Сараптама

"Жазасын өтеп жатыр". Мәсімовтің түрмедегі өмірі неге құпия?

"Жазасын өтеп жатыр". Мәсімовтің түрмедегі өмірі неге құпия?

түрме

Жуырда әлеуметтік желіде Қаңтар оқиғасы кезінде мемлекетке опасыздық жасады деген айыппен 18 жылға сотталған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовтің бостандықта жүргені туралы әңгіме желдей есті. Бұған дейін, тамыз айының басында қазақстандық суретші Қанат Ибрагимов АҚШ-тағы қазақ диаспорасы өкілдерінен естіген мәліметке сүйеніп, Кәрім Мәсімовтің отбасымен бірге Техас штатындағы Хьюстон қаласында тұрып жатқанын айтқан. Дегенмен суретші бұл ақпаратты өзі тексермегенін, оның үшінші тараптан жеткен дерек екенін атап өткен. Алайда суретшінің бұл мәлімдемесін растайтын ешқандай дәлел ұсынылмады. Сол кезде Ішкі істер министрлігі де бұл ақпаратты жоққа шығарып, Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің барлығында тәулік бойы бейнебақылау жүргізілетінін және тұрақты тексерулер ұйымдастырылатынын мәлімдеген еді.

Не десек те, "Мәсімов АҚШ-та болуы мүмкін" деген гу-гудің жиі шығуы тегін емес. Оның АҚШ-пен байланысы бұған дейін де журналистік зерттеулерде талай айтылған. Мәселен, кейбір зерттеулерде АҚШ-тың бірнеше штатында бұрынғы шенеуніктің туыстарына тиесілі бас-аяғы 16 жылжымайтын мүлік бары сөз болды. Сондай-ақ Мәсімовтің есімі Джеффри Эпштейнге қатысты даулы материалдарда да ұшырасқан. Онда ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы, экс-премьер-министр Кәрім Мәсімовтің есімі аталады. Бұған қатысты Бас прокуратура алдын ала тексеру жүргізіп, америкалық қаржыгер Джеффри Эпштейннің Қазақстанға келген-келмегенін және Мәсімовпен байланысын анықтап жатқанын айтқан еді. Ашық деректерге сүйенсек, Эпштейнге қатысты жарияланған құжаттарда Мәсімовтің есімі сегіз рет кездеседі. Бұған қоса, оның АҚШ Мемлекеттік департаментінің бұрынғы қызметкері Дэвид Меркельмен байланысы да назар аудартады.

Естеріңізде болса, К.Мәсімовпен бірге оның орынбасарлары – Әнуар Садықұлов 16 жылға, Дәулет Ерғожин 15 жылға, Марат Өсіпов 3 жылға сотталған. Оларға 2022 жылдың қаңтарында "мемлекеттік төңкеріс жасау әрекетін ұйымдастырды" деген айып тағылған болатын. Мәсімовтің қарамағындағы шенділердің ішінде тергеуге көмектескені үшін ең аз жазаны Марат Өсіпов алған. Жаза мерзімінің біраз бөлігін өтеген бұрынғы қауіпсіздік қызметкері қалған жазаны айыппұлмен алмастырып, 2024 жылы наурыз айында бостандыққа шықты. Ал Кәрім Мәсімов пен қалған екі орынбасарының жазасын қайда өтеп жатқаны туралы мәлімет жоқ. Десе де, халық арасында олардың Қазақстанда екеніне күмәнмен қарайтындар көп.

"Жас Алаш" редакциясы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов пен оның орынбасарлары жазасын қай мекемеде өтеп жатқанын анықтау үшін қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне ресми сауал жолдады. Сауалда бұрынғы күштік құрылым басшысы мен оның орынбасарларының түрмеде қандай жұмыс істейтінін, қандай қызығушылықтары барын және оның түрмедегі жағдайын анықтауға тырысты. Алайда Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті Мәсімов пен оның бұрынғы орынбасарларына қатысты мәліметтерді дербес деректерді қорғау желеуімен жария етуден бас тартты.

"Сұрау салуда көрсетілген адам заңды күшіне енген сот актілеріне сәйкес қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтеуде. Заңнамада белгіленген тәртіппен олардың жақын туыстары жазасын өтеу орны туралы хабардар етілді (ҚР ҚАК 25-бабы). Сонымен қатар "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" Қазақстан Республикасы заңының 15-бабына және Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексінің 93-бабына сәйкес сотталғандардың жеке істеріндегі мәліметтер құпия болып табылатынын және жариялауға жатпайтынын хабарлаймыз", – делінген ҚАЖК төрағасының орынбасары Сергей Варгоның редакциямызға жолдаған тілдей хатында.

Резонансты істер бойынша сотталғандардың жазасын өтеу мекемесінде жұмысқа орналасуы, немен шұғылданып жатқаны ара-тұра айтылып қалады. Мысалы, бұған дейін де азаматтық некедегі әйелін өлтірді деген айыппен сотталған бұрынғы министр Қуандық Бишімбаевтың түрмеде тіл үйреніп, шахмат ойнауды меңгеріп жүргені белгілі болған еді. Сонымен қатар Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі алаяқтық бабымен сотталған Перизат Қайраттың қазіргі таңда қандай жұмыс істеп жүргенін ашық жариялаған-ды. Ведомство мәліметінше, Перизат Қайрат мекемеде еңбекке тартылған. Ол қызметтік бөлмелерді тазалаумен айналысатын көрінеді. Ал Кәрім Мәсімов пен оның бұрынғы орынбасарларының түрмеде немен айналысатыны белгісіз.

Осы мәселеге қатысты адвокат Бағдагүл Ажығалиева құқықтық тұрғыдан түсініктеме берді. Оның айтуынша, қолданыстағы заң аясында сотталғандардың жеке істеріндегі есептік жазбаларды жариялауға шектеу қойылған. Алайда бұл нормалар сотталған адамның қай мекемеде жазасын өтеп жатқаны туралы кез келген ақпаратты таратуға толық тыйым салады дегенді білдірмейді.

""Дербес деректер және оларды қорғау туралы" ҚР Заңының 15-бабы мен ҚР Қылмыстық-атқару кодексінің 93-бабында тек "жеке істерді есепке алу жазбаларын жариялануға" тыйым салынған. Алайда жазасын өтеп жатқан адамдардың қайда екені туралы ақпараттың берілмеуі немесе шектелуі туралы қатаң тыйым жоқ. Керісінше, сот үкімі заңды күшіне енгеннен кейін сотталған адамның қай колонияға немесе мекемеге жіберілгені туралы ақпарат оның жақындарына міндетті түрде хабарлануы тиіс. Ал қоғамға немесе бұқаралық ақпарат құралдарына бұл ақпараттың берілуі не берілмеуі көбіне уәкілетті органдардың құзырына және азаматтың өзінің немесе адвокатының келісіміне байланысты шешіледі", – дейді Бағдагүл Ажығалиева.

Адвокат қоғамның ақпарат алу құқығы Конституцияның 20-бабының 2-тармағында және "Ақпаратқа қол жеткізу туралы" заңда бекітілгенін атап өтті. Оның айтуынша, заңнамада "резонансты іс" бойынша жеке деректерді ашуға арнайы жеңілдік немесе ерекшелік қарастырылмаған. Сондықтан уәкілетті органдар ақпарат берерде оны ішкі тәртіп ережелерімен, мекеме қауіпсіздігімен және сотталғанның жеке қауіпсіздігін қамтамасыз ету талаптарын ескереді. Ал Мәсімов пен басқа да атышулы істер бойынша сотталғандарға қатысты ақпараттың әртүрлі жариялануын адвокат істердің қаралу тәртібімен байланыстырады.

"Кәрім Мәсімовке қатысты іс Мемлекетке опасыздық жасау және билікті басып алу баптарымен қаралғандықтан, ол бойынша материалдар мемлекеттік құпияларға жатады. Сондықтан оған қатысты қылмыстық іс жабық түрінде қаралды және кез келген мәлімет (жаза өтеу орны, тәртібі) жоғары деңгейде қорғалады. Перизат Қайрат және Қуандық Бишімбаевқа қатысты істер ашық сот мәжілісінде қаралды. Ол бойынша ақпаратты ресми орган емес, жақтастары, адвокаттары немесе сотталғанның өзі жариялауы мүмкін. Бұл заңбұзушылық болып саналмайды, себебі құпиялықты сақтау құқығы тұлғаның өзіне де тиесілі", – дейді адвокат.

Сондай-ақ Ажығалиеваның түсіндіруінше, қолданыстағы заңнамада әлеуметтік желідегі әрбір қауесетке жауап беруді мемлекеттік органдарға тікелей міндеттейтін нақты норма жоқ.

"Шын мәнінде, біздің заңнамамызда мемлекеттік органдарға әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа немесе қауесетке міндетті түрде жауап беруді немесе оны тексеріп, ақталуды талап ететін тікелей және ашық міндеттеме жоқтың қасы. Дегенмен Қылмыстық-процестік кодекстің 183-бабының 1-бөлігіне сәйкес, бұқаралық ақпарат құралдарында, телекоммуникация желілерінде немесе онлайн-платформаларда жарияланған хабарлар сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастауға себеп болуы мүмкін", – дейді адвокат.

Сонымен қатар Бағдагүл Ажығалиева ресми бланкіде берілген жауап немесе брифингте жасалған мәлімдеме мемлекет атынан айтылған ресми ақпарат болып саналатынын жеткізді.

Осылайша, сотталған бұрынғы министрлер, генералдар мен олигархтар да өзге сотталғандармен бірдей жаза мерзімін өтеп жатыр. Бірақ іс жүзінде солай ма? Көріп тұрғанымыздай, түзеу мекемелерінің жабықтығы бұл сауалға жауап алуға толық мүмкіндік бермейді. Олар да өндіріс орындарында еңбек етіп, ортақ сапқа тұра ма, әлде лауазымы мен бұрынғы мәртебесі, ақшасы түрме қабырғасында да артықшылық бере ме? Қоғамды да осы мәселе толғандырары анық.

Маржан СӘБЕТ

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз