Сараптама

Юаньмен кірген қарыз. Арзан несиенің астарында не бар?

Юаньмен кірген қарыз. Арзан несиенің астарында не бар?

Азия даму банкі

Жуырда Құрылтай Азия даму банкінен 3,41 млрд қытай юанін қарызға алу туралы келісімді мақұлдады. Қазіргі бағаммен есептегенде, бұл шамамен 231 млрд теңге. 15 жылға рәсімделген қарыздың алғашқы үш жылы жеңілдік кезеңі ретінде белгіленген.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, қаражат әлеуметтік бағдарламаларды, білім беру саласын, өнеркәсіп пен көлік инфрақұрылымын қаржыландыруға бағытталмақ. Үкімет бұл шешімді "қаржылық тұрғыдан тиімді" деп бағалайды. Себебі қазіргі жағдайда юаньмен қарыз алу теңгемен немесе дәстүрлі халықаралық валюталармен қаражат тартуға қарағанда әлдеқайда арзанға түседі. Дегенмен төмен пайыздық мөлшерлеменің өзі ұзақ мерзімді міндеттеменің тиімді боларына кепіл емес. Әсіресе ұлттық валютаның бағамы құбылмалы, ал қарызды өтеу мерзімі 15 жыл екенін ескерсек, бүгінгі үнемнің ертеңгі бюджетке түсіретін салмағы да назар аударуды қажет етері айтпаса да түсінікті.

Қаржы министрлігінің мәліметінше, биыл республикалық бюджет тапшылығы – 4,6 трлн теңгені немесе жалпы ішкі өнімнің 2,5 пайызы. Мұны жабу үшін Үкімет сыртқы қаржы нарықтарынан қаражат тартуды жоспарлап отыр. Жыл басынан бері халықаралық қаржы ұйымдарынан шамамен 1 млрд доллар тартылып, Қытайдың ішкі нарығында Panda Bonds облигацияларын орналастыру арқылы тағы 1,5 млрд доллар көлемінде қаражат алынған. Азия даму банкінен юаньмен тартылатын 500 млн доллар баламасындағы несие де осы қаржыландыру жоспарының бір бөлігі.

Мұндай шешімнің экономикалық себебі түсінікті. Соңғы жылдары АҚШ Федералды резерв жүйесі мен Еуропалық орталық банктің инфляциямен күресу үшін жүргізген қатаң ақша-несие саясаты доллар мен еуро арқылы қарыз алуды қымбаттатты. Қазақстанның ішкі қаржы нарығында да қарыз алу құны жоғары. Базалық мөлшерлеменің жоғары болуы мемлекеттік бағалы қағаздардың кірістілігіне әсер етіп, Үкіметтің теңгемен қаражат тарту шығынын арттырып жіберді.

Қаржы министрі Мәди Тәкиевтің салыстырмалы есебіне сүйенсек, дәл осындай соманы ішкі нарықтан теңгелік мемлекеттік бағалы қағаздар арқылы тарту қарызға қызмет көрсету шығынын 400 млрд теңгеден асыруы мүмкін. Ал Азия даму банкі арқылы юаньмен алынатын қаражатпен бұл көрсеткіш шамамен 34 млрд теңге деп бағаланған. Айырмашылық айтарлықтай болғандықтан, Үкіметтің мұндай нұсқаны таңдауы қаржылық тұрғыдан негізсіз емес. Алайда бұл есепті қарыздың толық әрі түпкілікті құны деп қабылдауға болмайды. Өйткені пайыздық төлемнен бөлек, валюта бағамының өзгеруі, комиссиялар, негізгі борышты өтеу және ықтимал қосымша шығындар да ескерілуі керек. Мұның үстіне келісімдегі пайыздық мөлшерлеме SHIBOR көрсеткішіне және оған қосылатын үстемеге негізделеді. Демек, қарыздың пайыздық құны бүкіл 15 жыл бойы өзгеріссіз қалады деген сөз емес. Қытайдың ақша нарығындағы жағдайға қарай бұл да өзгеруі мүмкін ғой.

Расул Рысмамбетов
Фото: ашық дереккөз/Расул Рысмамбетов

Белгілі қаржыгер, экономист Расул РЫСМАМБЕТОВТІҢ пікірінше, Қазақстанның Азия даму банкімен жасасқан келісімі аясында юаньмен қаржыландыру тартуы – тиімді әрі экономикалық тұрғыдан негізделген шешім. Себебі жылдық 1,69 пайыздық мөлшерлеме, 15 жылдық өтеу мерзімі және үш жылдық жеңілдік кезеңі – қарыз алушы тарап үшін өте қолайлы шарт. Дегенмен мұндай келісімнің тиімділігін тек пайыздық мөлшерлемемен бағалау жеткіліксіз. Ең алдымен тартылған қаражаттың қандай мақсаттарға және қай бағыттарға жұмсаларын нақты түсінуіміз қажет. Егер қаржы тек Қытайдан тауарлар мен қызметтер сатып алуға бағытталса, оның экономикалық әсері бір бөлек, ал қаражатты басқа салалар мен қажеттіліктерге пайдалануға мүмкіндік болса, бұл мүлде басқа мәселе. Сондықтан несие қаражатын пайдалану шарттары мен оның ел экономикасына тигізетін ықпалын жан-жақты қарастыру маңызды.

Әрине, алдағы 15 жыл ішінде теңгенің юаньға шаққандағы бағамы өзгеріп, ұлттық валюта әлсірейтін болса, қарызды өтеу құны да артуы мүмкін. Бұл бюджетке қосымша салмақ түсіруі ықтимал. Дегенмен Қытайдың валюта саясатына қатысты қалыптасқан үрдістерді ескерсек, юаньның ұзақ мерзімді перспективадағы қозғалысын да назардан тыс қалдыруға болмайды. Қалай болғанда да, бұл келісімнің түпкілікті тиімділігі тек несие шарттарына емес, тұтастай алғанда Қазақстан экономикасының даму қарқынына, валюта бағамының өзгеруіне және тартылған қаражаттың қаншалықты нәтижелі игерілуіне байланысты болмақ.

"Мемлекеттік қарыз портфеліндегі юаньның үлесіне келсек, мемлекеттік борышты валюталармен әртараптандыру да дұрыс әрі қажетті шешім", – дейді сарапшы.

Қазір Қазақстанның сыртқы қарызының басым бөлігі АҚШ доллары, еуро және швейцар франкі сияқты валюталарға тиесілі. Ал юаньның үлесі салыстырмалы түрде төмен, мемлекеттік қарыз құрылымында төртінші немесе бесінші орында тұр. Сондықтан юаньмен қарыз тарту валюталық құрылымды теңгерімді етуге және бір ғана валютаға тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді. Қытайдың Қазақстанмен көршілес әрі маңызды экономикалық серіктес екенін ескерсек, оны сенімді кредиторлардың бірі ретінде қарастыруға болады. Алайда, ең бастысы, мемлекеттік борыштың доллар, юань немесе еуроның біріне шамадан тыс тәуелді болып қалуына жол бермеу керек. Қарыз портфелінде дұрыс әртараптандыру саясатын ұстану ұзақ мерзімді қаржылық тұрақтылық үшін аса маңызды.

Сонымен қатар бұл жерде бір маңызды жайтты ескеру қажет. Қазақстан қаражатты Қытай үкіметінен тікелей емес, Азия даму банкінен тартып отыр. Сондықтан бұл келісімді Қытай алдындағы тікелей қарыздық міндеттемелердің артуы немесе Қытайға қаржылық тәуелділіктің күшеюі деп бағалау дұрыс емес. Бұл – халықаралық қаржы институты арқылы жүзеге асырылатын қаржыландыру. Осы тұрғыдан алғанда келісімнің өзін Қытай тарапынан туындайтын қарыздық тәуелділік қаупімен байланыстыруға еш негіз жоқ.

Жалпы, Қазақстан үшін қарыз тарту кезінде төмен пайыздық мөлшерлеме де, ұзақ мерзімді қаржылық қауіпсіздік те бірдей маңызды. Дегенмен басымдық әрдайым ұзақ мерзімді тұрақтылыққа берілуі керек. Қаржыландыру көзін немесе валютаны тек оның пайыздық мөлшерлемесі төмен болғаны үшін таңдау дұрыс емес. Өйткені бүгін тиімді көрінген шарттар уақыт өте келе валюта бағамының өзгеруіне байланысты қосымша шығындарға әкелуі мүмкін.

"Бүгінде Қазақстан мемлекеттік қарыз алу саясатында біршама теңгерімді әрі сақтық ұстанымын басшылыққа алып отыр. Сондықтан юаньның үлесін арттыру арқылы мемлекеттік борышты әртараптандыруды оң шешім деп санаймын. Алайда оның нақты экономикалық тиімділігін несие тартылған сәттегі пайыздық мөлшерлемелердің айырмашылығымен ғана өлшеуге болмайды. Ең алдымен 15 жыл бойы қарызға қызмет көрсетуге жұмсалатын жалпы шығынды, валюта бағамының ықтимал өзгерістерін және бюджетке түсетін ұзақ мерзімді жүктемені кешенді түрде есептеу қажет. Бұл келісімнің шынайы тиімділігі мен экономикалық нәтижесін алдағы 3-4 жылдағы көрсеткіштерге қарап бағалай аламыз. Сондықтан бүгінгі қолайлы шарттармен қатар, оның ұзақ мерзімді салдарын да ескерген жөн", – дейді Расул Рысмамбетов.

Демек, юаньмен қарыз алудың тиімділігіне қатысты мәселені тек Қытай валютасының арзандығымен немесе оның халықаралық нарықтағы орнымен шектеуге болмайтын көрінеді. Сарапшылар қаражаттың қайда жұмсалатынын, қандай экономикалық нәтиже беретінін және оның қайтарылуы қалай қамтамасыз етілетінін бақылауда ұстау қажет дейді. Әсіресе несие қаражатының белгілі бір елден тауар мен қызмет сатып алуға байланыстырылуы мен оны мемлекеттің өз басымдықтарына сай пайдалану мүмкіндігі арасында айырмашылық бар. Сондықтан келісімнің шарттары ғана емес, қаражатты игеру тәртібі де ашық болғаны жөн.

 Түптеп келгенде, мәселе елдің юаньмен қарыз алғанында емес, сол қарыздың ертең елге қаншаға түсетінінде болу керек. Себебі бүгін төмен пайызбен тартылған қаржы бірнеше жылдан кейін валюта бағамының өзгеруі мен бюджетке түсетін салмақтың есебінен қымбатқа айналуы әбден мүмкін. Мұның үстіне қарыз өндірісті өркендетіп, экономиканың табысын арттырмаса, жаңа міндеттемені ескі қарызды өтеу немесе ағымдағы шығындарды жабу үшін қайта-қайта алуға тура келетін тәсілді тәжірибеде жиі қолданатынымыз тағы бар. Сондықтан Үкімет үшін басты өлшем қарыздың қай валютамен және қанша пайызбен алынғаны емес, елге қандай нақты пайда әкелері болса дейміз. Әйтпесе, бүгінгі "арзан қаржы" деп отырғанымыз, ертеңгі ұрпақтың мойнына артылған қымбат міндеттемеге айналуы бек мүмкін.

Жадыра МҮСІЛІМ

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз