Нариман Төреғалиевтің «жаңа мектебі» құлағалы тұр
Оқу жылы басталарда Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданына қарасты Магистрал ауылында тағы да мектеп дауы шықты.
2023 жылдың соңында ғана пайдалануға берілген жаңа білім ордасының іргетасы шөгіп, қабырғалары қайта жарылған. Белсенділер мен ата-аналардың айтуынша, ғимараттың техникалық жағдайы балаларды қабылдауға мүмкіндік бермейді. Ең сорақысы – ауыл тұрғындары мектеп салынбай тұрып-ақ, бұл жердің су жиналатын аумақ екенін ескертіп, құрылысқа қарсы болғандарын айтады. Бірақ олардың сөзіне әкімдік құлақ аспаған. Енді оқушылар жаңа мектепке кіре алмай, ескі ғимаратты жөндеу мәселесі көтеріліп отыр. Ал мектеп мұғалімдері жөндеу жұмыстарына тартылғандарын айтып, директор тарапынан қысым көріп отырғандары жөнінде ұжымдық шағым түсірген. Бір қызығы, облыс әкімі Нариман Төреғалиев пен БҚО білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллин бұл проблемадан бұрыннан хабардар болған.
Дау неден басталды?
Магистралдағы жаңа мектептің жыры биыл басталған жоқ. 108 орындық мектеп 2023 жылдың желтоқсанында пайдалануға берілген. Сол кездегі ресми ақпаратта мұнда 113 оқушы мен 48 педагог бар екені жазылды. Құрылыс жұмыстарын «Ка-Строй LTD» ЖШС жүргізген. Демеушісі – ҚПО. Ашылу салтанатына БҚО әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов пен сол кездегі Теректі ауданының әкімі Әлия Мұханбетжанова қатысқан. Алайда жаңа ғимараттың қуанышы ұзаққа созылмады. Ауыл тұрғындарының сөзінше, мектеп алғаш пайдалануға берілгеннен кейін-ақ еденнің шөгуі, қабырғалардың жарылуы секілді белгілер байқалған. Ақау жөнделгенімен, мәселе түбегейлі шешілмеген. 2025 жылы қазанда жағдай ушығады. Сабақ жүріп жатқан кезде кабинеттердің біріндегі қабырға жарығы үлкейіп, мектеп жұмысын тоқтатуға тура келген.

Халық әуел бастан қарсы болған
Магистралдағы жағдайды бірнеше жылдан бері көтеріп жүрген белсенді Мейрамгүл Боранбайқызы мектептің қазіргі орнына салынуына тұрғындардың әуел бастан қарсы болғанын айтады. Оның сөзінше, ауыл адамдары бұл жерге қар мен жаңбыр суы жиналатынын ескерткен. Соған қарамастан, жоба өзгермей, құрылыс басталып кеткен. М.Боранбайқызы сол кезеңде Теректі ауданындағы білім саласының әдістемелік кабинетінде басшылық қызмет атқарған. 2025 жылдың күзінде мектеп қабырғасының сабақ кезінде жарылғаны туралы хабар түскенде, ол әріптестерімен бірге оқиға орнына барған. Балалардың қауіпсіздігі үшін оқушыларды үйлеріне жіберіп, білім басқармасы мен құрылысқа жауапты тараптарды шақырған.
Белсенді жағдай ушықпай тұрып БҚО әкімі Нариман Төреғалиевке Магистрал мектебінің жағдайын жеке кездесуде жеткізген. Басқа жерден жаңа мектеп салу қажеттігін көтерген.
«Қазір ғой олардың бейжай қарап отырғаны, әйтпесе барлығы хабардар. Мектептің қабырғасы жарылып кеткесін бұл жерде сабақ өткізуге жалғыз өзім қарсы болдым. Білім ордасының болашақта мектеп болмайтынын, басқа жерден жаңадан мектеп салу керегін алға тарттым. Сол кезде білім басқармасының басшысы мені қолдаған. Алайда кейіннен облыс әкімдігіне барғасын ойынан айнып қалды. БҚО білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллин мені шақырып алып, бұл мәселеге араласпауды, түсірген видеоны жарияламауды сұрады. Бірақ мен жұмыстан шығарып жіберсе де, мектеп мәселесіне араласатынымды айттым. Сосын ол қазір қыс, жаңа мектеп сала алмайтындарын, биыл күрделі жөндеуден өткізіп, келер жылы тағы қабырға жарылса, басқаша әрекет ететіндеріне уәде берді. Содан соң балалар көрші ауылдарға барып қыстай оқып шығуға мәжбүр болды. Сонымен мектептің ішкі қабырғаларын бұзып қайта салды», – дейді М. Боранбайқызы.

Мейрамгүл Боранбайқызының айтуынша, ғимараттың іргетасының шөгуі тоқтамаған. Еден бір деңгейде емес – бір парта жоғарыда тұрса, екіншісі төмен түсіп кеткендей көрінеді. Күз бен қыс кезінде мектеп септигі де жылдам толатын көрінеді. Белсенді мұның бәрін жерасты немесе жиналма суларымен байланысты болуы мүмкін деп күдіктенеді. Ол мектеп аумағында балаларға қажетті ойын алаңдары толық жабдықталмағанын да айтады. Оның сөзінше, санитарлық талаптарға сәйкессіздік мәселесі туындап, тиісті санитарлық орган мектепке рұқсат бермей отыр.
«Нариман мырзамен кездескенде де ауылдық жерде мектептен басқа жұмыс орны жоқ екенін, жағдай жасалмағанын, сондықтан тым болмаса, бір мектепті дұрыстап салу қажеттігін айттым. Оның үстіне қазір мектепке СЭС (санитарлық-эпидемиологиялық станция) рұқсат бермей отыр. Себебі балаларға қажетті алаң жоқ. Қысқаша айтқанда, мектеп әу бастағы жобалауға сай емес. Енді бұлар бар айыпты бір-біріне сілтейді. Аудан құрылыс компаниясын кінәлайды, құрылыс компаниясы болса, берілген жоба бойынша жұмыс істегендерін алға тартады. Былайша айтқанда, қазір ешкім оқушылардың жағдайын ойлап жатқан жоқ. Әйтеуір әрқайсысы өз білгенін істеп, өздерін ақтаумен әлек. Қазір бұлар менімен кездескісі келмейді. Өткенде облыс әкіміне барып едім, ол да кездеспей қашып кетті. Түрлі сылтау айтады. Білім басқармасының басшысы да сол», – дейді белсенді.
Жаңа мектеп жарамай қалды, енді ескісін мұғалім жөндей ме?
Магистралдағы құрылыс дауының үстіне енді мектеп ұжымындағы жанжал қосылды. Мейрамгүл Боранбайқызының айтуынша, жаңа ғимараттағы жағдайға байланысты балаларды ауылдағы ескі мектепке орналастыру мәселесі көтерілген. Ол үшін ұзақ уақыт пайдаланылмаған ескі мектепті жөндеу қажет болған. Мектеп директоры Гауһар Оразова педагогтерді жинап, жөндеу және көшіру жұмыстарына қатысу жөнінде тапсырма берген көрінеді. Осыдан кейін мұғалімдер наразылық білдіріп, ұжымдық өтініш жазған. Редакцияға берілген құжатта педагогтер мектеп басшылығын педагогикалық әдепті жүйелі бұзды, мұғалімдерге психологиялық қысым көрсетті, кәсіподақ жұмысына кедергі келтірді және заң талаптарын сақтамады деп айыптайды. Өтініште кейбір қызметкерлердің айқай мен көпшілік алдындағы кемсітуден кейін жұмыстан кетуге мәжбүр болғаны да жазылған. Ұжым жоспардан тыс тексеру жүргізуді, мектеп әкімшілігінің әрекетіне құқықтық баға беруді және директордың қызметіне сәйкестігі мәселесін қарауды сұраған. Өтінішке 22 педагог қол қойған. Кейін оларды бір-бірден шақырып, директор қысым көрсеткен көрінеді.
«Мен шешем, сендер ешкім емессіңдер»
«Жас Алаш» мектеп директоры Гауһар Оразоваға да хабарласты. Журналист екенімізді айтқаннан кейін телефон байланысы үзілді. Қайта хабарласқанымызда жауап ала алмадық. Содан соң редакция мектеп мұғалімдерімен сөйлесуге тырысты. Бірнеше педагог жағдайға байланысты пікір білдіруден бас тартты. Олардың сөзінен бұл мәселені ашық талқылауға алаңдайтыны байқалды. Тек бір мұғалім аты-жөнін жарияламау шартымен болған жайды баяндауға келісті.
«Бәрі ескі мектепті жөндеуден басталды. Жаңа мектептегі заттарды ескі ғимаратқа көшіріп жатырмыз. Бірақ оған дейін де директордың қарым-қатынасына бір жылдай шыдап келдік. Ол бізге үнемі «мен шешем, сендер ешкім емессіңдер» деген мағынада сөйлейді. Ақыры шыдамай арыз жаздық. Ертесіне бізді жинады. Сол жиналыста бастауыш сынып мұғалімінің денсаулығы нашарлап, медициналық көмекке жүгінді. Қазір «сағатың қысқарады», «сыныбыңда бала жетпейді, сынып жабылады, жұмыстан шығасың» деген сөздер айтылып жүр. Жас мамандардың арасында да жанжал туындады. Бұған дейін екі жас мұғалім директордың қысымына шыдамай жұмыстан кетті», – дейді педагог.
«Баламызды мектепке жіберуге қорқамыз»
Магистрал тұрғыны Анастасияның айтуынша, жаңа мектептің қазіргі жағдайы ауыл тұрғындарын қайта алаңдатып отыр. Оның баласы да осы мектепте оқиды.
«2025 жылы мектеп жабылған кезде балаларымызды басқа елді мекендерге тасымалдады. Бізге бұл уақытша шара екенін, жөндеуден кейін мұндай жағдай қайталанбайтынын айтты. Балалар қайта мектепке келді. Енді жаңа оқу жылының алдында мәселе тағы қайталанып отыр. Мектепті тағы жабу туралы айтылып жатыр. Ауылда ескі мектеп бар, бірақ оның да жағдайы мәз емес. Балаларды қайтадан басқа ауылдарға тасымалдамақ. Біз бұған алаңдаймыз. Жаңа мектеп салынып жатқан кездің өзінде тұрғындар бұл жерге мектеп салуға болмайтынын айтқан. Көктемде мұнда еріген қардың суы жиналады. Бірақ ешкім тыңдамады. Соңында мектеп бәрібір осы жерге салынды», – дейді ата-ана.
Аудан әкімдігі не дейді?
Мән-жайды білу үшін «Жас Алаш» Теректі ауданы әкімдігіне де хабарласты. Аудан әкімінің білім саласына жауапты орынбасары Темірболат Мұхитұлы мәселенің бар екенін жоққа шығармады. Алайда сөз ауанынан барлық айыпты бұрынғы басшыларға аударып тұрғаны сезілді. Себебі ол мектеп салынарда әкім де, оның орынбасары да басқа адамдар болған.
«Басшылық кезінде жерді берген, мектеп салынған. ҚПО компаниясы демеушілік жасаған. Сөйтіп 2023 жылы пайдалануға берілді. Бірақ былтырдан бері жер отырып, қабырғасы жарылып жатыр. Биыл да ішкі қабырғалары жарылып жатыр екен. Жөндеу жұмысын жүргізіп жатырмыз, жақында оқушылар бұл мектепте оқиды. Қазір уақытша ескі мектепте білім ала тұрады. Ал директорға қатысты қысым жөнінде мектеп басшысымен сөйлесемін», – деді әкім орынбасары.

Нариман Төреғалиевтің «жаңа мектептері»
Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев білім инфрақұрылымындағы жетістіктерді жиі айтады. Жақында облыс әкімдігі 2023 жылдан бері өңірде 27 жаңа мектеп пайдалануға берілгенін, соның арқасында 3 505 бала оқыған 11 апатты мектептің мәселесі шешілгенін хабарлады. Бұл, әрине, аз көрсеткіш емес. Бірақ есептегі «27 жаңа мектеп» деген сан Магистралдағы бір ғана жағдайдан кейін басқа қырынан көрінеді. Өйткені жаңа мектеп салудың өзі жеткіліксіз. Ол екі-үш жылдан соң жарылып, қайтадан апатты мектептердің қатарына қосылса, статистикадағы плюс іс жүзінде минусқа айналмай ма?
2025 жылдың ақпанында «Орал апталығы» БҚО білім басқармасының деректеріне сүйеніп, облыста 16 апатты мектеп пен 9 үш ауысымды мектеп барын жазған. Кей мектептер жобалық қуатынан екі-төрт есе артық оқушы қабылдап отырған. Мысалы, 450 орындық эстетикалық бағыттағы мектеп-гимназияда 1 851 бала, 964 орындық №20 мектепте 2 231 оқушы білім алған. Сол кезде білім басқармасы кей апатты ғимараттарда балалар басқа мүмкіндік болмағандықтан оқуды жалғастырып жатқанын да мойындаған. Инфрақұрылымдық жобалардың мерзімі де үнемі жоспардағыдай болмаған. 2024 жылдың соңында өңірде «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша жоспарланған нысандардың басым бөлігі уақытылы ашылмай қалған. 2025 жылы Оралдағы бірнеше мектепте күрделі жөндеу мерзімі созылып, мыңдаған оқушы өзге білім ошақтарына қатынап оқуға мәжбүр болған. Ал 2025-2026 оқу жылы басталғанда облыстың сегіз мектебінде үш ауысымды оқу әлі сақталғаны хабарланды. Бұл деректер Нариман Төреғалиевтің тұсында мектеп мүлде салынбады немесе білім саласында еш жұмыс атқарылмады дегенді білдірмейді. Керісінше, жаңа нысандар көп салынған. Бірақ мәселе – сан мен сапаның арасындағы алшақтықта болып отыр.Әкім есеп берген кезде «пәлен мектеп салынды» деп айту оңай. Ал сол мектептің қай жерге салынғаны, инженерлік ізденістің қаншалықты сапалы жасалғаны, жобаның қалай әзірленгені, мердігер жобадан неге ауытқығаны, техникалық қадағалау оны неге дер кезінде байқамағаны, қабылдау комиссиясы ғимаратқа неге қол қойғаны – әлдеқайда маңызды. Егер бұл сұрақтарға дер кезінде жауап табылғанда Оралдың іргесіндегі алақандай ғана ауылдың дауы бүтін бір республикаға тарамас еді.
Түйін
Редакция БҚО білім басқармасына да хабарласты. Басқарма қызметкері Ақан Мәлікұлы біздің сауалдарымызға тұщымды жауап қайтара алмады. Себебін сұрағанымызда, «бұған жауап беретін мамандар сол ауылда жүр» деп қысқа қайырды. Сосын сауалдарымызды жазбаша жолдауды сұрады. Біз жолдадық. Алайда мақала дайын болғанша жауап келмеді.
Айтпақшы, біз облыс әкімдігіне де хабарластық. Жауап ала алмадық. Бұған дейін біз Нариман Төреғалиевтің жұрт пен журналистерге ұстатпай жүретін мінезін «кісікиік» деп сипаттаған едік. Магистрал мектебі бойынша жолдаған сауалымызға бұл жолы да жауап бермей, сол «кісікиіктігіне» салса, онда мәселе тек мектеп қабырғасының жарылғанында емес, әкімдік пен халық арасындағы байланыстың да сөгіліп тұрғанында болмай ма?
Облыстың баспасөз хатшысы Ернұр Серікұлы да телефон тұтқасын көтермеді. Жазып жіберген сауалымызға да жауап бермеді. Редакция енді Оқу-ағарту министрлігі мен БҚО әкімдігіне ресми сауал дайындап жатыр.
Тұрсынбек БАШАР