Сараптама

Үшжақты кездесудің "үш басты" қаупі

Үшжақты кездесудің "үш басты" қаупі

Путин Трамп пен Си Цзиньпин

Қытайдың Шэньчжэнь қаласында Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы (АТЭС) саммиті өтіп жатыр. 18-19 қарашаға жоспарланған жиналыс әлем жұртының назарынан тыс қалмасы анық. Өйткені саммитке саяси салмақ қосатын маңызды бір себеп бар. Шэньчжэньде АҚШ президенті Дональд Трамп, Қытай төрағасы Си Цзиньпин және Ресей президенті Владимир Путин үшжақты кездесу өткізеді.

Яғни қазіргі әлемдік саясаттағы ең басты үш тұлға алғаш рет оңаша жолыққалы отыр. Мұны тіпті Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін АҚШ, Ұлыбритания және Кеңес одағы басшыларының Ялтадағы кездесуімен қатар қойып жатқандар бар. Бірақ бұл кездесудің атағы Алатаудай болғанымен, нәтижесі мардымсыз болуы мүмкін. Сарапшылар Уашингтон, Бейжің және Мәскеудің қазіргі күйін аққу шортан һәм шаянға ұқсатады. Үш алпауыттың ойы бір жерден шыға қоюы екіталай.

Қытай мен Ресей Батыс елдеріне қарсы майданда бір ниет ұстанып отырғаны рас, бірақ өзара бірігіп, қарсыластарына ашық ұрыс ашуға дайын емес. Ал АҚШ пен Қытай арасындағы экономикалық байланыс қаншалық тығыз болса, сауда соғысы соншалық қызып тұр. Демек, үш президент қуанып қауышып, қол алысып қоштасады дей алмаймыз. Әртүрлі мүдденің жетегімен жолыққан көшбасшылар қарсы тарапқа ішін бермей, ешбір келісімге келмей тарқасуы әбден мүмкін.

Путин мен Си Цзиньпин
Путин мен Си Цзиньпиннің кездесуі. 18 қараша 2026 жыл. Фото AP/Путин мен Си Цзиньпин

Путин мен Си кездесуі

Кремль қожайыны Қытайға Трамптан әлдеқайда ерте барды. Путин мінген Ил-96-300ПУ ұшағы Шэньчжэньдегі Баоань халықаралық әуежайын 17 қарашадан 18 қарашаға қараған түнде, жергілікті уақыт 02:00 шамасында қонды. Оны әуежайдан Қытай Компартиясы Саяси бюросы тұрақты комитетінің мүшесі, Қытай басшысының аппарат жетекшісі Цай Ци қарсы алды. Айтпақшы, Путин биыл Қытайға екінші рет ат басын бұрып отыр. Бұған дейін 19-20 мамыр күндері Бейжіңге ресми сапармен барған.

18 қараша таңда АТЭС саммиті басталды. Саммит аясында Путин мен Си Цзиньпин шағын және кеңейтілген құрамда кездесу өткізді. Қос президент биыл төртінші мәрте бетпе-бет жолығып отыр. Путиннің мамырдағы ресми сапарынан бөлек тамыздың аяғында Бішкектегі (Қырғызстан) ШЫҰ саммитінде және қыркүйекте Нью-Делидегі (Үндістан) БРИКС саммитінде кездескен болатын.

Путиннің Симен жеке жолыққанда әлемдік саяси тәртіп пен Батыс жұртын жамандай жөнелетін әдеті бар. Мұндайда Қытай төрағасы да Батыс елдері ұйытқы болып отырған әлемдік тәртіпті қайта жазуға ынталы екені байқалып тұрады. Олардың кездесуі бұл жолы да осы сарында өтті. Си Цзиньпин Қытай мен Ресей қарым-қатынасын "таудай тұрақты" деп бағалап, "Мәскеу мен Бейжің байланысын ірі державалар арасындағы жаңа үлгідегі қарым-қатынастың мысалы" деп сипаттады. Сондай-ақ ол екі ел арасындағы байланысты нығайтып, көпполярлы әлемді қалыптастыруға ниетті екенін айтты.

Ал Владимир Путин екі ел арасындағы ынтымақтастықтың дамып келе жатқанын, саяси және дипломатиялық байланыстардың тұрақты екенін алға тартты. Украинаға соғыс ашып, сансыз санкцияның астында қалған Кремль экономикалық тұрғыда Бейжіңге кіріптар күйге түсіп қалғаны жасырын емес. Саяси тұрғыда да Қытайдың қолдауына зәру. Содан болар, Сиді өзіне жақын тарта сөйлеуге әуес. Осы жолы ол Мәскеу мен Бейжіңнің халықаралық мәселелер бойынша ұстанымы ортақ екенін алға тартып, екі ел "әділетті көпполярлы әлем тәртібін" қалыптастыруға ынталы екенін айтты.

Ресей Қытайға мұнай мен газ экспортын арттырып, энергетикалық жобаларды жандандырғысы келеді. Сондай-ақ екі ел бірлесіп, жаңа логистикалық бағыттар ашуға ниетті. Дәл осы жобаның Қазақстанға қатысы бар. Қазақ даласынан өтетін "Батыс Қытай – Батыс Еуропа" дәлізіне Астана да қызығушылық танытып отыр.

Путин 18 қарашадағы АТЭС іскерлік саммитінде көне әдетіне басып, соғысты ақтап, Батыс елдерін әбден сынады. Батыс елдерін "бұрынғы гегемондар" деп сипаттап, Еуропаның құлдырау кезеңіне жақындап келе жатқанын мәлімдеді. Сондай-ақ ол Украинаға басып кіргені үшін Батыс елдері енгізген санкция, тариф және экспорттық шектеулер Мәскеу экономикасына еш әсер етпегенін айтты. Путиннің айтуынша, Ресейде инфляция деңгейі бақылауда, сыртқы қарыз, 17 пайыздан аспаған, оның үстіне Батыс санкциясы Ресей үшін ынталандырушы факторға айналып, елдің ЖІӨ-і кейінгі 3 жылда 10 пайыздан жоғары болған.

Путин әлем елдерін күрделі жағдайды ультиматумдар арқылы емес, диалог арқылы шешуге шақырды. Бұл жерде ол Батыс мемлекеттерінің Украинадағы соғысты тоқтату үшін Мәскеуге санкция салғаны орынсыз болды дегенді аңғартып отырғаны анық. Ресей басшысы бейсенбі күні Дональд Трамп және Си Цзиньпиннің қатысуымен өтетін үшжақты кездесуден үлкен үміт күтетінін мәлімдеді.

Трамп, Путин Си
Фото JasAlash /ЖИ/Трамп, Путин Си

Үшжақты кездесуден не күтеміз?

Путин "үшжақты кездесуден үлкен үміт күтемін" деген сөзді бекер айтып отырған жоқ. Ол Украинадағы соғысты осы кездесудің басты күн тәртібі ретінде ұсынуға ниетті. Үшжақты кездесу өткізуді әу баста Путин ұсынған. Ол бұл ұсынысты 9 қазанда Трамппен телефон арқылы сөйлескен кезде айтқан. Сол кезде-ақ Путин Трамп және Си Цзиньпинмен бірге Украинадағы соғысты талқылауды жоспарлаған. Сарапшылар Путин АҚШ-пен қарым-қатынасты жақсарту арқылы соғысты Мәскеуге тиімді жағдайда аяқтауға ұмтылып отыр деп санайды.

Бірақ Ресей басшысының ойлағаны толық орындалған жоқ. Трамп пен Си үшжақты кездесуге келісім бергенімен, басты күн тәртібіне Украинадағы соғысты қоймады. Кездесудің ресми тақырыбы – ядролық қаруды таратпау мәселесі болды. Бұл тақырыпқа Трамп мүдделі болып отыр. Оның үшжақты кездесуге келісім беруіндегі басты себеп те осы болса керек.

Ақ үй басшысы Шэньчжэньге 18 қараша түстен кейін жетті. Оны әуежайдан Си Цзиньпиннің өзі қарсы алды. Ал Путинді қарсы алуға Қытай төрағасы өзі бармаған. Бірақ бұл жерден үлкен сенсация іздеудің қажеті жоқ. Трамп Қытайға ресми сапармен келіп отыр, ал Путин АТЭС саммитіне қатысуға барған. Демек, Ресей президенті "әуежайда алдымнан шықпадың" деп Сиге ренжи қоймайды.

АТЭC – тынық мұхиты жағалауындағы елдердің ұйымы. Оған 21 мемлекет мүше болып отыр. Олардың арасында АҚШ, Қытай, Жапония, Ресей, Оңтүстік Корея сияқты ірі елдер бар. Штаб-пәтері Сингапурда орналасқан. Әлем экономикасының 60 пайызы осы ұйымға тиесілі. Демек, оны қатардағы көп өңірлік ұйымның бірі деуге келмейді. Сарапшылар Шэньчжэньдегі саммитте сауда, жасанды интеллект және логистика мәселелері сөз болады деп болжап отыр.

Бірақ АТЭC саммиті Трамп, Путин және Си арасындағы үшжақты кездесудің көлеңкесінде қалатын сияқты. Әлемдік БАҚ саммиттен гөрі осы кездесу жайлы көбірек жазып жатыр. Бұл кездесу үш ел үшін үш түрлі маңызға ие. Ресей әу баста Украиндағы соғысты талқылағысы келгенін айттық, бірақ бұл мақсатына жете алмаған күннің өзінде Уашингтон және Бейжіңмен бір үстел басында жолығып, әлемдік саясатта әлі орны бар екенін көрсетуге мүмкіндік алып отыр.

Қазір Путин сапар шеге алатын мемлекеттер көп емес. Біріншіден, санкцияға байланысты Мәскеудің көп елмен экономикалық байланысы үзілген. Екіншіден, Халықаралық қылмыстық сот оны тұтқындау туралы ордер шығарған. Демек, ол Рим статутын ратификациялаған 123 мемлекетке бара алмайды. Демек, әлем жұртынан оқшауланып қалған Кремль қожайыны үшін Трамп және Симен кездесіп, Мәскеудің қазіргі жайын талқыға салудың өзі үлкен жетістік болмақ. Ол осы арқылы Мәскеудің халықаралық қауымдастықтағы беделін көтеруге ұмтылады.

Ал Қытай тарапы бұл кездесуге аса құлықты болған жоқ. Ұсыныс 9 қазанда түскенін айттық, Бейжің оны 4 қарашада ғана растады. Демек, Си Цзиньпиннің бар ойы – қос әріптесі қалаған кездесуді аман-есен өткізіп, әлем алдында ірі державалар арасындағы қарым-қатынас тұрақтанып келе жатқандай түр таныту болып тұрған сияқты. Өйткені Қытай Ресейдің де, АҚШ-тың да үшжақты кездесуге ұсынған күн тәртібіне қолдау көрсетпеді.

Бейжің Мәскеудің Украинадағы соғысты үшжақты кездесудің басты тақырыбы етіп белгілеу туралы ұсынысын мақұлдамады. Қытай соғыс басталғаннан бері сөз жүзінде болса да "мәселені күшпен емес, келіссөзбен шешуді" ұсынып келеді. Қытай соғысты Украина мен Еуропа елдерінің қатысуынсыз талқылау – Бейжіңнің Еуроодақпен дипломатиялық байланысына салқындық түсіреді деп санайды.  

Ал АҚШ-тың үшжақты кездесуге келісудегі басты мақсаты – ядролық қарусыздану тақырыбын талқылау. Өйткені биыл 5 ақпанда АҚШ пен Ресей арасындағы ядролық қаруды шектейтін New START келісімінің мерзімі аяқталды. Бұл құжат екі мемлекеттің ядролық қару-жарағына шектеу қойып келген еді. Қазір оның орнын басатын келісім жоқ. Трамп жаңа келісімге Қытайды қосқысы келеді. Себебі Бейжіңнің ядролық әлеуеті үздіксіз ұлғайып келеді. Уашингтон басты бәсекелесін ортақ келісім арқылы тежеуге ниетті.

Бірақ Қытай АҚШ және Ресеймен ядролық қаруды бақылау мәселесін талқылауға әлі ерте деп санайды. Өйткені америкалық ғалымдар федерациясының дерегінше, Ресейде – 5 459, АҚШ-та 5 177 ядролық оқтұмсық бар. Яғни әлемдегі ядролық қарудың 90 пайыздан астамы Мәскеу мен Уашингтонға тиесілі. Ал Қытайда шамамен 600 оқтұмсық бар. 2035 жылы Қытайдағы ядролық оқтұмсық саны 1 500-ге жетеді деген болжам бар.

Сондықтан Бейжің өз арсеналы АҚШ пен Ресейдің ядролық қорымен салыстырғанда әлдеқайда шағын екенін айтып, үшжақты шектеу келіссөзге сақтықпен қарап отыр. Қытай үшжақты келіссөзді бастамас бұрын АҚШ пен Ресей өздеріндегі ядролық арсеналдарды қысқартуы керек деп санайды. Ал мұндай ұсыныс Трамп пен Путинге ұнай қоймасы анық. Демек, алғашқы келіссөздер мемлекеттер ядролық қаруды шектеу жөнінде ортақ мәмілеге келе алмайтын шығар.

Сарапшылар үшжақты кездесуде ядролық қаруды бақылау мәселесінен бөлек, Украинадағы соғыс, Ирандағы жағдай, АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы, жасанды интеллект пен технологиялық бәсеке, әлемдік қауіпсіздік және ірі державалардың өзара қатынасы сөз болады топшылап отыр. Тіпті жабық кездесуде үш ел өздерінің ықпал ететін аймағын белгілеп алуы әбден мүмкін. Сөз басында 1945 жылғы Ялта кездесуін айтқан едік, 81 жылдан кейін бас қосқан үш алпауыт әлемді экономикалық тұрғыда бөліске салмасына кім кепіл?..

Қуаныш Қаппас 

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз