Ұлы көштің алдына ұра қазған кім Қандастар енді жылап-еңіреп кері көшуі мүмкін
Қазақстан тәуелсіздік алған соң шетте жүрген қандастарды елге шақырды. Бұл саясаттың елімізге пайдасы болмаса, зияны тиген жоқ. Біріншіден, шетелдегі қандастарын жинап жатқан санаулы мемлекеттердің бірі деген абыройға ие болды.
Екіншіден, елге ел қосылып, жерге құт қонды. КСРО ыдыраған тұста өз жерімізде өз ұлтымыздың үлесі 40 пайыз ғана болса, қазір бұл көрсеткіш 70 пайыздан асты. Соның арқасында бабадан қалған байтақ далада моноұлтты мемлекет қалыптасып келеді. Мұндай жағымды үрдіске шетелден көшіп келген миллионнан аса ағайынның да ықпалы болғаны анық.
Бірақ кейінгі кезде сол ұлы көштің алдына ұра қазылғанын байқап отырмыз. Биыл көктемде Жасанды интеллект және цифрлық даму, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, сондай-ақ Ішкі істер министрлігі бірлесіп, «Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат беру» және «Қандас мәртебесін беру немесе ұзарту» қызметі бойынша пилоттық жобаны іске қосқан.
Білмейтін адам Үкімет көші-қон заңын жаңартып, қандастардың жолын жеңілдетіп жатыр деп ойлауы мүмкін. Бірақ биыл көктемнен бері ҚР азаматтығына құжат қабылдау мүлде тоқтап тұр. Тіпті шеттен көшіп келген ағайын үшін виза алу, тұрақты тіркеуге тұру және баласын мектепке берудің өзі қиямет-қайымға айналған. Қайталап айтамыз, құжат қабылдау ақырындап болса да жүріп жатса, әліптің артын бағар едік, мәселе – жұмыс мүлде тоқтап тұрғанында. Қандастар азаматтық алмақ түгілі, көші-қон мекемелерінің есігінен сығалай алмай жүр. Тіпті Үкімет белгілеген солтүстік пен шығыстағы 7 облыста да азаматтық беріліп жатқан жоқ.
Бұл жағдай елге келген қандастарды тығырыққа тіреп отыр. Әсіресе біржолата көшіп келген ағайын қатты қиналды. Өйткені бұрын тұрған еліндегі мал-мүлкін сатып, чемоданын арқалап келіп алған отбасылар көп. Олар бума-бума құжат жинап жүргенде пилоттық жоба басталып кетіп, бар жұмыс тоқтап қалған. Енді бірінің – виза мерзімі, бірінің – мың машақатпен алған Қандас мәртебесінің мерзімі аяқталып жатыр. Заң бойынша виза мерзімі өткен адам өзі келген елге қайтуы қажет екен.
Бір сөзбен айтқанда, біздің билік елге көшіп келген қандастарды құжат бермей бір жыл қаңтарып, енді келген жағына қайта қуып жібергелі отыр!
Өткен 35 жылда қазақ көші талай кедергіге ұшыраған. Жыл сайын өзгеретін көші-қон заңы мен қағазбастылық, сыбайлас жемқорлық тоқтаған емес. Бірақ соның ешбірі дәл биылғыдай ауыр болған жоқ. Өйткені бұрын қанша қиын болса да, құжат қабылдау төбеге ұрғандай тоқтаған емес.
Ал билік өз қателігін қандастардың мойнына артып, оларға ауыр салмақ салып отыр. Мысалы, С1 визасы бір жылға беріледі. Былтыр күзде келіп, виза рәсімдеген көп адам пилоттық жоба күшіне енген 15 ақпанға дейін азаматтыққа құжат өткізіп үлгермеді. Одан бері жұмыс тоқтап тұрғанын айттық. Енді сол қандастардың виза мерзімі бітуге жақын. Егер құжат қабылдау тоқтамаған болса, қандастар өзі азаматтық алуға ұмтылмай, бос жүріп, бір жылды өткізіп жіберсе, биліктің уәжі орынды дер едік. Бірақ жағдай керісінше болып тұр.
Сарапшылар мұны қазақ көшін тоқтатуға бағытталған әрекет деп бағалайды. Өйткені пилоттық жобаны жасағандар да, оны атқарып отырғандар да қазіргі жағдайды ашық түсіндірмей отыр. Қоғам белсенділері, журналистер, тіпті депутаттардың өзі жауапты шенділерден бір ауыз нақты жауап ала алмағанын айтып жүр. «Жас Алаш» газеті 27 шілде күні ІІМ мен Еңбек министрлігіне Е-өтініш платформасы арқылы сауал жолдап, қазақ көшінің қазіргі жай-күйінен хабар алуға тырысқан. Одан бері 22 күн уақыт өтсе де, Асқарбек Ертаев басқаратын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен әлі жауап келген жоқ.
Ал Ішкі істер министрлігі қандастарға азаматтық беру тоқтағанын ашық мойындап отыр. ІІМ Көші-қон комитеті төрағасының орынбасары Д. Қазбеков қол қойған хатта «3 министрліктің бірлескен бұйрығына сай, Қазақстанда тұрақты тұру үшін көшіп келгендерді, соның ішінде этникалық қазақтарды алдын ала өлшемшарттық іріктеуден өткізу және бағалау жүйесі енгізілді» деп жазылған.
Мұнда «өлшемшарт», «бағалау жүйесі» деп, шетелден келген азаматтарды іріктеу жайлы айтып отыр. Яғни дипломы бар, қазақ тілін, Қазақстан тарихы мен заңын білетін кіл «сапалы» адамдарды азаматтыққа алмақ. Бірақ бұл ереженің қазақтан өзгеге келгенде буыны бос сияқты көрінеді. Мысалы, бұған дейін экс-мәжілісмен Мұрат Әбенов биыл 3 айда 14 мың ресейлік Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат алғанын айтқан. Бұлардың бәрінің қазақ тілі мен тарихын терең білетініне кім сенеді?
Сондай-ақ Д.Қазбеков «ҚР Үкіметінің 2026 жылы 10 сәуірдегі арнайы қаулысына сәйкес, 2026 жылы 11 сәуірден бастап Қазақстан Республикасының азаматтығына жеңілдетілген (тіркеу) тәртіпте қабылдау тоқтатылды» деп жазған. Бұл 10 сәуірден бастап қандастардан азаматтыққа құжат қабылдау тоқтады дегенді білдіреді. Осы жерде құжат қабылдау ресми түрде 10 сәуірде тоқтады делінгенімен, іс-жүзінде 15 ақпанда тоқтап қалғанын айта кеткен жөн.
Демек, Қазақстан Үкіметі қандастардан жеңілдетілген тәртіппен азаматтық қабылдауды ресми тоқтатты. Енді елге көшіп келген қазақтардың күйі алыс шетелден келген мигранттармен бірдей болмақ. Қазіргі жағдайда олардан да төмен. Өйткені мигранттардан құжат қабылдау тоқтай қойған жоқ. Айтпақшы, мұнда біз «алыс шетел» деген сөзді бекер қолданып отырған жоқпыз. Ресей, Беларусь, Қырғызстан сияқты ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерден келген азаматтар қандастар сияқты кедергіге ұшырамай, құжат рәсімдей алады.
Біз ІІМ-ден виза мәселесін де сұрағамыз. «Қазақстанға қоныс аударған этникалық қазақтар тұрақты тұруға өтініш беру үшін белгіленген қоныстандыру өңірлерінің біріндегі көші-қон қызметі бөлімшесіне жүгініп, KAZtest тестілеуінен өтіп және алдын ала іріктеуден өту үшін өтініш берген жағдайда, оларға тұрақты тұруға арналған C1 санатындағы виза 3 ай мерзімге беріледі», – деген жауап алдық. Яғни бұдан кейін елге келген қандас алдымен тест тапсырып, білім деңгейін дәлелдеген соң іріктеуден өтуге өтініш береді. Сосын оған 3 айға С1 визасы беріледі. Виза бұрынғыдай бір жылға емес, 3 айға ғана рәсімделеді. Мұны аз десеңіз, «іріктеуден өтуге берген өтініші қабылданбай қалса» (Қазақстанға керек «сапалы адам» болмаса), 3 айлық визаның өзін қайтарып алып, қандасты шекарадан шығарып жібереді екен. Бұл да ІІМ жолдаған ресми хатта жазылып тұр.
Ішкі істер министрлігінің жауабына қарап, «Қазақстан Үкіметі қандастардан әбден күдер үзген бе?» деген ойға қалдық. Мынадай тәртіппен елге ел қосу қиын. Бұған дейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Дүниежүзіндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің қасиетті парызымыз!» деген еді. Көші-қонға жауапты шенділер мына жүріспен президенттің бұл тапсырмасын қалай орындайтыны белгісіз.
«Қазақстан – құқықтық мемлекет. Мұндай мемлекеттің негізгі тірегі – Конституция. Ал Көші-қон заңы деген сияқты өзге заңдар Конституция негізінде жазылады. Олар Ата заңның баптарын бұзбауы қажет. Ал мына жасалып жатқан пилоттық жоба заң емес. Тіпті ол заң болған күннің өзінде Конституция талаптарын, Көші-қон заңының, Шетел азаматының Қазақстанда болуы туралы заңның негізі талаптарын бұзбауы қажет еді. Ал ол заң емес, пилоттық жоба. Демек, оның мәртебесі заңнан да төмен. Ол уақытша құжат. Ендеше, уақытша құжаттың Ата заң мен елдің басқа заңдарынан жоғары тұрып, атқарылуы – үлкен қателік. Мұны талқылау қажет еді. Әу баста талқыланбай қабылданып кетті де, енді мәселе туындап, пилоттық жобаның осал тұстары көріне бастады. Оның адам өмірі мен адам тағдырына зияны тиіп отыр», – дейді экономика ғылымдарының кандидаты Қайрат Бодауханұлы.
Биліктің «виза мерзімі аяқталған қандастар келген еліне қайтсын» дегені ақылға сыймайды. Әсіресе Қытайдан келген қандастар үшін бұл аюдың апанына өз еркімен бас сұғумен бірдей. Қытаймен визасыз режим орнағаннан бері қандастар бір айға сапарлап келіп, осы жақтан С1 визасын рәсімдеп, көк паспорт алатын болған. Яғни Қытай билігі берген 1 айлық рұқсат мерзімі баяғыда өтіп кеткен. Олар енді «Қазақстан азаматтық бермей қойды» деп қайта шекара асса, қытайлар құшақ жая қарсы алады дегенге сену қиын. Тіпті «неге бір айға кетіп, қайта келмей қойдың» деп әлек салуы да ғажап емес. Сол үшін Қытайдан келген ағайын мәселені осы жақта шешкісі келеді. Ал оған қазақ билігі құлықты болмай отыр...
Қуаныш ҚАППАС