Сараптама

Семіздікке шалдыққан балаларды емдеу мүмкін бе?

Қазір әлемде семіздікке шалдыққан балалардың саны өсті.

семіздік

Obesity Atlas халықаралық зерттеуінің деректеріне сүйенсек, 2040 жылға қарай артық салмағы бар балалардың саны 228 миллионға жетіп, салмағы жеткіліксіз балалар санынан асып түседі деген болжам айтылады. 2025 жылы 5-19 жас аралығындағы 177 млн бала мен жасөспірім семіздікке шалдыққан. Оның шамамен 70 миллионы – 5-9 жас аралығындағы балалар, ал 100 миллионнан астамы – 10-19 жастағы жасөспірімдер. 1990 жылдан бері 5-19 жастағы балалардың арасында семіздіктің таралу деңгейі 4 есе өскен делінеді. Сарапшылар шұғыл шаралар қабылданбаса, балалар семіздігі қоғамға ауыр зардап әкелуі мүмкін екенін ескертіп отыр. Бұл мәселеге қатысты Қазақстандағы жағдай да көңіл көншітпейді. Қазірдің өзінде халықтың жартысынан астамында артық салмақ бар. Ал олардың ішінде семіздікке шалдыққан балалардың үлесі 20 пайыздан асып жығылады. Мәселен, 2025 жылы Қазақстанда 5-9 жас аралығындағы артық салмағы бар немесе семіздікке шалдыққан балалардың саны 492 мыңға жеткен. Ал 10-19 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында бұл көрсеткіш 715 мың болған. Яғни Қазақстанда шамамен әрбір бесінші баланың салмағы қалыпты мөлшерден жоғары деген сөз. 

Obesity Atlas халықаралық зерттеуіне сәйкес, семіздікпен күрес жүргізілмеген жағдайда Қазақстанда артық салмақтың салдарынан ауыратын балалар саны артады. Атап айтқанда, қан қысымы жоғары балалар саны 79 мыңнан 107 мыңға, қандағы қант деңгейі жоғары балалар саны 40 мыңнан 54 мыңға дейін өсуі мүмкін. Ал семіздікпен байланысты бауыр ауруына шалдыққан балалар саны 220 мыңнан 298 мыңға жетуі мүмкін. Сол себепті Қазақстанда балалар арасындағы семіздікті емдеу тәсілдерін қайта қарау қолға алына бастады. Қазір осы бағыттағы жаңа клиникалық хаттама әзірленіп жатыр. Бұл туралы Астанада семіздікті емдеудің заманауи тәсілдеріне арналған баспасөз мәслихатында Диабет, эндокриндік және метаболикалық аурулар қауымдастығының президенті Айгүл Дұрманова мәлімдеді.

"Ересектер арасындағы семіздікке қатысты клиникалық хаттама әзірленіп қойған, ал қазір балалар семіздігін емдеу мен алдын алуға арналған құжат дайындалып жатыр. Жоспарға сәйкес, барлық газдалған сусынға қосымша салық салу мәселесі қарастырылуда. Бұдан бөлек, балалар денсаулығына зиян келтіруі мүмкін фастфуд өнімдеріне де қосымша акциз енгізу ұсынылып отыр. Мектептерде де мұндай өнімдерді сатуға қатысты шектеулер бар. Қазір көптеген білім беру ұйымдарында газдалған сусындар мен тәтті шырындарды сатуға рұқсат етілмейді. Яғни балалардың дұрыс тамақтануын қамтамасыз ету бағытында бірқатар шара қолға алынған", – деді А.Дұрманова.

Мамандардың айтуынша, қазіргі қолданыстағы құжатқа тоғыз жылдан бері өзгеріс енгізілмепті. Сондықтан жаңа хаттамада халықаралық тәжірибе мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдары ескерілмек. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қазан айында семіздікті емдеуге қатысты жаңа ұсынымдар жариялаған болатын. Қазақстанда құжатты келер жылдың басында бекіту жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта құжат келісу кезеңінен өтіп жатыр. Мамандар оның мазмұнын халықаралық ұсынымдарға сәйкестендіріп, Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесіне бейімдеуде. Жаңа хаттамада балалар семіздігін емдеудің бірнеше бағыты қарастырылмақ. Алдымен баланың тамақтану тәртібін реттеу, дене белсенділігін арттыру және өмір салтын өзгертуге басымдық беріледі. Қажет болған жағдайда психологтің көмегі де ұсынылады. Өйткені артық салмақ баланың психологиялық жағдайына әсер етуі мүмкін. Әсіресе мектеп жасындағы балалар мен жасөспірімдер қатарластарының келемежіне, орынсыз мазағына немесе шеттетуіне жиі ұшырап жатады. Мұндай жағдайда бала өз денесіне көңілі толмай, ортасынан оқшауланып, күйзеліске түседі. Кей жағдайда психологиялық тұрғыдан туындаған қиындықтар тамақтану әдетіне де әсер етеді.

Жаңа хаттамада алдымен ескі әдіс бойынша емдеу жолдары жетілдірілетін болады. Егер осы шаралар күткен нәтиже бермесе, дәрігер медициналық көрсетілімдерге сәйкес дәрі-дәрмекпен емдеуді қарастырады. Препараттарды талдау нәтижелерін ескеріп, нақты көрсетілімдері болған жағдайда ғана тағайындайды. Бұдан бөлек, жаңа хаттамада бариатриялық хирургияны қолдану шарттары да қарастырылатын болады. Бариатриялық хирургия дегеніміз – дене салмағын азайтуға бағытталған хирургиялық емдеу әдісі. Мамандар мұндай отаны балаларға өте сирек жағдайда ғана жасауға болатынын ескертеді. Оны тағайындау туралы шешім арнайы комиссияның қарауымен қабылданады. Алайда Қазақстанда әзірге балаларға арналған бариатриялық операция жасау технологиясы да, мұндай отаға маманданған дәрігерлер де жоқ. Сондықтан бұл мәселе алдағы уақыттың еншісінде. Осындай әдістермен емдеу тәсілін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған. Қазақстан халықаралық ұсынымдарды басшылыққа алатындықтан, жаңа клиникалық хаттаманы әзірлеу кезінде бариатриялық хирургия мәселесі де талқыланып жатыр.

Ескеретін жағдай, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 0-9 жас аралығындағы балаларға семіздікті емдеу үшін дәрі-дәрмек қолдануды, бариатриялық хирургияны және салмақ түсіруге арналған құрылғыларды пайдалануды ұсынып отырған жоқ. Тек 10-18 жастағы жасөспірімдерге дәрілік препараттарды тек мамандардың бақылауымен кешенді түзету бағдарламасы нәтиже бермеген жағдайда ғана тағайындайды. Ал ауыр дәрежедегі семіздікке шалдыққан жасөспірімдерге бариатриялық ота жасау тек қатаң тәртіппен жүргізілетін болады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да балалар семіздігін емдеуде ең алдымен өмір салтын өзгертуге мән беру қажет екенін ескертеді. Ұйымның Тамақтану және азық-түлік қауіпсіздігі департаментінің директоры Лус Мария Де Рехиль GLP-1 гормонына әсер ететін препараттардың балалар мен жасөспірімдерге ықпалы туралы әзірге жеткілікті дерек жоқ екенін мәлімдеді. Соған қарамастан, GLP-1 гормонына әсер ететін кейбір препараттар бірқатар елде балалар мен жасөспірімдердің салмағын азайту үшін қолдануға мақұлданған. Мәселен, АҚШ пен Еуропалық одақта Wegovy және Saxenda препараттарын 12 жастан асқан жасөспірімдерге қолдануға рұқсат берілген. Ал Еуропалық одақта Saxenda препараты кейбір көрсетілімдер бойынша 6-11 жастағы балаларға да қолданылуы мүмкін.

Елімізде қолданыстағы емдеу хаттамасына сәйкес, дәрі-дәрмекпен немесе отамен емдеу қарастырылмаған. Тек амбулаториялық деңгейде баланың жас ерекшелігіне сай тамақтану тәртібі белгіленеді. Күнделікті ас мәзіріндегі көмірсу, ақуыз және май мөлшері ағзаның физиологиялық қажеттілігіне сәйкес болуы керек. Сонымен қатар дене шынықтыру жаттығуларын орындау, ата-анасы мен психолог тарапынан қолдау көрсету көзделген. Семіздіктің алдын алу үшін дұрыс тамақтану, салауатты өмір салтын ұстану және спортпен шұғылдану маңызды. Науқастың жағдайы амбулаториялық жағдайда тұрақты бақылауда болады. Алғашқы жылы тексеру әр үш ай сайын, кейін алты айда бір рет жүргізіледі. Бұл ретте баланың бойы мен салмағы, дене салмағы индексінің SDS көрсеткіші, бел айналымы мен артериялық қысымы өлшенеді. Тамақтану тәртібі мен дене қозғалысы бағаланып, психологпен жұмыс жүргізіледі. Ал глюкозаға төзімділікке арналған тест үш жылда бір рет өткізіледі. Қолданыстағы хаттама бойынша бала салмақ тастап, денсаулығы қалыпқа келсе, оң нәтижеге қол жеткізген болып саналады.

Мамандардың айтуынша, баланың артық салмағын азайту үшін оны тамақтан тыю жеткіліксіз. Бұл мәселенің артында баланың күнделікті дағдысы, отбасындағы өмір салты, көңіл күйі мен денсаулығына әсер ететін талай себеп жатыр. Сондықтан семіздікпен күрес бірреттік ем-доммен шектелмей, баланы үнемі қолдап, денсаулығын жан-жақты бақылауды қажет етеді.

Маржан Сәбет

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз