Ың-шыңсыз өткен құрылтай. «Өрмекші адам» кімге дауыс берді?
23 тамыз күні Қазақстанда тұңғыш рет Құрылтай сайлауы өтті. Бірақ мұндағы «тұңғыш» деген сөз заң шығарушы органның жаңа атауына байланысты ғана айтылған. Әйтпесе, Қазақстан халқы тәуелсіздік алғаннан бері биыл оныншы мәрте Парламент сайлауына қатысты.
Кешегі және бүгінгі сайлау. Елдегі ең жоғары заң шығарушы органның атауы мен құрылымы бірнеше мәрте өзгерді. Атап айтқанда, 1994 жылы Жоғарғы кеңес сайлауы өткен. Бірақ бір жылдан кейін Жоғарғы кеңес тарап, оның орнын 1995 жылғы жаңа Конституцияға сай жасақталған қос палаталы Парламент басты. Осыдан кейін елде 30 жыл Мәжіліс пен Сенат жұмыс істеді. Ал биыл жаңа Конституция жазып, едел-жедел референдум өткізіп, қос палаталы Парламентті таратып, іле-шала бір палаталы Құрылтайға өттік.
Биыл 1 шілдеде күшіне енген жаңа Конституцияға сай, Құрылтай депутаттары тек партиялық тізім бойынша сайланды. 2023 жылы ұзақ үзілістен кейін қайта оралған мажоритарлы жүйеден билік тағы бас тартты. Құрылтай бір палаталы болғанымен, депутаттар саны бұрынғыдан азайған жоқ. Бұрынғы екі палаталы Парламентте 148 депутат (98-і – Мәжілісте, 50-і – Сенатта) болған, ал Құрылтайға – 145 «халық қалаулысы» өтеді.
Саяси науқанға елде ресми тіркелген 7 партия – «Әділет», «Ауыл», «Ақ жол», Respublica, «Қазақстан халық партиясы», «ЖСДП» және «Байтақ» қатысты. Олар Құрылтай сайлауына 546 кандидат ұсынған, яғни 145 орынға 546 адам таласты.

Бюллетеньде осы 7 партияның аты және «бәріне қарсымын» деген баған болды. Орталық сайлау комиссиясының дерегі бойынша, Қазақстанда қазір 12,6 млн азамат дауыс беру құқығына ие. Олардың 74,19 пайызы (9 352 151 адам) дауыс берген. Бұл – өте жоғары көрсеткіш. Тіпті кейінгі жылдары өткен сайлау, референдумдардағы «рекорд жаңарды» десек, қателеспейміз. Мысалы, 2023 жылғы Парламент сайлауында – 54,2 пайыз, 2021 жылғы Парламент сайлауында – 63,1 пайыз халық дауыс берді. Сондай-ақ 2022 жылғы президент сайлауына – 69,4 пайыз, 2024 жылғы АЭС салу-салмау жөніндегі референдумға – 63,87 пайыз, 2022 жылғы Конституцияға өзгеріс енгізу жөніндегі референдумға – 68,05 пайыз сайлаушы қатысты. Яғни осы саяси науқандардың ешбірінде тұрғындардың қатысу көрсеткіші 70 пайызға жетпеген. Тек биыл 15 наурызда өткен жаңа Конституция қабылдау жөніндегі референдумда сайлаушылардың 73,24 пайызы дауыс берген. Демек, ОСК есебінше, 2026 жылы азаматтардың саяси белсенділігі жоғары болған.
Бірақ көпшілік ОСК-ның осы деректеріне күмәнмен қарайды. Сайлауды бақылаған тәуелсіз бақылаушылар, қоғам белсенділері ресми көрсеткіш пен нақты жағдайда айырмашылық бар екенін жазды. Мысалы, Батыс Қазақстан облысында жұмыс істеген «Жария» қоғамдық ұйымының есебінше, облыстағы 21 сайлау учаскесінде сайлаушылардың 30,4 пайызы дауыс берген. Ал ОСК-ның ресми есебі бойынша, БҚО-да сайлауға қатысу көрсеткіші 73,4 пайыз болыпты. Қоғамдық ұйым мен ОСК-ның санағында біршама айырмашылық бар екені байқалады. Бірақ «Жария» өкілдері барлық учаскені қамтымағанын айта кеткен жөн. ОСК ақпаратына сенсек, Құрылтай сайлауына Алматы тұрғындарының 43,2 пайызы қатысыпты. Бұл да кейінгі жылдардағы ең жоғары көрсеткіш. Әдетте алматылықтар сайлауға барып, дауыс беруге аса құлық танытпайды.
ҚХП мен «Байтақ» аттан ауып қалды. 24 тамызға қараған түнде Құрылтай сайлауының экзит-полл қорытындысы шықты. Сауалнама жүргізуге рұқсат алған Еуразиялық интеграция институты, OSI қоғамдық саясат институты және «Социс-А» әлеуметтік зерттеулер институтының есебі бір жерден шықты. Үш институт та 5 партия 5 пайыздық межені бағындырып, Құрылтайдан мандат алғанын, 2 партия сүрінгенін айтты.
Ал 24 тамызда Орталық референдум комиссиясы Құрылтай сайлауының алдын ала нәтижесін жариялады. Ресми органның есебі Еxit poll нәтижесінен алшақ болған жоқ. Сонымен сайлауға қатысқан 7 партияның көрсеткіші төмендегідей болды:
«Әділет» партиясы – 71,17 %,
«Ауыл» партиясы – 6,26 %,
Respublica партиясы – 5,56 %,
«Ақ жол» партиясы – 5,21 %,
ЖСДП – 5,11 %,
Қазақстан халық партиясы – 3,11 %,
«Байтақ» партиясы – 1,07 %,
«Бәріне қарсымын» бағаны – 2,51 %.
Қазақстан заңы бойынша, «сайлауға тұрғындардың кемінде мынша пайызы қатысуы керек» деген талап жоқ. Яғни сайлаушылар аз келсе де, көп келсе де, сайлау өткен болып саналады. ОСК мен Еxit poll нәтижесі бір жерден шыққандай. ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров қорытынды нәтиже 10 күн ішінде жарияланатынын айтты. Демек, алғашқы Құрылтайға «Әділет», «Ауыл», Respublica, «Ақ жол» және ЖСДП өтті деуге болады. Ал ҚХП мен «Байтақ» көш соңында қалды. Қорытынды нәтиже осы күйінде қалса, 145 мандат партиялар арасында былай бөлінеді: «Әділет» – 112, «Ауыл» – 9, Respublica – 8, «Ақ жол» – 8, ЖСДП – 8 орын.
Ең қызығы, ҚХП (2020 жылға дейін – «Қазақстан коммунистік халық партиясы») 2012 жылдан бері Мәжілістен мандат алып келген. Былайғы жұрт «билік коммунистерді көштен қалдырмайды» деп санайтын. Олар биылғы сайлауға 72 кандидат ұсынды. Осының өзі ҚХП-ның Құрылтайға өтуден дәмесі зор екенін көрсеткен еді. Бірақ күтпеген жерден тізімнен тыс қалды.
Шынын айту керек, биылғы сайлау бұрынғы сайлаулардан өзгеше болған жоқ. Саяси науқанға дайындық барысы, үгіт-насихат жұмыстары, тіпті дауыс беру процесі де бізге таныс сценарий бойынша өтті. Бір ғана ерекшелік – Сайлау туралы заңға «сайлау бюллетенін фото-видеоға түсіруге әрі оны таратуға тыйым салынады» деген ереже енді. Бұрын көпшілік кімге дауыс бергенін суретке түсіріп, әлеуметтік желіге жариялайтын. Бұл билікке қарсы тарапқа көбірек дауыс берілгендей әсер қалдыратын. Осыдан сақтанғаны болар, шенділер Құрылтай сайлауында мұндайға жол берген жоқ.
Сарапшылар биылғы сайлау азаматтарға тең мүмкіндік бермегенін айтады. Өйткені депутаттар партиялық тізіммен ғана сайланады. Ал елдегі 7 партияға мүше адамдардың саны 2 млн шамасында. Жоғарыда елде 12,6 млн сайлаушы бар екенін айттық. Демек, 10 миллионнан аса азамат сайлану құқығынан қағылған. Екіншіден, сайлаудың әділ өткеніне сенетіндер аз. Өйткені дауыс беру және дауыс санау процесі халық үшін ашық емес.
Сонымен, алғашқы құрылтай сайлауы салыстырмалы түрде тыныш, ың-шыңсыз өткенін айта кеткен жөн. Сайлауда заң бұзылғаны жайлы, дауыс санауда бұрмалау болғаны туралы дау шыққан жоқ. Мұндай даудың шығуы мүмкін емес. Билік «бюллетеньді суретке түсіруге болмайды» деген сияқты заң-ережелермен мұндайдың алдын алып қойған. Тек сайлау күні Алматыда, Павлодарда бірнеше белсендіні полиция аңдығаны айтылды. Сондай-ақ бюллетеннің суретін әлеуметтік желіде жариялаған 7 азаматқа айыппұл салынды. Одан өзге бөтен ақпарат жоқ. Демек, сайлау билік ойындағыдай өтті, партиялардың жинаған дауысы да шенділердің көңілінен шығатындай. Демек, билік үшін жоспар орындалды, сайлау өткізуге бөлінген 34,3 млрд теңге өзін ақтады.
«Өрмекші адам мен «мумия» дауыс берді. Енді Құрылтай сайлауында қандай «қызықтар» болғанын айтайық. Біздің елде сайлау науқаны кезінде кей сайлаушының «креативі» тасып, ойына келгенін істейтіні бар. Бұған дейінгі науқандарда «алтын адам», «үш би» немесе «қар барысының» дауыс бергенін көрген едік. Мұндайлар бұл жолы да аз болған жоқ. Мысалы, Оралда – «Қыз Жібек пен Төлеген», Қызылордада – «келіндер», Солтүстік Қазақстанда – «қалыңдық», Алматыда – «рэпер Канье Уэст», Ақтөбеде – «мумия», Астанада – «робот», ШҚО-да – «сүңгуір» сайлауға келген.
Сондай-ақ Алматы облысында парашютші ұшақтан секіріп, дауыс беру учаскесінің жанына дәл түскен. Ал атыраулық азамат сайлау учаскесіне жүк көлігін сүйреп барыпты. Алматыда Instagram, Threads, TikTok және Facebook желілері бейнеленген кәстөм киген сайлаушылар жүрді. Ал Астанада көпшілікке бұрыннан таныс бейне тағы көзге түсті, ақ халат киіп, басына сүлгі ораған әйел, «моншадан шыққан бетінде» дауыс беруге барған. Бірақ мұндаймен Қазақстан жұртын таңғалдыру қиын. Өйткені әр сайлауда осыған ұқсас «креативті» жиі көреміз.
Бұларға қарағанда, ел президентінің қысқа сұхбаты әлдеқайда назар аударарлық болды. Тәуелсіздік сарайында орналасқан №520 сайлау учаскесіне келген Тоқаев журналистердің бірнеше сұрағына жауап берді. Оның арасында жұрт назарын аударған маңызды мәселелер бар.

Президент сайлауы. Биыл Конституция жаңарды, Конституциялық сот бұрынғы Ата заң кезінде қызмет істеген адам сол лауазымына қайта сайлана алатынын мәлімдеді. Осыған орай ел арасында «Тоқаев сайлауға қайта түсе ме?» деген сұрақ жүрген. Президент осы сұраққа жауап берді. Ол президент сайлауына түсу-түспеу жайлы шешімді 2027 жылы айтатынын жеткізді. «Қайта сайлауға түсуге заңды құқығым бар. Алдағы сайлауға келсек, сайлауға түсетінім я түспейтінім жайлы айтуға әлі ерте. Себебі еліміздің алдында тұрған өте көп міндетті жүзеге асыруымыз керек», – деді Тоқаев. Ол бұған дейін сайлауға қайта түспейтінін айтып жүретін, ал бұл жолы екіұшты жауап берді. Сарапшылар осыған қарап, «Тоқаев келесі сайлауға қатысады» деп болжайды. Айта кетейік, Тоқаевтың қазіргі президенттік мерзімі 2029 жылы аяқталады. Сайлау мерзімінен бұрын өте ме, әлде 2029 жылды күте ме, оны уақыт көрсетеді.
Вице-президент. Жаңа Конституциядағы басты өзгерістердің бірі – вице-президент лауазымы. Қазір «осы лауазымға кім тағайындалады?» деген сұрақ жұрт арасында басты интригаға айналды. Президент бұл сұраққа да жауап берді. «Келесі аптада немесе 10 күн ішінде вице-президент кім екені мәлім болады. Мен оны қазір анық айта алмаймын. Ол белгілі, сіздер жақсы білетін адам болады деп ойлаймын», – деді Тоқаев.
Үкімет отставкаға кете ме? Ел президенті министрлер кабинетінің арқалаған жүгі ауыр екенін айтып, Үкімет құрамында бірақатар өзгеріс болатынын хабарлады. «Әлбетте, Үкімет отставкаға кетеді. Ашығын айтқанда, дәл бүгін Үкімет жұмысына алаңдауға немесе оған сын айтуға қандай да бір негіз жоқ. Министрлер де, үкімет жетекшісі де қолдан келгенше міндеттерін атқарып жатыр. Бірақ кадрлық өзгеріс әрдайым болады. Өйткені бұл Үкіметтің жұмысына қан жүгіртеді», – деді Тоқаев.
Қазақстанда заң бойынша жаңа Парламент жасақталған соң Үкімет таратылып, кейін қайта жасақталуы тиіс. Жаңа Конституцияға сай, президент Құрылтай келісімімен премьер-министрді, министрлерді тағайындайды, қызметінен босатады. Құрылтай премьер-министрдің кандидатурасымен екі мәрте келіспесе, президент Құрылтайды таратып жіберуге құқылы. Тоқаев Үкімет басшысының жұмысына оң баға беріп отырғанын ескерсек, Олжас Бектенов креслосын сақтап қалуы әбден мүмкін.
Айтпақшы, ірі шенділер бұрынғы қызметіне қайта тағайындала бастады. 24 тамыз күні президент Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаевты, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовті, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаевты қызметіне қайта тағайындады. Ал шілденің басында Жоғарғы сот төрағасы (Асламбек Мерғалиев) мен Бас прокурор (Берік Асылов) бұрынғы қызметіне қайта тағайындалған болатын. Алда әлі Конституциялық соттың, Орталық сайлау комиссиясының, Жоғары аудиторлық палатаның төрағалары кезек күтіп тұр.
Ұлттық қор қаржысы. Тоқаев сұхбатында Ұлттық қор қаржысын қазіргі қажеттіліктерге жұмсау керек екенін айтты. «Азаматтарға арналған әлеуметтік нысандар салуымыз қажет. Бұл мақсатқа Ұлттық қордың қаржысын пайдалануға дайынмын. Халықтың игілігіне жарата алмасақ, қаражатты шетелдерде құнды қағаз ретінде ұстап отырудың қажеті қанша? Қаржыны жай ғана ұстап отыруға қарсымын», – деді президент.
Қазақстанда Ұлттық қор 2000 жылы құрылған, оған елдің қазба байлықтарынан түсетін қаражат жинақталады. Билік бұл қаржыны келешек ұрпақтың игілігі үшін жинайтынын жиі айтады, бірақ жыл сайын бюджет тапшылығын жабу үшін Ұлттық қорға қол саламыз. Енді сол қаржыны тұтас пайдалану жөнінде айтылды. 2025 жылғы сәуірдегі мәлімет бойынша Ұлттық қордағы қаражат көлемі – 31,9 трлн теңге.

Экс-президент сайлауға келе алмады. Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев денсаулық жағдайына байланысты өз үйінде дауыс берді. Экс-президент бұған дейінгі сайлаулардан қалмайтын, «мәңгілік» баспасөз хатшысы Айдос Үкібайды ертіп алып, ел алдына шығатын. Соңғы рет биыл 15 наурызда өткен референдумда төбе көрсетті. Ол кезде біршама тың көрінген, сайлау комиссиясы мүшелеріне: «Мені танисыздар ма, әлде құжатымды көрсетейін бе?», – деп әзілдегенін де көрген едік. Ал бұл жолы бел омыртқасына жасалған отаға байланысты сайлау учаскесіне келе алмады, әлеуметтік желіде жарияланған суретінен көктемдегіге қарағанда әлдеқайда қартайып қалғандай көрінеді.
Сонымен кейінгі бірер айда БАҚ-тың бас тақырыбына айналған Құрылтай сайлауының жыры аяқталды. Енді қыркүйекте алғашқы шақырылымдағы Құрылтайдың бірінші сессиясы ашылады. Алғашқы сессия ашылған соң Тоқаев Құрылтайдың келісімімен вице-президентті тағайындайды. Одан кейін жоғарыда атаған ірі лауазым иелеріне кезек келеді. Құрылтай төрағасы мен Үкімет басшысының кім болатыны да жұртқа қызық. Демек, алдағы айларда да саяси науқанның қызуы басыла қоймайды.
Қуаныш ҚАППАС