Әлеуметтік сақтандыру қорының қоржыны қалай босап қалды?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев ел қазынасын үнемдеуге, елдегі "масылдықтың жібін үзуге" шындап кірісейін деген тәрізді.
Қарқынына қарасаң, солай сияқты. Өткенде жұмыссыз қалғандарға төленетін жәрдемақының көлемі 1 қазаннан бастап қысқаратынын, төлемнің көлемі де азаятынын мәлімдеген министр, енді 2027 жылдың қаңтарынан бастап тағы да бірқатар әлеуметтік төлемдердің қысқаратынын айтты.
Министрліктің мәліметінше, қазіргі уақытта елімізде жәрдемақының 39 түрі бар. Енді жаңа тәсіл бойынша осы төлемдердің 14 түрі мұқтаждықты нақты зерттеп барып қана тағайындалатын болады.
Жәрдемақыдан кімдер қағылуы мүмкін?
Еңбек министрлігі "зерттейміз, сүзгіден өткіземіз, тек мұқтаждық болса ғана төлейміз, жағдайы бар болса төлемейміз" деп отырған әлеуметтік төлем түрлерін ерінбей тізіп көрсек, олардың қатарында көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақылар, бала тууына байланысты, 1,5 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға, I топтағы мүгедектігі бар адамның күтімімен айналысатын адамға, жерлеуге берілетін төлем, мүгедектік бойынша жәрдемақы, асыраушысынан айырылу бойынша (тұл жетімдерді қоспағанда), Тәжік-Ауған учаскесінде, Иракта, Таулы Қарабақта ұрыс қимылдарына қатысқан ардагерлерге, қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына, "Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы" атағы берілген адамдарға, "Халық Қаһарманы" атағы берілген адамдарға, "Қазақстанның Еңбек Ері" атағы берілген адамдарға төленетін әлеуметтік төлемдер бар.
Министрліктің мәлімдеуінше, бұл жаңа өзгерістер бойынша "А" және "В" санаттарына жатқызылған, яғни әл-ауқаты жоғары немесе ауқатты деңгейдегі отбасыларға жәрдемақы енді отбасының жағдайын зерттеп, тексеріп барып тағайындалмақ. Ауқатты болса, жәрдемақы берілмеуі де әбден мүмкін.
"Егер I топтағы мүгедектігі бар адам тиісті жәрдемақыны алып отырса, бұл төлем сақталады. Ал егер оның басқа төлемге құқығы туындаса, мәселен, баланың тууына байланысты, ол нақты мұқтаждықты ескеріп барып тағайындалады. Осылайша, әрбір төлем оны тағайындау негіздемесі мен оған мұқтаждық қағидаты ескеріле отырып, жеке қарастырылады", – дейді ведомство өкілдері.
Министрлік бұл өзгерістердің басты мақсаты әлеуметтік көмекті барынша атаулы етіп, оны шын мәнінде мұқтаж жандарға бағыттау екенін айтады.
Жалпы, соңғы кездері елімізде әлеуметтік жәрдемақы мен көмек түрлерінің тым көп екені жиі айтылып жүр. Министрлердің арасында әлеуметтік төлемдердің бюджетке салмақ түсіретінін ашық айтатын шенеуніктер де бар. Мәселен, биыл ғана маусым айында вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мемлекеттік бюджет шығыстарының тура 50,2 пайызы әртүрлі әлеуметтік жәрдемақылар мен төлемдерге жұмсалатынын ресми мәлімдеген. Ол соңғы алты жылдың ішінде әлеуметтік төлемдерге жұмсалатын қаржының 3,3 трлн теңгеден 6,7 трлн теңгеге дейін өскенін нақты сандармен көрсетті. Министр бұл үрдістің экономикалық тұрғыдан тиімсіз екенін алға тартып, былай деген: "Әлеуметтік жәрдемақыларды мүлдем тоқтату туралы сөз болып отырған жоқ, бірақ біз оларды міндетті түрде оңтайландырамыз. Әлеуметтік төлемдер шын мәнінде мұқтаж азаматтарға ғана берілуге тиіс".
Бұдан бөлек еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев та жуырда премьер-министр Олжас Бектеновке берген есебінде Қазақстанда мемлекет тарапынан төленетін 39 түрлі әлеуметтік төлем мен жергілікті әкімдіктер беретін 13 түрлі көмек бар екенін айтып, осы көмек түрлерінің тым көптігі мен шашыраңқылығын ретке келтіру үшін әкімдіктердің 13 түрлі көмегін 4 санатқа ғана біріктіруді ұсынды. Жәрдемақы, әлеуметтік төлемдер жайлы сөз қозғалғанда бізде "масылдық" мәселесі де қоса айтылады. Бірақ бұл мәселенің себебін тек жәрдемақыдан іздеу дұрыс па?
"Аналитик" талдау және сараптау орталығының әлеуметтанушы маманы Меруерт МОЛДАБАЕВАНЫҢ сөзіне сүйенсек, шын мәнінде, көптеген әлеуметтік төлемдер адамның ең төменгі қажеттіліктерін – тамақ, киім және күнделікті шығындарын өтеуге әрең жетеді. Негізінде, халық арасында масылдықтың қалыптасуына жәрдемақыдан да басқа бірнеше фактор әсер етеді.
"Оған осы саланы басқарып жүрген шенеуніктердің жұмысты дұрыс үйлестіре алмауы тікелей әсер етіп отыр", – дейді маман.
Маманның ойынша, масылдыққа бой үйрететін жәрдемақы емес, оның бірінші себебі – төмен жалақы тұзағы.Өңірлерде, әсіресе ауылдық жерлерде ұсынылатын кей жұмыс орындарының жалақысы 80-100 мың теңге шамасында. Бұл кей жағдайда отбасы алатын бірнеше әлеуметтік төлемнің жиынтық көлемінен аспайды. Сегіз сағат жұмыс істеп тапқан табыс пен әлеуметтік көмектің айырмасы аз болса, адамның еңбекке ынтасы да төмендейді.
Екінші себеп – еңбек өнімділігінің төмендігі. Қазақстанның шикізаттық емес секторларында, әсіресе ауыл шаруашылығы мен қызмет көрсету саласында еңбек өнімділігі төмен деңгейде қалды. Технологияның ескіруі мен автоматтандырудың жеткіліксіздігі жұмысшының өнімділігін тежейді. Ал өнімділік төмен болған жерде жұмыс берушінің жоғары жалақы төлеу мүмкіндігі де шектеулі.
Үшіншісі – көлеңкелі экономика. Кейбір азаматтар жұмысқа ресми орналасқаннан гөрі, такси жүргізу, сауда жасау сияқты бейресми табыс көздерін таңдайды. Табысын төмен көрсету арқылы әлеуметтік көмек алуға тырысатындар да бар. Бұл жағдай көлеңкелі экономиканың сақталуына әсер етеді.
Әлеуметтанушының пайымдауынша, алдағы уақытта Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігі осы мәселелерді шешуге тырысса, халық жәрдемақы алуға емес, жұмыс істеуге өздері-ақ жанығар еді.
Өзгелердің жақсысын неге үлгі етпейміз?
Стратегиялық жобаларды зерттеу орталығының маманы, экономист-ғалым Әсем ҚАСЫМХАНОВАНЫҢ сөзінше, дамыған елдер әлеуметтік көмекті тек ақша беру құралы ретінде емес, азаматты еңбекке ынталандыру тетігі ретінде қарастырады. Мысалы, Скандинавия елдерінде белсенді еңбек нарығы саясаты қолданылады. Азаматты қайта оқытуға, жұмыс іздеуге және еңбек нарығына қайта оралуға бағытталған талаптар қойылады. Сингапурдетөмен жалақы алатын, бірақ жұмыс істейтін азаматтарды қолдайтын арнайы жүйе бар. Яғни әлеуметтік қолдау еңбекпен ұштастырылады. Бұл елде төмен жалақы алатындарға қосымша әлеуметтік төлем төленеді. Ал Германияда әлеуметтік көмек "қолдау және талап ету" қағидатына негізделеді. Азамат мемлекет көмегін ала отырып, жұмыс іздеу және жұмыспен қамту шараларына қатысуға міндетті. АҚШ-та табысы төмен жұмыс істейтін отбасыларға салықтық жеңілдіктер қарастырылған. Бұл ресми еңбек етуді ынталандыруға бағытталған.
"Демек, мәселені шешу үшін жәрдемақыны қысқартуға кіріскеннен гөрі,әлеуметтік көмекті жұмыс істеумен, оқумен және еңбек нарығына қайта оралумен байланыстыру қажет. Бізде мұндай бастамалар бар, бірақ олардың көпшілігі құр қағаз жүзінде жұмыс істеп жатыр. Мемлекеттен жұмыссыздарға немесе мүгедектігі бар жандарға, көпбалалы отбасыларға берілетін гранттардың одан әрі нақты кәдеге асып жатқаны немесе кәдеге жарамағаны тексерілмейді. Жұмыссыз жүрген азаматтардың жұмыссыздыққа тіркелгеннен кейінгі аралықта тұрақты жұмыс тауып кетуіне мүмкіндіктер аз. Себебі белгілі. Бізде өндіріс орындары дүрілдеп тұрған жоқ, бизнестің басым бөлігі сауда саласына қарай ойысып кетті. Шағын және орта бизнес алыпсатарлықпен айналысып жүр. Ал халықты тұрақты жұмыс орнымен қамту үшін, жәрдемақыға телміртпеу үшін өндіріс қажет", – дейді Әсем Қасымханова.
Жәрдемақыны қысқарту қорды үнемдеудің амалы ма?
Маманның айтуынша, қазір көпшілікті "Қазақстанның әлеуметтік сақтандыру қоры дефолт алдында тұр ма?" деген сұрақ та алаңдата бастаған. Бұған қатысты деректерге жүгінсек, 2024 жылы қор өзіне түскен әлеуметтік аударымдардан әлдеқайда көп көлемде төлем жасаған. Мәселен, 2024 жылы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударым ретінде 637,5 млрд теңге түссе, әлеуметтік төлемдерге 958,3 млрд теңге жұмсалған. Яғни түсім мен төлем арасында 320 млрд теңгеге жуық айырмашылық бар. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі шығындардың өсуін негізінен жас аналарға төленетін әлеуметтік төлемдердің артуымен байланыстырады. 2024 жылы декреттік және бала күтіміне байланысты төлемдерге 790 млрд теңгеге жуық қаражат жұмсалған.
Қаржыгерлердің пікірінше, мұндай кассалық алшақтық тұрақты түрде қайталана берсе, мемлекет 2028 жылға қарай зейнеткерлер мен асыраушысынан айырылған азаматтарға арналған төлемдерді қамтамасыз етуде қиындыққа тап болуы мүмкін. Өзге де әлеуметтік төлемдерге қатысты тәуекелдер туындауы ықтимал. Сондықтан қордың қаржылық тұрақтылығы мәселесі де өзекті болып отыр.
"Министрліктің айтуынша, бұған дейін жас аналардың көпшілігі бірнеше жеке кәсіпкерліктен анықтама алып, өздерін 10 және одан да көп жерде жұмыс істеген маман ретінде көрсетіп, соған сәйкес жоғары мөлшерде декреттік төлем алған. Енді ұсынылып отырған түзетулер бойынша декреттік демалыс басталғаннан кейінгі табыс есепке алынбайды. Ал жас ана жаңа мамандық бойынша оқуға түсіп, әлеуметтік қордан шәкіртақы алса немесе жұмысқа шықса, ай сайынғы декреттік төлемін уақытша тоқтату ұсынылады. Бұдан бөлек, бала күтіміне байланысты жәрдемақы алып отырған азаматтарға жұмыссыздық бойынша әлеуметтік төлемге өтініш беруге шектеу қою ұсынылған. Яғни жаңа тәртіптің негізгі қағидасы – бір мезетте бірнеше әлеуметтік төлемді қатар алуға жол бермеу және қордан төленетін қаражатты қатаң бақылауға алу. Басқаша айтқанда, жәрдемақыны қысқарту арқылы қорды үнемдеу. Енді осы шараны осы уақытқа дейін неге қолға алмаған деген сұрақ туындайды. Қордың қаржысы азая бастағанда қимылдамай, осыны әу бастан жүйелеген жөн еді", – дейді сарапшы Әсем Қасымханова.
Маманның ойынша, қордың қаражатын барынша шашау шығармауға осыдан 10 жыл бұрын кірісу керек еді. Негізінде, халықты әлеуметтік төлеммен қамтитын мұндай әлеуметтік сақтандыру қорының қаражатына мықтап бақылау орнатпаса, расымен де дефолт жағдайына түсуі мүмкін.
Мамандардың пайымынша, Үкіметтің экономикалық даму жөніндегі жоспарлары қағаз жүзіндегі мақсат болып қалмай нақты жүзеге асса, бүгінде әлеуметтік сақтандыру қорында немесе өзге де қорларда қаражаттың азаюы туралы және жәрдемақыны қысқарту жөнінде мәселе көтерілмес еді. Әттеген-айы, біздегі көп жоспар қағазға жазылады, әдемі мінбеде айтылады, бірақ соңында бақылаусыз қалады. Біз әрдайым осы олақтан опық жеп келеміз.
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ