Сараптама

Әбігерге салған АИ-95, АИ-98. Жанармайдың сапасына кім жауапты?

Соңғы уақытта АИ-95 және АИ-98 маркалы жанармайға қатысты көлік жүргізушілерінің шағымы көбейген.

1

Бірі жанармай құйғаннан кейін көлігінің оталмай қалғанын жеткізсе, енді бірі көлік қозғалтқышында ақау пайда болғанын айтып жатыр.Темір тұлпарын қалыпқа келтіру үшін көлік жөндеу орындарына жүгінуге мәжбүр болғандар да бар. Бұл жағдай көлік иелерін әуреге салып қана қоймай, қосымша шығынға батырып отыр.

Қазақстанның ірі қалаларында АИ-95 және АИ-98 маркалы жанармайды қолданған көлік жүргізушілері осындай мәселеге тап болған. Әлеуметтік желілерде де жүргізушілер аталмыш жағдайға қатысты оқиғаларын жарыса жазып жатыр. Мәселенің бәрі жоғарыда аты аталған маркадағы жанармайларды құйғаннан соң басталған. Мәселен, көлігіне АИ-95 бензинін құйған жүргізушінің айтуынша, көлігінің қозғалысында өзгеріс пайда болған. Бастапқыда ақау кондиционерді қосқан кезде байқалған. Кейін көлік бағдаршамда тоқтап, тежегішті басып тұрған сайын жоғары-төмен қозғала бастаған. Ал Алматыдан Қарағандыға жол тартқан BMW X7 автокөлігінің жүргізушісі жанармай құю бекетінен шыққаннан кейін, көлігінің жолда қалдырғанын айтады.

«Алматыдан Қарағандыға жолға шықтық. Оған дейін жол бойы АИ-95 бензинін құйып келгенбіз, өйткені АИ-98 кейде болмай қалатын. Алматыдан шығарда Helios жанармай бекетінен АИ-98 барын көріп, соны құйдық. Алайда 200 шақырымға да жетпей, көлік жолдың ортасында өшіп қалды. Балқашқа да жете алмадық. Ең қиыны, көлікте үш бала бар еді. Біз үшін бұл өте ауыр жағдай болды», – дейді жүргізуші.

Сонымен, көлікке құйылған жанармайдан кейін қозғалтқыш дірілдеп, машина жүрмей қалса, мәселені кім шешеді? Мамандардың айтуынша, жүргізуші көлігінің жанармай құйғаннан кейін бұзылғанын байқаса, төлем жасаған түбіртекті сақтап, жанармай құю уақыты мен бекеттің мекенжайын жазып алғаны жөн. Ал көлікті техникалық тексеруден өткізіп, ақаудың нақты себебін анықтау қажет. Мұндай жағдайда жүргізуші отынның сапасына күмән келтіруге құқылы. Сонымен қатар жанармай бекетіне ғана емес, мемлекеттік органдарға да шағымдануға болады. Ол үшін eOtinish порталы арқылы өтініш жіберу қажет. Азаматтың шағымы жанармай сапасына қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізуге негіз болуы мүмкін. Қажет болған жағдайда бақылау мақсатында жанармай үлгісі сатып алынып, зертханалық сараптама жасалады. Егер тексеру нәтижесінде отынның техникалық регламент талаптарына сай келмейтіні анықталса, жанармай бекетіне әкімшілік шара қолданылады.

Қолданыстағы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 415-бабына сәйкес, айыппұл көлемі кәсіпкерлік субъектісінің санатына байланысты белгіленеді. Жеке тұлғаларға 90 АЕК, яғни шамамен 354 мың теңге айыппұл салынуы мүмкін. Лауазымды тұлғалар мен шағын бизнес өкілдері үшін айыппұл 195 АЕК немесе 766 740 теңге болады. Орта бизнеске 310 АЕК, яғни 1,22 млн теңгеге жуық, ал ірі бизнеске 600 АЕК-ке дейін, шамамен 2,36 млн теңге айыппұл қарастырылған. Сондықтан жанармай құйғаннан кейін көліктің жұмысы бірден өзгерсе, чек пен жанармай құю туралы мәліметтерді сақтап, мәселені ресми түрде тіркеген дұрыс.

Жанармай сапасына қатысты жүргізушілердің шағымына Qazaq Oil компаниясы да назар аударды. Компания өкілдері осындай жағдайға тап болған көлік иелерінен жанармай құйған бекеттің нақты мекенжайы мен өз байланыс деректерін хабарлауды сұрап отыр. Бұл аталған жағдайларды тексеруге және мәселенің себебін анықтауға көмектеседі.

Жанармай сапасына қатысты туындаған мәселеге энергетика министрі Ерлан Ақкенженов те пікір білдірді. Министрдің сөзінше, жанармай құю бекеттері отынды мұнай өңдеу зауыттарынан алатынын алға тартса, зауыт өкілдері мәселе жанармай бекеттерінің өзінде пайда болуы мүмкін екенін айтып отыр.

«Жанармай құю желілері мұнай өңдеу зауытына сілтейді, ал мұнай өңдеу зауыты бұл желілердің мәселесі болуы мүмкін дейді. Барлығын анықтап, жақын арада бұл мәселеге нүкте қоямыз», – деді Ерлан Ақкенженов журналистерге.

Мәселенің мән-жайын анықтау үшін энергетика министрі орынбасарын Павлодарға жіберген.

«Қазір әлеуметтік желілерде бұл тақырып қызу талқыланып жатыр. Кеше менің орынбасарым, вице-министр Қайырхан Тұтқышбаев Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасарымен бірге Павлодар қаласына жіберілді. Қазір олар Павлодар зауытындағы отын сапасына қатысты заңбұзушылықтардың бар-жоғын тексеріп жатыр. Павлодар зауыты – «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының құрамындағы кәсіпорын. Яғни зауыт жанармай өндіреді. Қазір осы мәселені қарап, бақылауда ұстап отырмыз», – деді министр.

Жүргізушілердің шағымынан кейін Павлодар мұнай-химия зауытында өндірілетін АИ-95 және АИ-98 бензині де зертханалық тексеруден өтті. Кәсіпорын өкілдерінің мәліметінше, зауыттан шыққан отынның сапасына қатысты ақау анықталмаған.

«2026 жылғы 25 тамызда автомобиль бензинінің арбитражды сынамалары SGS Kazakhstan тәуелсіз зертханасында талданды. Сараптама қорытындысы бойынша АИ-95 және АИ-98 бензині мемлекеттік стандарттар мен техникалық регламент талаптарына (МЕМСТ 32513) сәйкес келетіні анықталды.Тексеру кезінде әрбір отын партиясы зауыттан жөнелтілер алдында алынатын арнайы үлгілер пайдаланылды. Мұндай сынамалар мөрленіп, арнайы жағдайда 45 күн сақталады. Бұл отын сапасына қатысты дау туындаған жағдайда сол партияны қайта тексеруге мүмкіндік береді», – делінген хабарламада.

Ерлан Ақкенженов жүргізушілерді көп күттірмей, жағдайдың тұрақталатынын айтқан-ды. Оның мәлімдеуінше, алдағы күндері жанармай құю бекеттеріне жаңа отын жеткізіле бастайды.

«Шамамен 10-12 күн шыдау қажет. Жанармайдың жаңа партиясы жолда келе жатыр. Атап айтқанда, Атырау мұнай өңдеу зауытынан жеткізіледі. Қысқа мерзім ішінде тиісті сапаны қамтамасыз етеміз», – деп сендірді министр.

Әлеуметтік желілерде жанармай сапасының нашарлауына Ресейден әкелінетін отын себеп болуы мүмкін деген болжам айтылып жатыр. Желі қолданушылары Ресейдегі бірқатар мұнай өңдеу зауыты дрон шабуылдарынан кейін жұмысын тоқтатқанын, соған байланысты К-2 санатындағы, яғни Еуро-2 талабына сай отынды сатуға рұқсат берілгенін айтып отыр. Ал Қазақстанда өндірілетін жанармай К-4 және К-5 санаттарының, яғни Еуро-4 және Еуро-5 талаптарының деңгейінде болуы тиіс. Дегенмен Ресейден сапасы төмен жанармайдың Қазақстанға жеткізілгені туралы ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ. Сондықтан қазір бұл тек болжам ғана.

Ендігі тексеру барысында ақаудың қай кезде пайда болғанын, яғни жанармайдың сапасына қатысты мәселе өндіріс орнынан шыққаннан кейінгі қай сатыда туындағанын анықтау маңызды. Әзірге жүргізушілер айтып отырған шағымдардың нақты себебі белгісіз. Ал сапасыз жанармайдан зардап шеккен көлік иелеріне өтемақы төлене ме деген мәселе де әзірге шешімін тапқан жоқ.

Маржан Сәбет

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз