Сараптама

Латынша жазу тоқтады. Оған Назарбаевтың не қатысы бар?

Естеріңізде болса, 2017 жылы күзде сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» жарлық шығарып, жұртты елең еткізген еді.

Назарбаев

Сол жоспар бойынша қазақ əліпбиі 2025 жылға дейін латын графикасына кезең-кезеңімен көшіп болуы қажет болатын. 

Одан бері 10 жылға жуық уақыт өтті, билік не «бізге жаңа әліпби қажет емес, жұмыс тоқтады» демеді, не әліпби әзірлеуді жандандырып, латын жазуына көшкен жоқ. Сөзбұйдаға салып жүріп алды. Ақыры, латын әрпінен көпшілік күрдер үзіп, жаңа әліпби жайлы әңгіме ұмытыла бастаған. Жақында сол тыныштықты Ғылым және жоғары білім министрлігі қайта бұзды.

19 тамыз күні «латын әліпбиіне көшу үшін бөлінген қаражат бюджетке қайтарылды, латын әрпімен билбордтар жазу уақытша тоқтатылды» деген ақпарат тарады. «Қазақ алфавитін латын графикасына көшіруге бөлінген қаражаттың негізгі бөлігі жұмыс жоспарының өзгеруіне байланысты бюджетке қайтарылды. Латынға толық көшу жаңа алфавит пен емле ережелері бекітілгеннен кейін ғана басталады. Мемлекеттік мекемелер, жекеменшік бизнес орындарына латын қарпімен жазылған маңдайшаны, ақпараттарды, билбордтарды орнатуды уақытша тоқтата тұруды ұсынамыз», – деп хабарлады Ғылым министрлігі.

Бірақ олар латын жазуына көшу идеясынан түбегейлі бас тарттық деген жоқ. Министрліктің мәліметінше, қазір Тіл білімі институтының, «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының және жоғары оқу орындарының ғалым-лингвистері қазақ тілінің латын графикасына негізделген әліпбиі мен емле ережесін жетілдіріп жатқан көрінеді.

Жаңа әліпбиге неге көше алмадық?

Ғылым және жоғары білім министрлігінің бұл ақпаратынан нені аңғаруға болады? Біріншіден, жаңа алфавиттің түпкілікті нұсқасы әлі дайын емес. 10 жылда көп көңілінен шығатын әліпби дайындай алмаппыз. Екіншіден, ғалымдар әліпбидің жетілдірілген нұсқасын әзірлеп жатыр. Бірақ ол қашан дайын болатыны белгісіз. Үшіншіден, мекемелер ғимарат маңдайшасына латын әрпімен жазу жазуды тоқтатуы қажет. Қысқасы, бұған дейін латын әліпбиіне көшу-көшпеуіміз 50/50 пайыз болып тұрса, бүгіннен бастап жобаның жүзеге аспай қалу қаупі артып, таразының сол жақ басы ауырлап кеткен сияқты.

Көпшілік Ғылым министрлігінің «нақты әліпби бекітілгенше мекеме атауын латынша жазбаңдар» деген ұсынысын қолдайды. Шынын айту керек, латын әліпбиіне көшу жайлы әңгіме алғаш айтылып, алфавиттің әртүрлі нұсқасы ұсынылып жатқан тұста не үшін екені белгісіз мемлекеттік мекемелер ғимарат маңдайшасына латынша атаулар іле бастады. Тіпті Бас прокуратураның өзі атауын латын әрпімен жазып қойды. Көштен қалмай «жаңа әліпбиге» көшіп алған мемлекеттік мекемелер, әкімдіктер де аз емес.

Негізі латын әліпбиіне көшу идеясын халықтың біршама бөлігі құптаған. Өйткені халық мұны Ресей ықпалынан алыстап, Түркі елдері мен Еуроодақ әлеміне жақындаудың бастамасы деп түсінді. Сондай-ақ қазіргі ғылым-техника дәуірінде латын әрпі тиімді болуы мүмкін еді. Әу баста ғалымдар латын жазуына көшудің пайдасын осылай тәпсірлеген. Бірақ ұзаққа созылған дау-дамайдан кейін көпшіліктің көңілі су сепкендей басылды. Билік басындағылардың да ынтасы қайтып қалды. Ақыры, қарқынды басталған жобаның соңы сиырқұйымшақтанып кетті.

2017 жылы күзден бастап 2022 жылға дейін латын әліпбиінің сан түрлі нұсқасы ұсынылды. Атап айтқанда, апострофты, диграфты, нүктелі және диакритикалық белгілері бар алфавиттер жасалды. Ең қызығы, осының бәрі жұрт көңілінен шыққан жоқ. Тіпті «saebiz» деген сияқты күлкілі сөздер туындап, жұрт сынына ұшырады. Мұның бәрі латын әліпбиі төңірегіндегі негативті күшейтіп, халық арасындағы сүйкімін қашырды.

Оның үстіне жаңа әліпби ел халқын екіге бөлуі мүмкін еді. Өйткені билік орыстілді, аралас тілді және өзге этнос өкілдері білім алатын мектептерде кириллица сақталып, қазақтілді мектептер ғана латын әліпбиіне көшеді деген шешім шығарды. Яғни бұл жоба жүзеге асса, қазақтілділер бір әліпбимен, өзгелер тағы бір әліпбимен өмір сүруге тура келетін. Бұл құптауға тұрарлық қадам емес екені анық еді.

Латын әліпбиіне көшу. Хронология

Тәуелсіздік алған кезден бастап қазақ алфавитін өзгерту жайлы әңгіме оқта-текте айтылып қалатын. Назарбаев бұл туралы алғаш рет 2006 жылы Қазақстан халқы ассамблеясының сессиясында айтты. 2012 жылы жарық көрген «Қазақстан-2050» стратегиясында да латын жазуы жайлы айтылған. Экс-президенттің бұл бастамаға шындап кіріскен тұсы – 2017 жыл. Сол жылы қазанда ол «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» жарлыққа қол қойып, «2025 жылға қарай іс қағаздар, мерзімді баспасөз, оқулықтар латын әліпбиімен шыға бастауға тиіс» деп мәлімдеген.

Осыдан кейін ғылыми ортада қарбалас басталды. Бұл туралы жоғарыда жаздық. 2018 жылы ақпанда Назарбаев түрлі нұсқалар арасынан диакритикалық белгілер қолдануды ұсынатын әліпбиді бекіткен. Бірақ ол нұсқа да сынға ұшырады. Соған қарамастан, бұл нұсқа қолданыла бастады, сол қатарда ғимарат маңдайшаларына латынша жазу жазылды.

Бірақ елде билік ауысқан соң бұл үрдіс өзгерді. 2022 жылы сәуірде Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің бірінші отырысына қатысқан президент Қасым-Жомарт Тоқаев «латын әліпбиіне тез арада көшуіміз керек деп, көптеген өрескел қателік жібердік» деп мәлімдеді. Ал сол жылы маусымда ол латын әліпбиіне көшу мәселесінде «асығыстық танытпау қажет екенін» еске салды. Осыдан кейін елде латын қарпіне көшу жайлы талқы саябыр тапты.

Басқаша айтқанда, 2022 жылдан бастап латын жазуына көшу жоспары іс жүзінде тоқтады. Үлкен мінберлерден бұл бастама туралы мүлде айтылмайтын болды. Тек кітапханалар мен ғылыми мекемелерде бұрынғы екпінмен «латын әліпбиі – заман талабы» деген сияқты дөңгелек үстелдер ара-тұра өтіп жататын. Шамасы, енді мұндай отырыстар да тоқтауы мүмкін.

Асылхан Мамашұлы

Асылхан Мамашұлы, зерттеуші-журналист: Алғашқы әліпбиді Назарбаев жасаған

– Латын әліпбиіне көшу мәселесін бастан-аяқ бақылап отырдым десем, қателеспеймін, осы тақырыпта бірнеше мақала жаздым. Бұл тақырыпты бір кісідей білемін. Менің ойымша, латын әліпбиіне байланысты әңгіменің бәрі 2022 жылы 24 ақпанда Ресей Украинаға басып кірген сәттен бастап тоқтады. Өйткені осы оқиғадан шамамен 10 күннен кейін президент Тоқаев Тіл білімі институтының басшысы Анар Фазылжанованы қабылдады. Өз басым сол қабылдаудан кейін латын жазуы мәселесі тоқтады деп санаймын. Әрине, бұл туралы ресми ақпарат тараған жоқ. Бірақ менің шамалауымша, Ресейдің Украинаға қарсы әрекетіне байланысты латын әліпбиіне қатысты тақырып жабылған сияқты.

Ал «бөлінген ақшаны бюджетке қайтарыпты» деген әңгімені мүлде түсінбедім. Бұл бастаманы Назарбаев 2017 жылы қыркүйекте қозғаған. Содан кейін жаппай жоспар жасап, іске кірісті. Сол кездегі жоспар бойынша, 2025 жылға дейін Қазақстан кезең-кезеңімен латын әліпбиіне өтіп болуы керек еді. Соған байланысты Қазақстан Үкіметі латын әліпбиімен айналысатын мемлекеттік ұйымдарға ақша бөлді. Билік кем дегенде 2-3 жыл латын әліпбиі деп шапқылады. Қаншама ғылыми конференция өтті, қаншама іссапар болды, қаншама жиналыс өтті. Яғни бөлінген қаржының бәрі осы жұмыстарды атқаруға жұмсалып кетті. Латын әліпбиіне көшу жұмысымен мемлекеттік мекемелер айналысты, ал мемлекеттік мекемеге бөлінген қаржы сол сәтте игеріледі. Оны пәлен жылдан кейін қайтару мүмкін емес. Ал 2022 жылдан бері бұл бағытта қаржы бөлінді деп ойламаймын. Ендеше, бөлінбеген қаржыны қайтару да мүмкін емес. Сондықтан латын әліпбиіне бөлінген ақша бюджетке қайтарылды деген жай көңіл үшін айтылған ақпарат деп санаймын.

Бұл жерде ғылым министрі Саясат Нұрбек латынға байланысты әңгіменің тоқтағанын ресми түрде мәлімдеді деп санаймын. Бұған дейін «біз латын әліпбиіне көшпейміз» деген ресми шешім қабылданған жоқ, уақытша тоқтатылғаны туралы да әңгіме айтылмады. Енді соны министрлік ашық айтып отыр. Латын әрпімен жазылған жазуларды реттеңдер деген сөздің өзі осы мағынаны білдіреді. Жаңа құрылған «Әділет» партиясының атауы әртүрлі әріппен жазылып тұр. Соны дұрыстасын бірінші. Осылай әркім әртүрлі жазбас үшін латын әліпбиімен жазуды уақытша тоқтатқан болуы мүмкін.

Мекемелердің маңдайшасындағы латынша жазулар не болады? Бұған аса көп бас қатырудың қажеті шамалы. Жоғарыдан бұйрық түссе, әкімдіктер маңдайшасындағы жазуды кириллицамен жаз десе – кириллицамен, үш тілде жаз десе – үш тілде жаза салады. Атауларды кириллицаға қайтарған да дұрыс болатын шығар. Өйткені бәрі бір әліпбимен болғаны дұрыс қой. Әркім өз білгенінше жазып жүр. Мысалы, Астанада бір қонақүйдің шыға берісінде «шығу» деген жазу латынша жазылып тұр. Ананы оқысаңыз анайы мағына шығады. Бұлай болмайды.

Ал енді латын әліпбиіне неге көше алмадық, дау неге көбейіп кетті дегенге келейік. Негізі бұл дауды тудырған ғалымдар емес, Назарбаевтың өзі. Әңгімені басынан бастайық. Латын әліпбиіне көшу жайлы 1990 жылдардың басында айтыла бастады. Түркі халықтарының ғалымдары бас қосып, «ортақ жазу қалыптастырайық» деген мақсатпен осыны қолға алған. Оның бастауында Әбдуәли Қайдар тұрды. Сол кісінің бастамасымен Тіл білімі институты 2000 жылдардың өзінде латын әліпбиін жазып, дайындап қойған. Ол жөнінде қаншама монография жазылып, қаншама зерттеулер жасалды. Яғни бізде латын әліпбиі дайын тұрған. Бірақ оны билік қолдай қоймады. Тек 2017 жылы аяқ астынан Назарбаевтың өзі латын жазуына көшкісі келе қалды. Назарбаев айтқан соң үлкен науқан басталды.

Біріншіден, Қазақстанда латын әліпбиіне көшуді қолдайтын адамдар аз емес. Соны Назарбаев түсініп, «көшсек, көшейік» деді. 2017 жылы бастап, 2025 жылы аяқтайтын бағдарлама жасалды. Бірақ дау көбейіп кетті. Осы жерде жұрт білмейтін бір жағдай бар. Дауды Назарбаев өзі тудырды деп неге айтып отырмыз? Латын әліпбиіне көшетін кезде Назарбаев өзі бір парақ қағазға «латын әліпбиі мынадай болады» деп, әр әріптің тұсына өз нұсқаларын қойып, әліпбидің алғашқы нұсқасын өзі жасаған. Соны көмекшілері арқылы Тіл білім институтына беріп жіберген. Көмекшілер институтқа келіп, «латын жазуына көшеміз, бірақ сендер жасаған әліпби жарамайды, мына алфавитті қабылдайсыңдар» деп Назарбаев жасаған нұсқаны берген. Оны көрген кезде ғалымдар шалқасынан түскен. Бірақ «Президент ешкіммен ақылдаспай, қалай әліпби жасайды, ол ғалым емес қой?! Біз өзіміз ұзақ жыл зерттеп, дайындап отырған әліпбиіміз бар. Біз мына нұсқамен келіспейміз» деп ешкім айта алмаған. Сөйтіп алғаш болып осы нұсқа ұсынылды. Бірақ ол өте орашолақ, күлкілі әліпби болатын. Содан барып дау туды. Қоғам сынынан кейін бұл нұсқаны аздап түзетті, жетілдірді. Бірақ бәрібір оңбады. Іргетасы дұрыс қаланбаған үйдің қабырғасын қанша сәндесең де жақсы баспана шықпайды. Мына жағдайды осымен салыстыруға болады. Әу бастағы нұсқасы сәтсіз жасалғандықтан, кейінгі түзетулер еш пайда бермеді. Өйткені ол ғалымдардың қолынан өтпеген, бір адам ұсынған дүние болатын. Билік араласпай, ғалымдарға тапсырғанда мұндай дау тумас еді, тіпті 2025 жылға дейін латын әліпбиі қабылданып кетуі де мүмкін еді.

Бұл мәселе бойынша ғалымдармен көп сөйлестім. Алғашқы әліпбиді Назарбаев өзі жасап, ұсынды дегеннің шын екеніне сенімдімін. Бұған тағы бір дәлел бар. Әліпбиде «Нұрсұлтан» дегендегі «ұ» әрпі ағылшынша «u» әрпімен берілген. Негізі бұл «у» дыбысына сұранып тұрған таңба. Бірақ экс-президенттің есімін әдемі жазу үшін осы әріпті «ұ» дыбысына берді. Ғалымдар соны өзгерте алмай қойды. Кейін Тоқаев тұсында жасалған нұсқада осы әріпті ауыстырыпты. Сосын мен Тіл білім институтына хабарласып, қалай ауыстырғанын сұрадым. Сол кезде олар «мұны ешкім байқамаса деп едік, қалай байқап қойдыңыз» деп шошып кетті. Қысқасы, бір әріпті Назарбаев қызметінен кеткен соң да өзгертуге қорқып отыр. Мұндай жұмыстардың бәрін шенділер емес, ғылыми-зерттеу мекемелері айналысуы керек. Бізде билік араласады да, ғылымның быт-шытын шығарады.

Қуаныш Қаппас

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз