Атақтың күші. Биыл мемлекеттік сыйлық неге берілмеді?
Бұрын мықтының мықтылығын атанның күшімен өлшейтін қазақ қазір атақтың буымен өлшейді.
Құдайға шүкір, елімізде орден-медальден "көп нәрсе" жоқ. Қолың жетсе – ал, қолың жетпесе – құйрығыңды қысып, тыныш жүр. Бірақ тыныш жүретін қазақ бола ма, біреу атақ алса, ішін "өрт жайлап" кететін елде "есеп" жоқ. Мысалы, Республика күнінде "Ерен еңбегі үшін" медалімен марапатталған абайлық бойжеткеннің "жетістігін" ел-жұрт апта бойы талқылаған. Ақырында не болды? Қиын болды, Абай атындағы мемлекеттік сыйлық берілмей қалды…
Білесіз, атақтың жаманы жоқ, дегенмен атақтың "атасы" – Мемлекеттік сыйлық. Қолына қалам ұстаған ақын-жазушының әрқайсысы "жолы оңғарылса", Абайдың бейнесі таңбаланған төсбелгіні кеудесіне тағып алып, айналасына Абайдың көзімен "қарағысы" келеді. Мұны – бір деңіз, екіншіден, Құнанбайдың құла жирен үйірінің құнындай қалтаңа салып беретін қомақты қаржысы тағы бар. Содан кейін де шығар, елімізде Мемлекеттік сыйлықтың бәйгесі ешқашан "тыныш" өтіп көрген жоқ. Әп деп бәйге басталғанда, әркім өз жүйрігін жер-көкке сыйғызбай мақтайтын әдет – қалыпты нәрсе. Жүлдеден үміті бар "тұлпардың" дуалы ауыздарды жағалап, "құйысқан көтертетін" елгезектігін де түсінеміз. Сосын не болады? Қою шаңның ішінен кімнің қара үзіп келгенін былайғы жұрт ұқпай қалады. Хас жүйрікті комиссия анықтап, үкілеп ортаға шығарады. Бітті, арты – қып-қызыл дау. Жүз кісі қуанса, мың кісі өкпе айтады. Жүйрігі "омақаса құлағандарға" он күнге дейін ас батпайды…
Арғысын айтпай-ақ, 2000 жылдан бері есептесеңіз, 60-қа жуық адам ие болған Мемлекеттік сыйлық осындай "ырду-дырдумен" беріліп келе жатыр екен. Ал биыл басы "тәп-тәуір" басталған дүбірлі дода аяғына жетпей тоқтап қалды. Неге? Вице-президент Ерлан Қарин комиссия төрағасы ретінде Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлықты беру жөніндегі комиссияның соңғы шешімі туралы мынадай түсініктеме берді:
"Біріншіден, конкурсқа түскен үміткерлердің барлығын сыйлаймыз, құрметтейміз. Олар төл руханияттың дамуына үлкен үлес қосып келе жатқан белгілі тұлғалар. Өзім де бірқатарын жеке танимын. Бірақ Мемлекеттік сыйлық – тұлғаға емес, туындыға берілетін сыйлық. Осының аражігін ажыратып алған дұрыс. Атақты біреуге ұнау немесе жағу үшін, ренжіп қалмасын деген себеппен беретін болсақ, өнер одан дамымайды, бұл атақтың мәртебесі артпайды. Екіншіден, бәріміз тәртіпке бағынуымыз қажет. Ұсынылған туындылардың барлығы дауысқа салынды. Бірақ дауыс беру қорытындысы бойынша бірде-бір жұмыс Комиссия мүшелерінің айқын басым дауысына ие бола алған жоқ. Керісінше, жұмыстарды қолдамағандар мен қалыс қалғандардың үлесі басым болды".
Былай қарасаңыз, дұрыс қой. Мемлекеттік сыйлық тұлғаға емес, туындыға берілуі керек. Жоғарыдағы салыстырудың жөніне салсақ, бәйге жүйріктің атақ-абыройына емес, шабысына қарап беріледі. Ал шабысы – шығармасы. Осы жерде бір қызық нәрсе бар. Алғашқы айналымдарда алаштанушы әрі абайтанушы Тұрсын Жұртбайдың өзін "атшабардан" шығарып тастаған "кіл толыбай" туындыны саралаған ба, әлде тұлғаны таңдаған ба? Сұрақты бұлай қоятын себебіміз, мәреге "жақындаған" үшеу – шын мәніндегі тұлғалар. Жастарына қарай жүйелесек, сексендегі Серік Тұрғынбеков, жетпіске жақындаған Қасымхан Бегманов, алпысқа иек артқан Маралтай Райымбекұлы.
Міне, "шабысын" жоғары бағалаған комиссиядағы сыншылар өздері іріктеп-сұрыптап алған осы үшеудің бірін "желкесін қиып" жібермей, мәреге жеткізуі керек еді. Жеткізбесе, туындыларын не үшін таңдады? "Қалыс қалды", "Бір байламға" келе алмады деген не сөз? Сонау ит жылынан бері "бірауызды" болып келген комиссия неге әртарапқа тартты?
Әрине, сыртта отырып, осылай тон піше беруге болады? Ал шын мәнінде, Мемлекеттік сыйлық иегерін анықтаудан "қиын" нәрсе жоқ. Мысалы, қараңызшы, Сіз сыйлыққа кімді лайық көресіз? Алдымен ауызға оралатыны – биыл сексеннің сеңгіріне шыққан Серік ақсақал. Поэзия әлемінде "өз патшалығын" құрған, кейінгі уақытта жиі сырқаттанып жүрген қарт ақын бір сергіп қалар еді. Бірақ, бұл – жоғарыдағы "тұлғаға берілмейді" дейтін шартқа қайшы. Ықтимал жалғыз жол мынау: ол үшін екі інісі комиссияға қоңырау шалып, болмаса кісі салып, "Біз тоқтадық, жол – көкемдікі" десе, бірі – ойға, бірі – қырға тартып отырған "толыбайлар" бір тоқтамға келуі мүмкін еді. Өкініштісі сол, басқасы басқа, дәл Мемлекеттік сыйлыққа келгенде, бұ қазақ ешқашан өзгеге жол бере алмайды.
Қасымхан Бегмановқа берсе ше? Онда алдындағы ағасының "басынан аттатқандай" болады. Оның үстіне жүлденің иісі шықса, бүтін қабырғаны жарып өтердей екпіні бар Маралтайды қайда қоясың?
Ал Маралтай Райымбекұлына бергенде не болар еді? Не боларын болжауға болатын сияқты. Онда жұрт бәйгеге түскен "жас ақынды" Серік Тұрғынбековпен ғана салыстырмайды. "Тұрсын Жұртбайды сүріндіргендегі мақсаттарың осы ма, жетпегірлер?!" деп "қарғайды". Әрине, бұл Маралтай осал екен деген сөз емес. Бірақ Райымбекұлы поэзияда мықты болғанымен, алаштануда Жұртбайдың қасында "жұртта" қалатынын білесіз.
Ал енді екеуіне беріп, біреуіне бермесе ше? Бұл – ең жеңіл айтқанда, "кісі өлтіргенмен" бірдей. Ілгеріде алақанын ысқылап, Абай атындағы сыйлықты алғалы тұрған бір қаламгердің аяқасты жедел жәрдем шақыртқанын естігенбіз. Сөйтсе, не болған дейсіз ғой. Ештеңе де болмаған, тек Мемлекеттік сыйлық басқа адамға берілген. Соны көтере алмаған үміткердің жүрегі бірнеше секундқа тоқтап барып, өз ырғағын әрең тапса керек. Түсінген шығарсыз, мемлекеттік сыйлықтың иегерін анықтау – ойнайтын нәрсе емес.
Енді бір ғана жол қалды. 2020 жылы-ау, бір топ адам додаға түсті. Кімнің алатыны туралы сыбыс ерте тарап кетті ме, әйтеуір оқырман қауым "Тынымбай Нұрмағамбетов алуы керек" деп шулады. "Анау алса, мынау алса" деген әңгіме көбейді. Ақырында комиссия "ақыл" тапты. Арасында Тынымбай Нұрмағамбетов бар, ұзын-ырғасы жеті адамға шелпек таратқандай, жүлдені бөліп бере салды…
Бір қарағанда, бұл да аса жаман "әдіс" емес. Биылғы бәйгені сараптауға да осы тәсіл қолданылса, әңгіме ың-шыңсыз бітер еді. Бірақ "топтап беру" сыйлықтың құнын түсіреді. Биыл үш жүйрікке берсең, ертең төрт тұлпар дайын тұрары анық. Бара-бара Мемлекеттік сыйлық алмаған қаламгерден мемлекеттік сыйлық алған ақын-жазушы көбейіп кетуі мүмкін. Ендеше, оны "мемлекеттік" деп әлдеқандай қылудың не жөні бар?
Қысқасы, комиссия осыны ескеріп, бәйгені басталмай жатып "қысқартып" тастаған сияқты. Бұл да дұрыс шығар, кім біледі. Өйткені алып алғандарға салсаң – енді ешкімнің алмағаны жақсы, ал алмағандарға көнсең – бәрінің алғысы бар.
Енді тек бір мәселені ескерген дұрыс сияқты. Шіркін, комиссияның отырыстары тікелей эфирден көрсетілсе, Мемлекеттік сыйлық жөніндегі дау "сап тыйылар" еді. Өйткені елдің бәрі көреді ғой, айтулы туындыға келгенде кімнің қалыс қалып, кімнің "қиыс тартып" отырғанын. Басқаша айтсақ, "толыбайлар" туындыны, халық "толыбайларды" сынап отырады. Бір жағынан – әділ, бір жағынан – қызық…