Сараптама

Ант салмағы

Жұрттың бәріне түсінікті жосықпен айтсақ, өткен аптада Құрылтай депутаттары қолдарын Ата заңға қойып тұрып, ант-су ішті. «Қазақстан халқына адал қызмет етеміз» десті, бір ауыздан.

құрылтай

Бірақ сырттай қараған кісіге кейбір депутаттың антына «су қосылып» кеткендей көрінді. Сондықтан біз бүгін ант беру рәсімінде байқалған «сөздегі ылғал» жөнінде әңгіме қозғаймыз.

Байқаған шығарсыз, жұрттың бәрі қазір «Депутаттар қалай ант берді?» деген тақырыпты жаппай талқылап жатыр. Қалай беруші еді, қалай бар, солай берді. Бізге ұнағаны – әлдекімдерге жағу үшін жанталасқан ешкім болған жоқ. Трибунаны таба алмай «шыр айналған» Владимир Кияннан басқасы мінберге адаспай жетті. Түсінген адамға, бұл – бірінші жетістік.

Екіншіден, құдайға шүкір деп айтайық, тілімізге «тың сөздер» қосылды. «Қазақстан Республикасының тұтастығы» деген тіркесті қайсыбір депутаттар өз қалауларынша өзгертіп, түрлі нұсқада дыбыстады. Бірі «тутастығы» десе, енді бірі «тотастығы» деді. Соңғысын естіген ел «мынау өзі неғыл дейді, «топастығы» дей ме?» деп шамданған. Бірақ бірнеше мәрте қайыра тыңдағаннан кейін «жаңа сөз» екенін біліп, депутаттың «тапқырлығына марқайды». «Тауелсиздик», «тоуелсиздик», «қурметлі», «мартебели» деген сөздерді де Құрылтай депутаттарының қазақ тілінің «дамуына» қосқан үлесі есебінде қарастырған жөн.

«Жас келсе – іске» деген осы ғой, Әсел Баденова қазақ тіліне сөз емес, сөйлем қосты. Ант беріп тұрып, арасында бір «демалып» алған депутат сөзінің соңын «...адал етуге ант етемін» деп аяқтады. «Ету» дейтін көмекші етістіктің бар екенін жұртшылық бұрыннан білетін. Бірақ оны ант беру рәсімінде де «қосарлап нетуге» болатынын көпшілік алғаш рет көрді.

«Қызмет етемін... ааа-ооо-уу ант етемін» деді депутат Аслан Құлмағамбетов, аспаннан түскендей. Мұны жұртшылық құрылтайшының ант беру салтанатына әдемі әннің сазындай «ырғақ қосуы» деп бағалады. Зүлфия Байсақова «жарады», өзгелер құсап, тілін бұрап қиналмау үшін орыс тілінде ант бере салды. Осыны көрген кейбір журналистер «Байсақова ресми тілде ант берген алғашқы депутат ретінде тарихта қалатын болды» деп депутаттың «тарихи орнын» белгілеп жатыр. Кейбір деректер бойынша, 8 депутат орыс тілінде ант «ішіпті». Былай қарасаңыз, онда тұрған не бар?! Керісінше, анттың тілін «түрлендіру» мәселесінде сәл «кемшілік» болған сыңайлы. 8 депутат орыс тілінде ант берген соң, кемі 3-4 құрылтайшы ағылшын тілінде «аңырата» салса, ант беру рәсімінің халықаралық «деңгейі» әжептәуір көтерілер еді...

Құрылтай депутаттары неге ант бергенде тілдерінен сүрінді? Мұның жауабынан оңай нәрсе жоқ. Өзіңіз ойлаңызшы, мысалы, Сіз депутат болдыңыз дейік. Парламент табалдырығын енді аттадыңыз. Бірақ Сізді халық сайлаған жоқ. Сайлаушылар партияларды таңдады. Ал партияның ішінен Сіз суырылып шықтыңыз. Қалай шыққаныңыз бен қолдаушыңыздың кім екенін «қу ішіңіз» сезіп тұр. Демек, бәсекелестер басқа емес, өз партияңыздың ішінде де бар. Қызығы, антты партия бермейді, енді Сіз бересіз. Ал Сіз сол антыңызға адал бола аласыз ба? Алдымен халыққа қызмет етесіз бе, әлде партияның сойылын соғасыз ба? Партия мен халықтың мүддесі үйлеспей қалса, кімнің «үйіне» түнейсіз? Халықты қолдап, бәріне қарсы шықсаңыз, партия «құйрығыңыздан» бір теуіп, Құрылтайдан қуып жібереді. Сонда кімнің шікірәсі болып, ант бергелі тұрсыз? Көрдіңіз бе, мәселе қайда?!

Енді бұған қысылтаяңда «қысатын» пендеуи ойларды қосыңыз. Әне, бір депутат ант бергенде сүрінді. Мен де быдықтап, екі ауыз сөзді айта алмай қалсам, қайтем? Көре алмайтын өресіздерге күлкі болам ба? Қайынжұртым не дейді? Үйдегі әйел, сосын анау... Қой, жоқ бәлені тақап, өзімді қорқыта бермейін. Талай тығырықтан өттім ғой, бұдан өтем... Оңбаған қатын-ай, көк галстугімді берші дегенде, қызыл галстукты тағып... ананікі де – қызыл, мынаныкі де – қызыл, енді отырысым мынау... Менің кезегім келгенше әлі тоқсан тоғыз адам бар, не деген көп кісі, құрсын! Кім болса, соны топырлатып ала бергені несі?! Іріктеп-сұрыптап, 20-30 депутат таңдаса да, жететін ек қой... Қап, құдай-ай, жаңа дәретханаға кіріп алсам болған екен...

Былай қарасаңыз, рас қой. Депутаттар көктен түскен жоқ, кеше ғана арамызда жүрген адамдар. Аяқасты осындай деңгейге көтеріліп кетіп, тікелей эфирде ант беру оңай дейсіз бе? Құрылтайшы Арман Хайруллиннің Конституцияға алақанын қоймай-ақ, ант мәтінін судырата жөнелгенінің негізгі себебі де осында ма екен деп топшылаймыз.

Бірақ мұны бізден басқа кім түсініп жатыр? Әсіресе қасиетті тіліміздің «ту-талақайын» шығарған депутаттарға наразылар көп. Олар не дейді? Не деуші еді, «қандастарға қазақ тілінен тест тапсыруды міндеттеген билік сол талапты Құрылтай мүшелерінен бастасын» дейді.

Бір қарағанда, бұл пікірдің де жаны бар секілді. Енді бірқатар ел «депутаттарды жаппай логопедке көрсеткен дұрыс» деген тоқтамға келіпті. «Ол жағы қалай болар екен?» деп енді біз ойланып отырмыз. Өйткені 145 депутатқа төсбелгісін тағып, мандатын ұстатып қойдық. Ал логопед аузын ашып, тісін санап, тілін ары-бері қозғап көріп, «мыналардың жартысы жарамайды» деген қорытынды шығарса, не бетімізді айттық?!

Сондықтан әзірге логопедке «соқтықпай-ақ» қойған жөн секілді. Білесіз ғой, мұндайды қазақ «барымен базар» дейді. Депутаттармен әзірге «базар тілінде» сөйлесе тұрсақ, бара-бара «қолтықтары жазылатын» шығар, не көрініпті...

Сансызбай НҰРБАБА

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз