Сараптама

Бала құқығын қорғау. «Баяғы – жартас...» бүгін «жаңалық»

Бала құқығын қорғау. "Баяғы – жартас…" бүгін "жаңалық"

балалар

Құрылтайдағы Үкімет сағатында бала құқығын қорғау мәселесі тағы да күн тәртібіне шықты. Бұл жолы «Қазақстан балалары» атты жаңа тұжырымдама таныстырылып, соның аясында 158 іс-шара өткізу, 70-тен астам жүйелі мәселені шешу және үш заң жобасын әзірлеу жоспарланып отыр. Құжатты таныстырған Құрылтай төрағасының орынбасары Динара Зәкиева бұл бастамалар балалардың өміріне нақты өзгеріс әкелерін мәлімдеді.

Жалпы Д.Зәкиева бұл саланың былық-шылығын бұрыннан білеріне сенімдіміз. Себебі ол 2017-2019 жылдары Астана қаласындағы балалар үйін басқарды, кейін отбасы және балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық кеңеске жетекшілік етті. Ал 2023 жылғы маусымда Бала құқықтары жөніндегі уәкіл болып тағайындалды. Яғни осы саладағы қордаланған проблемалардан, балалар үйлерінің жағдайы мен жүйелік олқылықтармен бұрыннан таныс. Мәселе оның білетінінде емес, мәселе – жылдар бойы осы салада жүріп, жағдайдың осынша ауқымды болғанын енді естігендей, ел-жұртпен бірге аң-таң қалып отырғанында. Мұны көріп біз таңғалдық.

Биліктің «қылмыс саны азайып келеді» деген есептері мен шынайы ахуал арасындағы алшақтық та бұрыннан бар үрдіс. Айталық, балалар арасындағы құқықбұзушылықтың жалпы көрсеткіші төмендегенімен, ауыр және аса ауыр қылмыстар биыл да өскен. Мәселен, былтыр кәмелетке толмағандарға қатысты 3 392 қылмыстық құқықбұзушылық тіркеліп, 3 549 бала жәбір көрсе, биыл он айда 3 101 құқықбұзушылық тіркеліп, 3 096 бала зардап шеккен. Соның ішінде жас балаларды азғындық жолға түсіру дерегі былтыр 99 жағдайдан биыл он айда 115-ке жеткен. Осының өзі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстардың әлі де дәрменсіз күйде екенін аңғартып тұр. «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы аясында 70-тен астам жүйелі мәселенің анықталуының өзі бұл саланың ұзақ уақыт бойы шешімін таппай келе жатқанын дәлелдейді емес пе?! Олардың қатарында әлеуметтік қолдаудың жеткіліксіздігі, білім мен медициналық қызметтің қолжетімділігі, балалардың қауіпсіздігі, ата-аналардың жауапкершілігі және өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қорғау тетіктерінің әлсіз тұсы көп. 

Тұжырымдамадағы маңызды бағыттардың бірі – баланың бірыңғай цифрлық маршрутын енгізу болып отыр. Қазір баланың жағдайы туралы мәліметтер білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және құқық қорғау органдары арасында әртүрлі деңгейде жинақталады. Мекемелер арасындағы байланыстың әлсіздігінен баланың мәселесі дер кезінде шешілмей, жауапкершілік бір органнан екіншісіне ауысып жатады. Ал жоғалған уақыттың зардабын бала тартады. Сондықтан бірыңғай цифрлық маршрут ақпаратты бір базаға жинаумен ғана шектеліп қалды. Тағы бір бағыт, ата-аналарды қолдау және олардың жауапкершілігін арттыру болып отыр. Алайда бұл мәселені тек міндет жүктеу немесе жазалау шараларын күшейту деп түсіну қалыптасқан. Тұрмыстық зорлық-зомбылық, қараусыз қалу, отбасындағы тұрақты жанжал, ата-ананың ішімдікке немесе басқа да тәуелділікке салынуы баланың психологиялық дамуына ауыр әсер етеді. 

Тұжырымдамада балалар ауруханаларын қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету және ауылдық жерлерде қосымша білім беру инфрақұрылымын дамыту қарастырылған. Бұл жерде де ауылдық жерлерде қосымша білім беру орталықтарын ашу ғимарат салумен немесе құрал-жабдық сатып алумен шектеліп қалмасына кепілдік жоқ. Себебі білікті педагогтер, түрлі үйірмелер мен спорт секциялары, балалардың шығармашылық және зияткерлік қабілетін дамытатын тұрақты бағдарламалардың жоқтығы бұрыннан айтылып келе жатқан түйткіл. Сондықтан балалар ауруханаларына қатысты да мәселе тек заманауи медициналық жабдық сатып алумен шешілмейді. Қажетті құрылғылармен бірге оларды қолданатын білікті мамандардың жоқтығы шалғай аудандарда тұратын балалардың күрделі медициналық көмек алу үшін облыс орталығына немесе ірі қалаларға баруға мәжбүр етіп отыр.  

Жиында айтылған тағы бір дерек, өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларға, жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған 111 ұйымның 44-іне күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған. Яғни мекемелердің шамамен 40 пайызы жөндеуді қажет етеді. Бұл көрсеткіш балаларға арналған әлеуметтік инфрақұрылымның жағдайы біркелкі емес екенін аңғартты. Бұл ретте үш заң жобасының әзірленуі аталып өтті. Бірақ қоғам үшін заң жобалары мен іс-шаралардың саны маңызды ма? 

Осы тұста еске түседі, жалпы қоғамдық резонанс тудырған ауыр жағдайларда біздегі омбудсмендердің, депутаттар мен атқамінерлердің сол оқиға орын алған жерге барып, мәселенің анық-қанығын білу үшін төбе көрсеткенін көп көрмейміз. Қоғамда дабыл қағылған сәттерде шенеуніктердің үнсіз қалуы немесе тек қағаз жүзіндегі есептермен шектелуі қалыпты жағдайға айналған. Бұған дейін балалардың құқығы, олардың қауіпсіздігі мен қорғалуы туралы пікір алу өтінішіміз де жауапсыз қалған кездері көп екен. Бүгін Құрылтай мінберінен баяндалған осы жобалардың өміршең боларына сенгің келсе де, көңілге күдік те ұялап тұратыны осыдан.

Кеше Динара Зәкиева барлық өңірде балалардың құқықтарын қорғау басқармалары ашылғанын және осы сала қызметкерлерінің мәртебесі заң жүзінде бекітілгенін атап өтті. Алайда жаңа басқармалардың ашылуы өздігінен ешқандай мәселені шешкен жоқ. Олардың құзыреті мен кадрлық әлеуеті әлсіз, өңірлердегі нақты жұмысы көрінбейді және балалардың құқығы бұзылған жағдайда жедел әрекет ететін тетік жоқ. Балаға қатысты зорлық-зомбылық фактісі тіркелгенде, мекемелердің бір-біріне формалды түрде хат жолдауымен шектеліп, жәбірленушіні қауіпсіз жерге орналастыру, медициналық және психологиялық көмек көрсету жұмыстары сылбыр жүретіні айтыла-айтыла жауыр болған бұл күні. 

Айтпақшы, бала құқығын қорғау туралы айтқанда, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тағдырын да назардан тыс қалдыруға болмайды. Әсіресе асырап алынған, қорғаншылыққа немесе патронаттық тәрбиеге берілген балалардың отбасындағы жағдайы – бақылауды қажет ететін бөлек мәселе. Бүгінде елде 20 мыңнан астам жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала бар екен. Олардың басым бөлігі балалар үйлерінде емес, отбасыларда тәрбиеленіп жатыр. Бұл, әрине, құптарлық үрдіс. Бірақ баланы отбасына орналастырумен мемлекеттің жауапкершілігі аяқталмасы белгілі. Бұлай деуімізге себеп аз емес. Соңғы жылдардың өзінде асырап алған немесе қамқорлығына алған баласына күш көрсеткен, психологиялық қысым жасаған, оның мүлкі мен қаражатына қатысты заңсыз әрекеттерге барған ересектер туралы деректер болды. Айтқандай, Құрылтайдағы Үкімет сағатында білім министрі Жұлдыз Сүлейменова мектепке дейінгі ұйымдардағы зорлық-зомбылық деректеріне де тоқталған. Министрдің мәліметінше, 2024-2026 жылдары балабақшаларда 42 резонанстық оқиға тіркелген. Оның 37-сі жекеменшік балабақшаларда болса, 36 жағдайда зорлық-зомбылыққа тәрбиешілердің қатысы болған. 

Сондықтан Динара Зәкиева ұсынған тұжырымдаманың көздеген мақсатына дау жоқ, мін де таға алмаймыз. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіру, жауапты мекемелердің жұмысын үйлестіру – әлдеқашан шешілуге тиіс мәселелер. Алайда осы бағыттардың бәрі бүгін ғана анықталғандай жаңа құжатқа енгізіліп, қайтадан жоспар ретінде ұсынылуы ойландырады. 

 

Жадыра МҮСІЛІМ

 

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Тегтер: бала құқығы
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз