұрайды. Мысалы, Теректі ауданының халқы "мектеп жоқ" деп шулаған соң, әкімдік Магистрал ауылына жарқыратып тұрып мектеп салып берген. Бірақ онысы мектептен гөрі теңіздегі қайыққа көбірек ұқсады. Неге? Неге деріңіз бар ма, мектеп жерасты суы жақын жерге салынған ғой. Содан кейін де қабырғасы қақырап, едені ылғалданып, 2023 жылдан бері бір ашылып, бір жабылып келе жатыр. Биыл да Магистралдың балалары апатты деп танылған ескі мектепке қайта ауыстырылған. Ал қайыққа ұқсайды дейтініміз, мектеп еденінің бір жері көтеріліп, бір жері төмендеп, "толқынданып" кетіпті. Мысалы, сыныптағы бір парта – ойда, келесі парта – қырда тұрады. Былай қарасаңыз, балалар үшін қызық. Тек мұғалімдер сүрініп, жығылып жүрмесе, сабақты жалғастыра беруге де болар еді. Алайда ата-аналар шулап жүріп, жаңа мектепті тағы да "жаптырып" тынды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Нариман Төреғалиевтің "жаңа мектебі" құлағалы тұр
Бірақ бұл жерде бір мәселені ескеру керек. Магистрал мектебі 2023 жылы ашылды. Ал Нариман Төреғалиевтің әкім боп келгені – 2022 жыл. Демек, облыс басшысы "қайық-мектептің" іргетасы құйылып, қабырғасы қаланғанда келген болуы мүмкін. Сондықтан Магистрал мектебі үшін Төреғалиевті жазғырудың қажеті жоқ. Алайда "бұл кісінің өзі де ылғалды жақсы көреді" дейтін бір пікір екі-үш жылдан бері айтылып келеді. Мұны түсіндіру үшін әкімнің басындағы жоспар мен мектеп пен тұрғын үйдің балансына "талдау" жасауға тура келеді. Мысалы, Теректі ауданында "Жарқын" деген ықшамаудан бар. Төреғалиев "Жарқынға" жарқыратып тұрғын үйлерді соғып тастады.
Бірақ сол күндіз "жарқыраған" ықшамаудан кеш түсе "қара түнекке" айналатын көрінеді. Өйткені бастапқыда істеген көше шамдары кейін "көзін ашпайтын" болыпты. Тұрғындардың айтуынша, ықшамаудандағы үш қабатты 40 үйге 240 отбасы қоныстанған. "Бұл жерде де жерасты суы жақын ба, әйтеуір подъездің іші көгеріп, тұтап тұрады. Қыста терезенің ішіне мұз қатады" дейді тұрғындар. Ал аулаға төселген брусчаткалар "қайық-мектептің" едені секілді "толқын атып" тұрады екен. "Ауылға тротуар не керек?" деген бе, әйтеуір құрылыс салған компания жүргіншілер жолын ескермепті. Сондықтан көліктің шаңынан қашқан жұрт топырақты жерден "тротуар-соқпақ" жасап алуға мәжбүр болған. Тағы бір қызығы, 240 отбасы тұратын ықшамауданда бірде-бір аялдама жоқ екен. Сарғайтып барып келетін № 12 автобусты жолаушылар жазда – шыжыған күннің астында, қыста – қарлы боранда дірдектеп тұрып күтеді…
Сосын "жарқыраған "Жарқында" мектеп жоқ. Балалар Подстепное ауылына барып оқиды. 200-250 бала күн сайын автобуспен қатынайды. Бірақ сыған құсап, күн сайын ары-бері шұбыра берген қай жақсылық дейсіз, 2026 жылдың наурыз айында оқушылар автобусы қоғамдық көлікпен соқтығысқан. 23 бала ауруханаға түсті. Құдай қаққанда, адам шығыны болған жоқ. Көпшілік осы кезде "облыс басшысы бірдеңе істейтін шығар" деп күткен. "Жасында ондай-мұндайды көрген бала өскенде мен сияқты Толағай болады" деп топшылады ма, Төреғалиев бірдеңе тындыруға асықпады. Міне, күні кеше ғана "Жарқынның" балаларын мектепке таситын оқушылар автобусы тағы да жол апатына түсті. Тұрғындар жіберген бейнекадрларға қарағанда, автобус жеңіл көлікпен "тұмсық түйістірген". Құдайға шүкір, бұл жолы да балалар аман, әйтеуір…
ОҚИ ОЫРЫҢЫЗ: Төреғалиев Оралдың бас жоспарын Семей мен Қарағандыға қарап жасайды
"Осы біздің Төреғалиев ойпаң жер көрсе, үй салғысы келіп тұрады" деп қыжыртатын жұрт көп. Оған бір дәлел ретінде, Қазталов ауылы Амангелді көшесіндегі № 29 үйді атауға болады. Бұл "Жарқын" ықшамауданындағыдай көпқабатты тұрғын үй емес. № 29-1, № 29-2 деп нөмірленген және төрт отбасыға арналған екі үй. Яғни жапсарлас үйге екі отбасы екі жағындағы есіктен кіреді. Бірақ көктем мен күзде үйге кіргендер қайта "шықпайды". Немесе сырттағылар ішке "кірмейді". Себебі үкімет салып берген үйдің айналасы телегей-теңізге "айналады".
Осыны көлденең ұстаған көпшілік Төреғалиевті "төпелеуге" құмар. Бірақ кім не десе, о десін, біз әкім "жағындамыз". Өйткені шаруасы жеңілдеп, қолы босаса, "толағай-әкім" су ортасындағы үйді де, "қайық-мектепті" де "иығына салып" алып, "тепсеңге шығарып" беруі мүмкін. Міне, біз осыған сенеміз. Өкінішке қарай, сенбейтіндер де бар. Мысалы, Нұрлыбек Хайруллин деген жігіт әлеуметтік желіде тұрғын үйлерге қатысты былықтың "қоясын ақтарып" отырады. Оның ойынша, әкім "көтергенімен", кейінгі үйлер қаптағы тарыдай "шашылып" кетуі ықтимал екен. Неге?
"Кәсіпкер салып, үкімет сатып алатын үйлердің сапасы нашар. Оны техбақылау қызметі тексермейді. Демек, цементтің құрамы, арматураның жуандығы туралы ешкім ешкімге есеп бермейді. Бұл – ертең әлдеқандай жағдай туса, жауапкершіліктен жалтарудың амалы", – дейді белсенді.
Нұрлыбек Хайруллин әлеуметтік желідегі жазбасында бір қызық дерек келтіреді. Ондағы мәліметке сүйенсек, әкімдік пен М.Аманжолов деген мердігер 2026 жылдың 30 наурызында келісімшартқа отырады. Ал бар болғаны бір айдан соң, яғни сәуірде әкімдік "батасын беріп", мердігер "тұрғызған" үй сатылымға шығады. Толағай мен терминатордың біріне салдырмасаң, бір айда үй тұрғызу ешкімнің қолынан келмейтіні рас. Өйткені үй дегеніңіз, бір-бірінің үстіне үйе беретін тас емес. Іргетас қатып, сылақ кебуі керек. Сатылап жасалатын әрлеу жұмыстарының да уақыт ұстайтын мерзімі бар. Міне, осының бәрін тізбелеп шыққан Хайруллин "Тендер өткенімен, мердігерді әкімдік таңдайды, сосын екеуі бірлесіп "жалмайды" дегенге жақын ой айтады.
Түйін: "Жүз рет естігеннен, бір рет көрген артық", өз аяғымызбен Оралға барып, жағдайды өз көзімізбен көрсек дейміз. Мақсат – тұрғындардың шағымын телефон арқылы ғана тыңдамай, күйіп тұрған мәселелермен танысу. Байқаймыз, "күйіктің иісі" шығатын мұндай мәселе БҚО-да жетіп артылатын сияқты.
Әрине, оған дейін толағай-әкім ойдағы нысанның бәрін "қырға шығарып" тастамаса…
Сансызбай НҰРБАБА