"Жіңішке" жолды министр ғылымды қайда бастап барады?
"Жіңішке" жолды министр ғылымды қайда бастап барады?
Жоғары аудиторлық палата ғылым саласынан миллиардтаған теңгенің қаржылық заңбұзушылығын анықтады. Жүздеген ғылыми жобаның нәтижесі расталмаған, ғылыми әзірлемелердің басым бөлігі нарықта сұраныс таппаған. Ал ғылымға арналған қаражаттың бір бөлігі банктердегі депозиттерге орналастырылған. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек аудиттің сынын қабылдағанымен, тексерістердің көптігіне шағымданып, Қазақстан ғылымы туралы анекдот та айтты.
Миллиардтардың есебі бар, нәтижесі қайда?
Қазақстан ғылымына жыл сайын жүздеген миллиард теңге бөлінеді. Ғылыми бағдарламалар қабылданып, инновация мен технологиялық даму туралы жиі айтылады. Алайда бөлінген қаржының нақты қайтарымы қандай? Бұл сұрақ 11 қарашада Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов ғылым саласына жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындысын жариялағаннан кейін қайтадан күн тәртібіне шықты. Аудиторлар 2021-2025 жылдар аралығында тоғыз мемлекеттік орган мен ұйымның қызметін тексерген. Жалпы аудит 241,9 млрд теңге бюджет қаражатын қамтыды. Нәтижесінде 50,9 млрд теңгенің қаржылық заңбұзушылығы, 41,5 млрд теңгенің тиімсіз пайдаланылуы және 5,5 млрд теңгенің тиімсіз жоспарлануы анықталды. Бұған қоса 15,9 млрд теңге көлеміндегі ықтимал шығындар мен алынбай қалған пайда есептелген. Әрине, бұл қаражаттың барлығы жымқырылды деген сөз емес. Алайда аудит ғылымды қаржыландыру мен бақылау жүйесіндегі елеулі кемшіліктерді көрсетті.
Әсіресе ғылыми жобалардың нәтижесіне қатысты деректер назар аудартады. Жалпы құны 16,2 млрд теңге болатын 176 ғылыми жобаның түпкілікті нәтижелеріне қол жеткізілгені расталмаған. Сонымен қатар 393 ғылыми-техникалық тапсырманың 149-ы орындалмаған. Олардың жалпы құны шамамен 67 млрд теңге. Ал 79 ғылыми бағдарламаға 62 млрд теңге бөлінгенімен, шығындары жеткілікті нақтыланбаған. Кейбір бағдарламалар бойынша қорытынды нәтиже бағаланғанға дейін қаражаттың 96-98 пайызы төленген.
Аудит ғылыми әзірлемелердің өндіріске енгізілуіне қатысты да мәселелерді анықтады. Ғылым қоры қаржыландырған, жалпы құны 31,5 млрд теңге болатын 141 аяқталған жобаның тек 38-і ғана соңғы үш жылда тұрақты сатылымға қол жеткізген. Ал қалған 103 жобаға 22,5 млрд теңге жұмсалғанымен, болжанған коммерциялық нәтиже болмаған.
Мәселен, GameofDrones LTD компаниясына дрондарды қашықтан басқару кешенін әзірлеуге 336,3 млн теңге грант берілген. Жоба бойынша 2025 жылдың соңына дейін 1,03 млрд теңгенің өнімі мен қызметі сатылуға тиіс болған. Бірақ нақты сатылым 102,6 млн теңгемен шектелген. Бұл жоспардың шамамен 10 пайызы ғана.
Ғылымға арналған ақша неге банктерде жатты?
Аудиторлар жер қойнауын пайдаланушылардың ғылыми-зерттеулерге арналған міндетті аударымдарының едәуір бөлігі банк депозиттерінде орналастырылғанын анықтады. Атап айтқанда, Astana Hub – 22,9 млрд теңгені, ал «Самғау» қоры 10,2 млрд теңгені қаржы құралдарына салған. Нәтижесінде Astana Hub 12,8 млрд теңге, «Самғау» 1,6 млрд теңге пайызды табыс тапқан. Бірақ осы уақытта ғылыми жобаларға ақша аудару кешіккен. Astana Hub-та бұл мерзім 215 күнге дейін жетсе, «Самғауда» кейбір қаражат екі жарым жылдан астам уақыт бойы аударылмаған. Сонымен қатар екі ұйым арқылы жалпы құны 37,2 млрд теңге болатын 178 жобаға орындаушылар бәсекелестік рәсімдерінсіз таңдалған.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қаражатты депозитте сақтау заңбұзушылық емес екенін мәлімдеді. Оның түсіндіруінше, ғылыми жобалар бірнеше жылға жоспарланатындықтан, уақытша бос ақшаны инфляциядан қорғау қажет. Әрине, қаражатты депозитке орналастырудың экономикалық негізі болуы мүмкін. Алайда ғылыми-зерттеулерге арналған миллиардтар банктерде табыс әкеліп жатқанда, жобалардың айлар, тіпті жылдар бойы қаржысыз қалуы басқа мәселе. Демек, негізгі сұрақ ақшаның қайда сақталғанында ғана емес, ғылымға бөлінген қаражаттың нақты ғылыми нәтижеге қаншалықты айналғанында болуы керек.
«Фантастика үшінші қабатта»: министрдің көңіліне тиген әзіл
Ғылым саласындағы миллиардтаған теңгенің тиімсіз жұмсалуы қоғамда талқыланып жатқанда, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек журналистерге Қазақстан ғылымы туралы анекдот айтып берді. 11 қарашада Құрылтайдағы брифингте министр қызметке жаңадан тағайындалған кезінде естіген әзілінің көңіліне қатты тигенін еске алды. Әзілдің мазмұны мынадай «бір студент кітапханаға келіп, Қазақстан ғылымы туралы кітап іздейді. Сонда кітапханашы оған: «Фантастика үшінші қабатта», – деп жауап береді.
Министрдің айтуынша, қазақстандықтардың, әсіресе шағын және орта бизнес өкілдерінің отандық ғылымға сенімі төмен. Сондықтан ғылыми жетістіктерді қоғамға кеңінен таныстырып, тіпті шағын болса да нақты нәтиже берген әзірлемелерді халыққа көрсету қажет. Алайда қоғамның ғылымға сенбеуіне тек ғылыми жетістіктердің жеткілікті насихатталмауы себеп пе? Әлде миллиардтаған теңгеге қаржыландырылған жобалардың нәтижесі расталмай, ғылыми әзірлемелердің өндіріске жетпеуі де осы сенімсіздікті күшейтіп отыр ма? Мәселе тек насихаттауда болса, оны ақпараттық науқандар арқылы шешуге болар еді. Бірақ аудит ғылыми жобаларды іріктеу, қаржыландыру, бағалау және бақылау жүйесінде нақты кемшіліктер бар екенін көрсетті.
«Жас ғалымнан үнемдеу – елдің болашағынан үнемдеу»
Жоғары аудиторлық палатаның ғылым саласына жүргізген аудитінен кейін «Жас Алаш» редакциясына пікір білдірген, аты-жөнін жарияламауды сұраған профессор ғылымдағы кейбір мәселелерді сынға алды. Ғалымның айтуынша, ғылымды қаржыландырудың өткен жылдардағы өсімін түгелдей қазіргі министрдің жетістігі деуге болмайды. Қаржыландыруды арттыру туралы шешім Асхат Аймағамбетов министр болған кезеңде жүзеге асырыла бастаған. Ал Саясат Нұрбек тұсында грантты қаржыландыру қысқарған.
«2024-2026 жылдарға арналған негізгі грантты қаржыландыру конкурсына 102,8 млрд теңге бөлінсе, 2026-2028 жылдарға арналған конкурс көлемі небәрі 41,159 млрд теңгені құрады. Яғни қаржыландыру шамамен 60 пайызға қысқарған. Ал бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға 75 млрд теңге қарастырылған. Жоғары аудиторлық палатаның ең ірі сын-ескертулері осы бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жүйесіне қатысты болғанымен, бірінші кезекте ғалымдардың бастамасымен жүргізілетін зерттеулерді қаржыландыру қысқарып отыр. Сонда біз бір тетіктің проблемасын екіншісінің есебінен шешуге тырысып отырғандаймыз», – дейді профессор.
Ол ғылыми конкурстардың бірнеше айға созылуын да министрлік жұмысындағы елеулі кемшілік деп есептейді. Ғалымның мәліметінше, 2026-2028 жылдарға арналған грантты конкурсқа өтінім қабылдау 2025 жылғы қарашада аяқталғанымен, бір жылдан кейін де түпкілікті шешім қабылданбаған.
«Мұндай жағдайда ғылыми ұжым жұмысын қалай жоспарлайды? Жас мамандарды қалай ұстап қалады? Ғылымды бюджеттің жағдайына қарай жыл сайын бір қосып, бір өшіріп отыруға болмайды. Реформалардың нәтижесі министрдің презентацияларынан емес, ғалымдардың күнделікті жұмысынан көрінуі керек», – дейді ол.
Профессор ғылымды басқару жүйесінде ғылыми-зерттеулердің ерекшелігін түсінетін мамандардың жетіспейтінін де атап өтті. Сонымен бірге ол «Жас ғалым» бағдарламасы туралы да пікір білдірді. Оның айтуынша, жас зерттеушілерді қолдауға бөлінетін қаржы 9 млрд теңгеден 3 млрд теңгеге дейін қысқарған.
«Жас ғалымның әдетте әкімшілік ресурсы, үлкен зертханасы немесе қосымша қаржы қоры болмайды. Мұндай грант оның Қазақстанда ғылыммен айналысуды жалғастыруына тікелей әсер етеді. Сондықтан бұл бағдарламаның қаржысын үш есе қысқартуды қазіргі ғылыми саясаттың ең ауыр қателіктерінің бірі деп санаймын. Жас ғалымдардан үнемдеу – елдің болашағынан үнемдеу», – дейді профессор.
Ғалым министрдің жеке саяси жауапкершілігі туралы мәселе көтеру қажет деп есептейді.
«Ғылым министрі Үкімет алдында саланың мүддесін қорғайтын басты тұлға болуы керек. Егер министр жас ғалымдарды қолдау бағдарламасының үш есе қысқаруына жол берсе, ол үшін саяси жауапкершілік арқалауы тиіс», – дейді ол.
Министрдің жолы шынымен жіңішке ме?
11 қарашада журналистер отставка туралы сұрағанда Саясат Нұрбек «Министрдің жолы жіңішке» деп, бүгін қызметте отырған адамның ертең орнын босатуы мүмкін екенін айтты. Сондай-ақ басшылықтың кез келген шешіміне дайын екенін жеткізді. Бірақ мәселе министрдің қызметтен кетуге дайын немесе дайын еместігінде ғана емес. Жоғары аудиторлық палата ғылым саласында 51 млрд теңгенің қаржылық заңбұзушылығын анықтаған тұста министрдің саяси жауапкершілігі туралы сұрақ туындауы заңды. Саясат Нұрбек ғылыми жобаларды бақылауда жүйелі мәселелер барын мойындап, оларды шешу үшін шаралар қабылданып жатқанын мәлімдеді. Алайда министрдің жолы жіңішке болғанымен, ғылымға бөлінген миллиардтардың сұрауы да жіңішкеріп кетпеуі тиіс.
Осы орайда үш жыл бұрынғы бір мәлімдеме еске түседі. 2023 жылы Саясат Нұрбек ғылымға алдағы үш жылда шамамен 650 млрд теңге бөлінетінін айтып, мұндай көлемдегі қаржы тәуелсіздік жылдарында бұрын-соңды болмағанын мәлімдеген еді. Расында, бұл Қазақстан ғылымына үлкен мүмкіндік беретін қомақты қаражат еді. Алайда арада үш жыл өткенде мемлекеттік аудит миллиардтаған теңгенің қаржылық заңбұзушылығын анықтап отыр. Сонда сол кездегі үлкен үміт пен қомақты қаржы ғылымды қаншалықты алға жылжытты?
Бұған дейін «Жас Алаш» ғылымдағы кадр тапшылығы, жас ғалымдардың жағдайы мен министрлік саясаты туралы бірнеше рет мәселе көтерген. Соның бірі – ғылыми қызметкерлердің сөз бостандығы. 2023 жылы Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты ғылыми ұйымдардың қызметкерлеріне БАҚ-пен жұмыс істеу жөнінде ұсынымдар берілгені белгілі болды. Онда ашаршылық, саяси қуғын-сүргін және қоғамдағы даулы тақырыптарға қатысты пікірлер мен сұхбаттар мәселесі қозғалған. Бұл құжат ғылыми ортада пікірталас тудырды. Ғылым комитеті ұсынымдардың міндетті емес екенін, ғалымдардың еркін пікір білдіру құқығы сақталатынын түсіндірген.
Алайда ғылымдағы сөз бостандығы мәселесі әлі де өзекті. Оған осы мақаланы дайындау барысында өзіміз де назар аудардық. «Жас Алаш» редакциясына ғылым саласындағы жағдай туралы жан-жақты пікір білдірген профессор аты-жөнін жарияламауды сұрады. Біз оның өтінішін ескеріп, пікірін анонимді түрде бердік. Егер ғылыми ортада ашық пікір айтуға толық мүмкіндік болса, ғалымдар министрліктің жұмысын сынау үшін неге аты-жөнін жасыруды жөн көреді? Әрине, бір профессордың анонимді пікір білдіруі ғылым саласында сөз бостандығы жоқ екенін дәлелдемейді. Бірақ бұл жағдай ғылыми ортадағы сенім мен ашықтық мәселесіне назар аударуға негіз болады. Ғылыммен айналысатын адам өзі жұмыс істейтін саланың кемшіліктерін ашық айтуға, министрдің шешімдерін сынауға және оның қызметіне баға беруге еркін болуы тиіс. Ғалымдардың кәсіби пікірі мен сынын қабылдамайтын болса, ғылымды дамыту туралы қандай реформа нәтижелі болмақ? Ал жауапты министрлік сын айтқан зерттеушілерді қолдауға, олардың кәсіби тәуелсіздігін қорғауға қаншалықты дайын?
Сондықтан бүгінгі негізгі сұрақ Саясат Нұрбектің қызметте қанша уақыт қалатынында ғана емес. Министр бірнеше жылдан бері басқарып келе жатқан салада анықталған кемшіліктерді қалай түзетпек? Мемлекеттік аудит ғылыми қаржыландырудың ашықтығын арттыра ма, әлде бірнеше айдан кейін тағы бір тексеріс дәл осы проблемаларды қайта анықтай ма? Саясат Нұрбек айтқан анекдотта Қазақстан ғылымы туралы кітап іздеген студентке фантастика бөлімін көрсетеді. Әрине, бұл жай әзіл. Қазақстанда ғылыми жетістіктер де, халықаралық деңгейде жұмыс істейтін ғалымдар да бар. Бірақ қоғамның ғылымға сенімін қалпына келтіру үшін сол жетістіктерді насихаттау ғана жеткіліксіз. Үш жыл бұрын ғылымға 650 млрд теңге бөлінгенін мақтанышпен айтқан министрлік енді сол қаржының қандай нәтижеге жеткізгенін де ашық түсіндіруге тиіс.
Тұрсынбек БАШАР