Стоматологиядағы қауіпсіздік: қайғылы оқиға неге азаймай тұр?
Баланың денсаулығы мен өмірі – кез келген медициналық қызметтен маңызды.
Алайда соңғы жылдары Қазақстанда балаларға стоматологиялық ем жүргізу кезінде болған қайғылы оқиғалар қоғамда үлкен алаңдаушылық туғызып отыр. Әсіресе жекеменшік стоматологиялық клиникаларға қатысты "наркозбен тіс емдеу қаншалықты қауіпсіз, дәрігерлер барлық қажетті талаптарды сақтай ма?" деген сұрақ жиі қозғалады. Себебі бұл – бала денсаулығының қауіпсіздігіне қатысты өзекті мәселе. Осыған қатысты қайғылы оқиғалар да аз емес.
2018 жылы Қарағанды қаласындағы жекеменшік стоматологиялық клиникада 1 жас 8 айлық баланың жүрегі тоқтап қалған. Арада бірнеше жыл өткен соң, 2024 жылы Астанада 3 жастағы бала 18 тісін емдеу барысында жасалған наркоздан кейін оянбай қалған. Ал 2025 жылы Алматыдағы жекеменшік стоматологиялық клиникада 20 тісін емдеу кезінде 3 жасар бала көз жұмды.
Байқасаңыз, бұл қайғылы оқиғалар бірнеше жыл ішінде әртүрлі қалаларда болған. Демек, тұтас ел бойынша балалар стоматологиясындағы қауіпсіздік мәселесі аса маңызды. Әсіресе кішкентай балаларға жалпы анестезия қолдану, медициналық қызметкерлердің біліктілігі, клиникалардың техникалық жабдықталуы және шұғыл көмек көрсету дайындығы өзекті болып отыр.
Медициналық сарапшы Әли Нұрғожаевтың айтуынша, Қазақстанда клиникалық хаттамаларда барлық қажетті медициналық талаптар қарастырылған. Алайда мәселе сол талаптардың тәжірибе жүзінде қаншалықты орындалатынында болып отыр. Сарапшының пікірінше, стоматологиялық клиникалар медициналық қызмет сапасы мен қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлуі керек. Ол үшін ерікті аккредиттеуден өту, медицина қызметкерлерінің білімін үнемі жетілдіру және жүрек-өкпе реанимациясы бойынша тұрақты дайындықтан өту қай кезде де, қандай жағдайда да маңызды.
"Кез келген клиника ерікті түрде аккредиттеуден өте алады. Біз оған кеңес береміз. Сонымен қатар клиниканың барлық медициналық қызметкерлері жүрек пен тыныс алу жүйесіне қатысты шұғыл жағдайларда көмек көрсету, жан сақтау бойынша білімдерін жетілдіріп, арнайы курстардан жиі өтіп тұруы қажет. Олар білімдерін жаңартып, үнемі дайындықта болуы тиіс", – дейді Ә.Нұрғожаев.
Шынында да, наркозбен емдеу кезінде күтпеген асқынулар болуы мүмкін. Сондықтан мұндай медициналық араласу тиісті жабдықтары бар, анестезиологиялық және реанимациялық көмек көрсетуге толық дайын медициналық мекемеде жүргізілуі қажет. Қоғам қайраткері, балалар невролог дәрігері Қайырғали Көнеев те балалар стоматологиясындағы қауіпсіздік мәселесіне алаңдаушылық білдіреді. Оның пікірінше, бір мезетте баланың бірнеше тісін емдеу кезінде жасалатын медициналық тәуекелдер мұқият қадағалануы тиіс. Емдеу тактикасы баланың жасына, денсаулық жағдайына және стоматологиялық мәселесінің күрделілігіне қарай жеке таңдалуы керек. Дәрігердің айтуынша, қазіргі стоматологияда тісжегіні кезең-кезеңімен емдеуге мүмкіндік беретін түрлі әдістер мен құралдар бар. Сондықтан әрбір жағдайда жалпы наркоз қолдану қажеттілігі жан-жақты қарастырылуы тиіс.
"Әлем бойынша қазіргі уақытта бір мезетте бірнеше тісті емдеу әдістерін қолдана бермейді. Қазір тісті кезең-кезеңімен емдеуге мүмкіндік беретін түрлі әдістер бар. Талаптарды сақтамайтын жауапсыз дәрігермен қатар, клиниканың басшылығы да өз жауапкершілігін сезінуі керек. Егер медициналық қауіпсіздік талаптары бұзылса, жауапкершілік мәселесі заң аясында қарастырылуы тиіс", – деп есептейді Қайырғали Көнеев.
Маманның пікірінше, наркоз кезінде тыныс алу қызметінің бұзылуы сияқты асқынулар туындауы мүмкін. Мұндай жағдайда медицина қызметкерлерінің жылдам әрі дұрыс әрекет етуі науқастың өмірін сақтап қалуда шешуші рөл атқарады. Клиникада жасанды тыныс алдыру аппараты, мониторинг құрылғылары және шұғыл реанимациялық көмек көрсетуге қажетті жабдықтар толық болуы керек. Балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау – тек ата-ананың емес, дәрігердің, клиника басшылығының және жалпы денсаулық сақтау жүйесінің ортақ міндеті.
Арайлым Еркебаева