Сараптама

Кесілген кадр, кешіккен кино немесе цензураның қолындағы өткір қайшы

Кино

Соңғы уақытта киноиндустриясында шығармашылық еркіндік пен мемлекеттік бақылау мәселесі қайтара сөз бола бастады. Әсіресе биыл кинематография саласындағы заңнамалық талаптардың өзгеруі, фильмдерді прокатқа шығармас бұрын арнайы сараптамадан өткізу тәртібінің енгізілуі және бірқатар кинотуындының көрсетіліміне қатысты туындаған дау бұл мәселеге қоғам назарын қайта аудартты. Мысалы, Ақан Сатаевтың Бейімбет Майлиннің "Күлпәш" әңгімесі негізінде түсірген тарихи драмасының премьерасы кейінге шегерілді. 10 қарашаға жоспарланған тұсаукесер мен 11 қарашадан басталуға тиіс прокаттың тоқтатылуын Sataifilm компаниясы қажетті рәсімдерді аяқтауға қосымша уақыт керектігімен түсіндірді. Алайда ашаршылық тақырыбын арқау еткен фильмнің көрсетілімі кейінге шегерілгені көпшілікті түрлі ойға жетеледі. Дәл осы тұста қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың өміріне арналған "Айтматов" фильмінің де Қазақстандағы премьерасы шегерілді. Бастапқыда 12 қарашаға жоспарланған көрсетілім 3 желтоқсанға ауыстырылды. Фильм авторлары мұндай шешімнің нақты себебін ашып айтқан жоқ. Ал кинотанушы Дмитрий Мостовой бұл жағдайдың Ресейдегі цензурамен байланысты болуы мүмкін екенін болжаған-ды. Оның айтуынша, фильмнің ресейлік нұсқасынан сталиндік қуғын-сүргінге, соның ішінде жазушының әкесі Төреқұл Айтматовтың атылуына қатысты эпизодтарды алып тастау талап етілген көрінеді. Екі фильмнің кейінге шегерілуін кездейсоқтыққа баласақ та, осыған дейін де отандық кинематографияда бірақатар туындылардың көрсетіліміне шектеу қойылып, кейбір эпизодтарының қысқартылуы, тіпті фильмдердің прокаттан алынуы халық арасында дау тудырған еді. Бұған фильмнің экранға шығуына тікелей тыйым салынбаса да, түрлі әкімшілік кедергілер мен ұзаққа созылған рәсімдер туындының көрерменге уақытында жетуіне тосқауыл болатынын қосыңыз. Сонымен бүгінгі қазақ кинематографиясында цензура бар ма? Бар болса, нақты нелерге тыйым салады? Оның себебі неде? "Жас Алаш" ұйымдастырған дөңгелек үстелге  өнертанушы, актер, әнші Ерлан Төлеутай, кинотанушылар Жанкелді Өмірәлиев пен Роман Бұрқаш қатысты.  

– Қазіргі кинематографиядағы шығармашылық еркіндіктің деңгейін қалай бағалайсыз? Отандық режиссерлер өздері қалаған тақырыпты ешқандай қысымсыз, кедергісіз экранға шығарып жүр ме?

Ерлан Төлеутай
Фото: Жас алаш/Ерлан Төлеутай

Е.Төлеутай: Соңғы уақытта шығармашылық еркіндік пен түрлі шектеулерге қатысты мәселелер жиі туындап жүргені жасырын емес. Әсіресе 2026 жылы бұл жағдай өзінің апогейіне жетті. Жалпы, отандық режиссерлерді шартты түрде бірнеше топқа бөліп қарастыруға болады. Біріншісі – коммерциялық фильмдер түсіріп жүрген режиссерлер. Олардың арасында режиссерсымақтар да бар. Екіншісі – идеологиялық фильмдер түсіретін, қазіргі билікті дәріптейтін режиссерлер. Бұлардың фильмдері ешқандай қысымсыз, кедергісіз экранға шығып жатыр. Тіпті олардың барлық жағдайын жасап берген. Бұл жерде белгілі бір саясаттың жүргізіліп отырғаны айқын көрінеді. Мәселен, коммерциялық фильмдерге ешқандай кедергі жасалмайды, тыйым салынбайды. Өйткені мұндай фильмдер қоғамды деградацияға ұшыратады, ал билікке осы тиімді. Билікке халықтың надан, қызық қуған, ойын-сауыққа берілген тобырға айналғаны керек. Ежелгі Римнен қалған "Нан мен ойын-сауық" деген белгілі қағида бар ғой. Қазіргі жағдай да соны еске түсіреді. Халықты ойын-сауықпен алдандырып, елде болып жатқан экономикалық, саяси мәселелерден, түрлі дүрбелеңдерден назарын басқа жаққа аударуды көздейді. Сонымен қатар биліктің ұстанымын дәріптейтін идеологиялық фильмдер де түсіріліп жатыр, әрине, мұның бәрі билікке ұнайды. Осындай фильмдерді түсіретін режиссерлер құрметке бөленіп, актерлерге мемлекеттік марапаттар, орден-медальдер табыстайды, себебі олардың шығармашылығы биліктің мүддесі мен насихатына қызмет етіп отыр. Сондықтан да оларға еркіндік берілген. Ал шынайы өнердің, авторлық киноның жағдайы мүлде басқа. Тарихта қалатын, ұлттың келбетін, биліктің болмысын көрсететін, қоғамдық сананы оятып, эстетикалық талғам қалыптастыратын туындылар дәл осы авторлық фильмдер. Бүгінде осы бағыттағы режиссерлерге қысым күшейіп, авторлардың шығармашылық еркіндігі шектеліп жатыр. Біз мұны көрдік, сосын да қынжылатынымыз. Әсіресе 2026 жылы елдегі прокатқа шыққан фильмдердің бірқатары цензураға ұшырады. Соның ішінде біз де бармыз. "Әбіл" фильміне де бірнеше көріністі кесіп тастау туралы нақты талап қойылды. Біз бұл талаптарды ішінара орындауға мәжбүр болдық. Себебі фильмді прокатқа шығаруымыз керек, сол себепті амалсыздан билікпен белгілі бір келісімге келдік. Прокаттық куәлік дегеніміздің өзі, бір сөзбен айтқанда, цензура құралы. Осы куәлікті беру тәртібі арқылы билік киноны бақылау мүмкіндігіне ие болып отыр. Қазіргі шенеуніктер осы артықшылықты әсіре пайдаланып, фильмдердің мазмұнына араласу, оларды цензуралық бақылаудан өткізу құқығын өздеріне иемденіп алды. Біз 1932 жылғы асыра сілтеушіліктің қандай қасіретке әкелгенін жақсы білеміз. Сол асыра сілтеушілік бүгін қайта күш алғандай. Мұның астарында шын мәнінде көркем фильмдердің түсірілуіне жол бермеу саясаты жатыр. Бұл – астыртын жүргізіліп отырған саясат. Өйткені тағы да қайталап айтамын, билік халықтың эстетикалық талғамының өскенін, қоғамдық ой-санасының оянғанын қаламайды. Керісінше, оған құлдық санадағы адамдар керек. Өздері айтатын "быдло" деген түсінік бар ғой. Билікке өз құқығын талап етпейтін, ештеңеге қарсы шықпайтын, үнсіз жүретін, сондай тобыр тиімді. Сондықтан 2026 жылы кино өнеріне апат келіп, цензураның жаңа кезеңі басталды. Әсіресе тарихи және саяси тақырыптар қозғалған кезде цензуралардың қайшысы жалаңдай түседі.

Ж.Өмірәлиев: Бізде шығармашылық еркіндік бар, бірақ толықтай емес. Соңғы жылдары тіпті қиындап кетті. Биліктің ықпалы күшейіп барады. Түсіруге болмайтын тақырыптар көбейді. Осыдан 3-4 жыл бұрын, мысалы, мемлекеттік қаржыландыруға үміткерлер арасында "Қаңтар трагедиясы" мен "Арқанкерген оқиғасы" туралы түсіруге болмайды деген қауесет тарады. Қазір бұндай табу тақырыптар тіпті көбейіп кеткен секілді. Жоғарыда отырған бір шенеунікке фильміңіз ұнамаса, тіпті прокаттан алып тастайтын жағдайға да жеттік. Тағы бір мысал, осыдан бірнеше жыл бұрын түсірілген "Жаза" деген мықты картина бар. Фильмде басты кейіпкер – жағымсыз, сыбайлас жемқорлыққа құныққан полицей. Бірақ бір күні оның туған қызын өзінің бастығы мен ауданға іссапармен келген облыс әкімі зорлайды. Осыдан кейін ол бүкіл системаға қарсы шығып, әкімшілік, полиция, бандиттердің бәрін қырады. Міне, осы фильмді билік еш жерге шығартқызбай отыр. Және ең қызығы, картинаны толық қаржыландырған да мемлекет.  Жарайды, бұл мемлекеттің қаржысына түсірілген кино, бірақ та қазір жекеменшік инвесторлар да кино түсіріп алып, прокатқа шыға алмай қаламыз ба деп қорқып отыр. Себебі прокатқа дейінгі экспертиза деген пайда болды. Ол жерде кім отыр, кім шешім шығаратыны белгісіз. Фильміңізді жібересіз, олар қарайды да, сосын ұнамаған жерлерін алып тастаңыз дейді. Орындамасаң, прокатқа шыға алмайсың. Әрине, бұл цензура. Осылайша мемлекет кинопрокатты бақылауға алуға тырысып бағуда. Сол себепті қазір фильмнен сахнаны кесіп тастау, прокаттан алып тастау, фильмге 21+ рейтинг беріп, оның сеанстарын тек түнгі 22:00–ден кейін беру секілді жайттар көбейіп кетті. 

– Арагідік кейбір фильмдерді прокаттан алып тастап жатқаны, шыққан фильмдердің кей эпизодтарын кесіп тастағаны туралы да айтылады. Кино өнеріндегі цензура мәселесі әсіресе тарихи және саяси тақырыптар қозғалғанда тіпті өткірлене түседі. Тіпті фильмнің премьераға шығатын уақытын шегеріп тастау да жиі қайталанып жүр. Мұны цензура деп бағалауға бола ма?

Е.Төлеутай: Мен сізге бір ғана аптаның ішінде билік тарапынан жасалған екі өрескел әрекетті мысалға келтірейін. Біріншісі – деректі кино режиссері әрі продюсер Сергей Әзімов түсірген "Аман Төлеев" фильміне қатысты жағдай. Режиссер өткен аптада өзінің деректі фильмін көрсетпек болған, алайда көрсетілімге кедергі жасалды. Мен режиссердің өзімен сөйлестім. Оның айтуынша, фильмнен "Путин" деген сөзді алып тастауды талап еткен. Сонымен қатар Назарбаевқа және қазіргі билікке қатысты айтылған сөздерді де қысқартуды сұраған көрінеді. Әрине, режиссер фильмін көрерменге көрсету үшін цензуралардың талаптарын орындауға мәжбүр болған. Бірақ, соған қарамастан, өткен аптаның сейсенбісіне жоспарланған көрсетілім өтпей қалды. Бұл фильм Ресейдің Кемерово облысын басқарған қазақ азаматы, белгілі саясаткер Аман Төлеев туралы түсірілген-ді. Ол кісі өмірден өтіп кетті. Сондықтан Қазақстан билігі үшін қандай да бір саяси қауіп төндіріп отырған тұлға емес. Дегенмен Аман Төлеев Ресей саясатында өте ықпалды болды, Кемерово облысын ұзақ жыл басқарды. Кезінде Борис Ельцинмен тайталасып, оның өзіне қарсы пікірін ашық айтып, батыл саясаткер ретінде танылған-ды. Оның үстіне бұл фильм кең прокатқа шығайын деп отырған жоқ. Бар болғаны, бірреттік көрсетілім, тұсаукесер ғана жоспарланған. Оны әрі кеткенде елу-алпыс адам көреді. Соның өзіне осындай талаптар қойылып отыр. Ал осы бір аптаның ішінде болған екінші жағдай – Ақан Сатаевтың "Күлпәш" фильміне қатысты мәселе. Бұл фильм 1930 жылдардағы ашаршылықты емес, 1921 жылғы ашаршылықты арқау етеді. Яғни осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын болған тарихи оқиға туралы түсірілген. Соған қарамастан, оған да цензура қойылып отыр. Бұл – қатты қынжылтатын жағдай. Жүз жылдан астам уақыт бұрын болған оқиғаға цензура қою деген, меніңше, әлем тарихында сирек кездесетін құбылыс. 

Р.Бұрқаш: Менің ойымша, мемлекет кино өнеріне қатысты қандай да бір шешім қабылдағанда, ең алдымен оның салдарын жан-жақты ескеруі керек. Әсіресе белгілі бір фильмнің мазмұнына араласу, жекелеген эпизодтарын қысқартуды талап ету немесе оның көрерменге жол тартуына кедергі келтіру сияқты мәселелерге өте сақ қараған жөн. Өйткені мұндай әрекеттердің салдары кейде сол фильмнің өзінен де ауқымды болуы мүмкін. Мемлекет барлық дүниеге бірдей араласып, әрбір шығармадан қандай да бір астар іздей берсе, бастапқыда аса үлкен мәселе болмаған жағдайды өзі ушықтырып алады. Оның үстіне мұндай әрекеттер мемлекетке деген көзқарасқа да кері әсер етуі мүмкін. Ең маңыздысы, осындай жағдайлар тек режиссерлерге ғана емес, жалпы шығармашылық ортаға, тіпті көрерменнің көңіл күйіне де әсер етеді. Белгілі бір фильмге қатысты шектеулер қойылып, оның айналасында түрлі әңгімелер туындай бастаса, өзге авторлар да мұны ескеретін болады. Соның салдарынан режиссерлер қандай тақырыпты қозғауға болатынын, қай мәселені қозғамаған дұрыс екенін алдын ала ойлап, өз шығармашылығына өздері шектеу қоюы мүмкін. Бұл шығармашылық еркіндіктің табиғатына қайшы келеді. Мемлекеттің ұсақ-түйек мәселелердің бәріне араласып, әрбір көркем туындыдан саяси немесе идеологиялық астар іздеуі кейде сол мәселенің ауқымын жасанды түрде ұлғайтып жібереді. Ал бұл, түптеп келгенде, мемлекеттің өзіне де тиімді емес.

– Әдетте киноға цензура қажет екенін алға тартатындар өнер туындысының қоғам алдындағы жауапкершілігін, көрерменнің жас ерекшелігін, ұлттық және діни сезімдерді ескеру керектігін айтады. Ал қарсы тарап кез келген шектеу көркемдік еркіндікке ақау түсіреді деп есептейді. Жалпы, кино өнерінде белгілі бір шектеулердің болғаны дұрыс па?

Е.Төлеутай: Иә, билік киноға цензура енгізгенде, өзің айтқандай, түрлі себептерді алға тартады. Бірақ, меніңше, цензураға ұшырап жатқан фильмдердің ешқайсысында мұндай мәселе жоқ. Әсіресе діни сенімге, ұлттық ерекшелікке қатысты айтылатын уәждердің бәрі қолдан жасалған деп есептеймін. Мәселен, ағылшындар мен француздар жүз жылдан астам уақыт бойы соғысты. Қазір екі елдің режиссерлері сол тарихи оқиғалар туралы фильмдер түсіріп жүргенімен бір-бірінің ұлттық намысына тиді деп шу шығарып жатқан ешкім жоқ. Өйткені әр халықтың тарихи оқиғаларға қатысты өзінің көзқарасы болуы мүмкін. Мұндай тарихи тақырыптар әлемдік кинода еркін көтеріледі, оған ешқандай шектеу қойылмайды. Ал Қазақстанда жағдай басқаша, себебі бізде отарсыздандыру, яғни деколонизация үдерісі толық жүргізілген жоқ. Соның салдарынан әркім өз көлеңкесінен қорқатын жағдайға жетті. Ұлттық мәселеге қатысты бір сөз айтылса, оның өзінен қауіп іздейді. Мысалы, "Әбіл" фильмінде қазақтың ауызекі тілінде бұрыннан айтылып келе жатқан "Ойбай, орыс алып кетеді" деп әйелдің баласына айтатын эпизоды бар. Біздің бала кезімізде үлкендер балаларды осылай қорқытатын. Билік өз көлеңкесінен өзі қорқып, бұл эпизодты қысқартуды талап етіп отыр. Біз қазір фильміміздің халықаралық тұсаукесерлерін өткізіп жүрміз. Кеше Америкада көрсетілім болды. Залдағы орыс көрермендер де қол шапалақтап, фильмге қошемет көрсетті. Бірде-біреуі ренжіген жоқ. Ал биліктің осыны ұлттық ар-намысқа тию деп бағалауы қисынсыз. Адамның бір мүшесін алып тастасаңыз, ол мүгедек болып қалатыны сияқты цензура да өнер туындысын мүгедек етеді. Өкінішке қарай, биліктегі адамдар осыны түсінбейді. 

Роман Бұрқаш
Фото: ашық дереккөздерден/Роман Бұрқаш

Р.Бұрқаш: Әрине, мемлекет – заң талаптарының сақталуын қадағалауы шарт. Ұлтаралық, конфессияаралық алауыздықтарға жол бермеу де – мемлекеттің міндеті. Бірақ осыны желеу етіп, барлық өнер туындысына бірдей идеологиялық талап қою да дұрыс емес. Мәселен, осыдан бірер ай бұрын Мәулен Әшімбаев отандық кино тақырыбына арналған подкастта "Қайтадан" фильмін мақтай отырып, оның мемлекеттік қаржыға түсірілгенін, сондықтан ішінде жанама идеологиялық мотивтер мен элементтер болуы керектігін айтып қалады. Осы тұста мемлекет қаржы бөлген әрбір фильм міндетті түрде белгілі бір идеологияны насихаттауы керек пе деген сұрақ туады. Әрине, мемлекет өзі қаржыландырған жобалардың қаражаты тиімді жұмсалуын қадағалауға құқылы. Мемлекеттік қаржы оңды-солды жұмсалмауы керек. Бірақ бұл әрбір фильмнен міндетті түрде қаржылық пайда немесе идеологиялық нәтиже күту керек дегенді білдірмесе керек. Өйткені ақшамен өлшенбейтін дүниелер көп-ақ. Өнерге келгенде осыны ескеруіміз керек. 

Ж.Өмірәлиев: Белгілі бір шектеулер болған дұрыс шығар, бірақ мына жасап жатқандары бұрыс жол. Ресейдің моделін алып келіп, бізге қоя салғандай. Соның салдарынан көп жерден қате кетіп жатыр. Әлгі шешім шығаратын эксперттік комиссияның жұмысына наразылық көп. Мысалы, Ресейден цензурадан өтіп келген кейбір фильмдерді бізде сол қалпында кинотеатрларға кіргізіп жатыр – блюрмен жабылған темекі шегу сахналары, тіпті фильм алдындағы тек Ресей мемлекетіне арналған дисклеймерлермен де жүре береді (Meta – бізде тыйым салынған организация деген сияқты). Соның бәрін эксперттік комиссия неге қарамайды, неге тексермейді? Шет елдік фильмдердегі қазақ тіліндегі субтитрлерді айтпаса да болады. Ол тіпті масқара дүние – жасанды интеллект арқылы жасала салған нашар аударма. Соны неге бақыламайды? 

– Кеңестік кезеңде кинематография идеологиялық бақылаудың маңызды құралдарының бірі болды. Сценарийден бастап дайын фильмге дейінгі шығармашылық үдеріс қатаң сүзгіден өтті. Бүгінгі кино өнеріндегі бақылау мен шектеулер сол кезеңнен қалған сарқыншақ емес пе? 

Е.Төлеутай: Мен кеңестік кезеңде өмір сүрген адаммын. Ол дәуірдің тарихын да, кино өнерінің тарихын да жақсы білемін. Осы тұрғыдан алғанда, кеңестік цензура мен қазіргі цензураның арасында айырмашылық байқалмайды. Тіпті біздің қазіргі цензура кеңестік цензурадан да асып бара жатқандай. Өйткені кеңестік кезеңде цензура болғанымен, көркемдік шешімді түсінетін, режиссердің шығармашылық ұстанымын мойындайтын адамдар да кездесетін. Ал қазіргі цензуралар ештеңені мойындамайды. Себебі олардың кәсіби білімі өте төмен. Менің байқауымша, оларды үнемі үрей билеп отырады. Бір фильм шықса болды, бәрі абдырап, одан үлкен қауіп іздей бастайды. Қазақта "қойға қасқыр шапқандай" деген сөз бар ғой. Біздің идеология саласындағы шенеуніктердің әрекеті соған ұқсайды. Кез келген фильмді өздеріне қарсы бағытталған қауіп ретінде қабылдайды. Ал шын мәнінде кино – өнер туындысы. Оны жау ретінде көрудің қажеті жоқ. 

Р.Бұрқаш: Менің ойымша, мемлекет кино өнеріне қатысты қандай да бір шешім қабылдағанда, ең алдымен оның салдарын жан-жақты ескеруі керек. Әсіресе белгілі бір фильмнің мазмұнына араласу, жекелеген эпизодтарын қысқартуды талап ету немесе оның көрерменге жол тартуына кедергі келтіру сияқты мәселелерге өте сақ қараған жөн. Ең маңыздысы, мұндай жағдайлар тек режиссерлерге ғана емес, жалпы шығармашылық ортаға, тіпті көрерменнің көңіл күйіне де әсер етеді. Тағы бір маңызды мәселе бар. Егер мемлекет кино саласына түрлі цензуралық талаптар қойып, режиссерлердің шығармашылық мүмкіндіктерін шектей берсе, авторлар өз жобаларын жүзеге асырудың басқа жолдарын іздей бастайды. Мәселен, шетелге кетіп, сол жақта фильм түсіруі немесе шетелдік қорлардың қаржыландыруына жүгінуі мүмкін. Әлемдік тәжірибеде мұндай жағдайлар кездеседі. Нәтижесінде мемлекет өз еліндегі шығармашылық әлеуеттің дамуына кедергі келтіріп қана қоймай, өнер адамдарын өзінен алыстатып алуы ықтимал.

Дайындаған Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ 

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз