Сараптама

Әбу-Дәбидегі келіссөз: Украина шекарасы қайта сызыла ма?

Алдағы аптада Әбу-Дәби Еуропаның болашағына әсер етуі мүмкін маңызды дипломатиялық кездесу алаңына айналмақ.

1

АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф АҚШ араағайындығымен 10-11 қарашада Ресей мен Украина өкілдері келіссөз жүргізетінін айтты. Оның сөзінше, күн тәртібінде соғыстан кейінгі қауіпсіздік, гуманитарлық мәселелер және бейбіт келісімге бастайтын қадамдар бар. Кремль мұны растады. Ресей делегациясын Путиннің көмекшісі Владимир Мединский бастап барады. АҚШ жағынан Уиткофф пен Джаред Кушнер қатысуы мүмкін. 

Келіссөздің үш кезеңі не берді?

Дипломаттар бір үстел басына отырады дегенімен, соғыс тактикасы әлі өзгерген жоқ. Екі ел әлі де бірін-бірі аяусыз атқылап жатыр. 3 қарашада Ресейдің Украина энергетикасына жасаған ауқымды шабуылынан кейін Киевте жағдай күрт нашарлады. Ел астанасында су беру тоқтап, электр энергиясы өшті. Кешке қарай трамвайлар мен троллейбустар қозғалысы тоқтап, олардың кейбір бағыттарына қосымша автобустар шығарылды. Қаланың ауыр жағдай қалыптасқан аудандарында тұрғындар жылынатын және телефондарын қуаттайтын арнайы орындар ұйымдастырыла бастады. "Укрэнерго" компаниясының дерегінше, Ресей бір тәуліктің ішінде Украинаның энергетикалық нысандарына 20-дан астам соққы жасаған.

Энергетикалық дағдарыс Киевпен шектелген жоқ. Сумы мен Полтава облыстарында да электр қуаты өшті. Винница, Житомир және Харьков облыстарында да электрмен қамтамасыз ету қиындады. Бұл жағдай Абу-Дабидегі келіссөзде энергетикалық инфрақұрылымға шабуылдарды тоқтату мәселесінің неге маңызды екенін көрсетеді. Өйткені дипломаттар соғысты тоқтатудың шарттарын талқылап жатқанда, миллиондаған адамның күнделікті тіршілігі электр станциялары мен жылу жүйелерінің жұмысына тәуелді болып қалды.

Украина да Ресейдің мұнай-энергетикалық инфрақұрылымын атқылап жатыр. 3 қарашаға қараған түні Украина дрондары Ресейдің Ярославль қаласындағы "Славнефть-ЯНОС" мұнай өңдеу зауытына шабуыл жасады. Кәсіпорында өрт шығып, өндіріс инфрақұрылымы бүлініп, екі қызметкер жарақат алған. Бұл – жылына шамамен 15 млн тонна мұнай өңдеуге қауқарлы Ресейдің ірі кәсіпорындарының бірі.

Бұған дейін, 1 қарашада, Нижний Новгород облысындағы Кстово мұнай өңдеу зауыты да дрондар шабуылына ұшырап, елеулі зақым келген. Киев Ресейдің мұнай өңдеу кәсіпорындарына соққы жасау арқылы оның соғысты қаржыландыру мүмкіндігін шектеуді көздейді.

Әбу-Дәби кездесуі аяқ астынан пайда болған бастама емес. Биыл 23-24 қаңтарда үш елдің өкілдері осы қалада бас қосып, соғысты тоқтатудың ықтимал шарттарын талқылады. Негізгі кедергінің бірі – аймақ мәселесі. Мәскеу Украинаның шығысындағы Донбассқа қатысты талабын алға тартса, Киев өзіне тиесілі аймақтан бас тартпайтынын айтты. Қаңтардағы кездесуде тараптар келісе алмаған. Ал 4-5 ақпанда тараптар гуманитарлық шешімге келді. Ресей мен Украина әрқайсысы 157 әскери тұтқынды босатуға уағдаласты. Украина Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің ресми мәліметінде келіссөзде атысты тоқтату тәртібі мен оны бақылау жолдары да қаралғаны айтылды. Бірақ аймақтық және саяси даулар шешілген жоқ.

 17-18 ақпанда келіссөз Женевада жалғасты. Украина президенті В.Зеленский әскери мәселелер мен ықтимал атысты тоқтатуды бақылау бойынша ілгерілеу болғанын айтқанымен, саяси түйіндер шешілмегенін жеткізді. АҚШ тарапы ілгерілеу барын мәлімдеді, алайда тараптар ортақ келісім жарияламады.

 Осы үш кезең дипломатияның екі түрлі нәтижесін көрсетті. Біріншісі – тұтқын алмасу, бақылау тетіктерін талқылау секілді шектеулі, бірақ нақты қадамдарға мүмкіндік бар. Екіншісі – соғыстың түпкі саяси себептеріне келгенде тараптардың ұстанымы әлі алшақ.

Майдандағы шеп шекара болып қала ма?

Келіссөздің шешілмей жатқан түйіні – жер мәселесі. Ресей Украинаның халықаралық деңгейде мойындалған жерінің бір бөлігін бақылап отыр. 2022 жылы Ресей басып алған украин облыстарын өз құрамына қосты деп жариялаған кезде БҰҰ Бас Ассамблеясы Украинаның халықаралық дәрежеде танылған шекарасының егемендігі мен аумақтық тұтастығын қайта растады. Бұл – әскери бақылау мен халықаралық-құқықтық мәртебенің екі басқа екенін көрсететін негізгі қағида. Мәскеудің талабы тек қазір бақылап отырған аумақпен шектелмейді. Қаңтардағы келіссөз кезінде Ресей Украинадан Донбасстың өз иелігіне өте қоймаған басқа бөлігін де беруді талап етті. Киев мұндай жерден айырылғысы келмейді. Сондықтан Кремльдің талабына келіспеді.

 Бітімге жетудің тағы бір жолы – әскер тұрған шепті атысты уақытша тоқтату сызығы ретінде белгілеу. Алайда мұндай техникалық шеп автоматты түрде заңды мемлекеттік шекараға айналмайды. Бұл айырмашылықты елемеу болашақ келісімнің ең қауіпті тұсын көзден таса қалдырады. Жалпы алғанда, қазіргі мәселе картадағы сызыққа ғана қарап тұрған жоқ. Ол аймақта халық бар, кәсіпорындар, мектептер, инфрақұрылым мен босқындардың мал-мүлкі қалды. Қандай келісім жасалса да, тұрғындардың жеріне оралу құқығы, мүліктік талаптары, азаматтық мәртебесі мен құқығы сақталуы тиіс.

Екінші үлкен мәселе – қауіпсіздік. Киевке атысты тоқтатудың мәні соғыс қимылдары қайта басталмайтынына сенімді тетік болған жағдайда ғана артады. Ал Ресей келіссөздер Еуропаның қауіпсіздік жүйесін де қамтығанын қалайды. Путин 22 қазанда осыны айтты. Бірақ "қауіпсіздік кепілдігі" дегенді әр тарап әртүрлі түсінді. Украинаға сыртқы шабуылға қарсы нақты қолдау, әуе қорғанысы, қару-жарақпен қамтамасыз ету және келісім бұзылған жағдайда жедел әрекет ету тетігі қажет. Ресей өзіне қарсы қауіп туындамайтыны туралы өзара міндеттемелер айтылуын талап етеді. Даудың қиындығы – бір тарап қауіпсіздікке қажет деп санайтын шараны екінші тарап қатер ретінде қабылдауы мүмкін. Сонымен бірге атысты тоқтатуды кім бақылайды? Шеп бұзылса, оны қандай тәуелсіз құрылым тіркейді? Келісімді бұзған тарапқа қандай шара қолданылады? Осы сұрақтардың жауабы маңызды.

1994 жылғы Будапешт меморандумы – маңызды тарихи мысал. Украина ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қосылған кезде Ресей, АҚШ және Ұлыбритания оның тәуелсіздігі мен шекарасын құрметтеу жөнінде қауіпсіздікке қатысты кепілдігін бекіткен. Құжат БҰҰ жүйесінде тіркелген. Дегенмен бұл құжатта "Украинаға шабуыл жасалса, басқа мемлекеттер автоматты түрде әскер кіргізуге міндетті" деген ұжымдық қорғаныс шарты болған жоқ. Сондықтан бүгінгі талқылауда саяси сендіру, заңды міндеттеме және оны орындау механизмі бір-бірінен ажыратылуы қажет сияқты.

Бұл жолғы дипломатиялық процестің негізгі ұйымдастырушысы – АҚШ. Уиткоффтың сөзіне қарағанда, Абу-Дабидегі кездесу соғыстан кейінгі қауіпсіздік келісімдерімен қатар гуманитарлық мәселелерді де қамтымақ. АҚШ делегациясының алдында Брюссельде Франция, Германия, Ұлыбритания, Еуроодақ және НАТО өкілдерімен жеке консультациялар өткізу жоспары да бар. Президент Дональд Трамп әкімшілігі соғысты тоқтатуға бағытталған дипломатиялық бастама көтеріп жүр. Бірақ Вашингтон тараптарды келіссөзге жинап, белгілі мәселелерде ұсыныс айта алады, ал соңғы шешімдердің қаншалықты жүзеге асатыны Киев пен Мәскеудің міндеттемелеріне және басқа қатысушылардың ұстанымына да байланысты. Бұған қоса, келіссөздің саяси табысы әр тарап үшін әртүрлі өлшенбек. Вашингтон қысқа мерзімде қақтығысты азайтатын шешімді маңызды жетістік деп қабылдауы ықтимал. Украинаға сондай кідірістің өзін қауіпсіз әрі орнықты ету маңызды. Ресей болса, әскери және саяси талаптарының ескерілуін қалайды. Демек, қабылданған құжаттағы "бейбітшілік" сөзін тараптардың бәрі бірдей түсінеді деуге болмайды.

Еуропаның тағдырын Еуропасыз шешу мүмкін бе?

Абу-Дабидегі ресми формат үшжақты: Украина, Ресей және АҚШ. Еуропа елдерінің келіссөзге тікелей қатысуы жоспарланбаған. Бірақ Украинаның қауіпсіздігін, санкцияларды, қалаларды қайта қалпына келтіруді және құрлықтың қорғаныс жүйесін Еуропасыз толық шешу қиын. Германия канцлері Фридрих Мерц 3 қарашада Берлинде Зеленскиймен кездескенде Еуропаның келіссөздер процесіне қатысуы қажет екенін айтты. Мерцтің сөзінде екі мазмұн бар. Ол жаңа келіссөзді соғысты тоқтатуға апаратын дұрыс қадам деп бағалады. Ресейдің соғысты тоқтатуға дайындығына күмән келтіріп, Германияның Украинаға қолдауы жалғасатынын жеткізді. Бұл жиында 19 қарашада Берлинде өтуі тиіс "Еріктілер коалициясының" кездесуін де екі жақ талқылаған. Оның міндеттерінің бірі – атысты тоқтатқаннан кейін Украинаға берілетін қауіпсіздік кепілдіктерін ұйымдастыру.

Демек, дипломатиялық процесс екі арнамен жүреді. Бірінде соғысып жатқан тараптар мен АҚШ келісімнің негізгі шарттарын талқылайды, екіншісінде Еуропа сол шарттарды орындауға қажет міндеттемелерді пысықтайды.

Абу-Дабиден кейін не өзгеруі мүмкін?

Абу-Дабидегі келіссөздің нәтижесі қандай боларын әзірге болжау қиын. Дегенмен оқиғаның өрбуіне қатысты үш ықтимал бағытты қарастыруға болады. Біріншісі – тараптардың жан-жақты бейбіт келісімге қарай қадам басуы. Бірақ ол үшін атысты тоқтату жеткіліксіз. Аумақтықтағы даулар, қауіпсіздік кепілдіктері мен халықаралық міндеттемелер жөнінде ортақ шешім қажет.

 Екінші мүмкіндік – жекелеген мәселелер бойынша келісімге келу. Мәселен, энергетикалық нысандарға шабуылды тоқтату, Қара теңіздегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету немесе тұтқын алмасуды жалғастыру. Мұндай келісімдер соғысты толық тоқтатпаса да, оның зардабын азайтуға септігін тигізуі мүмкін.

Үшінші нұсқа – келіссөздер нәтижесіз аяқталып, негізгі қайшылықтардың шешілмей қалуы. Бұған дейінгі кездесулерде тараптар белгілі бір гуманитарлық мәселелер бойынша уағдаласқанымен, соғысты тоқтатуға қатысты ортақ мәмілеге келе алмады.

 Қалай болғанда да, Абу-Дабидегі келіссөздің табысы тараптардың қандай мәлімдеме жасағанымен емес, қандай нақты міндеттеме алып, оны қаншалықты орындай алатынымен өлшенеді. Өйткені бейбітшілік – келіссөз үстелінде қол қойылған құжат қана емес, соғыстың қайта тұтануына жол бермейтін саяси және қауіпсіздік кепілдіктерінің қалыптасуы. Ал мұндай кепілдіктерсіз жасалған кез келген бітім соғысты түбегейлі тоқтатпайды.

Тұрсынбек БАШАР

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз