Жұманғарин жыл соңында тағы бір "жаңалық" ашпақ
Жұманғарин жыл соңында тағы бір "жаңалық" ашпақ
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жыл соңында тағы бір "жаңалық" ашпақ. Былтыр ол жаңа Салық кодексінің "атасы" атанған. Енді биыл оның төрағалығымен Капитал нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы мен "Капитал нарығы туралы" жаңа заң жобасы қаралып жатыр.
Жалпы, осы нарықты бақылап, қадағалап отырған Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) мамандарының дерегінше, соңғы бес жылда Қазақстанның бағалы қағаздар нарығы айтарлықтай кеңейген. 2021 жылы акциялар мен облигациялар нарығының жиынтық көлемі 51,1 трлн теңге болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 99,8 трлн теңгеге жеткен. Ал 2026 жылдың өткен 9 айында бөлшек инвесторлардың шоттары 5 млн-нан асқан. Қазір акциялар нарығының капиталдануы 41,8 трлн теңгеге немесе жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 26 пайызын көрсеткен. Облигациялар нарығының көлемі 58 трлн теңгеге жетіп, ЖІӨ-нің 36 пайызына тең болған.
Алайда нарықтың өсуіне қарамастан, жеке бизнестің қор нарығы арқылы қаржы тарту мүмкіндігі әлі де шектеулі. Мәселен, облигациялар нарығының 59 пайызы мемлекеттік бағалы қағаздардан, 30 пайызы квазимемлекеттік сектор облигацияларынан тұрады. Жеке бизнестің үлесі небәрі 11 пайыз ғана. Акциялар нарығындағы сауда айналымы да төмен. Оның нақты көрсеткіші 1,4 пайыз болса, мақсатты деңгей 5-10 пайыз аралығында белгіленген. Облигациялар нарығындағы айналым шамамен 9 пайыз, ал мақсатты көрсеткіш 20-25 пайыз деңгейінде.
Жұманғариннің жеті бағыты
Енді ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин "бұл саланы 2030 жылға дейін 7 бағытпен дамытамыз" дейді. Министрдің сөзінше, 2030 жылға дейінгі бағдарлама 7 бағытты, 35 стратегиялық бастаманы қамтиды. Олардың ішінде зейнетақы активтері мен инвестициялық қорларды дамыту, борыштық бағалы қағаздар нарығын кеңейту, туынды қаржы құралдарын дамыту, IPO өткізу мүмкіндіктерін арттыру, шағын және орта бизнестің акциялар нарығына шығуын жеңілдету, қайталама нарықтың өтімділігін арттыру, инвесторлар үшін жаңа қаржы құралдарын енгізу бар. Сонымен қатар бағалы қағаздарды қарызға беру және жабылған қысқа сатылым тетіктерін енгізу, маркет-мейкерлердің, яғни нарықты қалыптастырушылардың қызметін жетілдіру, тәуелсіз инвестициялық талдауды ынталандыру жоспарланған.
Мұндай бағдарламаларды жүзеге асыру ендігіде "Капитал нарығы туралы" жаңа заң бойынша жүзеге асатын болады. Ал 2003 жылдан бері қолданыстағы "Бағалы қағаздар нарығы туралы" заң күшін жояды. Жаңа заң жобасы қаржы құралдары мен цифрлық қаржы активтерін қоса алғанда, капитал нарығын реттеу аясын кеңейтеді. Сондай-ақ инвесторларды қорғау үшін білікті инвестордың бірыңғай өлшем шарты енгізіледі. Брокерлер клиенттердің тапсырмасын барынша тиімді шарттармен орындауға міндеттеледі.
Құжатта қаржы және инвестициялық консультанттар институтын дамыту да қарастырылған. Ал компаниялардың қор нарығына шығуын жеңілдету үшін Орталық депозитарий базасында "бір терезе" қағидатын енгізу жоспарланған.
Жаңа заң не береді?
Заңды даярлаушы Ұлттық экономика министрлігінің есебінше, бұл заң – құрғақ ережелер жиынтығы емес, қаржы нарығының жаңа архитектурасы. Заң жобасы аясында "бір терезе" жүйесі енгізілетін болса, компаниялар бағалы қағаздарын шығару үшін айлап құжат жинамайды. Орталық депозитарий арқылы бәрі толық цифрландырылады. Бұл – бір.
Екіншіден, нарыққа екінші және үшінші типтегі цифрлық қаржылық активтер, ESG ("жасыл") облигациялары және исламдық қаржы құралдары ресми түрде енеді. Бағаны қолдан өсіріп-түсіру (манипуляция) мен ішкі ақпаратты асыра пайдалануға қарсы бақылау өте қатаң болады. Ведомство өкілдерінің пайымдауынша, жаңа заң күшіне енетін болса, бизнес банктердің құлы болудан құтылады. Қазір кәсіпкерлер тек банк несиесіне тәуелді. Енді осы тәуелділік азаймақ. Брокерлерге "клиенттің тапсырысын ең тиімді шартпен орындау" міндеті жүктеледі. Егер брокер өз пайдасын ойлап, клиентке тиімсіз келісім ұсынса, заң алдында жауап береді. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) ақшаны жеке басқарушы компанияларға беру тетіктері кеңейіп, ол қаражат өлі актив емес, нарықты алға сүйрейтін инвестицияға айналады.
Ұлттық экономика министрі Жұманғарин жаңа заңның ұтымды тұстарын осылай тәптіштегенімен, сала мамандары ұтылатын тұсымыздың да бар екенін айтады. Осы саланы індетіп зерттеп жүрген, экономист-сарапшы Дәурен АРЫННЫҢ сөзіне сүйенсек, қаржылық сауатсыздықтың кесірінен халықтың алдану қаупі басым болуы мүмкін. Нарыққа цифрлық активтер мен жаңа күрделі құралдар жаппай енеді. Халық "тез байып кету" психологиясымен тәуекелі жоғары құралдарға ақша салып, қаржысынан айырылып қалуы мүмкін. Сондай-ақ жүйелі бақылаудың күшеюінен кішігірім компаниялардың құлдырауы да болады.
"Жаңа заң инфрақұрылымдық ұйымдар мен ірі және шағын қатысушыларды қадағалауды қатты күшейтеді. Шағын және орта бизнес үшін заң талаптарын орындау (аудит, есептілік, ашықтық) қосымша әкімшілік шығын әкеліп, олардың биржаға шығу ынтасын төмендетуі мүмкін. Қос биржаның текетіресі (KASE және AIFC/AIX) болуы да ғажап емес. Заң Қазақстан қор биржасы жанынан жаңа төрелік пен реттеу комитеттерін құрады. Алайда еліміздегі екі ірі биржалық алаңның арасындағы ішкі бәсекелестік пен инвесторлардың екіге бөліну мәселесі туындауы әбден мүмкін", – дейді экономист-сарапшы.
Капитал нарығы банктерді тізгіндей ала ма?
Ұлттық экономика министрлігінің айтуына қарағанда, жаңа заң банк несиесін толық жоймайды, бірақ оған өте қуатты 3 баламаны іске қосады. Біріншісі –корпоративтік облигациялар. Яғни кәсіпкер банкке жалынбайды. Ол биржаға шығып, "маған 5 жылға 1 млрд теңге керек, жылдық үстемесі 15 пайыз" деп облигация шығарады. Мұны банк емес, қарапайым халық, зейнетақы қоры (БЖЗҚ) немесе инвестициялық компаниялар тікелей сатып алады. Мұнда ешқандай жылжымайтын мүлікті кепілге қоюдың қажеті жоқ. Ең бастысы – компанияның аты таза, бизнесі ашық және болашағы зор болуы керек.
Екіншісі – акциялар шығару, IPO және халықтық қаржыландыру. Компания өз бизнесінің бір бөлігін, мысалы, 10-20 пайызын биржа арқылы халыққа сатады. Мұның артықшылығы – қайтарылатын қарыз емес. Кәсіпкер ай сайынғы несие төлемін мойнына алмайды. Халық компанияның ортақтасына айналады. Бизнес табыс тапса – дивиденд төлейді, табыс таппаса – несие берген банк сияқты кәсіпкердің соңғы мүлкін тартып алмайды.
Үшіншісі – исламдық қаржыландыру мен цифрлық активтер. Жаңа заңның бұл бөлімі – ресми түрде рұқсат беретін исламдық облигациялар (сукук) мен цифрлық қаржылық активтер пайызсыз, бірақ серіктестік пен тәуекелді бөлісу принципіне негізделген мүлдем жаңа балама. Министрлік өкілдерінің пайымынша, "бұл – дәстүрлі банк несиесінен қашатын діни наным-сенімі бар азаматтар мен жас стартаптар үшін таптырмас құрал".
Не де болса, Ұлттық экономика министрлігі "жаңа заңның берері көп" деуден танбай келеді. Ал салалық мамандардың бірқатары "Жұманғариннің бұл бастамасы да жаңа Салық кодексінің кебін киіп кетпей ме?" деп қауіптенеді.
Бұл ретте экономика ғылымының докторы, профессор Бейсенбек ЗИЯБЕКОВ былай деп ой түйіндеді: "Жалпы, кез келген ауқымды реформа қоғамның үрейі мен қарсылығын тудырмай қоймайды. Қызу талқыға түсіп, кәсіпкерлер мен сарапшылардың үлкен наразылығын тудырған жаңа Салық кодексі сияқты бұл заң да кері кетпей ме деген сұрақтың туындауы да заңды. Себебі салық саясатындағы қатаңдық сияқты, капитал нарығындағы бақылауды шектен тыс күшейту және бизнесті еркінен тыс, ерте заңдастыруға (ашық есептілікке) мәжбүрлеу кәсіпкерлерді биржадан үркітіп, көлеңкелі экономикаға тереңірек батыруы мүмкін. Серік Жұманғарин бастаған жұмыс тобы бұл жолы Салық кодексінің қателіктерін қайталамай, заң жобасын бизнес пен инвесторлардың нақты мүддесін ескере отырып, байыппен жүзеге асыра ала ма? Басты мәселе – осында".
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ