«Тянь-Шань қысылып тұр...». Қытаймен бірлескен орталық зілзаланы ерте хабарлай ала ма?
Тамыз айының алғашқы аптасында Алматыда Қазақстан мен Қытайдың бірлескен Жер сілкіністерін зерттеу халықаралық орталығы ашылды. Оның тұсаукесеріне Төтенше жағдайлар министрінен бастап, екі елдің ғылыми қоғамдастық өкілдері қатысты. Алайда үкіметаралық келісім толық бекітіліп, күшіне енген жоқ.
Мамандардың айтуынша, бірлескен жоба сейсмикалық белсенділікті бақылау мен болжаудың заманауи әдістерін енгізуге және екі елдің сейсмикалық қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Десе де, әзірге ғылыми орталық базасында бастапқы кезеңде қазақстандық және қытайлық мамандардан тұратын (әр жақтан 3 қызметкер) үш мамандандырылған зертхана жұмысын бастады. Зерттеу нысаны ретінде Орталық Тянь-Шань тау жүйесінің сейсмикалық белсенділігін зерттеу және техногендік жер сілкіністерінің табиғатын анықтау назарға алынды. Яғни жер сілкінісін ерте ескерту жүйелерін дамыту, сейсмикалық қауіптерді бақылау және болжау технологияларын біріктіруге басымдық берілмек.
Әлбетте, сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Қытайдың озық құрылғылары мен халықаралық сейсмологиялық технологиялары қолданылатыны сөзсіз. Атап айтқанда, келісім бойынша қытайлық мамандар Қазақстан аумағында өздері әзірлеген арнайы ғылыми құралдар мен дәлдігі жоғары өлшеуіш приборларды орнатады.
Екінші, заманауи сейсмикалық станциялар. Жер қыртысының ең әлсіз тербелістерін де тіркей алатын сезімталдығы жоғары сандық сейсмографтар мен акселерометрлер пайдаланылады.
Үшінші, жер сілкінісін ерте ескерту жүйесі (Early Warning System) жерасты дүмпуі басталған сәтте оның толқындары қалаға жеткенге дейін бірнеше секунд бұрын автоматты түрде хабарлама беретін цифрлық технология орнатылмақ. Сондай-ақ UNIX (LINUX) негізіндегі операциялық жүйелер сейсмологиялық деректерді үзіліссіз, нақты уақыт режимінде қабылдау және өңдеу үшін қолданылатын арнайы бағдарламаға негізделеді. Мұнымен қоса халықаралық форматтағы деректер базасы сейсмикалық жазбалардың кинематикалық және динамикалық параметрлерін талдауға, сондай-ақ халықаралық деректер орталықтарымен ақпарат алмасуға мүмкіндік берсе, табиғи жер сілкіністері мен техногендік (жарылыстар, кен өндіру жұмыстары) жерасты дүмпулерін бір-бірінен жоғары дәлдікпен ажырататын математикалық және статистикалық модельдеу технологиялары да маңызды.
Қытайдың ерте ескерту жүйесі ұлттық деңгейде құрылған ауқымды инфрақұрылымға сүйенеді. 2023 жылы Қытай билігі ұлттық жүйенің қалыптасқанын және оның жүз мыңдаған мониторинг нүктесін қамтитынын мәлімдеген. Сондықтан да Қазақстанның Қытаймен бірлескен зерттеу орталығын құруы кездейсоқ қадам емес. Қазақстанға дайын технологияны сол күйінде көшіруден гөрі, Қытайдың үлкен деректерді өңдеу, сейсмикалық мониторинг және ерте ескерту тәжірибесін өз географиямызға бейімдеу маңызды.
Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығының ғылым жөніндегі орынбасары Ерік ӘЛІПҰЛЫНЫҢ айтуынша, жаңадан ашылған орталық ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізеді.
«Тіркелген жер сілкінісінің тереңдігі мен қашықтығы, энергетикалық қуаты қандай?» деген мәселеге назар аударады. Себебі бұл салада зерттеу нысанына айналатын дүние көп. «Орталық ашылды, енді жер сілкінісі болмайды» деген әңгіме жоқ», – деді Ерік Әліпұлы.
Ал 2016-2017 жылдары Ұлттық сейсмологиялық бақылаулар және зерттеулер орталығы АҚ басқарма төрағасы, 2017-2018 жылдары Сейсмология институтының директоры қызметін атқарған Әнуар БОРАНБАЕВТЫҢ пікірінше, Қытайдың бұл саладағы технологиялық құралдары мен тәжірибесін пайдаланған дұрыс.
«Алайда бұл орталық неге Қазақстанда ашылып отыр? Жер сілкінісі Қытаймен арадағы шекарада ғана болмайды. Яғни мемлекеттік шекараны таңдамайды. Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінде тіркелген жер дүмпуінің бізге де әсері бар. Сондықтан бұл Ресей және Орталық Азия елдерінің басын біріктіріп, ғылыми-зерттеу жасайтын халықаралық орталыққа айналуы тиіс болатын», – деген пікір білдірді.
Шын мәнінде, жер сілкінісін алдын ала дәл болжап, оның нақты қай күні, қай жерде және қандай күшпен болатынын айту – әзірге ғылымның ең күрделі міндеттерінің бірі. Бірақ қазіргі технологиялар адамға жер сілкінісі басталғаннан кейін қауіпті сейсмикалық толқын жеткенге дейін бірнеше секунд немесе ондаған секунд бұрын ескерту жасауға мүмкіндік береді. Сейсмикалық қауіп жоғары Орталық Азия үшін дәл осы уақыттың өзі адам өмірін сақтап қалатын шешуші аралық болуы мүмкін.

Болот Молдобеков, Орталық Азия жерді қолданбалы зерттеу институтының директоры: Орталық Азияға ортақ сейсмикалық жүйе қажет
– Қазақстан мен Қытайдың бірлесіп ашқан орталығы туралы естідім. Бірақ Қырғызстан тарапы да бұл мәселеге бейжай қарамайды. Қайбір жылы Алматыға келген бір топ қытай сейсмологтары бірге ғылыми жұмыс жүргізу керектігін айтқан. Алайда көрші жатқан елдерден сейсмикалық деректерді алмасып отыру жағы қалай жүзеге асатынын білмедім. Егер бұл жүйе іске қосылса, бізге де жақсы болар еді. Себебі Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында жер дүмпуі жиі тіркеледі. Екі ел сейсмикалық оқиғаны тезірек анықтау үшін желіні біріктіру жөнінде меморандумға қол қоюы керек болатын. Бірінші кезекте алдын ала ескертетін жүйені кеңейтіп, біріктіріп, бірыңғай кешенді жүйе етуіміз керек. Себебі біз бір аймақта тұрамыз.
Бізде 23 станция бар. Қазір 18 станцияға орнатылған алдын ала ескертетін тестік жүйенің арқасында жер дүмпуін 17-18 секунд бұрын біліп, эпицентрі мен жер толқынының қалай ойысқан уақыты көрсетіледі. Егер жер сілкінісінің ошағы Қырғызстан аумағында болып, бұл Алматыға 200-250 шақырым жерде тіркелсе, толқын жеткенше 10-15 секунд ішінде хабар бере аламыз. Ал 400 шақырым қашықтықтағыны 20-25 секундта жеткіземіз. Бұл жердің тереңдігіне, қуатына байланысты. Біз бұған дейінгі жер дүмпуін толқын Бішкек қаласына келгенше білдік. Бұл ақпаратты Төтенше жағдайлар министрлігі де дер кезінде алды. Мысалы, Алматыда жер сілкінсе, халық абыр-сабыр болып кетеді. Кейде сол дүмпудің ошағы саналған Бішкекте ондай шу болмайды. Далада топ-топ боп жиналмайды, жан-жаққа қашпайды. Себебі жергілікті ТЖМ «Жер сілкінісі тіркелді, бірақ қорқынышты ештеңе жоқ» деп нақты мәлімет таратады. Мемлекеттік құрылымдар жер сілкінісі болатыны туралы сигналды уақытында алып, ақпараттандырады.
Қытай демекші, осыдан екі жыл бұрын қаңтарда болған жер дүмпуінің эпицентрі Қытайда 6-7 балл болып сезілді. Бұл дегеніміз – Тянь-Шань тауы сейсмикалық бағытқа қарай күшейіп барады деген сөз. Бәріне белгілі, Тянь-Шань тауы өсіп, динамикасы артып келеді. Ал тау өссе, жер сілкінісі де болады. Тау неге өседі дегенге келсек, оңтүстіктен Памир тауы үнемі жылжиды, ал солтүстігінде Тянь-Шань тауының ығысуына мүмкіндік жоқ. Қазақ жері қатты болған соң, Тянь-Шань үнемі қысылып тұрады. Сондықтан бізге де Қытай елімен келісім орнату маңызды және қажет. Әзірге бұл мәселе кейінге шегеріліп келеді. Меніңше, Қазақстанда ғана емес, Орталық Азия бойынша ортақ сейсмикалық жүйе қажет.
Білуімізше, Алматы маңында автоматтандырылған ерте анықтау станцияларының саны көбейтіліп жатыр. 2026 жылғы шілдедегі мәлімет бойынша, жоспарланған 70 станцияның 65-і орнатылған, қалған бесеуін жыл соңына дейін аяқтау көзделген. Жаңа станциялар қолданыстағы 28 станциядан тұратын жүйемен біріктіріледі. Бірақ мәселе тек станция санында емес. Сейсмологтар үшін ең маңызды үш нәрсе бар: ақпаратты ерте алу, оны дұрыс талдау және халыққа уақыт жоғалтпай жеткізу.
Бұл мәселенің өзектілігі биыл тағы да арта түсті. БҰҰ Орталық Азияның бірқатар бөлігін жоғары сейсмикалық қауіп аймағына жатқызды. Әсіресе Қырғызстан мен Тәжікстан аумағының басым бөлігі жоғары қауіп аймағында орналасқан. Қазақстанның оңтүстік-шығысы, соның ішінде Алматы маңы да осы тәуекелден тыс емес. Екі жыл бұрын, тіпті таяуда Қырғызстан аумағында болған магнитудасы 5,2 балдық жер сілкінісі Алматыда 2 балл деңгейінде сезілді. Демек, Алматы үшін сейсмикалық мониторингтің тиімділігі тек қала аумағында қанша датчик тұрғанымен өлшенбейді. Ош, Бішкек, Ыстықкөл, Нарын бағытындағы сейсмикалық белсенділікті де жедел бақылау қажет. Осы тұрғыдан алғанда экс-басшының «Бұл орталыққа неге басқа елдер енбеген?» деген сауалы заңды.
Қырғызстан бұл мәселеде Қазақстан үшін нақты мысал бола алады. Өйткені ел аумағының басым бөлігі өте жоғары сейсмикалық қауіп аймағында орналасқан. Бұдан бөлек, Қырғызстанның сейсмикалық процестері Алматыға тікелей әсер етуі мүмкін. Сондықтан Қырғызстанда ерте ескерту жүйесін дамыту идеясы бұдан он жыл бұрын көтерілген. 2016 жылғы деректер бойынша, Бішкек маңында 12, Ош бағытына жақын аумақта 6 сейсмикалық станция орналастырылып, олардың негізінде ерте ескерту жүйесі қалыптаса бастаған. Сол кезде Қырғызстан Қазақстанға да ортақ жүйеге қосылуды ұсынған. Бұл тәжірибеден шығатын негізгі сабақ – сейсмикалық қауіпсіздікті бір елдің шеңберінде қарастыру жеткіліксіз. Егер жер сілкінісінің ошағы Қырғызстанда орналасып, оның толқыны Алматыға қарай тараса, Қазақстанға ескерту алу үшін міндетті түрде дүмпудің Алматыға жетуін күтудің қажеті жоқ. Керісінше, шекараның арғы жағындағы датчиктерден алынған ақпаратты қазақстандық жүйе мүмкіндігінше тез өңдеп, қала тұрғындарына жеткізуі тиіс. Яғни мәселенің келесі кезеңі Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан арасындағы деректер алмасуды күшейту болуы керек. Бұл тұрғыдан Қазақстан-Қытай орталығы аймақтық ынтымақтастықтың бір бөлігіне айнала алады. Егер Қытайдың технологиялық әлеуеті, Қазақстанның ғылыми және мониторингтік инфрақұрылымы, Қырғызстан мен Тәжікстанның сейсмикалық тәжірибесі біріктірілсе, Орталық Азия үшін ортақ деректер кеңістігін қалыптастыруға мүмкіндік бар. Өйткені жер сілкінісімен күрестің ең тиімді жолы – оны тоқтату емес, оның салдарын барынша азайту. Ал бұл үшін ең қымбат ресурс – уақыт. Бірнеше секундтың өзі мыңдаған адамның өмірін сақтауы мүмкін. Оған дәлел – осыдан екі жыл бұрын Чолпон-Ата қаласынан солтүстік-батысқа қарай 35 шақырымда, Алматыдан оңтүстікке қарай 40 шақырымда, Бішкектен солтүстікке қарай 190 шақырымда болған 6,1 балдық жер сілкінісінен бірнеше секунд бұрын Қырғызстан азаматтарының телефонына алдын ала хабарлама келген.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ