Сараптама

Жамбылдан тағы жік шықты. Қарашөкеев неге үнсіз?

Ербол Қарашөкеев басқарып отырған Жамбыл облысынан тағы бір дау шықты.

Қарашөкеев

Бұл жолы Байзақ ауданына қарасты Үлгілі ауылындағы жер мәселесі ушығып тұр. Бір топ азамат өз ақшасына жер сатып алып, баспана тұрғызған. Енді сол жерлердің заңсыз рәсімделгені анықталып, үйлерінен айырылып қалу қаупі туды. Сот басталып, бұл іске шешім де шыққан. Бұдан кейін мәселенің шешімін таппаған азаматтар бірден президентке жүгініп, үндеу жолдаған. 

Жергілікті биліктен қайыр болмаған соң тұрғындар енді мемлекет басшысынан үміт күтіп отыр. Ауыл адамдары сырттан келгендерге жер сатылғанына қарсы болған. Олар "өзімізге бермеген жерді неге басқалар сатып алуы керек" деген ұстанымда. Түптеп келгенде, даудың түп-төркіні жерді сатуға жол ашқан әкімдік шешімінің заңсыздығына келіп тірелетін сияқты.

Бір қызығы, бұл дау кеше ғана басталған жоқ. Биыл мамыр айында Үлгілі ауылының тұрғындары әкімдікті "жерді заңсыз сатуға жол берді" деп айыптап, құзырлы органдарға шағымданған. Себебі ауылдың өзінде жиырма жыл бойы жер кезегін күтіп отырған азаматтар бар екен. Оларға "бос жер жоқ" делінгенімен, ауыл маңындағы суармалы егістік жерлердің нысаналы мақсаты өзгертіліп, басқа адамдарға сатылған.Сөйтіп, ауыл адамдары жерге қол жеткізе алмағанына наразы болса, ал жер сатып алғандар ақшасын төлеген мүлкінен айырылып қаламыз деп алаңдап отыр.Осы ретте "Жас Алаш" редакциясы президентке үндеу жолдаған адамдармен сөйлесіп, оқиғаның мән-жайын білді.

"Несиеге алған жеріміз еді"

Қазір сот дауына тап болған азаматтардың бірі – Шолпан. Ол Үлгілі ауылындағы жер телімін сатып алған. Алайда жерді рәсімдейтін кезде оның заңдылығына қатысты сот процесі басталған. Шолпанның айтуынша, жер алғашында шаруа қожалығына тиесілі болған. Кейін оның нысаналы мақсаты өзгертіліп, жеке телімдерге бөлінген. Сол жерлерді шамамен 62 азамат сатып алған.

"Біз бұл жерді 2025 жылы сатып алдық. Бастапқыда ол шаруа қожалығының суармалы жері болған. Кейін жердің нысаналы мақсатын өзгерту туралы шешім қабылданып, тұрғын үйлер мен басқа да ғимараттар салуға арналған жер ретінде рәсімделген. Жалпы көлемі 5,7 гектар жерді шамамен сегіз сотықтан бөліп сатқан. Біз сияқты жер сатып алған 62 адам бар. Бәріміз нотариусқа барып, сатып алу-сату шартын жасадық. Әкімдіктің жердің нысаналы мақсатын өзгерту туралы шешімі болды. Әр телімге жеке құжат рәсімделді. Жердің сызбасын жасаттық, мемлекеттік актілерін алдық. Бәріне тиісті мекемелердің мөрлері басылған. Сондықтан еш күмәнданғанымыз жоқ", – дейді Шолпан.

Оның сөзінше, сатып алушылар жердің құжаттары түгел рәсімделгеніне сенген. Құрылыс жүргізуге болатыны айтылған соң, бірі іргетасын құйып, енді бірі үй тұрғызуға кіріскен. Шолпан да солардың қатарында. Отбасы жаңа баспана салу үшін бұрынғы үйін сатып, жетпеген қаражатты несиемен толықтырған. Алайда жердің нысаналы мақсатын жеке тұрғын үй құрылысына қайта рәсімдеу барысында мәселе туындаған.

"Бастапқыда жер коммерциялық мақсаттағы құрылысқа қатысты рәсімделген. Біз оны жеке тұрғын үй құрылысына ауыстырмақ болдық. Бірқатар сатып алушылар үй салды, кейбірі енді бастап жатыр. Сондықтан құжаттарды өзгертуге бардық. Сол кезде жаңа электрондық жүйе арқылы рәсімдеу керегін айтты. Бірақ база дұрыс жұмыс істемей, біраз уақыт өтті. Ақыры құжат мәселесі шешіле бастағанда, 2026 жылдың маусым айында соттан шақырту келді. Сөйтсек, жердің заңдылығына байланысты іс қозғалған екен. Жер қатынастары бөлімі, сәулет бөлімі, ауыл әкімдігі, құжат рәсімдеуге қатысқан мекемелер, жерді сатқан азамат және біз, 62 сатып алушы, сотқа жауапкер ретінде шақырылдық", – дейді ол.

  Шолпан мұндай жағдайды күтпегенін айтады. Себебі жер сатып алған кезде қолында тиісті құжаттар болған. Оның түсінігінше, бұл құжаттарды заңды деп тануға толық негіз бар еді.

"Біз алғашқы сот отырысынан бастап өзімізді адал сатып алушылар ретінде тануды сұрадық. Сот кабинетіне жазбаша өтініш те бердік. Бізді жауапкер емес, үшінші тұлға ретінде қарауды өтіндік. Өйткені жердің нысаналы мақсатын өзгерткен де, оны бөлшектеп сатуға мүмкіндік берген де біз емеспіз. Біз дайын тұрған жерді ақшамызға сатып алдық. Мемлекеттік мекемелердің қандай шешім қабылдағанына қатысымыз жоқ. Ал енді сол шешімдердің заңсыз болғаны үшін біз жауап беруіміз керек пе?".

Оның айтуынша, сот процесі шамамен төрт айға созылған. 22 қазанда Байзақ аудандық сотында жердің нысаналы мақсатын өзгертуге негіз болған бастапқы шешімнің күшін жою және одан кейін жасалған сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп тану туралы сот актісі жарияланған. Шолпан алғашқы сатыдағы сот шешімімен келіспейтінін айтады. Ол өзге сатып алушылармен бірге апелляциялық шағым түсіруге дайындалып жатыр.

Жалпы, жер сатып алушылармен сөйлесіп білгеніміздей, 62 адамның шамамен бес-алтауы үй тұрғызып үлгерген. Кейбірі баспанасына қоныстанған. Бірқатары іргетасын құйып, жерін қоршап қойған. Ал қалғандарының жерінде әлі құрылыс басталмаған.

"Біздің бұрынғы үйіміз бар еді. Жаңа баспана саламыз деп соны сатып жібердік. Жетпеген соң несие алдық. Құрылыс материалдарын да қарызға сатып алдық. Қазір сол несиені пайызымен төлеп отырмыз. Енді үйімізді алып қойса, қайда барамыз? Бұрынғы үйіміз сатылған, жаңасына қаншама ақша жұмсалды. Біз үйімізді бұзып, кірпішін арқалап алып кете алмаймыз ғой. Сонда мемлекеттік мекемелердің шешімдерінен кеткен қателіктің зардабын қарапайым халық тартуы керек пе? Бала-шағамызбен далада қаламыз ба?" – дейді Шолпан.

"Бізге жер жоқ дейді, ал басқаларға сатады"

 Үлгілі ауылындағы дау биыл мамыр айында-ақ жұртшылық назарына іліккенін жоғарыда жаздық. 15 мамырда бұл мәселе туралы телеарналар арнайы сюжет жариялады. Ондағы мәлімет бойынша, Үлгілі ауылында бес мыңнан астам адам тұрады. Жергілікті тұрғындар ауылда бос жер қалмағанын, ал жеке тұрғын үй құрылысына жер алу кезегі жиырма жыл бойы іс жүзінде жылжымағанын айтқан. Ауыл азаматтары жердің нысаналы мақсаты өзгертіліп, телімдерге бөлініп сатылып жатқанына наразылық білдірген. Олар Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен прокуратураға арызданған. Сол кезде ауыл тұрғындарының атынан мәселе көтерген азаматтардың бірі Айдархан Байболатов болатын. Тілшіміз Айдархан Байболатовқа хабарласып, дауға қатысты пікірін сұрады. Оның сөзінше, ауыл тұрғындарының қарсылығы жеке азаматтардың баспана салуына емес, жердің қалай рәсімделіп, кімдерге сатылғанына байланысты.

"Бұл мәселені біз мамыр айында көтердік. Ауылдың өзінде қаншама адам жер кезегінде тұр. Мыңнан астам адам жер ала алмай отырғанын айтып келеміз. Оларға әкімдік "жер жоқ" дейді. Ал сол уақытта ауыл маңындағы жерлердің нысаналы мақсатын өзгертіп, бөлшектеп сатып жатқанын білдік. Біз соған қарсы шықтық. Өйткені жергілікті тұрғындар жер ала алмай отырғанда, басқаларға жердің сатылуы әділетсіз деп есептейміз, – дейді Айдархан Байболатов.

 Ауыл азаматтарының наразылығынан кейін құзырлы органдар тексеру жүргізген. Сол тексерулер барысында заңбұзушылықтар анықталған. Ауыл тұрғындарын алаңдататын тағы бір мәселе бар. Ол – болашақта әлеуметтік нысандар салуға жердің жеткілікті болуы. Үлгіліде халық саны өсіп келеді. Тұрғындардың айтуынша, ауылға жаңа мектеп, спорт кешені, медициналық пункт, саябақ секілді нысандар қажет.

Жауапкершілік кімде?

Үлгілі тұрғындарының шағымдары тек әлеуметтік желідегі наразылықпен шектелген жоқ. Жер мәселесіне қатысты заңбұзушылықтар ресми тексерулер барысында да анықталған. Биыл мамырда Байзақ ауданының прокуроры Бижан Ержанұлы жер заңнамасының өрескел бұзылғанын мәлімдеген. Оның айтуынша, жергілікті атқарушы орган тарапынан заңбұзушылықтарға жол берілген. Соның нәтижесінде ауылдық округ әкімі қызметіне сәйкес келмейтіні туралы тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Сол кезде әкімнің жұмыстан кету туралы өтініш жазғаны да айтылған.

Одан кейін тағы бір ресми дерек жарияланды. Биыл 31 тамызда Жамбыл облысының прокуратурасы Байзақ ауданы әкімдігінің жер қатынастары бөліміне жүргізілген тексеру нәтижесін хабарлады. Прокуратураның мәліметінше, Үлгілі ауылдық округі әкімінің шешімімен 5,7 гектар суармалы жер учаскесінің нысаналы мақсаты өзгертілген. Алайда жер пайдаланушыға ауыл шаруашылығы өндірісінің шығындарын өтеу үшін міндеттелген 7,5 млн теңге заңда белгіленген мерзімде төленбеген. Тексеру кезінде Байзақ ауданы бойынша осыған ұқсас тағы бес заңбұзушылық анықталған. Соның нәтижесінде бюджетке жалпы 49,6 млн теңге көлеміндегі міндетті төлемдер уақытында түспеген.

Енді қайтадан жер сатып алушылардың жағдайына оралайық. Шолпан өзін де, өзге сатып алушыларды да жердің нысаналы мақсатын өзгертуге қатыспаған қарапайым азаматтар деп санайды. Оның айтуынша, сотта өзін адал сатып алушы ретінде тануды сұрағанымен, әзірге бұл талабы қанағаттандырылмаған.

"Бізді сотқа жауапкер ретінде шақырды. Ал біз жерді сатып алып, зардап шегіп отырған адамдармыз ғой. Біз әкіммен бірігіп жер бөлгеміз жоқ. Жердің мақсатын өзгерткеміз жоқ. Құжаттарды өзімізге ыңғайлап шығарған да жоқпыз. Бәрін мемлекеттік мекемелер рәсімдеді. Егер олардың шешімі заңсыз болса, неге сол кезде ешкім тоқтатпады? Неге үй салып болғаннан кейін ғана мәселе көтеріліп отыр? Біз өз ақшамызды төледік. Енді бәрінен айырылып қалуымыз керек пе? Жерді рәсімдеу кезінде мемлекеттік органдар қайда қарады? Неліктен жердің заңдылығын сол кезде анықтамады? – дейді ол.

  Сұхбат барысында Шолпан тағы бір мәселеге тоқталды. Оның айтуынша, жердің бас жоспары мен өзге де құжаттары қолдарында бар. Сол құжаттарға сүйеніп құрылыс бастаған. Құжатта осы жерлерге мектеп, балабақша сияқты маңызды нысандар түсетіні туралы жазылмаған.

Әкімдік не дейді?

Үлгілі ауылдық округінің әкімдігі мәлімдеме жасап, 22 қазанда Байзақ аудандық соты жер учаскелерінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы 2025 жылғы 5 ақпандағы № 4 шешімге қатысты сот актісін жариялағанын хабарлады. Сот актісінде аталған шешімді заңсыз деп тану және күшін жою, сондай-ақ жер телімдеріне қатысты сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп тану мәселелері қамтылған. Әкімдіктің мәліметінше, сот актісі әлі заңды күшіне енбеген, сондықтан тараптардың оған шағымдануға құқығы бар.

Үлгілідегі жер дауының ұшы айналып келгенде Ербол Қарашөкеев басқаратын Жамбыл облысының әкімдігіне тіреледі. Прокуратура жер заңнамасының өрескел бұзылғанын анықтады. Бұрынғы ауыл әкімінің қызметтен кеткені айтылды. Бірақ мұнымен мәселе шешілген жоқ. Керісінше, дау сотқа жетіп, ондаған азамат жерінен айырылып қалу қаупіне тап болды. Сонда жерді рәсімдеуге жол ашқан шешімдер үшін кім жауап береді? Қызметтен кеткен шенеуніктердің әрекетіне құқықтық баға берілді ме? Әлде бәрі жұмыстан кетумен аяқтала ма? Бұл сұрақтарға әзірге нақты жауап жоқ. Ал әкім қызметтен кетсе де, оның тұсында қабылданған шешімдердің зардабы жоғалған жоқ. Енді сол зардапты қарапайым халық тартпақ. Жер кезегінде тұрған ауыл тұрғындарының да, өз ақшасына жер сатып алып, үй тұрғызған азаматтардың да құқығы қорғалуы керек. Шенеуніктердің заңсыз шешімдері салдарынан қарапайым отбасы неге далада қалуы керек?!

Бір қызығы, Ербол Қарашөкеев "Заң мен тәртіп" қағидатына арналған іс-шарада: "Әділетті қоғам құруда жастардың рөлі айрықша. Бүгінгі жастар – еліміздің ертеңі, ұлтымыздың болашағы", – деп жалындап сөйлеген. Ендеше, "Заң мен тәртіпті" жиі сөз ететін облыс басшысы өзі басқарып отырған өңірде прокуратура анықтаған заңбұзушылықтарға қатысты неге шара қолданбады? Жер дауына жол берген лауазымды тұлғалардың жауапкершілігі неге әлі күнге дейін ашық айтылмайды? Ең бастысы, Қарашөкеев әкімдігі президентке үндеу жолдаған азаматтардың мәселесін шешуге қауқарлы ма? Әлде "бәрібір кететін адамның" әдетіне басып, үнсіз отыра бере ме?..

Тұрсынбек БАШАР

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз