Сараптама

Ауыл әкімі тұрғынға қысым көрсетті ме?

БҚО Ақжайық ауданына қарасты Қабыршақты ауылының тұрғыны Нұрзина Қабиева жергілікті биліктің әрекетіне қатысты бірқатар мәселені көтеріп, редакциямызға хабарласты.

1

 Осы жылдың тамыз айында мал дәрігерлері Нұрзина Қабиеваның ұсақ малдарына екпе салады. Осыдан кейін тұрғынның 40 қойы ауырып, екі тоқтысы өледі. Алайда Қабыршақты ауылында Н.Қабиевадан басқа тұрғындардың екпе салған малдары дін-аман. Осы жағдайдан кейін оның көңіліне күдік ұялай бастайды. Өйткені Қабиева бұған дейін ауылдағы бірқатар мәселені көтеріп, басшылықтың олқылығын түзеткен. Ол сол үшін де ауыл әкімі Халық Аймағамбетовтің тарапынан қысымға ұшырағанын жеткізді. Ауыл әкімі оның журналистер мен белсенділерді шақырып, мәселені көрсеткеніне наразы болған. Тіпті "әкім үйіме адам жіберуге дейін барды" дейді Нұрзина Қабиева бұл жағдайды өзіне және отбасына көрсетілген қысым деп ұғынады. Сол себепті ауыл тұрғыны осы жағдайларды жан-жақты тексеріп, мәселеге құзырлы органдардың назар аударуын сұрап отыр.

Нұрзина Қабиева ауылдағы заңсыздық деп санаған жайттарды көрсе, алдымен жауапты адамдарға ескертіп, мәселені сол жерде шешуге тырысатынын айтады.

Нұрзина Қабиева
Фото: жеке мұрағатынан/Нұрзина Қабиева

 "Мен ешкімді қызметінен алыңдар деп жүргенім жоқ. Тек ауылымыз таза, адамдар бір-бірімен тату болса деймін. Заңсыздықты көрсем, үндемей қала алмаймын. Алдымен әкімге айтамын, одан нәтиже болмаса, дәлел жинап, тиісті орындарға жүгінемін", – дейді тұрғын.

Алайда Нұрзина Қабиеваның сөзінше, соңғы уақытта ауыл әкімі Халық Аймағамбетовпен арадағы келіспеушілік ушыққан. Ол мұның себебін әкімнің жұмысына сын айтып, ауылдағы мәселелерді ашық көтеруімен байланыстырады. Мысалы, оны 2026 жылғы 12 тамыздағы вакцинациядан кейінгі жағдай алаңдатып отыр. Айтуынша, сол күні ауыл ветеринарлары 73 бас қойына вакцина салған. Алайда екпеден кейін малдың 40-қа жуығы ауырып, кейбірі ақсап қалған. Екі тоқты өлген.

"Екпеге дейін қойларым сау еді. Вакцина салынғаннан кейін бірінен соң бірі ауыра бастады. Қырыққа жуығы ауырды, екеуі өлді. Бұл жай ғана сәйкестік пе, әлде вакцинация кезінде бір қателік болды ма? Осы сұрақтарыма жауап алып, жағдайды анықтағым келеді", – дейді Қабыршақты тұрғыны.

БҚО ветеринария басқармасы
Фото: скриншот/БҚО ветеринария басқармасының жауабы

Ол облыстық және аудандық ветеринариялық инспекцияларға өтініш жазғанын, тексеру қорытындысында вакцинация кезінде тиісті талаптардың сақталмағаны және соның салдарынан сау малдың ауырғаны көрсетілгенін айтады. Нұрзина Қабиева енді вакцинаның ауылға қалай жеткізілгенін, қай жерде және қандай температурада сақталғанын білгісі келеді. Әсіресе препаратты тоңазытқышта сақтау тәртібі мен температуралық режимнің сақталғанын көрсететін журналдың 2026 жылғы 12 тамыздағы көшірмесін сұрап отыр. Сол күні малға вакцина салатын маманның жұмыс орнында болмауы да күдігін одан сайын күшейткен. Айтуынша, вакцинацияға міндетті түрде қатысуы керек болған маман сол күні жұмысқа келмеген. Кейін аудандық ветеринария басшысынан себебін сұрағанда, "ол сіздің малыңызға екпе салудан қорыққан" деген жауап естігенін айтады. Ал маманның өзінен сұрағанда, ол басқа ауыл тұрғынының қойын екпеден кейін жайылымға айдап кеткенін айтқан көрінеді.

Ақжайық аудандық аумақтық инспекциясы
Фото: скриншот/Ақжайық аудандық аумақтық инспекциясының жауабы

"Ауыл әкімінің әрекетінен кейін, дәл менің малдарымның екпеден соң ауырғаны күдік тудырады. Әлде, екпеге жауапты маман келмеген соң, малыма екпе салған адам дәрілерді шатастырған шығар? Не, вакцина  тиісті жерде сақталмаған болар? Бұл "сібір жарасына" қарсы вакцина екен, өте ауыр. Екпеден кейін 14 күн мал дәрігерлерінің бақылауында болуы тиіс екен. 100 басқа бір құты ашылады. Мендегі 73 бас қойға екпе салынды, ал құтыдағы қалғаны басқа тұрғынның малына жұмсалды ғой. Сонда ауылдың бар малына біздегімен бір вакцина салынды. Бірақ індет неге менің малыма тиді? Тіпті ауданнан келген мамандар да: "неге сіздің малыңыз ғана ауырды", деп күмәнданды. Бірақ олар да ақырында үнсіз қалды. Әрине, күдігім бар екен деп дәлелсіз кінәлағым келмейді. Десек те, осы салада жең ұшынан жалғасқан сыбайластық бар екені ақиқат. Бұл жағдайлардың  бәрі анықталуы керек", – дейді Н. Қабиева.

Ол Қабыршақты ауылындағы ветеринар мамандардың жұмысы мен кәсіби біліктілігіне қатысты да күмән көп деп есептейді. Мәселен, Қабиеваның айтуынша, өткен жылы ауылдағы ветеринар дәрігер өз еркімен жұмыстан кеткен.

"Жұмыстан кетуіне екпе сала алмайтыны себеп болған. Бірақ қолында дипломы бар. Маған жеткен ақпарат бойынша, ол еш жерде жұмыс істемесе де 6-7 жыл еңбек өтілін жасатып алған. Малға ине сала алмайтын адамды конкурстан "жақсы" балл жинады деген желеумен жұмысқа қайта алды", – дейді Нұрзина Қабиева.  

Нұрзина өткен жылы да екпе салынбаған малдарының құжатта "екпе салынды" деп көрсетілгенін біліп, ауыл және аудан басшыларына ескерткенін айтады. Оның сөзінше, сол кезде де мәселені көтергенімен, ветеринариялық қызметтің жұмысында түбегейлі өзгеріс болмаған. Тұрғын ауылдағы ветеринариялық қызметтің жұмысына қатысты мәселе шаш-етектен дейді. Осы жылдың көктемінде ірі қара малдың белгісіз індетпен ауырғанын айтқан. Сол уақытта ауылда бес ветеринар маман болғанымен, үшеуі ғана жұмыс істегені туралы ақпарат тараған. Нұрзина Қабиева ветеринар мамандардың жұмысқа себепсіз келмеуіне, міндетін толық орындамауына және еңбек өтілін рәсімдеуге қатысты күмәнді деректерге тексеріс жүргізілуін талап етіп отыр.

Қабыршақты ауылы
Фото: Н.Қабиева/Қабыршақты ауылы

Бұған дейін Н.Қабиева өлекселердің далада жатқанына алаңдап, дабыл қаққан. Ол өлекселерді тастап кеткен мал иелерін анықтап, арнайы орындарға апарып жоюды талап етеді. 2026 жылғы 18 мамырдан бастап ауылдағы ірі қара белгісіз ауруға шалдыққан кезде аудандық ветеринария мамандары келіп, тұрғындармен кездесу өткізген. Сол жиында ауыл әкімі мал қоралары мен аумақтың таза екенін айтқан көрінеді. Алайда Нұрзина Қабиева бұл пікірмен келіспей, мамандарды жиналыстан кейін мал жайылатын аумаққа барып көруге шақырған. Оның айтуынша, ветеринар мамандар сол жерде өлекселер мен тазалыққа қатысты мәселелерді өз көздерімен көрген.

Ауыл тұрғыны Қабыршақтыдағы ветеринариялық пункттің қазіргі жағдайына да алаңдаушылық білдірді. Айтуынша, ауыл әкімдігіне қарасты мемлекеттік ғимаратты жеке тұлға пайдаланып отыр.

"Бұл ғимараттың ветеринариялық пункт болғанын ауылдың бәрі біледі. Бірақ қазір ветеринар мамандары да, құрал-жабдықтары да ол жерде жоқ. Неге шығарылғанын сұрадық, бірақ нақты жауап ала алмадық. Бір жылдан астам уақыттан бері ғимаратты мемлекетке қайтару мәселесін көтеріп келеміз. Түрлі мекемеге өтініш жаздық, бірақ әзірге мардымды жауап ала алмадық", – дейді тұрғын.

Ветклиника
Фото: скриншот/Ветклиника

Оның айтуынша, ауылдағы ветеринариялық пункт болған ғимарат аукцион арқылы сатуға қойылған. Аукционға қатысты жарияланған құжаттарда мемлекеттік нысанның ішіндегі үй жиһаздарының суреттері көрсетілген. Бұл жағдай тұрғынның күмәнін күшейткен. Осыдан соң Нұрзина ғимараттың меншік иесі кім екенін, жеке тұлғаның оны қандай негізде пайдаланғанын және осы уақыт ішінде мемлекетке аударылған салық төлемдерін тексеруді сұрайды. Сонымен қатар Нұрзина Қабиева ғимараттың ауласында монша мен қора салынған болуы мүмкін екенін айтып, жер теліміне қатысты бастапқы құжаттарды, жер актісін және құрылысқа берілген рұқсаттарды тексеру қажет деп санайды.

Ветклиника
Фото: скриншот/Аукцион

Ал бұл мәселеге қатысты бұған дейінгі жауабында ауыл әкімі Халық Аймағамбетов былай деген:

"Бұл үй 2006 жылы ветеринарлық пункт болып ашылған. Одан кейін ветеринар мамандар әкімдікте және басқа да ғимараттарда отырған. Қазір жабық тұрған ол нысан әкімдіктің теңгерімінде. Онда не газ жоқ, не жарық, не су жоқ. Тек шарбақпен қоршалған үй бар. Бұрынғы ветеринарлық пункт болған үйдің қасында Гүлбану Гаухарова тұрады. Қазір ол кісі сол ғимаратты сақтап, бұзбай қарап отыр. Оған ресми түрде берілген жоқ. Әкімдіктің теңгерімінен алып тастау үшін аукционға шығарамыз. Егер біреу сатып алса, Гүлбану апай сол бойда ғимаратты тапсырады. Сатып алған азамат оны бұза ма, сата ма, өзі біледі".

аудандық ветеринариялық инспекция
Фото: скриншот/Аудандық ветеринариялық инспекцияның жауабы

Нұрзина Қабиеваның аудандық ветеринариялық инспекцияға жолдаған арызына берілген жауапта: "Қабыршақты ауылында ветпункт жоқ" делінген. Ал ауыл әкімінің ресми түсіндірмелерінде бұл нысанның әкімдік теңгерімінде екені, бірақ жарамсыз күйде тұрғаны айтылады.

"Аудандық ветеринариялық инспекцияның берген жауабы шындыққа сай келеді. Әкім неге бізге: "Ветпункт жарамсыз, ветпункттің қоршауы сынып, ештеңесі тоналмаған" деп айтып отыр? Тоналған, бұрынғы нысанның өзі жоқ. Оның алдында монша болған. Сол нысанның бәрін заңсыз пайдаланып отырған тұлға бұзып алып, орнына қайтадан жаңа монша салып жатыр. Әкім мұны неге жасырды? Біз ештеңе түсінбей отырмыз", – дейді Қабиева.

Нұрзина Қабиева мемлекет меншігіндегі мүліктің бұлайша қараусыз қалуына және заңсыз әрекеттерге көз жұма қарауға болмайды деп есептейді. Ол бұған дейін де ауылдағы мәселелерді көтерген. Айтуынша, ауыл маңындағы өлекселер мен қоқыс мәселесі қоғам назарына іліккеннен кейін ғана тазартылған. Алайда ауылдағы тазалыққа қатысты сын айтқаны үшін өзіне реніш білдіретіндер де бар көрінеді.

"Қабыршақтының лас екенін жасырмаймын. Бұған тұрғындардың да кінәсі бар. Бірақ ауылды басқарып отырған әкімнің де жауапкершілігі болуы керек. Өлекселер мал суаратын жердің маңында жатса, оны жинауды талап етуге болмай ма? Қымбатшылық қысып, ауыл халқы малымен күн көріп отырған аядай ауылдың қазіргі жағдайы осындай… Мемлекет ветеринария саласын дамытуға қаржы бөліп жатқанда, жергілікті жерде жұмыс дұрыс ұйымдастырылмаса, одан қандай пайда? Танысы бар адамдар жауапкершіліктен тыс қалмауы керек", – дейді Нұрзина Қабиева.

Біз Қабыршақтыдағы жағдайды білмек болып ауыл әкімі Халық Аймағамбетовке хабарласып көрдік. Алайда ешқандай жауап ала алмадық. Сол себепті "Жас Алаш" редакциясы мәселенің мән-жайын білу үшін әкімдікке ресми сауал жолдайды.

Маржан Сәбет

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз