Сараптама

Теңіздегі тартыс: Қазақстан бұрынғы келісімнің шартын өзгерте ала ма?

29 қыркүйекте бірқатар отандық БАҚ Bloomberg-ке сілтеме жасап, Қазақстанның Теңіз кен орнын игеру жөніндегі келісімді 2033 жылдан кейін ұзартуға жаңа талап қойып отырғанын жазды.

мұнай

Онда мемлекет біржолғы 10 млрд доллар төлем алып, "Теңізшевройлдағы" үлесін қазіргі 20 пайыздан 35 пайызға дейін көтергісі келетіні айтылады. Алайда біз ашық деректен Bloomberg-тің дәл осы ақпарат жарияланған түпнұсқа материалын таба алмадық. Мақала кейін өшірілді ме, әлде басқа себеппен жауып қойды ма – белгісіз. Бірақ мәселенің мәні онда да емес. Маңыздысы – осындай ақпараттың тарауы. Өйткені Теңіз бойынша 2033 жылдан кейінгі кезеңге қатысты келіссөздің жүріп жатқаны белгілі. Ендеше, Қазақстан отыз жыл бұрын жасалған келісімнің келесі кезеңінде қандай талап қоюы мүмкін?

50 пайыздан 20-ға қалай түстік?

Теңіз – Қазақстандағы көп мұнай кен орнының бірі ғана емес. 2025 жылы "Теңізшевройл" 39 млн тонна мұнай өндірді. Бұл – Қазақстанның бүкіл мұнай өндірісінің елеулі бөлігі. Компания сол жылы Қазақстанға 10,6 млрд доллар көлемінде тікелей қаржылық төлем жасағанын хабарлады. Бірақ бұл соманың бәрін "бюджетке түскен түсім" деп қабылдауға болмайды. Оған салықтармен бірге мемлекеттік компанияларға төлемдер, қазақстандық акционерге бөлінген пайда, отандық тауарлар мен қызметтерді сатып алу секілді төлемдер де кіреді.

Бұдан бөлек, Теңіз кейінгі жылдары бұрынғыдан да ірі активке айналды. Сондықтан Теңіз келісімінің ұзартылуы – бір компанияның келісімшартын тағы бірнеше жылға соза салатын оңай шаруа емес. Мұнда алдағы ондаған жылда Қазақстан мұнайынан түсетін табыстың кімге, қандай мөлшерде тиетіні шешіледі.

 1993 жылы Қазақстан мен Chevron "Теңізшевройлды" 50/50 үлеспен құрды. Ол кезеңді бүгінгі жағдаймен салыстыруға болмайды. Тәуелсіздігін жаңа алған елде қаржы тапшы, мұнай саласына ірі инвестиция салатын мүмкіндік аз, экспорт жолдары шектеулі еді. Теңіз болса, игерілуі технологиялық жағынан күрделі кен орны болатын. Кейін бұл құрылым өзгерді. 1996 жылы Mobil Қазақстанның 25 пайыз үлесін сатып алды. Ал 2000 жылы мемлекет тағы 5 пайызын Chevron-ға 450 млн долларға сатты. Осылай Қазақстанның үлесі қазіргі 20 пайызға дейін түсті. 2000 жылғы мәмілені сол кездегі Қазақстан үкіметі ресми растаған. Сондықтан қазіргі кен орнындағы үлес: Chevron – 50 пайыз, ExxonMobil – 25 пайыз, "ҚазМұнайГаз" – 20 пайыз, Lukoil – 5 пайыз болып бөлінеді.           Мемлекеттің үлесін 20-дан 35 пайызға көтеру жайы бізге ұнайды. ҚМГ-ның (ҚазМұнайГаз) үлесі көбейсе, болашақ табыстан алатын үлесі де артады. Мұнай бағасы өскен жылдары оның пайдасы тіпті айқын сезілуі мүмкін. Бірақ сол 15 пайызды біз қай компанияның аузынан жырып аламыз? Себебі қазіргі акционерлердің үлесі бөлініп қойған. Демек, Қазақстанның үлесі 15 пайызға өссе, басқа біреудің үлесі соншаға азаюы керек. Lukoil-дың қолында небәрі 5 пайыз бар. Оның бүкіл пакеті Қазақстанға өтті деген күннің өзінде ҚМГ 25 пайызға ғана жетеді. Қалған 10 пайыз Chevron немесе ExxonMobil үлесінен алынуы керек немесе консорциумның құрылымы басқаша жасалуға тиіс. Қазақстан сол 15 пайызды алған күннің өзінде оны қалай алады? Келіссөздер арқылы тегін ала ма, әлде сатып ала ма? Сатып алса қаншаға? Мысалы, 2000 жылы Қазақстан небәрі 5 пайызын Chevron-ға 450 млн долларға сатқаны белгілі. Содан бері Теңізге ондаған миллиард доллар инвестиция құйылды, өндіріс бірнеше есе өсті, инфрақұрылым қалыптасты. Ендеше, 15 пайыздық пакет бүгін қанша млрд доллар болмақ? Ол ақша қанша жылда қайтады? Болашақ дивиденд сатып алу құнын ақтай ма? ҚМГ қаржыны өз қаражатынан төлей ме, қарыз ала ма? Бұл сұрақтарға жауап әлі жоқ.

Абзал НАРЫМБЕТОВ
Фото ашық дереккөз/Абзал НАРЫМБЕТОВ

Абзал НАРЫМБЕТОВ, мұнай сарапшысы: Түсініксіз жайттар көп

 – Ең алдымен Bloomberg-ке сілтеме жасалған ақпараттың дереккөзін және оның қаншалық шындыққа жақын екенін анықтау қажет. Содан кейін ғана Қазақстанның теңіздегі үлесін 20-дан 35 пайызға көтеру және 10 млрд доллар біржолғы төлем алу қаншалық тиімді екенін есептеуге болады.

 Мен үшін бұл ақпараттағы түсініксіз мәселенің бірі – 2033 жылдан кейінгі кезең. Қазіргі келісім 1993 жылы 40 жылға жасалған. Менің түсінуімше, мерзімі аяқталғаннан кейін кен орнын пайдалану мәселесін мемлекет қайта шешуге тиіс. Қолданыстағы келісімде оның дәл қазіргі шарттармен автоматты түрде жалғасатыны туралы тармақ бар-жоғын білмейміз. Сондықтан 15 пайыз қосымша үлес пен 10 млрд доллардың қандай негізде есептеліп отырғаны әзірге түсініксіз.

Теңіз – Chevron мен ExxonMobil үшін аса маңызды актив. 1993 жылмен салыстырғанда Қазақстанның келіссөздегі жағдайы өзгерді. Мерзім аяқталғаннан кейін кен орнын қандай шартпен және қандай инвестормен игеру мәселесінде мемлекеттің рөлі шешуші болуы керек деп есептеймін.

 Ал жаңа кезеңдегі басты талаптардың бірі – ішкі нарықты мұнаймен қамтамасыз ету. Қазақстанда жанармай тұтыну жылдан-жылға өсіп барады. Мұнай өңдеу зауыттарының жүктемесі жоғары, кей кейде дизель мен авиаотын бойынша импортқа қажеттілік туындайды. Сондықтан болашақта Теңіз, Қашаған және Қарашығанақтан өндірілетін мұнайдың белгілі бір бөлігін ішкі нарыққа бағыттау мәселесін қарастыру қажет.

 Мұндағы негізгі проблема – баға айырмашылығы. Ірі жобалар мұнайды сыртқы нарыққа әлемдік бағамен сатуға мүдделі, ал Қазақстанның ішкі нарығындағы шикізат бағасы төмен. Сондықтан ішкі нарыққа жеткізу инвестор үшін экспорттан тиімсіз болуы мүмкін. 2033 жылдан кейінгі келіссөзде мемлекеттің ұзақ мерзімді энергетикалық қауіпсіздігі мен ішкі нарықты тұрақты шикізатпен қамтамасыз ету мәселесі негізгі шарттардың біріне айналуы тиіс.

мұнай
Фото ашық дереккөз/мұнай

10 млрд доллар қайдан шықты?

Bloomberg-ке сілтеме жасаған деректегі екінші ірі сома – 10 млрд доллар. Бұл да аз емес. Бірақ мұндай келісімде соманың үлкендігіне тамсанбас бұрын, оның не үшін төленетінін білген жөн. Бұл келісімді ұзартқаны үшін берілетін біржолғы бонус па? Жаңа коммерциялық пакеттің бір бөлігі ме? Болашақ міндеттемелердің алдын ала төлемі ме? Әлде 35 пайыз үлеспен бірге есептелетін ортақ мәміле ме? Бұл да әзірге белгісіз. Сондықтан 10 млрд долларды қазірден бюджетке кірістіріп қою ерте. Оның үстіне біржолғы ақшаның табиғаты белгілі, бүгін келеді, ертең жұмсалады. Ал Теңіз тағы жиырма-отыз жыл жұмыс істейтін болса, салық, дивиденд, өндірістегі үлес, инвестициялық міндеттемелер әлдеқайда ірі ақшаға айналуы мүмкін. Мысалы, Қазақстан 10 млрд доллар алады делік. Бірақ соның есесіне инвесторларға келісімді өте ұзақ мерзімге созып, қолайлы салық режимін немесе басқа коммерциялық жеңілдік берсе ше? Онда бүгін түскен 10 миллиардтың орнына ертең қанша миллиардтан бас тартқанымызды есептеу керек болады. Сондықтан "10 млрд доллар аламыз" деп емес, оның өтеуіне не береміз?" деп ойлану керек сияқты.

Қазақстанның 1993 жылмен салыстырғанда келіссөздегі жағдайы өзгергені анық. Отыз үш жыл бұрын бізге капитал, технология, тәжірибе және мұнайды сыртқа шығаратын жол қажет болды. Бүгінде Теңіз – дайын өндірісі, инфрақұрылымы, қалыптасқан нарығы бар алып актив. Ең бастысы – инвесторлар оған соңғы жылдары тағы ондаған миллиард доллар салды. 48,9 млрд долларлық кеңею жобасынан кейін Chevron мен ExxonMobil 2033 жылы "келісім бітті екен" деп қолын бір сілтеп кетіп қалады дегенге ешкім сенбейді. Қазақстан да Теңізге тәуелді. Кен орнындағы өндірістің күрделілігі, жоғары қысым мен күкіртсутегінің көптігі тәжірибе мен технологияны қажет етеді. Мұнай өндірісінің күрт төмендеуі елдің экспорты мен кірісіне бірден әсер етеді. Демек, үстелдің екі жағында да бір-біріне қажет тарап отыр. 1993 жылмен салыстырғанда Қазақстанның қолындағы "көзірі" көбейді. Бірақ басымдықтың бәрі біз жақта емес. Мұны да ескерген жөн.

 Бір қызығы, бұл ақпаратқа қатысты Энергетика министрлігі "аноним дереккөздерге негізделген ақпаратқа түсініктеме бермейтінін" мәлімдеді.

Асылбек ЖӘКИЕВ
Фото ашық дереккөз/Асылбек ЖӘКИЕВ

Асылбек ЖӘКИЕВ, мұнай сарапшысы: Қазақстан өз мүддесін батыл қорғауы керек

– Теңіз – Қазақстан үшін стратегиялық маңызы өте жоғары актив. Сондықтан Қазақстанның жобадағы үлесінің артуы, мейлі 35 пайыз болсын немесе одан да жоғары болсын, ел үшін тиімді деп есептеймін. Үлес көбейген сайын Қазақстанның шешім қабылдауға ықпалы да артады. Сонымен бірге келіссөз тек пайыз төңірегінде қалмауы керек. Жергілікті қамтуды ұлғайту, қазақстандық компанияларға көбірек тапсырыс беру, мұнайдың белгілі бір бөлігін ішкі нарыққа бағыттау және Қазақстан азаматтарын басшылық қызметтерге тарту секілді мәселелер де маңызды.

Chevron – Қазақстанға келген алғашқы ірі батыстық инвесторлардың бірі. Отыз жылдан астам уақытта бұл компанияның Қазақстан экономикасына әсері елеулі болды. Теңіздің айналасында сервистік компаниялар қалыптасты, қазақстандық мамандар халықаралық мұнай индустриясының тәжірибесін меңгерді. Сондықтан бүгін "үлестің бәрін қайтарып алу керек" деген сияқты қарапайым ұранмен мәселе шешілмейді. Оның экономикалық жағы бар. Chevron теңіздегі ірі жобаларға ондаған миллиард доллар инвестиция салды. Болашақтағы өндіріс пен жаңа инвестициялардың тағдырын да есепке алу қажет.

 Chevron-ның Қазақстанда қалуының геосаяси мәні де бар деп ойлаймын. Бұл – америкалық ірі компания. Қазақстанға қазір әртүрлі мемлекеттерден, соның ішінде Қытайдан да ауқымды инвестиция келіп жатыр. Осындай жағдайда Батыстың ірі инвесторларымен ұзақ мерзімді әріптестікті сақтау елдің экономикалық байланыстарын әртараптандыру тұрғысынан маңызды.

Бірақ Қазақстанның бүгінгі келіссөз жүргізу мүмкіндігін 1993 жылмен салыстыруға болмайды. Қазір елде тәжірибе де, кәсіби мамандар да, халықаралық компаниялармен келіссөз жүргізетін институционалдық база да бар. "ҚазМұнайГазда", Энергетика министрлігінде және мемлекеттік органдарда осы саланы білетін мамандар жеткілікті. Сондықтан Қазақстан өз мүддесін батыл қорғауы керек.

Сондықтан жаңа келісімде үлесті арттырумен қатар, өндірісті дамыту, ішкі нарықты қамтамасыз ету, қазақстандық компаниялар мен мамандардың рөлін күшейтуге басымдық берілуі тиіс. Теңіздің келесі кезеңі Қазақстанға тек мұнайдан түсетін табыс емес, отандық экономика мен кадрлардың дамуына да нақты пайда әкелуі керек.

Тұрсынбек БАШАР

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз