Сараптама

Интернетті бақылау қауіпсіздік пе, жеке өмірге қол сұғу ма?

Интернетті бақылау қауіпсіздік пе, жеке өмірге қол сұғу ма?

1

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің интернетті орталықтан басқаруға қатысты жаңа тәртібі жұрт көңілін екіұдай күйге түсірді. Кей тұрғын бұл қадамды "киберқауіпсіздік үшін қажет" деп санаса, екінші топ "ақпарат еркіндігі мен жеке өмір құпиясына кері әсер етеді" деп қауіптенеді. 

ҰҚК төрағасы Ермек Сағымбаев қол қойған "ҚР Телекоммуникация желілерін орталықтандырылған басқару жүйесінің жұмыс істеу қағидаларын бекіту туралы" бұйрыққа өзгеріс енгізу жөніндегі құжат 4 қарашада жарияланды, ол 15 қарашада күшіне енеді. Демек, сол күннен бастап Қазақстанда интернетті орталықтан басқарудың жаңа тәртібі күшіне енеді.

Бір сөзбен айтқанда, енді елде интернетті бақылау күшейеді. Әрине, бұған дейін ақпарат айдыны ашық-шашық жатты дей алмаймыз. Бақылау бұрыннан бар болатын. Енді оның аясы тіптен кеңейіп, жеке азаматтарға дейін әсер етуі мүмкін. Бұған дейін орталықтан басқару жүйесі қалааралық және халықаралық байланыс операторларды ғана назарда ұстаса, енді бұл қатарға ұялы байланыс операторлары, хостинг-провайдерлер және ірі интернет платформалардың кэш-серверлері тұрған операторлар қосылмақ.

Осылайша, мемлекет интернет желілерін бір орталықтан басқаруға мүмкіндік алады. Билік бұл өзгеріс киберқауіпсіздік пен телекоммуникация желілерін басқару тәртібін жетілдіру үшін қажет екенін алға тартады. Бірақ қарапайым азаматтар мен құқыққорғаушылар "жаңа ереже ақпаратқа қол жеткізу еркіндігіне, сөз бостандығына кері әсер етіп, азаматтардың жеке дерегі бақылауға алынбай ма" деп қауіптенеді. Өйткені енді интернет трафик толық арнайы орган сүзгісінен өтіп, билік азматтардың интернетте не істегеніне, қандай сайтқа кіргеніне, қандай ақпарат іздегеніне шұқшиып отыруы мүмкін.

1
Фото JasAlash / ЖИ/1

Бақылау қалай жүзеге асады?

Жаңа тәртіп бойынша, ұялы байланыс операторының абоненттері тұтынған интернет-трафик орталықтан басқару жүйесінің торабы арқылы өтеді (Интернет-трафик – белгілі уақыт аралығында интернет арқылы жіберілетін және қабылданатын ақпараттың ағыны). Хостинг-провайдерлерде орналасқан интернет ресурстары да осы жүйе арқылы қамтамасыз етіледі.

Түсінікті тілмен айтқанда, интернеттен ақпарат іздеген жан мен оған жетуі тиіс трафик арасында "делдал" ретінде мемлекеттік органдар тұрады. Яғни барлық сайттағы трафик алдымен ҰҚК-ға жіберіліп, содан кейін ғана іздеген адамға жетуі мүмкін. Бірақ билік азаматтардың мессенджердегі хаттарын оқымайды, кімнің қандай сайтқа кіріп, қандай ақпарат іздейтіні басты назарда болады.

Қазақстанда интернетті басқару жүйесі бұрыннан бар. Телекоммуникация желілерін орталықтан басқару туралы бұйрық бұрынырақта, 2018 жылы 27 наурызда шыққан. Сол кездегі ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімов (Қаңтар бүлігінен кейін мемлекетке опасыздық жасады деген айыппен 18 жылға сотталды) қол қойған құжат "Әділет" ҰЦҚЖ сайтында әлі тұр. Ал Сағымбаев қол қойған қаулы бойынша осы бұйрыққа өзгеріс енеді.

Шынын айтқанда, Қазақстан тәуелсіздік алғалы ақпараттық кеңістікті бақылауда ұстауға күш салып келеді. Ертеректе ұялы байланыс пен интернет трафигін жасырын тыңдау үшін посткеңестік елдерде кең тараған, Ресейде жасалған СОРМ (Система оперативно-розыскных мероприятий) жүйесін пайдаланған. Сондай-ақ билік елде бірнеше мың веб-контентті "заңсыз" деп танып, жапқан, оның басым бөлігі сот шешімінсіз-ақ әкімшілік өкіммен бұғатталған еді.

Интернет трафикті толық бақылауда ұстау мақсатында Қазақстан билігі 2019 жылы әрбір пайдаланушының құрылғысына арнайы қауіпсіздік сертификатын орнатуды ұсынған. Бұл қадам жүзеге асса, билік барлық шифрланған веб-трафикті оқи алатын еді, яғни азаматтардың банк есебін, жеке хат-хабар сияқты қорғалған ақпараттарын қарап, сүзгіден өткізуге мүмкіндік алар еді. Бірақ бұл ұсынысқа белсенділер жаппай қарсы шықты, халықаралық технологиялық компаниялар (Google, Mozilla, Apple) сынына ұшыраған соң, тоқтап қалған.

Кез келген мемлекеттің заңында азаматтардың жеке өміріне қол сұғылмайтыны, хат-хабар құпиясы мен пікір білдіру еркіндігі сақталатыны жазылған. Қазақстан Конституциясында да азаматтардың телефон арқылы сөйлесулеріне, жазысқан хаттарына және өзге де коммуникацияларына мемлекеттік органдардың араласуына тыйым салынған (тиісті сот санкциясы болмаған жағдайда). Бірақ мемлекет интернетті толық бақылауға алса, азаматтардың конституциялық құқықтарының сақталатынына күмән туары анық.

Өркен Мамырбаев
Фото ашық дереккөз/Өркен Мамырбаев

IT маманы, ақпараттық және есептеу технологиялары институты директорының орынбасары Өркен МАМЫРБАЕВ интернетті бақылау жүйесі қажет деп санайды.

"Қазір киберқауіпсіздік деген үлкен мәселе болып тұр. Әлеуметтік желіде әртүрлі ақпарат тарайды, тіпті желіде тауар сатып, сауда жасайтындар да аз емес. Мысалы, машина сататын бағдарламалық қосымшаларда көлік суретінің орнына есірткі сату жөнінде хабарландыру орналастырып сататындар бар. Осындай мәселелердің алдын алу үшін желіні сүзгіден өткізіп отыру керек деп есептеймін. Бұдан бөлек те ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіретін мәселелер бар, соның бәрінің алдын алу үшін желіні қадағалап отыру қажет болады.

Сондай-ақ жалған ақпарат тарату, ұлтаралық алауыздық тудыру сияқты проблемалар бар. Интернет желісі арқылы әртүрлі вирустар жіберіп жатады. Сол вирустар арқылы азаматтардың мобильді қосымшасына немесе қол телефонына, компьютеріне кіріп, керекті ақпаратты ұрлайды немесе ақшасын жымқырады. Осылардың алдын алу үшін әлеуметтік желіні, интернет желісін сүзгіден өткізіп отыруға тура келеді.

Билік кез келген азаматтың қандай сайтқа кіріп, не іздегенін қарап отырады деп ойламаймын. Күнде әртүрлі ақпарат өтіп жатады, соның ішінен қауіпті ақпаратты ғана іздеп табатын алгоритмдер бар. Мысалы, азаматтар желіден түрлі қарапайым ақпарат іздейді, жүйе оның бәрін толық сүзгіден өткізбейді. Интеллектуалдық алгоритм қауіпті файлдарды ғана іздейді. Ол бәрін ақтарып қарап отырмайды, ол күмәнді із бар жерді ғана тексереді", – дейді сарапшы.

1
Фото ашық дереккөз/1

Жаңа ереже қандай қауіпке жол ашады?

Интернетті орталықтан басқару жүйесінің жұмысын ҰҚК-ға қарайтын "Мемлекеттік техникалық қызмет" мекемесі жүргізеді. Интернет-трафикті сүзгіден өткізетін жабдық болады. Орталықтан басқару жүйесіне жаңадан қосылғалы отырған ұялы байланыс операторлары, хостинг-провайдерлер желісін жаңартып, жабдық сатып алу үшін қосымша шығынға ұшырайтыны анық. Ал біздің елде қызмет көрсетуші компаниялар мұндай шығынды халықтың қалтасынан алатынын білеміз. Демек, алдағы уақытта ұялы байланыс пен интернет тарифінің ақысы өсіп жатса, таңғалмаңыз. Мұны бір деңіз.

Екіншіден, ел азаматтарына тиесілі барлық ақпарат бір орталықтың сүзгісінен өткенде байланыс сапасы сыр беріп, интернет жылдамдығы төмендеуі әбден мүмкін. Қазақстанда интернет жылдамдығы онсыз да мәз емес екенін бәріміз білеміз. Енді мың-сан ақпарат бір терезеден өтеді, мұның нәтижесі неге апарып соғары белгісіз.

Үшінші әрі ең маңыздысы, мемлекет интернет желілерін бір орталықтан басқарып отырғандықтан, интернет ресурстарын кез келген сәтте бұғаттауға мүмкіндік алуы мүмкін. Мысалы, біздің елде түрлі жағдайға байланысты интернетті өшіріп тастау, сайтты бұғаттау сияқты әрекеттер кездесіп тұрады. Халықаралық Internet Society ұйымының дерегінше, 2022 жылғы Қаңтар бүлігі кезінде 5 күн интернет өшірілді. Соған бола мемлекет 32 млн доллар шығынға батты деген де дерек бар.

Сондай-ақ халықаралық ұйымдардың зерттеуіне сүйенсек, Қазақстанда 2024 жылға дейін кемінде 17 ақпараттық сайт пен интернеттегі шектеулерді айналып өтуге арналған 73 құрал бұғатталған. Freedom House-тың 2025 жылғы интернет еркіндігі индексінде Қазақстан 100 баллдың 37-сін ғана жинаған. Яғни Қазақстан – әлемдегі интернет еркіндігін шектеулі елдердің бірі.

Төртіншіден, жоғарыда жазғанымыздай, азаматтардың жеке құпиясы мен деректері арнайы органдардың уысына түсуі мүмкін. Әрине, жаңа ережеде әлеуметтік желілерді бұғаттау, азаматтардың жеке хат-хабарын оқу немесе интернетті толық өшіру туралы ештеңе жазылмаған. Бірақ бұл жауапты қызметкерлердің тек заң аясында жұмыс істеп, азаматтардың мүддесіне қарсы әрекет етпейтініне кепілдік бермейді.

Айтпақшы, Қытай, Иран, Ресейде интернетті бақылайтын технология жұмыс істейді. Қытайда "Ұлы қорған" (Great Firewall) технологиясының Geedge Networks деп аталатын коммерциялық нұсқасы кең таралған. Шетелдік зерттеушілердің сөзіне сенсек, Geedge Networks ұсынған жүйе аңдуға арналған. Ол "кез келген адамды кез келген уақытта интернетте не істеп отырғанын" бақылап, қажет деп тапса шектеу қоя алады. Тіпті VPN сияқты құралдарды анықтаса, оларды бұғаттап тастай алады. Сондай-ақ жүйе белгілі бір "күдік тудыратын" жеке адамдарға бағытталған жеке бақылау ережелерін енгізуге мүмкіндік береді.

Кей дерек бойынша, Қытай билігі іздеу жүйесіне "аса қауіпті сөздер" тізімін енгізіп қойған. Мысалы, "Ислам діні", "терроризм" деген сияқты сөздерді іздеу жүйесіне терген заматта орталық бақылау органдарына белгі беріледі. Сөйтіп, мұндай ақпарат іздеген адам бірден жауапкершілікке тартылады. Қытайда қарапайым азаматтар шетелдік сайттарға, әлеуметтік желілерге мүлде кіре алмайды.

Ал Ресейде 2019 жылы "егемен интернет" туралы заң қабылданды. Мәскеу бұл шешімді сыртқы қауіп-қатер аясында елдегі интернеттің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін қажет екенін айтқан. Заң бойынша байланыс операторлары арнайы техникалық жабдық орнатып, интернет трафигі туралы мәліметті мемлекеттік органдарға беруге міндетті (бұл бізде енгізілгелі жатқан жаңа ережені еске салады). Ресейде қазір әлеуметтік желілер бұғатталған, азаматтар оны пайдалану үшін VPN пайдалануға мәжбүр. Ресей интернет еркіндігі индексінде 100 ұпайдың 17-сін ғана жинаған.

Ресей мен Қытайдағы жағдай интернет желілерін бір орталыққа шоғырландырып, мемлекеттің бақылауына беру үлкен цензураға жол ашатынын көрсетті. Интернет-трафикті бақылауға алу мемлекеттік қауіпсіздік тұрғысынан пайдалы көрінгенімен, азаматтардың жеке өміріне қол сұғылуы әбден мүмкін. Телекоммуникация желілерін орталықтан басқару жөніндегі жаңа ережеге қарасақ, Астана Мәскеу мен Бейжіңге қарап бой түзеуге бел буғандай көрінеді.

Әрине, АҚШ және Еуропа елдерінде де мемлекет интернетті бақылайды. Бұл елдерде интернетті заңсыз ақпараттың таралуына тосқауыл қою, ұлттық қауіпсіздік және алаяқтықпен күресуге арналған ережелер кездеседі. Бірақ олардың жұмысында ашықтық бар. Билік не істеп жатқаны жөнінде халыққа есеп береді. Сондай-ақ азаматтар мемлекеттің кез келген шешімін талқыға салып, өз ұстанымын жеткізе алады. Ал бізде мұндай мүмкіндік бар ма?

Қуаныш ҚАППАС

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз