«Мая үстінде отырған ит» немесе Қазақстанның Норвегиядан несі кем?
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай депутаттарының сайлауында дауыс беріп, кейін БАҚ өкілдеріне арналған брифингте Ұлттық қордың қаражатына қатысты маңызды мәлімдеме жасады.
Мемлекет басшысы ел алдында ауқымды міндеттер тұрғанын айтып, Қазақстанды үлкен құрылыс алаңына айналдырып, ең алдымен азаматтарға арналған әлеуметтік нысандар салу қажеттігін жеткізді. Президент бұл мақсатқа Ұлттық қордың қаржысын пайдалануға дайын екенін ашық айтты. Сондай-ақ шөпті не өзі жемейтін, не өзгеге жегізбейтін «мая үстінде отырған ит» сияқты болмауымыз керек екенін де ескертті.
«Халықтың игілігіне жарата алмасақ, қаражатты шетелдерде құнды қағаз ретінде ұстап отырудың қажеті қанша», – деген президент қаржыны жай ғана сақтап отыруға қарсы екенін білдірді.
«Қаржыны жай ғана сақтап отыруға қарсымын. Қаражат халқымыздың, азаматтарымыздың игілігіне қызмет етуі керек. Әрине, әлемдегі жағдайға баса назар аударуымыз керек, жан-жақты талдау қажет. Өздеріңіз білесіздер, геосаяси ахуал күрделі. Бұралаң жолмен жүргенімізге қарамастан, ел ішінде бейбітшілікті сақтап, дамуға қарай бет алып келеміз. Экономикалық өсім байқалады. Мұны негізі халықаралық институттардың бағасы растады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Әуелгі мақсат қандай еді?
Президенттің осы мәлімдемесінен кейін-ақ «Ұлттық қорды сақтаудағы әуелгі мақсат өзгере ме, қысылтаяң кездерде қайтпек керек?» деген сауал көптің көңілін күпті етті.
Негізінде, біз осы уақытқа дейін «Ұлттық қор – болашақтың несібесі, қысылтаяң шақта іске қосылатын қауіпсіздік жастығы» деген сөздерді жиі естіп келдік. Ұлттық қорды көбейтудің екі жолын ұстандық. Біріншісі – мұнайдан түскен түсім. Бұл жолда қаржы ең әуелі Ұлттық қорға түседі. Содан кейін барып трансферт арқылы бюджетке бағытталады. Екіншісі – инвестициялық кірісті арттыру.
Мәселен, бұған дейін Ұлттық қордың инвестициялық кірісін арттыру мақсатында 80/20 пайыздық меже қолданылып келді. Яғни қор қаражатының 80 пайызы облигацияларға, қалған 20 пайызы акцияларға инвестицияланды. Алайда 2023 жылдан бастап Үкімет пен Ұлттық банкке Ұлттық қорды басқару параметрлерін қайта қарау тапсырылды. Соның нәтижесінде қор активтерін орналастыру құрылымы өзгерді. Қазір қаражаттың 60 пайызы облигацияларға, 30 пайызы акцияларға, 5 пайызы алтынға, тағы 5 пайызы баламалы қаржы құралдарына бағытталады. Бұл өзгеріс инвестициялық портфельді әртараптандырып, Ұлттық қордың кірістілігін одан әрі арттыруға бағытталған.
Жалпы, Қазақстанның Ұлттық қорын сарапшылар Норвегияның Мемлекеттік зейнетақы қорымен жиі салыстырады. Ескеретіні, соңғы сегіз жылда еліміздегі мұнай өндірудің көлемі Норвегияның мұнай өндіру деңгейімен бірдей, тәулігіне 1,8-2,0 млн баррель болды. Алайда Ұлттық қорымыздың көлемі Норвегияның тобығына да жетпейді. Бүгінгі таңда Норвегия Мемлекеттік зейнетақы қорының есебінде 1,4 трлн АҚШ доллары бар, ал біздегі Ұлттық қордың қаражаты 64 млрд доллардан енді асты. Енді қайтпек керек, әуелгі мақсатты өзгерту қажет пе?
Сала мамандарының пайымдауынша, негізі Ұлттық қорда бар 64 млрд долларды сақтау, оның жұмсалуын қатаң бақылау және қор көлемін одан әрі ұлғайту аса маңызды. Алайда бізде осы уақытқа дейін бұл тәртіп, қатаң бақылау дұрыс сақталмады. Бұған қатысты бірнеше дерек тіркелді. Тіпті еліміздің Жоғары аудиторлық палатасы да Ұлттық қордың қаражатын жұмсауға қатысты талай заңсыздықтарды әшкере етті.
Мәселен, биыл Жоғары аудиторлық палатасы 2023-2024 жылдары Ұлттық қор қаражатының жұмсалуына ауқымды тексеру жүргізген. Аудит барысында Ұлттық қордан нысаналы трансферт түрінде бөлінген 3,4 трлн теңгеге қаржыландырылған 3 мыңнан астам жоба, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілеріне берілген 3,8 трлн теңге көлеміндегі облигациялық қарыздарқамтылған. Бас аудитор Әлихан Смайыловтың дерегінше, Ұлттық қор қаржысы нәтижелі жобалармен қатар дайындық деңгейі талапқа сай келмейтін бастамаларға да бағытталған. Кейбір жобалардың жобалау-сметалық құжаттамасы дайын болмаса, енді бірінде қажетті жер телімі де болмаған. Мұның салдарынан 394 млрд теңгеге бағаланған 500-ден астам жоба тоқтатылған немесе басқа жобалармен алмастырылған.
Аудиторлар квазимемлекеттік секторға берілген облигациялық қаржыландыруды бақылау тетіктерінің де жеткіліксіз екенін атап өтті. Бұл өз кезегінде қайтарымы төмен жобаларды қаржыландыруға және жеңілдікті қарыздарды белгіленген мақсаттан тыс пайдалануға жол берген.
Міне, осындай деректерден кейін сала мамандарының Ұлттық қордың жұмсалу функциясын да, басқару функциясын да өзгертетін кезең жеткенін айтады.
Неден жаңылдық?
Экономика ғылымының докторы, профессор Бейсенбек ЗИЯБЕКОВТІҢ сөзіне сүйенсек, біз өзі әу бастан Ұлттық қордың басқару функциясын дұрыс жасамаппыз. Маманның ойынша, Ұлттық қорға мүлдем қаражат алынбайтындай, болашаққа сақталатындай етіп, бюджеттен артылған қаржыны ғана жинауымыз керек еді. Бізде, керісінше, мұнайдан түскен түсімнен бөлек, мұнай секторы ұйымдарының тура салықтары, корпоративтік табыс салығы, үстеме пайда салығы, пайдалы қазбаларды өндіру салығы, өнімді бөлу бойынша үлестер және тағы басқа салықтар алдымен Ұлттық қорға жиналады. Содан барып бюджетке ақша жетпей жатса, сол жиналған қаржыны шетінен ала береміз.

«Ұлттық қорға мүлде қол салмайтындай, бюджеттен артылған қаражатты салып отыру керек деп қанша айттым, жаздым. Сөзіме құлақ асқандар болмады. Кезінде қарапайым банк қызметкерінен директорлар кеңесінің төрағасына дейін көтерілдім. Ұлттық банкке стратегиялық ұсыныстарды айттық, даярладық. Ұлттық қорға қатысты сол кезде айтқан сөзімнен әлі тайқымаймын. Бізге бюджетке керекті нақты қаражатты, түсімдерді нақты есептеп алып, соның барлығын алдымен бюджетке бөлу керек. Сосын артылғанын қайта алынбайтындай етіп, Ұлттық қорға сақтап отырған жөн еді. Шындап келгенде, қазір бізде артылып жатқан қаражат та жоқ. Тек сырттан қарыз алып, дамыған елдердің қатарына қосылғымыз келеді. Үкіметке Ұлттық қор өзімізді бай сезіну үшін ғана керек тәрізді. Ұлттық қорымыз бола тұра біз неліктен қарызға белшеден баттық деген сауал қазір әркімді толғандырады. Болашақта Үкімет осы сауалдарға ел алдында ашық жауап беруге дайын болуы керек. Бұл қорды халықтың өзі қызғыштай қорып, әр тиынына дейін Үкімет халыққа нақты-нақты, әр тоқсан сайын есеп беріп отырғаны жөн», – дейді Бейсенбек Зиябеков.
Сондай-ақ маманның пайымдауынша, қор қаражатының бір бөлігін отандық экономиканы жетілдіруге салған дұрыс. Еңбек өнімділігін арттырып, отандық өнім шығаратын салаларға бағыттап, елдің өндірістік қабілеті артып жатса, қанеки. Алайда қордың қаражатын түгелдей құрылыс саласына салып жіберіп, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға ғана бағыттау дұрыс емес. Ұлттық қордың қаражаты табыс әкеліп тұратын салаларға ғана салынғаны жөн.
«Экономика өссе, қорға тиіспейтін едік»
Экономика ғылымының докторы, профессор Атамұрат ШӘМЕНОВТІҢ пікіріне жүгінсек, экономикамыз дүрілдеп өсіп жатқан болса, Ұлттық қордың қаражатына қолымызды да тигізбейтін едік. Ұлттық қор қысылтаяң шақтарға сақталып тұра беретін еді. Қазір амалсыздан қордың қаражатын талғажау етіп, шатқаяқтап тұрған салаларға сол арқылы дем бергіміз келіп отыр.
«Ұлттық қордың негізгі философиясы болашаққа қор жинау болды. Алайда қазір Үкімет жыл сайын бюджеттің дефицитін Ұлттық қор арқылы толықтырып отыр. Бұл үйреншікті әдетке айналды. Енді осы арада президенттің қордың «қаражатын халықтың игілігіне, елдің әлеуметтік жағдайын түзеуге жұмсау керек» дегені бір жағынан дұрыс та болар. Бұл – әлі зерттелетін тақырып. Бұл – бір.
Екіншіден, қордың қаражатын келешек ұрпаққа қалдыру мақсатында «Ұлттық қор – балаларға» жобасы іске асырылып жатыр. Бұл да әжептәуір бастама. Аяғына дейін мұны сауатты жеткізе алсақ, там-тұмдап болсын келер ұрпаққа бірдеңе бұйырар еді.

Үшіншіден, қордағы қаражатты қоңды ету мақсатында шетелдік инвестицияларға салып жатырмыз. Әлемдік геосаясаттың құбылып тұрғанына қарасақ, мұны да өте қырағылықпен істеу керек. Президент осыны меңзеп отыр. Қазіргідей аумалы-төкпелі заманда инвестициялық табыстың өзінен ұтылып қалмауымыз керек. Сондықтан да Ұлттық қордың қаражатын отандық экономикаға жұмыс істету маңызды. Мысалы, қайбір жылы зейнетақы қорының қомақты қаражатын Ұлттық банк Әзербайжан банкіне салып жіберді. Қазіргі күнге дейін сол қаражаттан табыс ала алмай отырған жайымыз бар. Шетелдің инвестицияларының да құны түсетін кездер болады. Осыны ескерсек, Ұлттық қордың қаражатын өте сақтықпен жұмсау керек. Экономикада қилы құбылыстар болады. Сондықтан индустриялық-инновацияны жетілдіретін салаларға қордың қаражатын бағыттаған дұрыс. Алайда қорды тұтас жұмсап жіберуді өз басым құптамаймын. Қор келешек ұрпақтың еншісі ретінде сақталуы керек. Әлдеқандай заман болса, қорымызда қаражат болғаны абзал», – дейді экономист Атамұрат Шәменов.
«Ұлттық қорды сарқуға болмайды»
Осы саланы зерттеп жүрген экономист-ғалым Сапарбай ЖОБАЕВТЫҢ сөзіне сүйенсек, керісінше, бұл арада Қазақстанның инвестициялық әлеуетін сақтауды ұмытпауымыз керек. Ол үшін қордың қаражаты міндетті түрде дамыған бай мемлекеттердің бағалы қағаздарына салынуы тиіс және сонда сақталғаны жөн. Қаражатты сақтаудағы экономикалық заңдылықтарды бірі – осы.

«Мәселен, Норвегия мемлекетінің бізге ұқсаған қорындағы қаражат 1,4 трлн доллардан асып кетті. Сол Норвегияның үкіметі «қордағы қаражатты бай елдердің мемлекеттік бағалы қағаздарына салып қойып отырамыз ба, одан да керегімізге жұмсайық» деп айтпайды. Бұл елдегі үкіметтің аузынан «соншама қаражатты ауыл шаруашылығын жетілдіруге, жылыжай өндірісін дамытуға, тағы басқа салаларды дамытуға ұстайық» деген бір ауыз сөз шықпайды. Норвегия – өзінің олигархтарынан аямай 30-35 пайыз жеке табыс салығын ұстап, экономикасын дамытып, сол арқылы әлеуметтік бағдарламаларын орындап отырған ел. Ал біздің олигархтар мұндай салық төлеуден басын алып қашады. Негізінде Ұлттық қорды президенттің өзі 2029 жылға дейін 100 млрд-қа жеткізу туралы үкіметке тапсырма берген. Енді үкімет «президенттің аузынан шықты» деп, Ұлттық қор қаржысын одан әрі жұмсай беруге даяр отырған тәрізді. Турасын айтқанда, Ұлттық қорды жүмсап жіберу дұрыс емес. Күнде тапқанын күнде жеп тастайтын, алды-артын ойламайтын адамдар болады. Сол тәрізді Ұлттық қорды жұмсап тастасақ, түбі тесік шелекке айналамыз. Сондықтан үкімет ең бірінші – өзінің шығындарын азайтып, қорды болашақ ұрпаққа сақтауға міндетті. Ал қорды болашақ ұрпаққа сақтау үшін қордағы қаражатты бай, өркендеген мемлекеттердің ең құнды, бағасы түспейтін мемлекеттік облигацияларына салу арқылы ғана сақтауға болады. Қаржыны сақтайтын басқа амал жоқ. Осыны ұмытпау керек», – дейді экономист Сапарбай Жобаев.
Жалпы, сала мамандарының ойынша, Ұлттық қордың қаражатына қайта-қайта қол салмай-ақ экономиканы дамытуға болады. Ол үшін экономикалық өсімді қамтамасыз ететін нақты тетіктерді күшейту керек. Біріншіден, олигархтар басқаратын квазимемлекеттік секторды Ұлттық қор есебінен қаржыландыруды тоқтату керек. Квазисектор өздері инвестор тауып, бюджетке нақты табыс әкелетін өндіріс орындарын дамытуға, инновация мен ғылымды қолдауға мұрындық болуы тиіс.
Бұдан соң олигархтар басқаратын екінші деңгейлі банктерге қойылатын талаптарды күшейткен жөн. Жекелеген банктер тек қаржы нарығында жұмыс істеп қана қоймай, экономиканың нақты секторын дамытуға, отандық өндірісті қаржыландыруға үлес қосуы тиіс. Бұл талапты заңнамалық деңгейде бекітіп, банктерден нақты міндеттемелер талап ету қажет. Бұдан соң, ең бастысы, Ұлттық қордың қызметі барынша ашық болуы керек. Өйткені ашық есеп – халық алдындағы сенімнің негізі. Мысалы, Норвегияның GPFG қоры халықтың меншігі саналады. Оны үкімет басқарады және парламент алдында есеп береді. Қор жыл сайын көлемі 30 беттен асатын есебін жариялап отырады. Ал Қазақстанда Ұлттық қордың құрылғанына 35 жылдан асса да, оның қаражатын тиімді әрі ашық басқару мәселесі әлі күн тәртібінен түскен жоқ. Сондықтан үкімет ең алдымен халықтың сеніміне селкеу түсірмеуді ойлағаны жөн.
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ