Сараптама

Вице-президент кәстөмін киді бірақ ол ертең қайта шеше ме?

Сонымен Құрылтайдың бірінші сессиясы ертең, 28 тамыз күні өтеді. Жиында көптен күткен жұмбақтың жауабы айтылып, вице-президенттің аты аталуы да мүмкін.

вице-президент

 Әзірге есім-сойын президент қана білетін жаңа лауазым иесі кім? Тісқаққан саяси сарапшылардың өзі бұған болжам жасап, «жауырын ашқысы» келмейді. Өйткені «айтқаным айдалаға кете ме» деп қауіп қылады.

Есесіне, қарапайым жұрт виценің орынтағына өз қалағандарын «отырғызып» жатыр. Себебі түсінікті, жұрттың бәрі вице-президентті болашақ президент деп ойлайды. Кеше ғана екі жердегі екінің төрт болатынындай сол айқын дүние қазір сәл «ескіре» бастаған сыңайлы. Неге? Алдымен ел аузындағы «вицелерді» бір «түгендеп» шығайық, сауалдың жауабын сосын айтамыз.

Әне-міне белгілі болғалы тұрған вице-президентті әлеуметтік желі қолданушылары Ақорданың айналасы мен Үкіметтің төңірегінен «іздеп» жүр. Бір есептен, бұлары дұрыс. Өйткені президенттің өзі «ол белгілі, сіздер жақсы білетін адам болады деп ойлаймын» деген. Сондықтан билік маңындағы белгілі саясаткерлерді ойша болса да «белгілеудің» ерсілігі жоқ секілді. Дегенмен вице-президентті «қиырдан әкеліп» жатқандар да бар. Қызық болсын, ел көңіліндегі ықтимал үміткерлер мәселесін осыдан бастайық.

Иманғали ТАСМАҒАМБЕТОВ
Фото: ашық дереккөз

Байқадыңыз ба, соңғы күндері жорамал жетегіндегі бірқатар жұрт Иманғали ТАСМАҒАМБЕТОВТІ де вицелікке «сүйреді». Олардың ойынша, Иманғалиді Кремль ұсынуы мүмкін-міс. Бұл ойдың жаны бар сияқты. Алайда Ресей ұсынса, Тоқаев қолдай кетеді деу – бекер. Себебі ОДКБ-ны 2023-2025 жылдары басқарған саясаткер Ресейге жаққанымен, Украина үшін «жау» атанды. Украиналық «Миротворец» сайты Тасмағамбетовті «Ресей әскеріне көмек көрсету үшін ОДКБ әскерін жіберуге дайын болды, Украина аумағына «Орешник» зымырандарымен жасалған соққыларды ақтады» деген секілді бірнеше айып тағып, «қылмыскер» қатарына қосты. Демек, Ресейді басқыншы мемлекет деп санайтын әлем елдеріне Тасмағамбетовтің «сүйкімсіздеу фигура» болып көрінетіні анық.

Оның үстіне Тасмағамбетовті Тоқаевтың қасына ойша болса да, отырғызу қиын. Себебі екеуінің жұмыс стилі де, басқару мәнері де өзгеше. Бұған енді Имекеңнің биыл 70-ке толатынын қосыңыз. 73-тегі президенттің қасына 70-тегі вице-президент келіп қосылса, оны Қазақстан жұрты былай тұрсын, басқалар қалай қабылдайды?!

Дариға Назарбаева
Фото: Kazakhstan's Presidential Press Service/AP

Вице-президент лауазымы пайда болатыны туралы ақпар тарағанда-ақ, «Сол орынға далаң етіп, Дариға НАЗАРБАЕВА отыра қалмай ма?» деген уайым біраз жұрттың басында болған. Тіпті журналистер осы сауалды депутаттарға қойғаны да есімізде. Вице-президенттің кім екені анықталатын күн таяған сәтте де, Дариғаның есімі әр-әр жерден көрініп қалып жатыр. Бірақ бұл болжамның ықтималдығы тым төмен. Өйткені ерке қыз «атқа мінсе», кейінгі бастамалар мен өзгерістер ертегіге айналып, «Жаңа Қазақстан» тіркесінің күл-паршасы шығады...

Мәжіліс төрағасы
Фото: AMANAT партиясы

Енді бірқауым ел Ерлан ҚОШАНОВ пен Мәулен ӘШІМБАЕВТЫ да вицелікке үміткерлердің «көшіне» қосты. Рас, бірі – Мәжілісті, бірі – Сенатты басқарған. Бұл екі саясаткердің ілгеріде не істегенін айта беру шарт емес. Маңыздысы, 2019 жылы Тоқаев билікке келген соң, Қошанов Президент әкімшілігіне жетекшілік етсе, Әшімбаев көмекші болып, президенттің қасында жүрді. Яғни екеуі де ел басшысының қолайына жағатын кадр ретінде көрінді. Әрі сол кезден бері төмендеген жоқ, саясат әлемінде әрқайсысы бір-бір «төбеге» айналды. Міне, Қошанов пен Әшімбаевтан вице-президент «жасағысы» келетіндер осы мәселелерді ескерген сияқты. Алайда «ел ішінен «шықпаған» екеу халықаралық саясатта ақсауы мүмкін» дейтіндер де кездеседі.

Мұрат Нұртілеу
Фото: ашық дереккөз

Әңгіме осы тұрғыдан қозғалса, Мұрат НҰРТІЛЕУ мен Ермек КӨШЕРБАЕВТЫҢ кандидатурасы «андағайлап», алға шығатыны рас. Алдымен Мұрат Нұртілеуге келейік. Саясаткер қарғадай күнінде-ақ Сыртқы істер министрлігінде мемлекеттік хаттама қызметінің атташесі болған. Бұл кезде Сыртқы істер министрлігін қазіргі президент басқарғанын ескеріңіз. Содан кейінгі қызмет жолында Тоқаевтың маңынан ұзаған жоқ. Дипломатияның «бұлағынан» қалағанынша «қанып ішіп», небір жауапты қызметтердің құлағын ұстады. Тек өткен жылғы «ұсталды» деген ақпар ғана саясаткердің карьерасына жұққан «кірдей» көрінген. Бірақ Мұрат Нұртілеу вице-премьер-Сыртқы істер министрі лауазымынан босағанымен, көмекші ретінде президенттің қасында қалды.

Ермек Көшербаевтың астына «көпшік қойып» жатқандар да оның дипломатиялық «дәрменіне» ден қояды. Өйткені бүкіл әлем «әлем-тапырық» болып жатқан қазіргі кезеңде Сыртқы істер министрлігінің тізгіні тегін кісіге берілмесе керек. Еңбек жолының өзін осы саладан бастаған саясаткер 2000-шы жылдарға дейін Сыртқы саясат пен Елшілік қызметтерде жүріп, «шынықты». Тек оншақты жыл «ҚазТрансОйл», «ҚазМұнайГаз» секілді ұлттық компанияларда «күн өткізіп», Тимур Құлыбаевқа кеңесші болып, «уақыт өлтіргенін» есептемесеңіз, басынан аяғына дейін – дипломат.

Ерлан Қарин
Фото: Ақорда

Ендігі бір қауым ел вице-президенттің орынтағынан Ерлан ҚАРИНДІ «көріп» отыр. Олардың ойынша, Қарин – шенеунік күйінде «туылып», «тумысынан» тізгін ұстағандардың қатарынан емес. «Үлкен саясатқа халық тарапынан келіп қосылды. Сондықтан кейбір өзекті мәселелерге бұқаралық ракурспен қарайтын «дәлдігі» оның бәсін арттырады» дейтіндер бар. Бұл уәж де көңілге қонымды көрінеді. Өйткені бұған дейінгі Ұлттық құрылтай мен жаңа Конституцияға қатысты бар жұмыстың жауапкершілігі мен ауыртпашылығын өзі көтерді. Осы тұрғыдан қарағанда, виценің креслосы Қаринге «қарап тұруы» да мүмкін.

Айбек Дәдебай
Фото: Ақорда

Сондай-ақ Нұрлыбек НӘЛІБАЕВ пен Қанат БОЗЫМБАЕВТЫ, тіпті Айбек ДӘДЕБАЙДЫ да «үкілеп» ортаға шығарғысы келетіндер аз емес. Алайда президенттің таңдауы кімге түсетіні әзірге тек өзіне ғана аян. Жоғарыда аты аталғандардың бірі, тіпті мүлде басқа адам келуі де ғажап емес. Сондықтан «Кім болады?» деген сауалды кейін ысыра тұрып, жоғарыдағы уәдеміз бойынша ең негізгі мәселеге көшейік.

Вице-президенттің кім болатынын неге Астанадағы мемқызметкерден бастап ауылдағы механизаторға дейін талқылап жатыр? Өйткені жұрт президент кете қалса, орнын вице-президент баса қалады деп ойлайды. Бір есептен, мұндай пікірдің қалыптасуының да өзіндік себебі бар. Естеріңізде болса, 2022 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында былай деген: «Мен көп ойланып, Президент өкілеттігі мерзімдерінің санын және ұзақтығын қайта қарау керек деген байламға келдім. Президент мандатының ұзақтығын 7 жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсынамын. Бірақ қайта сайлануға тыйым салынады».

Міне, «баса қалу» туралы байлам жұрттың қауашағына осы тұстарда «қонақтады». Себебі 2026 жылы орынтағына отырған вице-президент үш жылдан кейін өтетін президенттік сайлауға «сақадай сай» болуы мүмкін. Әйтсе де, кейінгі жағдайлар біршама өзгергені белгілі. 2026 жылдың шілде айында Конституциялық сот «Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауға түсуге құқылы» деген қорытынды берді. Күні кеше президенттің өзі Конституциялық сот шешімін көлденең тарта отырып, сайлауға түсуге құқы бар екенін ескертті. Бірақ сайлауға түсу-түспеуге қатысты сауалдың жауабын «әлі ерте» деген сөзбен келте қайырды.

Демек, президент өз құқын пайдаланып сайлауға түссе, өкілеті тағы бір мерзімге ұзарады. Алайда президенттің өкілеті ұзарды деген сөз – вице-президенттің де өкілеті ұзарады дегенді білдірмейді. Сақа саясаткер вицені сыртынан ғана бақыламай, қасына алып отырып та сыннан өткізуі мүмкін. Егер қадамы қиыс кетіп, «қылтың-сылтыңы» байқалса, орнынан алып тастайды. Өйткені вице-президентті Құрылтайдың келісімімен президент тағайындайды. Тағайындауға екі мәрте келісім бермесе, Құрылтайдың өзін таратып жіберуге президенттің пәрмені бар. Демек, өзі тағайындаған вицені алып тастау құқы – тек президенттің ғана қолында.

Міне, осыны ескерсеңіз, 35 жылда екі президентке бағынған бұқара алдағы уақытта әлі талай вицені көруі мүмкін. Әлі келіп үлгермеген жаңа лауазым иесін «киіндіріп-шешіндіріп» жатқанымыздың да себебі – сол. Өйткені ертең келетін вице – нағыз виценің өзі ме, әлде «вице шалыс» адам ба, оны уақыт көрсетеді.

Сансызбай НҰРБАБА

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз