Сараптама

ТМҰ саммиті Түркия-Әзербайжан арасы салқын тартты ма?

Өткен апта Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Анкараға ресми сапармен барып, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен кездесті. Сондай-ақ Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) 13

1

Тоқаев биыл сәуірде Түркияға жұмыс сапарымен барып, Анталия дипломатиялық форумына қатысқан. Ал мамырда Ердоған Астанаға мемлекеттік сапармен келді. Енді араға алты ай салып, Қазақстан басшысы Түркияға ресми сапармен қайта барып отыр. Айтпақшы, Тоқаев жақында Түркияға тағы барады. Биыл 9-20 қараша аралығында Анталияда СОР31 климаттық форумы өтеді, ел президенті осы жиынға қатысуды жоспарлап отырғанын растады.

Тоқаевтың бұл сапары Түркияның ұлттық мереке – Республика күнімен тұспа-тұс келген. Қазақстан басшысы түрік халқын мерекемен құттықтап, қонақжайлық танытып, құшақ жая қарсы алғаны үшін Ердоғанға ризашылық білдірді. Ал Түркия президенті сөз арасында өзара ынтымақтастықты одан әрі тереңдете түсуге ынталы екенін айтты.

"Қазақ-түрік ықпалдастығы тереңнен тамыр тартады. Тарихымыз ортақ, тіліміз бен діліміз бір, дәстүріміз ұқсас. Екі елдің саяси ынтымақтастығы өзара сенімге және мызғымас достыққа негізделген. Мемлекеттеріміздің арасында шешімін таппаған ешқандай мәселе жоқ. Сауда-экономика саласындағы қарым-қатынасымыз да күшейіп келеді. Түркия – Қазақстанның ең ірі бес сауда серіктесінің бірі", – деді Тоқаев.

Қазақстан президенті "арамызда ешқандай түйткіл немесе шешілмеген мәселе жоқ" дегенді Ердоғанмен мамырдағы кездесуде де айтқан. Сондай-ақ ол осы дипломатиялық тіркесті Ресей, Қытай президенттеріне де айтқан. Қырғызстан, Өзбекстан сияқты көршілерімізге қатысты да "өзара шешілмеген түйткіл жоқ" екенін үнемі айтып жүреді.

28 қазан күні Анкарадағы президент сарайында өткен келіссөз барысында екі ел басшысы көлік-логистика, энергетика, жасанды интеллект, ауыл шаруашылығы, қорғаныс өнеркәсібі және мәдени-гуманитарлық бағыттағы байланысты дамытуға уәделесті.

Сөз кезегінде Ердоған да қазақ халқы мен Тоқаевты Республика күнімен құттықтады. Сондай-ақ ол мамырдағы келіссөз барысында Астана мен Анкара Мәңгілік достық және кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы декларацияға қол қойғанын еске салды. Екі ел өзара тауар айналымын 15 млрд долларға жеткізуді жоспарлап отырғаны белгілі болды. Бірақ бұл межені бағындыру оңайға соқпайтын сияқты. Өйткені 2025 жылы Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда айналымы 5,4 млрд доллар ғана болған. Тіпті Астананың тұтас ТМҰ елдерімен жалпы саудасы 10 млрд доллар шамасында ғана. Салыстыру үшін айта кетейік, 2025 жылы Қазақстан Ресеймен – 30 млрд, ал Қытаймен – 48 млрд доллардың сауда-саттығын жасаған.

Демек, Астана мен Анкара арасындағы экономикалық байланысты аса тығыз деуге келмейді. Ресми дерек бойынша, Түркия Қазақстан экономикасына 6 млрд доллар инвестиция құйған екен, ал Қазақстанның Түркияға инвестициясы 2,5 млрд долларға жеткен. Қазір елімізде түрік капиталы бар 3 800 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ қазір Түркияда Қазақстанның 14 мыңға жуық азаматы оқиды, ал Қазақстанда 260-қа тарта түрік студенті білім алып жүр.

ТМҰ саммиті қалай өтті?

30 қазанда Анкарада Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) 13-саммиті өтті. Жиынға Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев, Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедов, Әзербайжан сыртқы істер министрі Джейхун Байрамов, ТМҰ бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев қатысты.

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Анкараға барған жоқ. Осы жолғы саммитте ең көп талқыланған мәселенің бірі осы болды. Ресми ақпарат құралдары "бұған Әлиевтің алдын ала жоспарланған іс-шаралары мен тығыз жұмыс кестесі себеп болғанын" жазып жатыр. Бірақ ТМҰ саммиті өтетін күн де алдын ала белгіленеді, Әлиев жиынға қатысуға өзі ықылас танытса, "тығыз жұмыс кестесін" реттеуге болатын еді.

Көпшілік бұл жағдайға Анкара мен Баку арасында Әзербайжан мектептерінде хиджаб киюге қойылған шектеуге қатысты туындаған дау-дамай себеп болды деп санайды. Әзербайжан қыркүйекте мектеп формасына қатысты ережені өзгерткен соң хиджаб киген оқушылар мектепке кіре алмайтын болған. Осы шешімге орай елде жаппай наразылық болып, бірнеше адам ұсталған болатын. Кейін осы оқиғаға байланысты түркиялық саясаткерлер үн қатып, Бакуді айыптаған. Мысалы, Түркия президентінің кеңесшісі Октай Сарал Әзербайжанды бұл шектеуді қайта қарауға шақырған. Мұндай мәлімдемелер Бакуге ұнаған жоқ, олар мұны "елдің ішкі ісіне араласу" деп бағалады.

Сарапшылар кейінгі кезде Анкара мен Бакудің қарым-қатынасына сызат түскенін айтып жүр. Екі елдің тарихи және стратегиялық байланысы тығыз, тіпті өте жақын туысқан мемлекет саналады. Ердоған мен Әлиев бір-бірін "аға-іні" деп ажырамастай көрінетін. Әзербайжан мен Армения арасындағы Қарабақ соғысы кезінде Түркия Бакуге көп көмектесті. Бұл жағдай екі ел халқын бұрынғыдан да жақындата түскен. Анкараға арқа сүйеген Баку Ресейдің өзімен "жүре сөйлесетін" жағдайға жеткен еді. Бірақ авторитарлық елдерде басты құндылық – достық емес, режимнің амандығы екені белгілі. Авторитар басшы өз билігін қорғау үшін кез келген қадамға баруға дайын. Анкара мен Баку арасында нақты не болғаны әзірше белгісіз, бірақ бір түйткілдің бар екені анық.

Анкара саммитінде жұрт назарын аударған екінші мәселе – Тоқаевтың Ресейді ТМҰ-ға бақылаушы ретінде шақыру туралы ұсынысы болды. Қазақстан президенті ынтымақтастықты нығайту үшін "ТМҰ+" форматын қолға алу туралы айтты. "Ұйымымыздың беделін арттыру үшін Ресейдің ниетіне оң пікірімізді білдіріп, бұл елді осы форматқа қосылуға немесе Ұйымға бақылаушы ретінде қатысуға шақырсақ, дұрыс әрі әділетті шешім болар еді. Өйткені Ресей ірі мемлекет ретінде көне заманнан бері түркі әлемімен тығыз байланыста болған. Бұл елде тарихи мекенін тапқан түркі халықтары көп", – деді ол.

Қазақстан басшысының бұл ұсынысы қоғамда түрлі пікірге жол ашты. Кейбір ағайын бұл қадам Ресей, Қытай, Иран сияқты елдердің құрамында отырған түркітілдес халықтарды ТМҰ құрамына қосу үшін қажет десе, екінші топ бұл ұсыныс Ресей тарапынан ТМҰ-ға жасалып жатқан ақпараттық шабуылды тежеуге пайдалы деп санайды. Сондай-ақ "ТМҰ-ның Ресей мен Қытайдың Орталық Азия елдеріне ықпалын әлсірететін басты күш" екенін айтып, "оған Ресейді шақыру дұрыс емес" деп қарсы пікір айтып жатқандар да бар.

Сондай-ақ Тоқаев ТМҰ-ның әскери одақ емес екенін тағы еске салды. Ол мұндай ойды биыл мамырда Түркістанда өткен бейресми саммитте айтқан. Сол кезде президент "ұйымды әскери альянс деп сипаттап жүргендердің теріс пейілі бізге анық, мақсаттары – елдестіру емес екені де белгілі" деген болатын. Шынын айтқанда, "ТМҰ әскери-саяси одаққа айналады" деп шулап жүрген – тағы да ресейліктер. Астананың түркі мемлекеттерімен жақын жүргені Мәскеуге ғана емес, Бейжіңге де ұнамайды. Олар Орталық Азияны өздерінің ықпал аймағы деп санайтыны жасырын емес.

ТМҰ-ның 13-саммитінің қорытындысы бойынша Анкара декларациясы қабылданды. Онда ұйымға мүше мемлекеттер арасында сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту, достық қарым-қатынастарды жандандыру жайлы жазылған. Сондай-ақ ұйым құрамындағы барлық ел үшін маңызды болып отырған Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамыту жайлы сөз болды.

Сондай-ақ Анкарадағы саммитке ТМҰ-ға бақылаушы болып отырған Венгрия басшысы келген жоқ. Елді Виктор Орбан басқарып тұрғанда ол ұйым жиналысынан қалмайтын, тіпті 2025 жылы Будапеште ұйымның бейресми саммитін өткізген. Ал биыл көктемде Орбанды жеңіп, премьер-министр қызметіне жайғасқан Петер Мадьяр қазірше ТМҰ-ға мойын бұра қойған жоқ. Ол Түркістандағы бейресми саммитке де қатыспаған. Сарапшылар "Венгрия ұйымның географиясын кеңейтіп, саяси салмағын арттырады" деп санайды.

ТМҰ-ға төрағалық ету кезегі Әзербайжаннан Түркияға өтті. Анкарадағы жиында Ердоған: "Түркі әлемінің отбасылық суретінде бөлінуге, жіктелуге немесе алауыздыққа орын жоқ. Біз – біртұтаспыз, бірге тұрмыз және мәңгі бауыр болып қала береміз", – деген жалынды ұран тастады. Бірақ мұндай мәлімдеме жасау оңай болғанымен, оны жүзеге асыру оңайға соқпайтыны анық. Бұған Түркия мен Әзербайжан арасындағы салқын қабақ қарым-қатынас дәлел бола алады. ТМҰ-ны құруға және дамытуға ең ынталы Анкараның өзі жақын бауырымен "шәй" десіп қалса, ұйымның берік болашағы туралы айтуға әлі ерте деген сөз.

Нұргелді Әбдіғани
Фото: ашық дереккөз/Нұргелді Әбдіғани

Нұргелді ӘБДІҒАНИҰЛЫ, сарапшы: Ресейді ТМҰ-ға шақыру – саяси қулық

– Әзербайжанда болған хиджаб дауы Анкара мен Баку арасындағы мемлекетаралық байланысқа айтарлықтай әсер етпейді деп есептеймін.

Өйткені Әзербайжан мен Түркияның арасындағы байланыстың тамыры тым тереңде жатыр. Экономикалық, саяси қарым-қатынас пен ортақ интеграциялық жобалары өте көп. Мысал ретінде Әзербайжан арқылы Түркияға, Түркия арқылы Еуропаға шығатын транслогистикалық жобаларды айтуға болады. Оның үстіне бұлар Әзербайжан мен Түркияға ғана қатысты емес, көптеген мемлекеттің мүддесін қамтитын үлкен жоба саналады. Сондай-ақ "бір халық, екі мемлекет" идеологиясы Әзербайжан мен Түркияда өте терең сипатқа ие. 2020 жылғы Қарабақ соғысынан кейін екі елдің әскери интеграциясы тереңдей түсті. Сол кезде Түркияның әскери-техникалық көмегімен Әзербайжан тарихи аумағын қайтарып алған.

Әзербайжанда болған хиджаб дауының Анкара мен Баку арасында белгілі бір деңгейде түсініспеушілік тудырғандығы рас. Бірақ байқасаңыздар, Анкара бұл мәселені ушықтырмауға тырысты. Ердоған өзінің кеңесшісін қызметтен алды, Әлиевтің жеке сұрауымен кейбір саяси тұлғаларды жауапқа тартты. Бұл Түркияның мұндай дауды өршітуге ниетті емес екендігін аңғартады. Баку де бұл мәселені одан әрі ушықтыра түсу керек емес екенін түсініп отыр. Демек, бұл инцидент жабылды, оған бола екі елдің арасы суи қоймайды деп санаймын.

Бірақ мына мәселені ұмытпаған жөн, Түркияда неоимперлік амбиция ұстанатын саяси топтар мен тұлғалар аз емес. Сол секілді Әзербайжан қоғамында да агрессивті ұлтшылдық ұстанымдағы азаматтар мен топтар бар. Олар "Әзербайжан ешкімге интеграцияланбауы, ешкімге жұтылып кетпеуі керек, түрк экспансиясы біртіндеп Әзербайжанды жаулап жатыр, бұған қарсы тұруымыз керек" деп санайды. Осындай көзқарастағы азаматтар мен топтар екі ел арасындағы хиджаб дауын алдағы уақытта қоздатуға тырысуы мүмкін.

Ал Тоқаевтың Ресейді ұйымға шақыруына келсек, мұны саяси қулығы бар бастама деп санаймын. Ресей – Түркі мемлекеттеріне, Түркі интеграциясына, саясаткерлер айтып жүрген "Тұран жобасына" кереғар көзқарастағы мемлекет. Бірақ бұл елдің аумағында көптеген түркі халықтары өмір сүріп жатыр. ТМҰ-ға Ресейді тарту арқылы сол елдің субъектісі саналып отырған түркі халықтарын "түркі бірлігі" дейтін үлкен миссияға интеграциялануға белгілі бір деңгейде мүмкіндік туады.

Естеріңізде болса, осыдан бірнеше жыл бұрын Түркия өз аумағына еніп кеткен Ресейдің әскери ұшағын атып құлатып, екі ел арасында үлкен дау туған. Осыған байланысты Түркия мен Ресей экономикалық, саяси байланысты толық тоқтатты. Сол кезде Ресейдің субъектісі саналатын Татарстан басшысы Түркияға ресми сапармен барып, сауда-саттық келісімшартын жасаған. Бірақ қазір бұлай істеу мүмкін емес. Ресей субъектілеріне қатысты заңды күшейтіп тастады. Қазір барлық субъекті Мәскеудің рұқсатынсыз өз алдына дербес сыртқы саясат жүргізе алмайды. Енді Ресейдің құрамындағы түркі халықтары сыртқы саяси интеграциялық жобаларға дербес қатыса алмайды. Не Ресейдің атымен қатысу керек, не Ресейден бөлініп шығып қатысу керек. Демек, Ресей құрамындағы халықтарды ұйымға тартудың жалғыз жолы – Ресейді шақыру болып тұр. Мұны бір деңіз.

Екіншіден, Ресей Түркі мемлекеттері интеграциясына қауіппен қарайды. Түркілер бірігіп кете ме, түркілер бірігіп, әскери альянс құрып ала ма деген алаңдаушылық пен сол алаңдаушылықтан туған ақпараттық шабуылдар жиілеп кетті. Сондықтан Ресейдің ТМҰ-ға деген күдігін сейілту мақсатында Мәскеуді ұйымға шақырып отыр деп бағаласақ болады.  Әрине, бұл ұсынысты Ресей қабылдай қоюы екіталай. Өйткені Ресей ТМҰ-ға қосылса, өзінің аумағындағы түркі халықтары тәуелсіз түркі мемлекеттерімен байланысын жақсартып алуы мүмкін. Кремль маңындағылар мұны ескермей қалуы мүмкін емес.

ТМҰ – саяси ұйым емес, әскери альянс та емес. "Тұран одағы" да жуық арада бола қоймайтын интеграция. Бұл елдегі түркілік интеграцияның жақтаушыларына ұнамауы мүмкін, бірақ бұл – реализм. "Тұран одағы" деген сөзді ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің басшысы ешқашан айтқан емес. ТМҰ әзірше Түркі мемлекеттері интеграциясы ғана. Қарабақтағы соғыстан кейін осы түркі мемлекеттері интеграциясы белсендірек бола түсті. Қарабақ соғысына дейін ТМҰ қалың ұйқыда жатқан ұйым еді, құрылғанына ширек ғасырдан аса уақыт өтсе де, ешқандай белсенді әрекет байқалмаған. Демек, ұйым жұмысына Қарабақтағы соғыс қозғау салды.

Әуелде Түркі мемлекеттері кеңесі болып құрылған ұйым қазір өсіп, "ұйым" статусына ие болды. Бірақ әскери одақ болған жоқ әрі жуық арада бола да қоймайды. Өйткені Түркия – НАТО-ға, Қазақстан мен Қырғызстан – НАТО-ға балама саналатын ҰҚШҰ-ға мүше. Бір-біріне қарама-қайшы екі әскери альянстың мүшелері үшінші бір әскери одаққа біріге қоюы екіталай шаруа. Оның үстіне әскери ұйымдарға кіргісі келмейтін Түрікменстан сияқты бейтарап елдер бар. Ұйымға бақылаушы болып отырған Мажарстанның да Еуропадағы позициясы әрқилы. Сондықтан қазір ТМҰ мәдени-гуманитарлық ойын шеңберінде ғана әрекет етіп жатыр.

Ал болашақта әлемдік геосаяси картада тектоникалық өзгеріс болып, әлем қайта бөліске түсіп, жаңа географиялық орталықтар мен жаңа географиялық бөліністер іске асып жатса, бәлкім, бір өзгерістер болып қалар. Бірақ дәл қазір ТМҰ мәдени-гуманитарлық байланыстар шеңберінде жұмыс істейді. Бұл біз үшін керек ұйым. Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатында ТМҰ-ның және оған мүше мемлекеттермен жекелеген интеграциялық жобалардың болуы бізге сыртқы саясатта тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді.

Қуаныш ҚАППАС

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз