Сараптама

Қылмыстық іс саны қырыққа жақындады. Қорғаныс саласындағы былық толық әшкерелене ме?

Қылмыстық іс саны қырыққа жақындады. Қорғаныс саласындағы былық толық әшкерелене ме?

сарбаз

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен құрылған комиссия Қорғаныс министрлігін кешенді тексеруін жалғастырып жатыр. Бұған дейін комиссия қорғаныс саласындағы біраз былықтың бетін ашқан еді. Жақында кешенді тексерістің аралық қорытындысы жарияланды.

Тексеріс ауқымы ұлғайған сайын түрлі проблемалар су бетіне шыға бастады. Тексерістің бірінші кезеңінің қорытындысы бойынша 13 қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болған, екінші кезеңде олардың саны 40-қа жақындады. Арнайы комиссия дерегінше, "тексеріс Қорғаныс министрлігінің 104 нысанын қамтып, бюджет қаражатын талан-таражға салу сияқты заңсыз әрекеттерге байланысты 37 қылмыстық іс қозғалған".

Сондай-ақ Бас прокуратура Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде қаза болған 14 сарбаздың өліміне қатысты тергеу жалғасып жатқанын, қазірге дейін 300-ден аса адамнан жауап алынып, 30-дан астам сот сараптамасы мен зерттеу жүргізілгенін хабарлады.

"Тергеу барысында қызметке салғырт қарады және кеме жүргізу қағидаларын бұзды деген күдікпен 8 лауазымды тұлға сот санкциясымен қамауға алынды. Олар – Қарулы күштердің Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы, оның бірінші орынбасары мен жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары, екі әскери бөлімнің командирлері, теңіз жаяу әскері батальоны мен ротасының командирлері, сондай-ақ катер капитаны. Тергеу жақында аяқталады. Тергеу барысы Бас прокуратураның ерекше бақылауында", – деп хабарлады БП баспасөз қызметі.

Тоқаев Қорғаныс министрлігіне кешенді тексеріс жүргізетін комиссияны 26 қыркүйекте құрған. Оған Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Аида Балаева басшылық етеді. Комиссия алғашқы тексеріс нәтижесін 5 қыркүйекте жариялады. Сол кезде олар "әскери тәртіп пен алдын алу жұмыстарында кемшілік көп екенін", "әскерилерге әлімжеттік жасау, жарғыға қайшы әрекет ету сияқты фактілер бар екенін" әшкерелеген. Сондай-ақ "мемлекет мүлкін талан-таражға салу", "қызметін асыра пайдалану" сияқты ауыр баптар бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған.

Балаева басқаратын комиссия әскери саланы сарбаздар қауіпсіздігі, қызмет өткеру жағдайы, тамақтану сапасы, киім-кешекпен қамтамасыз ету және әскери емдеу мекемелерінің деңгейі сияқты критерийлер бойынша тексеруде. Өйткені әскердегі жастар нәрсіз тамақ ішіп, ескі киім киетіні жайлы шағым жиі айтылады. Осы жолғы тексеріс қорытындысы бойынша комиссия атаған 37 қылмыстық істің көбі мемлекет мүлкін талан-таражға салу, қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану және мемлекеттік сатып алудағы көлеңкелі схемаларға қатысты қозғалған. Бірақ тергеу құпиясына байланысты қылмыстық істердің мән-жайы мен күдікке ілінген қызметкерлердің аты-жөні айтылған жоқ.

Комиссия кешенді тексерісті қараша айының соңында аяқтайды. Түпкілікті нәтиже сол кезде белгілі болады. Оған дейін қозғалған қылмыстық істердің саны қазіргіден де көбеюі мүмкін. Бірақ мәселе қанша қылмыстық іс қозғалғанында емес, кімдер тергеліп, кімдер жауапкершілікке тартылатынында. Егер қорғаныс саласындағы үлкен кемшіліктер үшін кішігірім шенділер ғана жауапқа тартылып, тізгін ұстаған тұлғалар жауапкершіліктен құтылып кетсе, армияда оң өзгеріс болмасы анық.

Қазірге дейін ұсталған ең ірі лауазым иесі – Әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы Қанат Ниязбеков. Оның өзі Маңғыстаудағы трагедия үшін қамалған. Ал Қорғаныс министрлігіндегі қордаланған проблемалар үшін кім жауап беретіні әлі белгісіз. Мысалы, кейінгі бірнеше жылда елде екі әскери қойма жарылды, әскери ұшақ көлге құлап, сарбаздар мерт болды, армияға сау кетіп, сал болып оралған немесе жұмбақ жағдайда көз жұмған жауынгерлер де аз емес.

"2020 жылдан бері 270 әскери қызметкер қайтыс болды" деген ақпаратты естіген боларсыз. Ең өкініштісі, осы кісі өлімдерінің көбінің нақты себебі анықталған жоқ. Көбі жабулы қазан күйінде қалды. Сарбаз өліміне қатысты тергеу басталғанымен, көбінде өлімге ауру-сырқау немесе оқыс оқиға себеп болды деген қорытынды шығады. Сол үшін де әскерге кеткен ұлынан қапыда айырылған ата-аналар әділдік іздеп, шырылдап жүр.

Бұған дейін Қорғаныс министрлігі әскерде қаза тапқан сарбаздардың туыстарын тыңдауға құлық танытпаған еді. Тіпті арыз айтып, Үкімет үйінің алдына жиналған аналарды полициямен қорқытып, қудалаған болатын. Бірақ жақында тағайындалған қорғаныс министрі Айдос Мырзахметов әскери қызмет өтеп жүріп қаза тапқан және ауыр жарақат алған сарбаздардың туыстарымен кездесті.

Генерал-майор Мырзахметов әр өтінішті мұқият қарап, нақты жауап беруге уәде еткен. Қаза тапқан және зардап шеккен әрбір әскери қызметшінің жағдайымен жеке танысып, туыстары ұсынған материалдарды зерделейтінін айтқан. Ол шағым түсірген аналарды кезекпен жеке қабылдаған. Біз сөйлескен аналар жаңа министрдің бұл әрекетін оң бастамаға балап отыр. Бірақ Мырзахметов уәдесінде тұрып, әр істі соңына дейін жеткізе ала ма, бұл жағы белгісіз.

Әскерде қаза тапқан сегіз сарбаздың ата-анасы 4 қарашада Алматыда баспасөз конференциясын өткізіп, балаларының өлімін әділ тергеуді талап етті. Жиында сөз алған аналар тергеу созбалаңға салынып, кінәлілер жауапқа тартылмағанын, көп істің суицид ретінде жабылып қалғанын айтып, наразылық білдірді.

"Ұлымның иек тұсына екі рет оқ атылған. Екі оқтың арасы 5-6 минут. Ал қылмыстық іс үшінші жыл қатарынан "өзіне-өзі қол жұмсау" бабы бойынша тергеліп жатыр. Бірақ бұған ешқандай дәлел жоқ. Керісінше, ұлымның өлтірілгенін дәлелдейтін бұлтартпас айғақтарым бар. Сараптама қорытындылары да бар. Мен ұлымның ғана емес, әскерде қаза болған басқа да балалардың істерін әділ қарауды сұраймын", – дейді әскерде қаза болған Қайсар Сұлтановтың анасы Сәуле Тілеубергенова.

Баспасөз жиынына қатысқан Индира Тұрғамбаеваны сөзге тарттық. Ол – 2022 жылы тамызда Алматыдағы Ұлттық Ұланның 5571 әскери бөлімінде қызмет етіп жүріп көз жұмған Алмас Шахимовтың анасы. Ресми тергеу қорытындысы бойынша, "полигонда дауыл соғып, сарбаздың үстіне шатыр құлаған".

Марқұмның ата-анасы бұған сенбей, 2023 жылы желтоқсанда эксгумация жасатты. Өйткені тергеуде біреулер марқұмның формасы, полигондағы бейнежазба сынды дәлелдерді жойып жіберіпті. Кейін эксгумация нәтижесі шығып, қайтыс болған әскердің қолы, тізесі және аяғынан пышақ ізі, тұншығу белгісі және 26 дене жарақаты табылған. Сондай-ақ сарбаздың бүйрегі езіліп, бас сүйегі сынғаны, арқасына темекі шоғын басқаны белгілі болған. Оқырман назарына 4 жылдан бері ұлын жоқтап жүрген ананың жанайқайын толық ұсынамыз. Тұрғамбаеваның шағымы қазақ армиясындағы көп жағдайдан хабар береді.

Алмас Шахимов
Алмас Шахимов отбасымен бірге. Фото: жеке архив/Алмас Шахимов

"Қорғаныс министріне құдайдай сеніп отырмыз"

– Баламнан айырылып, әділдік іздеп жүргеніме 4 жылдан асты. Әлі еш өзгеріс жоқ. Іс 453-баптың 2-тармағы (қызметке салғырт қарау) бойынша қаралды. Содан бері Президент әкімшілігі, ІІМ, Қорғаныс министрлігі сияқты 10 мекемеге арыз жазып, қабылдауды сұрап келемін. Бұл тілектерім де орындалған жоқ. Президент бас прокурор Берік Асыловқа әскерде қаза тапқан сарбаздардың аналарынан түскен арыз-шағымды 12 күн ішінде қарау жөнінде тапсырма берген еді, тіпті осы тапсырмадан кейін де еш өзгеріс болмады. Прокуратура президентке жалған есеп бере салды. Мысалы, менің баламды дауылдан, екінші баланы аурудан қайтыс болды деп айтқаны анық.

Жаңа қорғаныс министрі ғана ата-аналардың уәжіне құлақ түрді. Қорғаныс министрлігіне қарасты болмасақ та, ол кісімен кездесуге мен де бардым. Министр аналарды жеке қабылдауға уәде берген. Сол сөзінде тұрып, шетінен кездесіп жатыр. Жалпы 10 ата-ана едік, бесеуін қабылдады. Менің кезегім әлі келмеді. Бұрынғы министрлер бізді ешқашан қабылдамаған еді. Сондықтан қазір бар үмітімізді осы кісіге артып отырмыз. Мүмкін мәселемізді осы кісі шешетін шығар. Шынын айтқанда, қорғаныс министріне құдайдай сеніп отырмыз.

Алматыдағы пресс-конференция жайлы айтсақ, мен ол жерге үлкен дайындықпен барған едім. Дәлелдерімді флешкаға жазып апардым, бәрін экраннан көрсетуді ойлағам. Бірақ ол жерде бір ғана ана сөйлеп үлгерді. Біз жиналыс өткізіп жатқан кабинеттің жарығын өшіріп, кедергі келтірді. Түстен кейін тағы жиналдық, бірде дауысымыз дұрыс шықпайды, бірде интернет ұстамай қалады. Залға Ұлттық ұланнан, Алматы қаласының ішкі саясат бөлімінен адамдар келіп алған. Баспасөз жиынында олар не істеп жүр? Олар біз түскі асқа шыққан кезде де аңдып жүрді. Бізбен бірге келген бір ананың машинасының нөмірін шешіп әкетіпті. Былтыр Қорғаныс министрлігіне барғанда да бізді осылай аңдып, қудалаған болатын. Біз қылмыскер емеспіз, бізді не үшін аңдиды? Одан да біздің баланы өлтірген кінәлілерді осылай аңдып, іздеп таппай ма?

Біз 10 ана шағым айтып жүрміз. Бәріміздің баламыз қаза болған сәтте бейнебақылау камерасы істемей қалған. Мұны қалай түсінуге болады? Мысалы, менің жағдайымда әлдекімдер видеоны жойып жіберген. Балам қайтыс болған кезде дауыл соққанын дәлелдей алмай отыр. Жаңа министр осы мәселені қолға алып, камераның сапалы жұмыс істеуін талап етті. Сондай-ақ тамақ жақсара бастағанын да естідім. Бұрын балалар қарақұмық қана жейтінін, ет көрмейтінін айтатын. Қазір осының бәрі тексеріліп жатыр екен. Осыған қуанып қалдық. Біздің баламыз қайтыс болып кетсе де, қазір армияда жүрген қазақтың әр қарадомалағын өз баламыздай көреміз. Соларға жағдай жасалып, солардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілсе жақсы болар еді. Біздің бала қайтып келмейді, ендігі балалар аман болсын!

Қорғаныс министрімен кездесуде өз қолымыздағы дәлелдерімізді көрсеттік. Соның бәрін көріп, жаңа қорғаныс министрі қатты таңғалғанын байқадық. Сол жерде прокуратураның, Ұлттық ұланның өкілдері отырды. Ешбірі біздің сұрақтарымызға жауап бере алмады. Мысалы, менің қолымда балам үш жерден пышақталғанын дәлелдейтін қағаз болды. Соны көрсеттім. Осы дәлелдің бәрін баспасөз жиынында көрсетуді жоспарлаған едік, оған да мүмкіндік бермеді.

Берік Асыловтың атына сан мәрте хат жаздым. Бір жылдан асты. Әлі қабылдаған жоқ, жауап та бермеді. Бас прокуратураның жұмысына көңілім толмайды. Ата-аналардың бәрі бұл мекемеден күдер үзді. Бүкіл ата-ана әділдікке жету үшін қаншама шығынға батты. Ақылы сараптама жасатады, адвокат жалдайды. Мысалы, мен 28 млн теңге қарызға батып қалдым. Қазіргі адвокатым жағдайымды түсініп, тегін көмектесіп жатыр.

Біздің талабымыз – әділ, ашық сот өтсін. Біз баламыздан айырылдық. Ешкім жауапқа тартылмады. Сонда олар мал құрлы болмағаны ма? Қазір біреудің малын ұрлап сойып алсаң, 5 жылға сотталып кетесің. Ал сарбаз өлімі болып жатса да, ешкім назар аудармай отыр. Біз баламызды мемлекетке сеніп, әскерге жібердік, соғысқа аттандырған жоқпыз. 12 мүшесі сау баламыз армияға барып, үйге қайтпай қалды. Бұл үшін ешкім сотталған жоқ. Әділдік қайда? Біздің жанайқайымыз президентке жетсе дейміз. Біздің мәселемізді президент пен қорғаныс министрі ғана шеше алады.

Маңғыстауда 14 сарбаз қайтыс болды. Өте үлкен қайғы. Бүкіл халықтың қабырғасын қайыстырды. Мен өзім жұмыста 3-4 күн жылап жүрдім. Осы трагедиядан кейін бірден іс қозғалып, жауапты шенділер қамалды, министр қызметінен кетті. Бір жолда осынша сарбаз қайтыс болған соң ғана іс осылай жылдам жүріп жатыр. Мұндайға көпшіліктің еті үйреніп кеткен. "Ана жерде бір сарбаз қайтыс болды" деген ақпаратты естісе, "иманды болсын" деп қоя салатын жағдайға жеткен. Соның соңы мына трагедияға ұласты. Президент Маңғыстаудағы жағдайды ғана емес, тұтас әскери саланы тексеруді талап етті. Біз осыған үміт артамыз. Егер шынайы тексеріс жүрсе, біздің ісіміз де оң шешімін табар еді.

Қуаныш ҚАППАС

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз