Сараптама

Жұманғарин Салық кодексін "қасиетті кітап" санай ма?

Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері бес бірдей Салық кодексін қабылдап, қаржылық құжат сан мәрте жаңадан жазылған екен.

Серік Жұманғарин

Сөйтсе де, елдегі бизнес пен қарапайым халықты әлі күнге дейін "Ертеңгі күннің ережесі қандай болады?" деген сұрақ мазалап келеді. 

Таяуда ғана вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин салық жүйесіне дәл қазір реформа жасау мәселесі күн тәртібінде тұрмағанын айтқан. Ол: "Жаңа өзгеріс жұмыс істеп үлгермей жатып, негізгі баптарға өзгерістер енгізу – барып тұрған ақылға қонымсыз әрекет", – деді. Оның ойынша, Салық кодексін кемінде бір жарым, екі жыл сынау керек. Дегенмен министрдің бұл сөзінен көп ұзамай мемлекет басшысы өз жолдауында салық жүйесіне түбегейлі өзгерістер енгізу керектігін тапсырды. Енді Үкімет не істер екен? Заңды қайта қарамауға табан тіреп отырған олар бұл жолы мемлекет басшысының тікелей тапсырмасынан кейін қандай қадамға бармақ? Әлде, әдеттегідей, реформа дегені заңның бетін ғана өзгертіп, тамырындағы шірігі сол бойы қала бере ме?

Бұл сұрақтың туындауы тегін емес. Мемлекет басшысы Салық кодексінің қатып қалған қағида еместігін, заң өмір шындығынан алшақтамай, қайшылықтар мен артық жүктемелерден арылуға тиіс екенін ескертті. Шағын және орта бизнес – экономиканың тірегі әрі драйвері. Бүгінде оның жалпы ішкі өнімдегі үлесі 40 пайызға жетіп, инвестициядағы үлесі 70 пайызға жақындағаны қуантарлық көрсеткіш болғанымен, бұл саладағы түйткілдер әлі де шаш-етектен. Қоғамның, сарапшылар мен кәсіпкерлер қауымдастығының айтқан орынды наразылығына қарамастан, түзетулер асығыс бекітілді. Үкімет "мемлекет пен бизнес арасындағы серіктестік нығаяды, әкімшілік кедергілер жойылып, бюджет бүйірі толығады" деп уәде бергенімен, биыл І жартыжылдықта мемлекеттік бюджеттің тапшылығы ЖІӨ-нің 3,2 пайызына жетіп, бекітілген 2 пайыздық межеден асып кетті. Ал салық түсімдері 5,7 пайызға өскенімен, олардың экономикадағы үлесі небәрі 0,2 пайызға ғана ұлғайған. Сарапшылардың болжамынша, келесі жылы бюджет шығыны 29 трлн теңге, ал кірісі 25,4 трлн теңге деңгейінде жоспарланып, бюджет тапшылығы 4,5 трлн теңгеге жетуі мүмкін. Тіпті мұнай түсімдерін қоспағанда, бұл тапшылық 10 трлн теңгеден асып түспек.

Үкіметте жоспар жазуға машықтанғандар көп секілді. Әсіресе экономикалық реформалар туралы сөз болғанда, олардың қиялына шек жоқ. "Жаңа салық моделі арқылы бюджетті толықтырамыз, Ұлттық қордан қаражат алуды азайтамыз, экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз етеміз" деген әдемі уәделердің айтылып келе жатқанына біраз болды. Алайда мұндай мәлімдемелердің қаншасы нақты нәтижеге айналды? Мәселен, мөлшерлемесі 12 пайыздан 16 пайызға көтерілген қосылған құн салығынан бюджетке 686 млрд теңге кем түсіп, бұл бағыттағы 9 айлық жоспар шамамен 89,6 пайызға ғана орындалған.

Сарапшылар мұның бірнеше себебін алға тартады. Біріншіден, мемлекет кәсіпкерлерге қосылған құн салығының белгілі бір бөлігін қайтару тетігін қолданады. Сондықтан салық мөлшерлемесінің өсуі бюджетте қалатын нақты қаражаттың автоматты түрде көбеюіне кепілдік бермейді. Екіншіден, импорт көлемі мен сыртқы сауда құрылымындағы өзгерістер шетелдік тауарлардан түсетін салық түсіміне әсер еткен. Үшіншіден, салық жүктемесінің артуына байланысты кәсіпкерлер шығындарын қысқартып, жұмыс тәсілдерін өзгертуге мәжбүр болған. Төртіншіден, Үкіметтің бастапқы болжамдары экономиканың нақты жағдайына толық сәйкес келмей, күтілетін кіріс көлемі асыра бағаланған болуы мүмкін.

Сарапшылардың пайымынша, салық заңнамасының жиі өзгеруі де бизнес үшін қосымша белгісіздік қалыптастырып отыр. Кәсіпкерлер ұзақ мерзімді жоспар құрып, инвестициялық шешім қабылдау үшін тұрақты әрі түсінікті ережелерге мұқтаж. Ал заң талаптарының жиі ауысуы, есептілік тәртібінің күрделенуі және бақылау шараларының күшеюі олардың жұмысын қиындатады. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2026 жылдың І тоқсанында елімізде 9,1 мыңнан астам компания жабылған. Бұл көрсеткіш былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 1,6 есеге өскен. Нарықтан кеткен кәсіпорындардың 99,8%-ы шағын бизнес субъектілері болған. Әсіресе сауда, құрылыс және өңдеу өнеркәсібі салаларындағы кәсіпорындар зардап шеккен.

Бұған қоса, 2026 жылдың І жартыжылдығында жеке кәсіпкерлер тарапынан тіркелген заңбұзушылықтар саны 34%-ға қысқарғанымен, салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 11%-ға артқан. Жоспардан тыс тексерулердің де айтарлықтай көбеюі кәсіпкерлік ортадағы фискалдық қысымның күшейгенін көрсетеді. Әрине, салық тәртібін сақтау мен заңбұзушылықтардың алдын алу – мемлекеттің міндеті. Дегенмен бақылау мен жазалау шаралары кәсіпкерлікті тұншықтыратын құралға айналмауы керек. Кәсіпкерге заң талаптарын түсіндіріп, қателігін түзетуге мүмкіндік беру де мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігі болуға тиіс.

Қазақта "Өзің білме, білгеннің тілін алма" деген қарғыс бар. Өкінішке қарай, бұл бүгінгі Үкіметтің кейбір әрекеттеріне де дәл келетіндей. Әлде бұлар сарапшылардың ұсынысын ескеруге құлықсыз ба? Үкімет салық реформасын қолдан сорлатып отырғандай әсер қалдырады. Яғни өзіне ыңғайлы, халықтың қалтасына салмақ түсіретін салық жүйесінің ғұмыры ұзақ болғанын қалайтын секілді. Әйтпесе, салық саясатын қайта қарау кезінде кәсіби мамандардың тәжірибесі мен ұсыныстарын неге пайдаланбасқа? Мәселен, елдегі тәуелсіз сарапшылар Салық кодексіне өзгерістер енгізу жөніндегі жұмыс тобының құрамына қосылуға бірнеше рет ұсыныс білдіріп, тиісті мекемелердің табалдырығын тоздырып жүргеніне біраз болды.

Нұрболат АЙЕКЕШЕВ, әлеуметтанушы: Салық саясаты әділ болуы керек

– Салық реформасын жүзеге асыру кезінде ірі және шағын бизнеске қатысты сараланған саясат ұстану маңызды. Салық жүктемесінің артуы қоғамда түрлі пікір туғызатыны заңды. Себебі азаматтардың басым бөлігі салық төлеуге құлықсыз болғанымен, мұның мемлекеттік бюджет үшін маңызын түсінеді. Алайда халық қазынаға түскен қаржының қайда жұмсалып жатқанын ашық көргенде ғана жауапкершілігі арта түседі. Негізгі талап – әділеттілік. Ірі бизнес табысын жасырып, банктен несие алғанда кірісін жоғары көрсетіп, салық органына келгенде төмендетіп қояды. Осыны тыю керек. Корпоративтік табыс салығының төленуін қатаң бақылап, капиталын шетелге шығармай, ел экономикасына бағыттауға ынталандырған жөн.

Ал шағын және орта бизнеске келсек, шамадан тыс жүктеме оның дамуын тежейді. Кәсіпкер қателік жіберсе, бірден айыппұл салып, тығырыққа тіремей, алдымен ескерту жасап, түзетуге мүмкіндік беру керек. Шағын бизнес өз күнін өзі көріп, жұмыс орындарын ашатындай жағдай жасалмаса, қоғамдағы жік арта береді.

Марат АБДУРАХМАНОВ, экономист-сарапшы:  Салық саясатын оңтайландыруға не кедергі?

– Елдегі салық жүйесін халықтың нақты табысы мен экономиканың мүмкіндіктеріне сәйкестендіріп, түбегейлі қайта қарау қажет. Қазір азаматтардың табыс салығы, кәсіпкерлердің қосылған құн салығы және өзге де міндетті төлемдерін есептегенде, жалпы салықтық жүктеме шамамен 42 пайызға жетеді. Жылда жалақыдан ұсталатын төлемдер, ҚҚС пен басқа да алымдарды қоса алғанда, бюджетке шамамен 14 трлн теңге түседі. Сондықтан халықтың күнделікті қажеттілігіне жұмсайтын қаражатын көбейту үшін салық саясатын оңтайландыру маңызды.

Ең алдымен отандық өндірушілерге түсетін ҚҚС жүктемесін азайту немесе өндіріс орындарын бұл салықтан босату мәселесін қарастырған жөн. Бұл кәсіпорындардың шығынын қысқартып, өндіріс көлемін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және отандық өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін көтеруге мүмкіндік береді. Бюджет кірісін толықтырудың балама жолы ретінде импортталатын тауарларға салынатын салықты қайта қарауды ұсынамын. Мәселен, отандық өндірушілер төлейтін ҚҚС көлемі жылына шамамен 2 трлн теңге болса, импорттан түсетін түсім 8 трлн теңгеден асады. Ал Еуразиялық экономикалық кеңістік аясындағы түсімдерді қоса есептегенде, импортқа қатысты жалпы ҚҚС көлемі 12 трлн теңгеге жуықтайды. Осыған байланысты отандық өндірушілердің ҚҚС жүктемесін алып тастап, импортқа салынатын ҚҚС мөлшерлемесін 35 пайызға дейін көтеру арқылы бюджетке 16-18 трлн теңге көлемінде түсім түсіруге болады деген есебім бар.

Сонымен қатар әлеуметтік салық пен ҚҚС жүйесін қайта қарап, реформаны бірден емес, бес жылдық өтпелі кезеңмен енгізу қажет. Салық режимдері арасындағы негізсіз айырмашылықтарды жою да маңызды. Бұл кәсіпкерлердің міндеттемелерін оңтайландырып, бизнестің көлеңкелі экономикаға кетпей, заңды әрі ашық жұмыс істеуіне жағдай жасайды. Жеке табыс салығын есептеу кезінде де өзгеріс қажет. Салық жалпы табыстан емес, қажетті шығындар мен міндетті төлемдер шегерілгеннен кейінгі таза табыстан алынуы керек. Азаматтардың таза табысына салынатын салықтың орташа мөлшерлемесі 14,2-14,5 пайыздан аспаған жөн. Мысалы, таза табысы 100 мың теңге болатын азаматқа шамамен 14 пайыз, ал 300 мың теңге табыс табатын азаматқа 20 пайызға дейін салық белгілеуге болады. Яғни табысы жоғары азаматтардың салықтық үлесі артып, табысы төмен тұрғындардың жүктемесі азаюға тиіс. Ал жоғары табысты азаматтарға 35-40 пайыз көлемінде салық салу мәселесіне де сақтықпен қараған жөн. Себебі мөлшерлемені негізсіз көтеру капиталдың шетелге кетуіне немесе бизнестің көлеңкелі секторға ауысуына әкелуі мүмкін.

Ресми деректерде елімізде 580 мыңға жуық мүгедектігі бар адам мен 700 мыңға жуық жұмыссыз азамат тіркелген. Шамамен 4 млн адам жеке табыс салығын төлейді, тағы 1 миллионға жуық азамат жеке кәсіпкер ретінде тіркелген. Алайда қалған азаматтардың жұмыспен қамтылуы мен табыс көздеріне қатысты мәліметтердің толық әрі ашық болмауы статистикалық есептіліктің сапасына қатысты сұрақтар туындатады.

Өнеркәсіп саласындағы салық түсімдерін де қайта зерделеу қажет. Мәселен, темір өнімдерін өндіретін комбинаттың өндіріс көлемі 20 млн көрсеткішімен сипатталғанда төленген салық шамамен 715 млн теңгені құраған. Ал 25 млрд долларлық көрсеткішпен салыстырғанда салық түсімі 1,5 млн доллар шамасында болған. Бұл саладағы өндіріс көлемі мен бюджетке түсетін салықтың арақатынасын терең талдау қажеттігін көрсетіп отыр. Осы ұсыныстарымды былтыр мамырда Қаржы министрлігіне жолдадым. Кейін "Атамекен" кәсіпкерлер палатасының алаңында да талқыланды. Алайда мәселе әлі толық шешімін тапқан жоқ. Өз ұсыныстарымды құр сөзбен емес, нақты есептеулермен, фискалдық талдаулармен және мониторингтік деректермен негіздеуге дайынмын. Қажет болған жағдайда оларды уәкілетті органдарға қайта ұсынуға әзірмін.

Айгерім АЮБЕКҚЫЗЫ, салық заңгері: Кәсіпкерлікті тұралатып алмау керек

– Салық жүйесінде ең алдымен кәсіпкерлердің нақты жағдайына назар аударуымыз керек. Бұл мәселе 2024 жылдан бері көтеріліп келе жатқанына қарамастан, бүгінге дейін бизнестің күнделікті жұмысында кездесетін бірқатар түйткіл толық шешімін тапқан жоқ.

Қазір кәсіпкерлердің алдында тұрған негізгі қиындықтардың бірі – салық режимдерінің өзгеруі және есептілікті жүргізудің күрделенуі. Бұған дейін оңайлатылған режимде жұмыс істеп келген көптеген кәсіпорын жалпыға бірдей белгіленген салық режиміне өтуге мәжбүр болды. Алайда мұндай өзгеріске барлық кәсіпорын дайын емес. Әсіресе білікті бухгалтер мамандардың тапшылығы мен бухгалтерлік есеп жүргізу шығындарының артуы шағын және орта бизнеске айтарлықтай салмақ түсіріп жатыр.

Екінші мәселе, салықтық бақылау мен камералдық тексерулердің күшеюі. Кәсіпкерлерге салық органдарынан жиі хабарлама келіп, әрбір мәмілені жеке-жеке дәлелдеуге тура келеді. Тексерістерді формалды түрде алып тастағанымен, хабарламалар арқылы салық төлеушілерді жиі шақыртып, қосымша түсініктеме талап ету тәжірибесі сақталып отыр. Бұл кәсіпкердің уақытын алады, жұмыс процесін тежейді және қосымша шығынға әкеледі. Біз бұған дейін мораторий аяқталғаннан кейін кәсіпкерлерге жаппай айыппұл салынған жағдайларды көрдік. Сондықтан қазіргі бақылау тетіктерінің де осындай қатаң қысымға ұласып кетпеуіне назар аударуымыз керек. Ең маңыздысы – кәсіпкерлердің шегерім жасау құқығын сақтау. Егер жалпыға бірдей белгіленген режимдегі кәсіпорындар өзара шығындарын ғана есепке ала алатын болса, ал оңайлатылған режимде жұмыс істейтін кәсіпкерлер мұндай мүмкіндіктен айырылса, бұл бизнес арасындағы қалыптасқан экономикалық байланысты қиындатады. Мұндай жағдайда компаниялар амалсыздан жалпыға бірдей режимге ауысуға немесе қосылған құн салығын төлеуші ретінде тіркелуге мәжбүр болуы мүмкін. Ал бұл олардың қаржылық шығындарын арттырып, жұмысын одан әрі күрделендіреді. Сондықтан салық заңнамасына өзгеріс енгізгенде оның қағаз жүзіндегі тиімділігіне ғана емес, нақты кәсіпкерге қалай әсер ететініне де мән беруіміз қажет.

P.S. Президент Қ.Тоқаев биылғы жолдауында: "Салық кодексі – өзгермейтін қағида да, қасиетті кітап та емес", – деген еді. Бірақ ұлттық экономика министрі С. Жұманғарин басқалай ойлайтын сияқты…

Жадыра МҮСІЛІМ

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз