Сараптама

Жолаушылар жолақысын төлеуден неге жалтарады?

Жолаушылар жолақысын төлеуден неге жалтарады?

Ё

Қазір қоғамдық көлікте жолақысын төлемейтіндер көбейгені туралы жиі айтылып жатыр. Тіпті оны өзіне міндет санамайтындар да жеткілікті көрінеді. Ең сорақысы, жолаушылардың жартысынан көбі тексерушінің төбесі көрінгенде ғана жанталасып төлем жасайды.

Ресми деректерге көз жүгіртсек, бұл мәселенің жай ғана жекелеген тәртіпсіздік емес, қоғамдық көлік жүйесіне салмақ түсіріп отырғанын аңғарамыз. Алматыда күн сайын қоғамдық көлікті шамамен 1,5 млн адам пайдаланады. Қала көшелеріне 3 200 автобус жүретіні әкімдіктің мәліметінде көрсетілген. Тасымалдаушы компаниялардың түсіндіруінше, жолаушылардан түскен қаражат жүргізушілер мен өзге де қызметкерлердің еңбекақысын төлеуге, автобустарды жөндеуге жұмсалады екен.

"Жас Алаш" тілшісі де қоғамдық көлікке мінген жолаушыларды бақылап, арнайы зерттеу жүргізіп көрді. Бақылау кезінде автобусқа мінген оншақты адамның тек екеуі ғана жолақысын төледі. Қалғандары жайбарақат автобусқа мініп, бос орындарға жайғасып алды. Ақы төлемегендердің дені – жастар. Келесі аялдамада да дәл сол көрініс қайталанды. Жолақысын төлеу ешкімнің қаперіне кіріп-шықпайды. Солай болуы керек сияқты жолаушылар діттеген жеріне жеткен соң, түсіп қалып жатты. Сағат тілі 16.00-17.00 аралығындағы жағдай осындай. Ал адам нөпірі көп кезде автобусқа қысылып кірген жолаушылардың тең жартысының төлемейтіні айтпаса да түсінікті. Мысалы, адам ең көп жүретін "Бауыржан Момышұлы" метро-бекетінен "Алтын-Орда" базарына дейін қатынайтын № 61 автобусқа жолаушылар тығындалып, әрең кіреді. Тіпті тұрғындардың жартысы қоғамдық көлікке сыймай, сыртта қалып қалады. Ал автобус ішінде инешаншар орын болмағанымен, жолақысын төлегендердің саны тым аз.

Алматы қаласы бойынша қалалық қатынастар тарифтері жөніндегі комиссияның ресми хаттамасындағы дерек назарымызды аударды. Құжатта Алматы қаласы мен қала маңындағы қоғамдық көлікте жүргізілген мониторинг нәтижесінде билетсіз жолаушылардың үлесі 35 пайыз болғаны жазылған. Бұл – әр жүз жолаушының 35-і жолақы төлемеген деген сөз. Бұдан бөлек, Алматы әкімдігі 2026 жылғы 5 қарашада қоғамдық көліктің жүруіне қатысты түсініктеме бергенде, жолаушылардың 40 пайыздан астамы жолақы төлемейтінін мәлімдеді. Ведомствоның айтуынша, таңғы уақытта автобустар жолаушыларға лық толса, күндіз олардың көбі жартылай бос жүреді. Осыған байланысты қалада қоғамдық көліктің жүру кестесі қайта қаралған. Күндіз жолаушылар легі азайған кезде желідегі автобустар саны қысқартылады. 

"Тасымалдаушылардың мәліметінше, қарбалас уақытта жолаушылардың 40 пайыздан астамы жолақысын төлемейді. Бұл жолаушылардың санын нақты есептеуге және рейстерді жоспарлауға кедергі келтіреді. Қазір Алматыда күн сайын 3 238 қоғамдық көлік желіге шығады. Біздің басты мақсатымыз – автобустарды жолаушыға ең қажет уақытта жеткілікті мөлшерде қамтамасыз ету", – деп түсіндірді басқарма өкілдері.

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің дерегінше, соңғы бір жылда қоғамдық көлікте жолақы төлемей жүру деректері 76 пайызға артқан. Жыл басында 15,7 мың құқықбұзушылық тіркелген. Бірінші кредиттік бюроның мәліметінше, 2023 жылдан бері төрт айдың қорытындысында мұншалық көп жағдай алғаш рет тіркеліп отыр. Ал қолда бар деректер 2015 жылдан басталады. Сол жылы Қазақстанның қолданыстағы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексі күшіне енген. Статистикаға қарағанда, бұған дейін жолақы төлемей жүру деректері кей жылдары толық 12 айдың өзінде бірнеше мыңнан аспаған. Қоғамдық көлікте жолақы төлемей жүру деректерінің алғаш күрт өсуі 2018 жылы байқалған. Бұл кезең электронды билет жүйесі Қазақстанда енгізіле бастаған уақытпен тұспа-тұс келеді. Содан бері тіркелген құқықбұзушылықтар саны жыл сайын артып отырған. Бірінші кредиттік бюроның хабарлауынша, 2025 жылдың қорытындысында жолақы төлемей жүрудің 37,8 мың дерегі тіркелген. Бұл 2018 жылғы көрсеткіштен 3,6 есе көп.

Алматы әкімдігі қоғамдық көлікте жолақы төлемейтін жолаушыларды анықтау үшін 556 млн теңгеден астам қаржы жұмсамақ. Мемлекеттік сатып алу порталындағы мәліметке сәйкес, бұл қаражатқа 200-ге жуық бақылаушы жалдау жоспарланған. Соңғы деректерге сүйенсек, бүгінде қала бағыттары бойынша  күн сайын 70-ке жуық бақылаушы шығады. Бақылаушылар 208 бағытта қатынайтын 3,5 мыңнан астам қоғамдық көліктегі төлем тәртібін қадағалайды.

 "АлматыЭлектротранс" компаниясының бақылаушылары жолақысын төлемейтін жолаушыларды күн сайын анықтайтынын айтады. Компанияда жолақы төлемін бақылаумен арнайы бөлімше айналысады. Мамандар автобустардың ішінде тексеру жүргізіп қана қоймай, жолаушылар санын есептейтін автоматтандырылған жүйелер мен талдау құралдарын да пайдаланады. Бақылаушылар саны маршрут желісінің ұзындығы мен жолаушылар санына қарай белгіленеді. 

"Мысалы, автобус 100 жолаушыға шақталған делік. Алайда оның ішінде іс жүзінде 120 адам келе жатса да, жолақыны тек 80-і төлесе, ресми есепте қосымша рейс енгізуге немесе желіге тағы автобус шығаруға негіз болмайды. Жүйе автобустың толық толмағанын көрсетеді, ал жолаушылар лық толы салонда жүруге мәжбүр. Демек, жолақысын төлемей жүру автобустардың шамадан тыс толуына, қозғалыс аралығының ұзаруына және соның салдарынан көлік қызметі сапасының төмендеуіне тікелей әсер етеді", – деп хабарлады "АлматыЭлектротранс" ЖШС.

Олардың жұмысы тек төлемді тексерумен шектелмейді, кейде жолаушылардың қарсылығына, тіпті күш көрсетуіне де тап болады екен. Жолақысын төлемегені үшін айыппұл арқалаған жолаушылар жиі ашуға бой алдырып, дөрекілік танытады. Ал мұндай жағдайда тексерушілер полиция шақыруға мәжбүр болады. 

"Жолақы төлемегені үшін айыппұл іс жүзінде салынып жүр. Бақылаушылар заңбұзушылықты тіркеп, кінәлі адамды әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін материалдарды тиісті органдарға жолдауға құқылы. Мұндай жағдайлар үнемі кездеседі. Жолақы төленбегені анықталса, бақылаушы полиция шақырып, әкімшілік хаттама толтырылады. Айыппұл заңда белгіленген мерзімде банк немесе электронды төлем жүйелері арқылы төленуге тиіс. Егер азамат төлеуден жалтарса, мәжбүрлеп өндіріп алу үшін ақпарат уәкілетті органдарға жіберіледі", – деп түсіндірді компания.

Алматының қоғамдық көлігінде 2015 жылдан бері жолақы төлемегендерге Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 622-бабының 2-бөлігіне сәйкес, қоғамдық көлікте жол жүргені үшін ақы төлеуден жалтарған азаматқа екі айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. 2026 жылы бұл – 8 650 теңге. Ал жолаушыларды билетсіз тасымалдаған жүргізушілерге 21 625 теңге (5 АЕК) айыппұл салынады.

Жеңілдіктер мен жаңашылдықтарға қарамастан, кейбір жолаушылар жолақысын әдейі төлемейді. Олар жолақы төлемеуді болмашыға балайды. "Бір аялдама ғана жүремін", "картамда ақша жоқ", "кейін төлеймін" деген сылтауларды айтып шыға келеді. Бірақ осындай ұсақ-түйек әрекеттердің өзі үлкен шығынға айналады. Мәселен, автобусқа 100 адам мінсе, оның тек 30-ы ғана жолақысын төлеп отырады делік. Ал төлем жүйесі жолақысын төлеген жолаушыларды ғана есепке алады. Сонда қалған 70 адам автобусқа мінбеген болып есептеледі. Сәйкесінше, қоғамдық көлік саны да жолаушылардың қарасына қарай белгіленіп, жолға шығады. Ал төленген әр теңге жүргізушілердің еңбекақысына, автобустарды жаңартуға және жаңа бағыттарды ашуға жұмсалады. Сондықтан билетсіз жүру арқылы жолаушылар қоғамдық көліктің дамуына өздері кедергі келтіреді. 

Маржан Сәбет

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз