Сараптама

Астанада балалар тегін секциялар мен үйірмелерге қатыса алмай жүр

Астанада балалар тегін секциялар мен үйірмелерге қатыса алмай жүр

1

Балаларды спорт секциялары мен қосымша білім беру үйірмелеріне тегін қатыстыру тетігінің жүзеге асырылып келе жатқанына да біраз жыл болды. Алайда былтырдан бері үйірмелердің айналасында "көлденең көк аттылар" көбейіп кеткендіктен елордада балаларды спорт секциялары мен қосымша білім беру үйірмелеріне тегін қатыстыру жүйесі жаңа форматқа көшті.

Осылайша бірнеше мекеме мен бағытқа бөлініп келген кезектерді біріздендіру мақсатында бірыңғай цифрлық ваучер жүйесінің пилоттық жобасы іске қосылды. Сөйтіп қазір спорт, шығармашылық және қосымша білім беру бағыттарын бір арнаға тоғыстырған QOSYMSHA.KZ платформасы жұмыс істеп тұр. Ата-аналар баласын тегін үйірмеге орналастыру үшін сайтқа кіріп, тіркеуден өтіп, ваучер кезегіне тұра алады. Әмбебап және нысаналы ваучерді әр адам өз қалауына сәйкес таңдайды. Мұндағы әмбебап ваучер мемлекет қаржыландыратын жекеменшік орталықтар болса, нысаналы ваучер – мемлекеттік спорт, өнер мектептері мен Оқушылар сарайларындағы үйірмелер. Әдеттегідей, сырткөзге бәрі жөнді, мұнда да жүйенің жұмыс істеуі қағаз жүзінде қатып тұр. Ашық платформа, автоматты итерациялық кезек, әлеуметтік әділдік және жылда өсіп жатқан миллиардтаған бюджет. Алайда іс жүзінде цифрлық платформаға тіркелу мен өтінім беру баланың бүгін-ертең тегін үйірмеге бірден қабылданатынын білдірмейді. Себебі тұрғындар өтінімі сәтті өтсе, ваучер алу үшін кезектің жылжуын айлап, тіпті жылдар бойы тосуға мәжбүр.

Ресми есептерге көз жүгіртсек, Астанада бұл салаға құйылып жатқан қаржы көлемі жыл сайын өседі. Мысалы, 2024 жылы Астана қаласының жергілікті бюджетінен бұл бағытқа шамамен 10-11 млрд теңге төңірегінде қаражат қарастырылып, 40 мыңнан астам баланы қамту көзделген болатын. Ал былтыр елорда әкімдігі мен жауапты басқармалар бұл мақсатқа бөлінетін соманы 12 млрд теңгеге дейін ұлғайтты. Соның ішінде тек спорт секцияларын ваучерлік қаржыландыруға 6,02 млрд теңгеден астам қаржы бөлінсе, қалған бөлігі шығармашылық үйірмелер мен қосымша білім беру ваучерлеріне бағытталып, жалпы ваучерлер саны 45-50 мың шамасына жеткізілген. Бұл қаржыландыру динамикасы биыл да өз жалғасын тауып, елорда бюджетінен шамамен 13,5-14 млрд теңге бөлініпті. Соның ішінде спорт секцияларына 6,8 млрд теңгеден астам, шығармашылық бағытқа 7 млрд теңгеге жуық қаржы қарастырылған. Осы қаражатқа жоспармен 50 мыңнан астам баланы тегін ваучерлік орындармен қамту көзделген.

Бірақ қаржының бөлінуінде кілтипан бар. Айталық, жылда қаржы көлемі өскенімен, бөлінген лимит жылдың алғашқы тоқсандарында-ақ толық игеріліп қояды. Бұған Астанадағы демографиялық өсім мен мектеп жасындағы балалардың күрт көбеюі тікелей әсер етіп отыр. Мәселен, биылғы оқу жылында елорда мектептерінде оқитын балалардың саны рекордтық көрсеткішке жетіпті – 333 742 оқушы. Демек, қаражат өскенімен, бала саны да жылда артып келеді. Ал мұның сыртында бұған дейін қосымша, үйірмелерге қатыса алмай, кезегін күтіп жүргендерді қосыңыз. Өйткені бөлінген миллиардтар жаңадан кезекке тұрған балаларға емес, бұрыннан қатысып жүргендердің төлемін жабуға жұмсалады. Салдарынан жаңа орындар ашылмай, платформадағы электронды кезек ұзақ уақыт бойы қозғалыссыз тұрып қалады. Мұның өзі 2026 жылғы 50 мыңнан астам ваучерлік лимит елордадағы 333 мыңнан астам мектеп жасындағы балалардың шамамен 15-20%-ын ғана қамтитынын көрсетеді. Яғни бөлінген қаржы мен нақты сұраныс арасындағы алшақтық мемлекеттік бағдарламаның нақты тиімділігіне үлкен күмән тудырады.

Астаналық 333 742 баланың 7 мыңнан астамы спорттың 51 түрімен тегін айналысады. Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Василий ЛЕВИТ осылай дейді. Бүгінде Астанада 10 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді. 2 жалпы ДЮСШ, 2 мамандандырылған спорт мектебі және 6 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі бар. "Балаларды спорт секцияларына қабылдау және іріктеу жұмыстары тамыз, қыркүйек айларында өткізіледі. Ата-аналар баласын спорт секциясына беру үшін спорт мектептеріне тікелей хабарласып, бос орындардың бар-жоғын нақтылай алады. Қабылдау кезінде баланың жасы, дене дайындығы, жеке қабілеті және таңдаған спорт түрінің ерекшеліктері ескеріледі", – дейді В.Левит.

Ал әкімдіктің білімге жауаптылары бүй дейді. Қазір қалада 603 жекеменшік ұйым балаларға арналған қосымша білім беру бағдарламаларын іске асырып, тегін секциялар мен үйірмелер ұсынады. Биыл әмбебап ваучермен 40 858 бала қамтамасыз етіліп отыр. Ресми алгоритмге сәйкес, Qosymsha.kz ақпараттық жүйесінде баланы кезекке қою үшін ата-аналар ed24.kz мобильді қосымшасы арқылы тіркеліп, 5 қадамдық өтінім беру процесінен өтеді. Мұның бәрін ата-аналар қағаз жүзінде жақсы біледі. Қосымшалар арқылы кезекке тұруды да меңгергелі қашан. Тек ата-аналар осы кезекті қанша жыл күтерін білмей дал. Айталық, Алматы ауданында орналасқан әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында санаулы ғана үйірмеге тегін қабылдау жүріп жатыр, соның өзінде сурет, қолөнер секілді бағыттар ғана. Ал спорттық секциялар лық толы. Ата-аналар тамыздың аяғы мен қыркүйектің басында барып тегін секцияға қол жеткізе алмағандарын айтады. Өйткені жүзу мен футболға бұрыннан баратын балалар ары қарай жалғастырады да, жаңадан қатысқысы келетіндерге орын жоқ. Сондықтан секциялар жаңа балаларды тек ақылы негізде ғана қабылдайды, тіпті кейбірінде ақылы түрде де бос орын жоқ. Оқушылар сарайы биыл 13 мың баланы қосымшамен қамтып отырса, соның тек 8 мыңы ғана бюджеттік қаржыландырумен барады екен.

Демек, бұл мектептерге бөлінген шектеулі орынды да үлгергені алады. Ал қалаға жаңадан көшіп келген балаға бос орынды біраз күтуге тура келеді. Басқарма басшысы "Астана – салауатты ұрпақ пен чемпиондар қаласы" деп қанша жерден мақтанғанымен, сол болашақ чемпиондардың басым бөлігінің спорт секцияларына қатысу мүмкіндігі жоқ.

Елорда тұрғыны Асыл ЖАРЫЛҒАПОВАНЫҢ үлкені 14-ке толып, кішісі 8-ден асса да, осы уақытқа дейін тегін үйірмелерге мүлдем қатысып көрмеген. "Себебі, орын жоқ, үнемі кезекте тұрамыз, бірақ кезек жетпей, оқу жылы аяқталады", – дейді ол. Балалары волейбол, футбол, мәнерлеп сырғанау, гимнастика мен жүзуге барғысы келгенімен, Оқушылар сарайы мен порталда бұл бағыттарда бос орын табу мүмкін емес. Оқушылар сарайы оқушы толы екенін, жаңа ваучер тек біреуі көшіп немесе спорттан бас тартқанда ғана берілетінін айтқан. Соның салдарынан әмбебап ваучерге тіркелген екі баласының кезегі үш ай бұрын 10 985 болып тұрса, қазір бар болғаны 9 622-ге жылжыған.

Елордалық ИНДИРА – жалғызбасты ана. Оның айтуынша, ваучер кезегіне барлық баласын тіркеуге болады деп түсіндіргенімен, тегін қызметті тек бір бала алады деген қайшылықты ақпарат берілген. Сорақысы, eGov платформасында мүлдем балабақшаға бармаған балалары "тегін қызмет алды" деп көрсетіпті. Оқу жасындағы балаларын қыркүйек айында үйірмелерге тіркегенімен, оларға ешқандай SMS-хабарлама түспеген, кезектің қай деңгейде тұрғаны да беймәлім. "Ваучерлердің кімдерге бөлінетіні ата-аналар үшін мүлдем жұмбақ. Мысалы, жалғызбасты ана ретінде тек жәрдемақыға күнелтіп отырған менің балаларым тегін қосымшаға бара алмай отыр. Басқа балалардан қалып қоймасын деп ақшамнан үнемдеп, екі баламды ақылы үйірмеге әрең беріп отырмын", – дейді ол.

Қала тұрғыны Нұрбол ҚАНАҒАТ та тамыз айында екі баласын күрес түрлері мен би үйірмелеріне қатыстыру үшін портал арқылы өтініш берген. Арада үш ай өтсе де, әлі күнге дейін кезекке де қойылмаған.

Ата-аналардың басым бөлігі цифрлық жүйенің ыңғайлылығын теріске шығармайды. Бар мәселе, мемлекеттік қаржының жеткіліксіздігі мен орын санының шектеулі екенінде. Салдарынан қазір мыңдаған бала айлап, тіпті жылдап өз кезегін тосуға мәжбүр. Әсіресе халық тығыз орналасқан жаңа шағын аудандарда спорт және шығармашылық секцияларына сұраныс көп.

Тағы бір өзекті мәселе – әлеуметтік санаттағы балалар мен жалпы кезектің арасындағы теңгерімсіздік. Әмбебап ваучерді бөлу кезінде әлеуметтік осал топтағы отбасыларға заңды түрде басымдық берілген. Халық саны көп Астана сияқты ірі мегаполисте бұл санатқа жататын балалар аз емес.

Қазір бұл бағдарламаның аты бар да, заты жоқ. Салдарынан "салауатты ұрпақ пен чемпиондар қаласы" деген асқақ ұрандар әзірге цифрлық кептелісте сарғайып кезегін күткен мыңдаған баланың сөнген үмітінің көлеңкесінде қалып тұр.

Жадыра МҮСІЛІМ

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Тегтер: секция
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз